"Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлiк-техникалық орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 шілдедегі N 726 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының " Мемлекеттiк кәсiпорын туралы " 1995 жылғы 19 маусымдағы және " Мемлекеттiк сатып алу туралы " 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлiк-техникалық орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (келiсiм бойынша) Кәсiпорынның мемлекеттiк басқару органы болып белгiленсiн.

      3. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi мәнi электрондық сайлау жүйесi инфрақұрылымының объектiлерi торабын ұстау және дамыту саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру болып белгiленсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
      1) Кәсiпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiне бекiтуге енгiзсiн;
      2) Кәсiпорынның әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiмен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 003 "Инженерлiк-техникалық орталық құру" республикалық бюджеттiк бағдарламасы бойынша көзделген қаражат шегiнде Кәсiпорынның жарғылық капиталын қалыптастырсын.

      6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi құрылған Кәсiпорынға және оның аумақтық филиалдарына жабдықтар мен инженерлiк-техникалық персоналды орналастыруға қажеттi санда жалдау негiзiнде қызметтiк алаңдар берсiн.

      7. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) "Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң және осы субъектiлер монополиялық жағдайда болатын салалардың тiзбесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 4 сәуiрдегi N 304  қаулысында :
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң және осы субъектiлер монополиялық жағдайда болатын салалардың тiзбесi мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 17-жолмен толықтырылсын:

"17 Электрондық сайлау жүйесi      "Қазақстан Республикасы Орталық
    инфрақұрылымы объектiлерiнiң   сайлау комиссиясының Инженерлiк-
    торабын ұстау және дамыту      техникалық орталығы" шаруашылық
                                   жүргiзу құқығындағы республикалық
                                   мемлекеттiк кәсiпорны;";

      2) "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi мынадай мазмұндағы бөлiммен және реттiк нөмiрi 532-жолмен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы
532   "Қазақстан Республикасы Орталық
      сайлау комиссиясының Инженерлiк-
      техникалық орталығы" (шаруашылық
      жүргiзу құқығындағы) республикалық
      мемлекеттiк кәсiпорны                         Астана қаласы".

      8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі