Теңіз кемелерін техникалық қадағалау мен куәландыру және оларды сыныптау ережесін бекіту

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 тамыздағы N 829 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының  15-бабы  2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Теңіз кемелерін техникалық қадағалау мен куәландыру және оларды сыныптау ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы   
2005 жылғы 11 тамыздағы   
N 829 қаулысымен      
бекітілген         

  Теңiз кемелерiн техникалық қадағалау мен куәландыру және оларды сыныптау eрежесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Теңiз кемелерiн техникалық қадағалау мен куәландыру және оларды сыныптау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы  Заңына  сәйкес әзiрлендi және:
      1) теңiз кемелерiн техникалық қадағалау мен куәландыру тәртiбiн;
      2) теңiз кемелерiн сыныптау тәртiбiн белгілейдi.

      2. Осы Ереженiң әрекетi Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерi мен шекара қызметінің теңiз бөлiмдерi туын көтеріп жүзетiн теңiз кемелерiне қолданылмайды.

  2. Теңiз кемелерiн техникалық қадағалау мен
куәландыру тәртiбi

      3. Техникалық қадағалау - бұл уәкілетті органның теңiз кемелерiне арналған техникалық құжаттардың болуын әрi мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сәйкестігiн тексеруден тұратын қызметi.

      4. Техникалық құжаттар - теңiз кемелерiн куәландыру нәтижелерi бойынша уәкілетті орган беретiн теңiз кемелерiне арналған куәлiктер, куәландыру актілерi.

      5. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдарының теңiз кемелерiн техникалық қадағалауына жол берiлмейдi.

      6. Теңiз кемесiнің мемлекеттiк және халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын техникалық құжаттар, онда түпнұсқаларында немесе нотариалды расталған көшiрмелерi түрiнде болады.

      7. Арнайы аспаптар мен құралдарды қолдану жолымен теңiз кемесiнiң мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеру куәландыру болып табылады.

      8. Теңiз кемесiн куәландыруды уәкiлетті орган кеме иесiнiң өтiнiмi бойынша жүргізедi.

      9. Қазақстан Республикасы қосылған халықаралық конвенциялар мен келiсiмдердiң талаптарына сәйкес теңiз кемесi бастапқы, кезеңдiк куәландыруларға және қажеттiлiгiне қарай қосымша куәландыруға жатады.

      10. Бастапқы куәландыру теңiз кемесiн жасағаннан кейiн жүргізiледi.
      Бастапқы куәландыру теңiз кемесiнiң конструкциясын, тетiктерiн, жабдықтарын, жабдықталуын және су асты бөлiгiн тексерудi, оның iшiнде олардың мемлекеттiк және халықаралық стандарттарға сәйкестігін растау мақсатында оларды сынауды қамтиды.

      11. Теңiз кемелерi Қазақстан Республикасы қосылған халықаралық конвенциялар мен келiсiмдерде көзделген мерзiмдерде мерзімдік куәландыруға жатады.
      Мерзiмдiк куәландыру теңiз кемесiнiң конструкциясын, тетiктерiн, жабдықтарын, жабдықталуын және су асты бөлiгiн тексерудi, олардың қанағаттанарлық жай-күйде екендігін әрі мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сәйкестігiн растау мақсатында тексерудi білдiредi.

      12. Қосымша куәландыруға авариялық жағдайдан, жөндеуден немесе қалпына келтiру жұмыстарынан кейiнгi, сондай-ақ мемлекеттiк және халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтiн теңiз кемелерi жатады.
      Авариялық жағдайдан кейiнгi қосымша куәландыру теңiз кемесi тұрған портта немесе ол авариялық жағдайдан кейiн кiретiн алғашқы портта жүргiзiледi.
      Жөндеуден немесе қалпына келтiру жұмыстарынан кейiнгі қосымша куәландыру жөндеу және қалпына келтiру жұмыстары мемлекеттiк және халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы жүргiзiлгенiн растау мақсатында жүргізiледi.

  3. Теңiз кемелерiн сыныптау тәртiбi

      13. Сыныптау уәкiлеттi органның теңiз кемесiне сынып беру бойынша жүзеге асыратын қызметі болып табылады, оның болуы теңiз кемесiн теңiзде пайдалануға жол бередi.

      14. Теңiз кемесiн сыныптауды уәкілетті орган кеме иесiнің өтінімі бойынша жүргізеді.

      15. Теңiз кемесiн сыныптауды уәкiлетті орган бастапқы куәландыру нәтижелерi бойынша жүргiзедi.

      16. Егер теңiз кемесi мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сәйкес келген жағдайда, уәкiлеттi орган оған сынып бередi.

      17. Теңiз кемесiне сынып беру теңiз кемесi сыныбының формуласы көрсетiле отырып сыныптау куәлiгiн берумен расталады.

      18. Теңiз кемесi сыныбының формуласындағы негiзгi нышан теңiз кемесiнiң конструкциясын айқындайтын "Т" (теңiз) әріптік белгiлеуi болып табылады.
      "Т" сыныбының негiзгі нышаны бар теңiз кемелерi толқын биiктігi төрт метр және одан асқан кезде теңiзде жүзуге арналады.

      19. Сыныптың негiзгi нышаны, олардың қадағалауымен теңiз кемелерiн жасау жүзеге асырылған сыныптау қоғамдары мен өзге де ұйымдарды ескере отырып, сынып формуласына кiретін мынадай белгілермен толықтырылады:
      1) "К" - уәкілетті органның техникалық қадағалауымен жасалған теңiз кемелерi үшін;
      2) "*К" - сыныптау қоғамдарының және өзге ұйымдардың қадағалауымен жасалған теңiз кемелерi үшін.

      20. Егер кеме мемлекеттiк және халықаралық стандарттарға сәйкес келмеген жағдайда, осы кемеге сынып берiлмейдi.

      21. Теңiз кемесінің сыныбы кеменің опат болуына немесе оның есептен шығарылуына байланысты күшiн жояды.