Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 қыркүйектегі N 923 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 маусымдағы N 649 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергілікті атқарушы органдарының Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде салынған тұрғын үйді Қазақстан Республикасының азаматтарына сату ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 қыркүйектегі N 923  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 33, 443-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Облыстардың, Астана және Алматы қалалары жергілікті атқарушы органдарының Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде салынған тұрғын үйді Қазақстан Республикасының азаматтарына сату ережесінде:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Тұрғын үй-коммуналдық мәселелер жөніндегі уәкілетті жергілікті мемлекеттік органдар (бұдан әрі - Уәкілетті орган) тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін төрт ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен тұрғын үйді сату, оның ішінде құжаттарды қабылдау орны, құжаттарды қабылдаудың аяқталу күні туралы ақпаратты таратады және жарияланған күнінен бастап екі айдың ішінде құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады.";

      3-тармақта "өтініштер" деген сөзден кейін ", отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, отбасы құрамы туралы анықтаманы, өтілін, оның ішінде мемлекеттік қызмет өтілін көрсете отырып, жұмыс орнынан анықтаманы, неке туралы куәліктің көшірмесін (ондай болған жағдайда), жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтаманы" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақта "3 (үш) жұмыс күні ішінде" деген сөздер "тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін екі ай бұрын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақта:
      "12 (он екі) жұмыс күні ішінде" деген сөздер "тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін бір ай бұрын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "төлем қабілеттілігін анықтағаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде" деген сөздер алынып тасталсын;

      6-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "Төлем қабілеттілігі расталған азаматтар туралы ақпаратты қарыз берушілерден алғаннан кейін уәкілетті орган осы Ереженің 3-тармағында көзделген құжаттарда көрсетілген деректерді көрсете отырып, азаматтардың бірыңғай тізімін жасайды және құрамына қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін, облыс әкімдерінің (қалалардың, аудандардың) басшылығымен жергілікті атқарушы орган құрған комиссия шешімінің негізінде тұрғын үй сату туралы шешім қабылдайды.";

      мынадай мазмұндағы үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші абзацтармен толықтырылсын:
      "Басқа да тең жағдайлар болғанда жас отбасыларына тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығару кезінде ең көп бала саны бар өтініш берушілерге артықшылық көрсетіледі.
      Басқа да тең жағдайлар болғанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, әлеуметтік сала мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне және басқа да өтініш берушілерге тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығару кезінде ең көп жұмыс өтілі бар өтініш берушілерге артықшылық көрсетіледі.
      Басқа да тең жағдайлар болғанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, әлеуметтік сала мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлеріне тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығару кезінде зайыбы (жұбайы) да аталған ұйымдардың қызметкері болып табылатын өтініш берушілерге артықшылық көрсетіледі.
      Тұрғын үйді сату туралы қорытындыны шығарған кезде, сондай-ақ өтініш берушінің ағымдағы тұрғын үй жағдайы, атап айтқанда тұрғын үйінің жоқтығы, егер алып отырған пайдалы алаңның мөлшері бір адамға шаққанда кемінде 15 (он бес) шаршы метрден аз болған жағдайда тұрғын үй жағдайын жақсарту қажеттігі және 2004 жылдан бастап тұрғын үйді иеліктен шығару фактілері назарға алынады.
      Бұл ретте төлем қабілеттілігін қарыз беруші растаған және олардың қаралуы бұрынғы тұрғын үйді сатуды аяқтаумен байланысты кейінге қалдырылған азаматтардың өтініштері төлем қабілеттілігін екінші рет растаған жағдайда бірінші кезектегі тәртіппен қаралады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "7. Уәкілетті орган тұрғын үйге меншік құқығын мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматымен шартты жасасу сәтіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген АҚШ долларына шаққандағы теңгенің ресми бағамы бойынша бағасы анықталатын тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жасасады.
      Қазақстан Республикасының азаматы бюджетке жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым сомасын төлегенін растайтын құжатты ұсынғаннан кейін Уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен азаматқа тұрғын үйге меншік құқығын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады, ал азамат Уәкілетті орган көрсеткен деректемелер бойынша бастапқы жарнаның сомасын енгізеді.
      Тұрғын үйге меншік құқығын тіркегеннен кейін Уәкілетті орган қарыз берушіге құқығын белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын береді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "8. Қарыз беруші және тұрғын үй иесі банктік қарыз бен ипотека шарттарын жасасады. Тұрғын үй иесі шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде сатып алынған тұрғын үйді Қарыз берушіге кепілге береді.
      Бұл ретте банктік қарыз шарты Қазақстан Республикасының азаматында үш жыл ішінде мерзімінен бұрын өтеу құқығының болмауы туралы шартты қамтуы тиіс.
      Кепілді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алған күннен бастап үш жұмыс күнінің ішінде қарыз беруші Уәкілетті орган көрсеткен шотқа қарыз сомасын аударады".

      2. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі