"Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Сәйкестiктi растау жөніндегі органдарды және сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеу ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 1 тамыздағы
N 800 қаулысымен
бекiтiлген
1. Осы ереже "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасында сәйкестікті растау жөнiндегi органдарды және сынақ зертханаларын (орталықтарын) (бұдан әрi - зертханалар) аккредиттеуге қойылатын бiрыңғай талаптар мен оның тәртiбiн белгiлейдi.
2. Аккредиттеу өнiмнiң, процестердiң және қызметтердiң сәйкестігiн растаудың белгілi бiр саласында жұмыстарды орындауға өзiнiң құзыретiн ресми тануды алуға ниет білдiрген ұйымдар мен олардың филиалдарына қатысты жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасында аккредиттеудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрi - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
4. Аккредиттеуге қатысушылар уәкілетті орган, өтiнiш иесi, аккредиттеу субъектілерi, аккредиттеу материалдарын қарау жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - комиссия), сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi және стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды басшылыққа алатын сарапшы-аудиторлар болып табылады.
Комиссияның құрамы мен ол туралы ереже уәкілеттi органның бұйрығымен бекiтiледi. Комиссия шешiмi ұсынымдық сипатта болады.
5. Аккредиттеу өлшемдерi сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң және стандарттау жөнiндегi нормативтік құжаттардың талаптары болып табылады.
6. Шетелдiк өтiнiш иелерi мен олардың филиалдары, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен өзгеше белгіленбеген болса, Қазақстан Республикасының өтiнiш берушiлерi сияқты шарттарда және сондай тәртiппен аккредиттеледi.
7. Аккредиттеудi алу үшiн өтiнiш иесi уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды (бұдан әрi - аккредиттеу материалдары) ұсынады:
1) аккредиттеудi өткiзуге өтiнiм;
2) аккредиттеу саласы;
3) сәйкестiктi растау жөнiндегі орган немесе зертхана туралы ереже;
4) зертхана паспорты (өтiнiш беруші зертхана үшiн);
5) сапа жөніндегі басшылық;
6) сауалнама-анкета (өтiнiш берушi зертхана үшiн);
7) техникалық құзыреттілiктi сараптамалық бағалау нәтижелерi бойынша қорытынды (еркiн нысанда);
8) өтiнiш иесiнiң заңды мәртебесiн белгiлейтiн құжаттардың нотариалды расталған көшірмелерi (құрылтай құжаттары, тiркелгенi туралы куәлiк, статистикалық карточка).
Аккредиттеудiң өтiнiш берілген саласына байланысты өтiнiш иесi сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң және стандарттау жөнiндегi нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес аккредиттеу үшiн қажетті өзге де құжаттарды ұсынады.
8. 7-тармақтың 1)-6) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарында белгіленген нысандар мен мазмұн бойынша ұсынылады.
9. Техникалық құзыреттілігін сараптамалық бағалауды (бұдан әрi - сараптамалық бағалау) аккредиттеу саласында қызметтер көрсететiн және өзiнiң штатында аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар бар ұйымдар өтiнiш иесiмен жасалған шарттың талаптарында жүзеге асырады және мынадай кезеңдердi қамтуы тиiс:
1) өтінiш иесi ұсынған құжаттарға сараптама жасау;
2) орналасқан жерiне шығып зерттеулер өткiзу;
3) сараптамалық бағалау нәтижелерi бойынша қорытындыны ресiмдеу.
10. Аккредиттеу мынадай кезеңдерден тұрады:
1) комиссияның аккредиттеу материалдарын қарауы;
2) уәкілетті органның аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешiм қабылдауы;
3) аккредиттеу туралы шешiм қабылдаған жағдайда аккредиттеу саласын бекiту;
4) аккредиттеу аттестатын беру және аккредиттелген субъектілердiң мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркеу.
11. Аккредиттеу уәкілеттi орган аккредиттеу материалдарын алған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде жүзеге асырылады.
Өтiнiш иесiне шешiм қабылданған сәттен бастап бес күн iшiнде қабылданған шешiм туралы хабарлайды.
12. Уәкілеттi органның аккредиттеу туралы шешiмi аккредиттеу аттестатын беру және аккредиттеу саласын бекiту үшiн негiз болып табылады.
13. Аккредиттеу аттестаты аккредиттеу субъектiсінің аккредиттеудiң өтiнiм жасалған саласына сәйкес нақты жұмыстарды орындау құқықтылығын ресми тану фактiсiн растайтын құжат болып табылады. Аккредиттеу аттестатының нысанын уәкілеттi орган белгiлейдi.
14. Аккредиттеу аттестаты аккредиттелген субъектілердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелуге тиiс.
Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарымен белгiленедi.
15. Аккредиттеу аттестатымен бiр уақытта мiндетті қосымша ретінде iс-әрекеттің өтiнiм жасалған қызмет саласындағы жұмыстардың нақты түрлерi көрсетiлген, аккредиттеу саласын белгiлейтiн құжат беріледi.
16. Аккредиттеу жөнiндегi шет ел органдары берген аккредиттеу аттестаттары немесе оларға баламалы құжаттарды уәкілетті орган бекiтiлген халықаралық шарттарға сәйкес таниды.
17. Аккредиттеу аттестатын қайта ресiмдеу:
1) оның ұйымдық-құқықтық нысаны (қайта құрылған), орналасқан жерi, аккредиттеу субъектiсiнiң атауы өзгерген;
2) аккредиттеу саласы кеңейген немесе қысқарған жағдайда жүзеге асырылады.
18. Аккредиттеу субъектiсi шешiм қабылдаған сәттен бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде уәкілеттi органға аккредиттеу субъектiсi, аккредиттеу саласының кеңеюi немесе қысқаруы туралы жаңа мәлiметтер көрсетiлген аккредиттеу аттестатын қайта ресiмдеу туралы өтінiш беруi керек.
19. Осы Ереженiң 17-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде аккредиттеу субъектiсi сәйкестiктi растау жөнiндегi және аккредиттеу саласына сәйкес жүргiзiлетiн сәйкестіктi растау мақсатындағы сынақтарды өткiзу жөнiндегi қызметті тоқтатуы және отыз күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей комиссияның қарауы және аккредиттеу аттестатын қайта ресiмдеу туралы немесе қайта ресiмдеуден бас тарту туралы шешiм қабылдауы үшін аккредиттеу материалдарына енгізілетiн өзгерiстердi уәкілетті органға беруi қажет.
20. Уәкілетті орган отыз күнтізбелік күн iшiнде аккредиттеу аттестатын қайта ресiмдеу немесе қайта ресiмдеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Бұл ретте аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi бұрынғыша қалдырылады.
Аккредиттеу аттестатын қайта ресiмдеуден бас тартқан жағдайда өтiнiш иесi осы Ереженiң 2-бөлiмiне сәйкес аккредиттеуден өтедi.
21. Осы Ереженiң 18 және 19-тармақтарын орындамаған жағдайда, зертхана көрсетiлген тармақтарды тиiстi түрде орындағанға дейiн уәкілеттi орган аккредиттеу аттестатын керi шақыртады.
Керi шақырту себептерiн жоймаған жағдайда үш ай iшiнде аккредиттеу аттестатының қолданылуы тоқтатылады.
22. Уәкiлеттi орган:
1) өтiнiш иесiнiң бастамасы бойынша;
2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi iшiнде сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдер және стандарттау жөнiндегі нормативтiк құжаттар талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда алты айға дейiнгі мерзiмге аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдау құқығына ие.
Осы тармақта көзделген жағдайларда уәкілеттi орган аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтата тұру туралы бұйрық шығарады, бұйрықтың көшiрмесi аккредиттеу субъектiсiне және аккредиттеу субъектiсiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдарға жiберiледi.
Аккредиттелген субъект хабарлама алған күннен бастап сәйкестiкті растау жөнiндегi және аккредиттеу саласына сәйкес сәйкестiктi растау мақсатында сынақтар жүргiзу жөнiндегi қызметті тоқтатуы және бұзушылықтарды жоюы керек.
23. Анықталған бұзушылықтарды жойғаннан кейiн аккредиттелген субъект аккредиттеу аттестатының қолданылуын қалпына келтiру туралы шешiм қабылдау үшiн уәкілеттi органға көрсетілген бұзушылықтардың жойылғаны туралы мәлiметтер бередi.
Уәкілетті орган он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде бұзушылықтарды жою фактісi бойынша тексеру ұйымдастырады, одан кейiн жетi күнтiзбелiк күн iшiнде аккредиттеу аттестатының қолданылуын қалпына келтiру немесе қалпына келтiруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
Анықталған бұзушылықтарды жоймау қолданыстағы заңнамаға сәйкес аккредиттеу аттестатының күшiн жоюға әкеледi.
24. Аккредиттеу аттестатын жоюды:
1) олар бойынша аккредиттеу аттестатының қолданылуы тоқтатылған себептердi жоймаған жағдайда немесе аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi iшiнде техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдермен белгiленген талаптардың қайтадан бұзылуы анықталған жағдайда;
2) аккредиттеудiң белгіленген саласында сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындауда оның құзыретiне күмән келтiретiн аккредиттеу субъектiсiнiң қызметiнде бұзушылықтар анықталған жағдайда;
3) аттестатты алу кезiнде аккредиттеу субъектiсi көрiнеу жалған ақпарат берген жағдайда уәкiлетті органның өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сот жүргiзедi.
25. Өтiнiш иесi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмде қабылданған шешiмге шағымдану құқығына ие.
26. Аккредиттеу аттестатын жоғалтқан жағдайда аккредиттеу субъектiсi:
1) уәкiлеттi органның ресми баспа басылымында аккредиттеу аттестатының нөмiрiн, берiлген күнi мен қолданылу мерзiмiн көрсетiп, аккредиттеу аттестатын жарамсыз деп тану туралы мәлiметтi жариялауы;
2) уәкiлеттi органға аккредиттеу аттестатының нөмiрiн, берiлген күнiн, қолданылу мерзiмiн және бекiтiлген аккредиттеу саласын көрсетiп, аккредиттеу аттестатын жарамсыз деп тану туралы және аттестаттың телқұжатын беру туралы өтiнiш беруi қажет.
Өтiнiшке осы Ереженiң 26-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәлiметтердiң жарияланғанын растайтын құжат қоса берiледi.