Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiнде келiсiлген саясат жүргiзу туралы келiсiмдi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 10 тамыздағы N 825 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. 2005 жылғы 24 наурызда Астана қаласында жасалған Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiнде келiсiлген саясат жүргiзу туралы келiсiм бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Pecпубликасы
      Премьер-Министрінің
      мiндетiн атқарушы

ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҒЫ
МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕС

ШЕШIМ

2005 жылғы 24 наурыз             N 205            Астана қаласы

Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлік дәліздерін
қалыптастыру және дамыту жөнінде келісілген
саясат жүргізу туралы келiсiм туралы

      Еуразия экономикалық қоғамдастығының Мемлекетаралық Кеңесi (үкiмет басшылары деңгейiнде)
       шештi:
      1. Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiнде келiсiлген саясат жүргізу туралы келiсiм (қоса беріліп отыр) қабылдансын.
      2. ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетінің Хатшылығы осы шешімнің 1-тармағындағы аталған Келiсімдi iске асыру жөнiндегі iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және белгiленген тәртiппен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (үкiмет басшылары деңгейiнде) кезекті мәжiлiсiнiң қарауына енгiзсiн.

              ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесiнiң мүшелерi:

       Беларусь               Қазақстан              Қырғыз
      Республикасынан        Республикасынан        Республикасынан

                       Ресей                 Тәжікстан
                       Федерациясынан        Республикасынан

  Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлiздерiн
қалыптастыру және дамыту жөнiнде келiсiлген
саясат жүргiзу туралы келiсiм

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкiметі, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қырғыз Республикасының Үкiметi, Ресей федерациясының Үкіметі және Тәжiкстан Республикасының Үкiметi,
      Тәжiкстан Республикасы 1999 жылғы 26 ақпанда қосылған 1996 жылғы 29 наурыздағы Ресей федерациясы, Белоруссия Республикасы, Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шарттың ережелерін негiзге ала отырып,
      Тәжікстан Республикасы 1999 жылғы 27 мамырда қосылған 1998 жылғы 22 қаңтардағы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей федерациясы арасындағы Көлiк одағын қалыптастыру туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетiн көлiк дәліздері желiсiн құру және дамыту жөнiндегi үйлестірілген іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында,
      БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясы, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхит өңiрi бойынша экономикалық және әлеуметтiк комиссиясы және Темiр жол ынтымақтастығы ұйымы жүргiзiп отырған халықаралық көлiк дәліздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiндегi жұмысын назарға ала отырып,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің географиялық орналасуын тиiмдi пайдалануға ұмтыла отырып,
      Тараптар мемлекеттерiнiң халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес жолаушылар мен жүктердi транзиттік тасымалдау режимдерiн бұдан әрі де жетілдіруге ниет білдiре отырып,
      төмендегілер туралы келiсті:

  1-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмде мынадай терминдер қолданылады:
      "Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәлізі (көлiк дәлiзi)" - Тараптар мемлекеттерiнің аумақтары арқылы өтетiн (әртүрлi көлiк түрлері тиiсiнше жайластырылған) және халықаралық қатынаста олардың барынша шоғырланған бағытында жолаушылар мен жүктердiң тасымалын қамтамасыз ететiн магистральдық көлiк коммуникацияларының жиынтығы (қолданыстағылары сияқты жаңадан құрылып жатқандары да);
      "логистикалық орталық" - кемiнде бiр терминалды қамтитын, жүк тасымалдарымен және iлеспе қызметтер көрсетумен айналысатын шаруашылық жүргiзуші субъектілер мен органдардың аумақтық бiрлестiгi;
      "аралас тасымал" - жүктердi екi немесе одан да көп көлiк түрлерiмен тасымалдау.

  2-бап
Көлiк дәлiздерiн   қалыптастырудың және
дамытудың негiзгі мақсаттары

      Көлiк дәлiздерiн қалыптастырудың және дамытудың негізгi мақсаттары:
      1) Еуразия экономикалық қоғамдастығының көлiк дәліздерi бойынша экспорт-импорт және транзит жүктерiн, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету;
      2) жолаушылар мен жүктердi жеткiзу жылдамдығын ұлғайту, тасымалданатын тауарлар құнындағы көлiктiк құрамдас бөлiктi төмендету;
      3) Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердiң көлiк-транзит әлеуетiн пайдалану тиiмдiлігін арттыру;
      4) үшiншi елдердiң транзиттік жолаушылары мен жүктерiн тарту;
      5) Тараптар мемлекеттерiнің әрқайсысының тасымалдаушыларына Тараптар өз тасымалдаушыларына ұсынатын жағдайлардан кем болмайтын жағдайларды ұсыну болып табылады.

  3-бап
Бiрлескен iс-қимыл жасау

      Тараптар мынадай бiрлескен iс-қимылды жүзеге асырады:
      1) еуропа және азия мемлекеттерінің аумақтарын қосатын халықаралық көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту жөнiндегi iс-қимылдарды үйлестiредi;
      2) Тараптар мемлекеттерiнiң көлiк дәлiздерiнiң бағыттары бойынша көлiк инфрақұрылымын келiсiп дамыту мен техникалық және технологиялық параметрлерiн бiрегейлендiру жөнiнде шаралар қабылдайды;
      3) көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту үшiн шетелдiк инвестицияларды тартудың келiсiлген саясатын жүргiзедi;
      4) мемлекеттік шекараларды кесiп өтудi регламенттейтiн Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық базасын жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылдайды;
      5) жалпы қағидаттарға негізделген және жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, шекарадан өту, көлiк дәлiздерінiң инфрақұрылымын пайдалану үшiн алынатын ақы мен алымдарға қатысты тарифтік саясат жүргiзуге жәрдемдеседi;
      6) жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдау мен жөнелту жөнiндегi бiрлескен кәсiпорындарды ұйымдастыру және олардың қызметi үшін жағдай жacaуғa ықпал етедi;
      7) көлiктегi қауiпсiздiктi арттыруға, қоршаған ортаны қорғауды және тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған iс-қимылдар үйлестіреді;
      8) аралас тасымалдарды жетiлдiрудің жаңа резервтерін iздестiруге ықпал етеді;
      9) халықаралық логистикалық орталықтарды орналастырудың оңтайлы сызбаларын жасауға ұмтылады.

  4-бап
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық

      1. Тараптар көлiк дәлiздерiн қалыптастыру және дамыту мәселелерi жөнiнде халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың қажеттілiгін мойындайды.
      2. Тараптар халықаралық көлiк дәлiздерінің жұмысын регламенттейтiн халықаралық шарттарға тез арада қосылу үшін шаралар қабылдайды.
      3. Тараптар көлiк дәлiздерін қалыптастыру және дамыту жөнiндегi халықаралық көлiк ұйымдарының жұмысындағы өз iс-қимылдарын үйлестiредi.

  5-бап
Құзыретті органдар

      1. Тараптар осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн 30 күн iшiнде Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетiн осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi олар тағайындаған құзыретті органдар туралы хабардар етедi.
      2. Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетi жанындағы Көлiк саясаты жөнiндегi кеңес осы Келiсiмдi iске асыру және осы үшін қажеттi iс-шараларды әзiрлеу жөнiндегi үйлестiрушi орган болып табылады.

  6-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерiнің олар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
      2. Осы Келiсiм белгіленбеген мерзiмге жасалды және депозитарий болып табылатын Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетi осы үшін қажетті мемлекетішілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшіне енедi.
      Осы Келiсiм күшіне енгеннен кейiн осы Келiсiмнің мақсаттары мен қағидаттарына ортақтасатын және өзiне тиiстi мiндеттемелердi қабылдауға дайын басқа мемлекеттердің оған қосылуына болады.
      Қосылатын мемлекет үшiн осы Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшiне енедi.
      3. Осы Келiсiмге өзгерiстер енгiзу Тараптардың келiсiмi бойынша жүргiзіледi және тиiстi хаттамалармен ресімделедi.
      4. Әрбiр Тараптың ол туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiберіп, осы Келiсiмнен шығуға құқығы бар. Мұндай Тарап үшiн Келiсiмнiң қолданылуы депозитарий көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткеннен кейiн тоқтатылады.
      Тараптардың бiреуіне қатысты осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату жүзеге асырылуы басталған бағдарламалар мен жобаларға әсер етпейтін, сондай-ақ егер Тараптар өзгеше туралы келiспесе, оның негiзінде жасалған халықаралық шарттардың iс-әрекетiн қозғамайды.
      5. Осы Келiсiмдi iске асыру барысында туындайтын келiспеушiлiктер мүдделi Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар жолымен шешіледi.

      2005 жылғы 24 наурызда Астана қаласында орыс тiлiндегi бiр түпнұсқа данада жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған әрбiр Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

      Беларусь              Қазақстан               Қырғыз
      Республикасының       Республикасының         Республикасының
      Үкiметiнен            Үкiметінен              Үкiметiнен

                    Ресей                    Тәжiкстан
                    Федерациясының           Республикасының
                    Үкiметiнен               Үкiметінен