Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы N 511 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 12 қазандағы N 470  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 26 мамырдағы 
N 511 қаулысымен    
бекiтiлген       

  Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ"
халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн
үмiткерлердi iрiктеу
ЕРЕЖЕСI

      Осы Ереже "Шетелде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394  қаулысымен  белгiленген шетелде кадрлар даярлауға Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшiн (бұдан әрі - "Болашақ" стипендиясы) үмiткерлердi iрiктеу тәртiбiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. "Болашақ" стипендиясы дербес болып табылады және оны жыл сайын Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия (бұдан әрi - Республикалық комиссия) Қазақстан үшiн неғұрлым қажеттi мамандықтар бойынша стипендиаттар жоғары арнаулы бiлiм, бакалавр, магистр, ғылым докторы (Рh.D) дәрежелерiн алу, сондай-ақ шетелдiк жоғары оқу орындарында күндiзгi оқыту нысаны бойынша клиникалық ординатурада және аспирантурада кадрларды медициналық мамандықтар бойынша оқыту мақсатында тағайындайды.

      2. Оның негiзiнде "Болашақ" стипендиясы тағайындалатын Қазақстан үшiн неғұрлым қажеттi мамандықтардың жыл сайынғы тiзбесiн (бұдан әрi - мамандықтар тiзбесi) жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң (бұдан әрi - жұмыс органы) ұсынуы бойынша Республикалық комиссия бекiтедi.

      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттар тапсыру және конкурсты (бұдан әрi - конкурс) өткiзу мерзiмiн жыл сайын жұмыс органы белгілейдi. Жұмыс органы конкурсты өткiзгенге дейiн ресми баспасөзде оның басталуы туралы хабарландыру жариялайды, үмiткерлердiң құжаттарын қабылдауды және оларды осы Ереженiң 2, 3-тарауларында белгiленген талаптарға сәйкес келу мәнiне тексеру жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ конкурсты өткiзудi қамтамасыз eтeдi.

      4. "Болашақ" стипендиясын қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады және ол жұмыс органының оқытуға, визаларды ресiмдеуге, шетелдiк жоғары оқу орындарының сауалнамалық нысандарына ақы төлеуге, қабылдаушы елдердiң уәкілеттi органдарында стипендиаттарды тiркеуге, тұруына, тамақтануына, оқу әдебиетiнiң бiр бөлiгiне, медициналық сақтандыруға, оқуға түскен кезiнде Қазақстандағы тұрғылықты жерiнен оқитын жерiне дейiн және оқуын аяқтағаннан кейiн қайта оралуына, әрбiр оқу жылынан кейiн Қазақстандағы тұрғылықты жерiне дейiнгі жолына және қайта оралуына кететiн шығыстардың барлық түрлерiн, осы Ереженiң 14-тармағында көрсетілген шетелдiк сараптама комиссияларының үмiткерлердi iрiктеу жөнiндегi қызметiн жүзеге асыруға байланысты шығыстарды, шетелдiк серiктестердiң жұмыс органымен жасалған шарттар бойынша мiндеттемелерiн орындауға байланысты олардың шығыстарын, стипендиаттарды оқытуға ақы төлеу үшiн валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргiзуге лицензия алуға лицензиялық алымға төленетiн ақыны, сондай-ақ хабарландырулардың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтитын конкурстық iрiктеудi ақпараттық қолдауды қамтиды.
      Әрбiр шетелдiк жоғары оқу орны бойынша стипендияның мөлшерiн шетелдiк жоғары оқу орындары және шетелдiк серiктестер ұсынған тиiстi шығыстарды растайтын құжаттардың негiзiнде жұмыс органы белгiлейдi.

      5. "Болашақ" стипендиясы шетелдiк жоғары оқу орнының оқу жоспарында көзделген мерзiмде оқу үшiн берiледi.

  2. Жоғары арнаулы бiлiм, бакалавр дәрежесiн алуға
"Болашақ" стипендиясын тағайындау үшiн
үміткерлерге қойылатын талаптар

      6. Конкурсқа қатысуға Қазақстан Республикасының мынадай азаматтары жiберіледi:
      1) жалпы орта, бастауыш және орта кәсiптік бiлiмi бар;
      2) жоғары оқу орындарда оқитындар;
      3) жоғары арнаулы бiлiм немесе бакалавр дәрежесiн алғаш рет  алу үшiн жарияланған рейтингтерге сәйкес үздiк көрсеткiштерi бар, шетелдiк жетекшi жоғары оқу орындарына өз бетiмен түскендер немесе оларда оқитындар.

      7. Үмiткер мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
      1) талапкерлердi ұлттық бiрыңғай тестілеу (бұдан әрi - ҰБТ) немесе кешендi тестілеудiң нәтижелерi кемінде 90 балл болуы тиiс;
      2) жалпы орта, бастауыш және кәсiптік орта бiлiм берудiң бiлiм бағдарламаларын iске асыратын оқу орнын аяқтағандағы орташа үлгерiм баллы кемiнде 4,5 болуы;
      3) шетелдiк жоғары оқу орындары белгілеген талаптарға сәйкес оқыту тілiн (ағылшын, немiс, француз және басқалары) еркiн меңгеруi.
      Осы Ереженiң 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғаларда жоғарыда баяндалған талаптарға қосымша ағымдағы үлгерiмiнiң орташа баллы кемiнде 4,5 болуы тиiс.
      Осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар конкурсқа ҰБТ-дің немесе кешендi тестiлеуден өткендiгi туралы талаптарды ескерусiз қатысады.

      8. Конкурсқа қатысу үшiн үмiткер мынадай құжаттарды ұсынуы тиiс:
      1) негiздемелiк өтiнiш;
      2) толтырылған сауалнама;
      3) орта бiлiмi туралы аттестаттың және/немесе бастауыш және орта кәсiптiк білiмi туралы дипломның нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
      4) осы Ереженiң 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға берілетiн анықтаманы қосымша ұсынады;
      5) талапкердiң ҰБТ-ны немесе кешендi тестілеудi тапсырғаны туралы сертификаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      6) оқу орны басшысының қолы қойылған ұсынымдық хат;
      7) бар болған жағдайда мақтау грамоталарының, сертификаттарының, дипломдарының және осы сипаттағы басқа құжаттарының көшiрмелерi;
      8) денсаулық жағдайы туралы белгiленген нысандағы медициналық анықтама.
      Осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар шетелдiк жоғары оқу орнына қабылданғандығын растайтын құжаттарды және/немесе шетелдiк жоғары оқу орны куәландырған үздiк үлгерiмiнiң барлығы туралы құжатты қосымша ұсынады.
      18 жасқа толмаған үмiткерлер үшiн көрсетiлген құжаттардан басқа ата-анасының (асырап алушылардың немесе қамқоршылардың) жазбаша келiсiмiн ұсыну талап етiледi.

      9. Шетелде оқуға конкурсты өткiзу кезiнде: "Алтын белгi" белгiсiнiң иегерлерi, тiзбесiн білiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгілейтiн жалпы білiм беру пәндерi бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандар), соңғы үш жылда республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандар) жеңiмпаздары, сондай-ақ таңдаған мамандықтар олар жеңiмпаздар болып табылатын олимпиада немесе конкурс пәнiне сәйкес келген жағдайда ағымдағы жылғы жалпы бiлiм беру пәндерi бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталғандар) жеңiмпаздары басымдық құқыққа ие болады.

  3. Магистр, ғылым докторы (Рh.D) дәрежесiн алу
және клиникалық ординатурада және аспирантурада
медициналық мамандықтар бойынша оқуға "Болашақ"
стипендиясын тағайындау үшiн үмiткерлерге
қойылатын талаптар

      10. Конкурсқа қатысуға:
      1) 35 жасқа дейiнгi, кәсiптiк жоғары бiлiмi бар;
      2) жарияланатын рейтингтерге сәйкес үздiк көрсеткiштерi бар жетекшi шетелдiк жоғары оқу орындарына өз бетiмен түскен немесе оқитын және осы тармақтың 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматтары жiберіледi.

      11. Үмiткер мынадай талаптарға сәйкес болуы тиiс:
      1) жоғары оқу орнын аяқтағандағы орташа үлгерiм баллы кемiнде 4,5 болуы тиiс;
      2) шетелдiк жоғары оқу орны белгiлеген талаптарға сәйкес оқыту тiлiн (ағылшын, неміс, француз және т.б.) еркiн меңгеруi.
      Осы Ереженiң 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар жоғары оқу орнын аяқтағандағы орташа үлгерiм баллының бары туралы талаптан босатылады.
      Ғылым докторы (Ph.D) дәрежесiн алу үшiн үмiткерде жоғарыда санамаланған талаптарға магистр немесе ғылым кандидаты дәрежесi қосымша болуы тиiс.

      12. Үмiткер конкурсқа қатысу үшiн мынадай құжаттарды тапсыруы қажет:
      1) негiздемелiк өтiнiш;
      2) толтырылған сауалнама;
      3) жұмыс орнынан және/немесе жоғары оқу мекемесiндегi оқу орнынан ұсынымдық хат;
      4) қосымшалары бар жоғары бiлiмi туралы дипломының және/немесе магистр дипломының және/немесе ғылым кандидаты дипломының нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
      5) бар болған жағдайда басқа оқу орындарында, курстарда, ординатурада, аспирантурада, магистратурада оқығандығы туралы куәландыратын құжаттардың көшiрмелерi;
      6) денсаулық жағдайы туралы белгiленген нысандағы медициналық анықтама.
      Осы Ереженiң 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар қабылданғандығын растайтын құжаттарды және/немесе шетелдiк жоғары оқу орны куәландырған үздiк үлгерiмi туралы құжатты қосымша ұсынады.
      Ғылым докторының (Ph.D) дәрежесiне үмiткер жоғарыда санамаланған құжаттарға мақалаларының тезистерiн, ғылыми жарияланымдарының, оқу-әдiстемелiк әзiрлемелерiнiң тiзбесiн қосымша ұсынуы тиiс.
      Осы Ереженiң 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар ғылым докторы (Рh.D) дәрежесiн алу үшiн шетелдiк оқу орны бекiткен оқуы мен жұмысының кеңейтiлген жоспарын ұсынады.
      Техникалық және медициналық мамандықтар бойынша үмiткерлер осы Ереженiң 11-тармағының 2) тармақшасында көзделген шет тiлiн еркiн меңгеруi туралы талаптарды ескерусiз конкурсқа қатыса алады.

  4. "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін
конкурс өткiзу тәртiбi

      13. Конкурс екi турдан, ал осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында және 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалар үшiн бiр ғана турдан (екiншi қорытынды) тұрады.
      Бiрiншi турға осы Ереженiң 2, 3-тарауларында баяндалған талаптарға сәйкес келетiн үмiткерлер қатыса алады.

      14. Конкурстың бiрiншi турын шетелдiк жоғары оқу орындарының өкiлдерiнен және/немесе оқуға стипендиаттарды қабылдайтын елдердiң шетелдiк серiктестерi өкілдерiнен тұратын тәуелсiз шетелдiк сараптама комиссиялары (бұдан әрi - шетелдiк комиссия) өткiзедi.
      Шетелдiк комиссияның құрамын және оның жұмысын ұйымдастыруды тиiстi шетелдiк жоғары оқу орындарының және/немесе шетелдiк серiктестердің келiсiмi бойынша жұмыс органы айқындайды.
      Бiрiншi турда шетелдiк комиссия тестілеу мен әңгiмелесу жолымен шетелдiк жоғары оқу орны тиiстi бiлiм деңгейi үшiн белгілеген тiлдi меңгеру (бiлу) деңгейiн тексередi.

      15. Тестілеу нәтижелерi ресми сертификаттар немесе шетелдiк комиссияның ресми қорытындысы түрінде ресімделеді.
      Yмiткерлермен өткiзілген тестілеудің және әңгiмелесудiң нәтижелерi бойынша шетелдiк комиссия әрбiр үмiткер бойынша тiлдi меңгеру (бiлу) деңгейiне дербес қорытынды бередi.
      Жоғары арнаулы білiм және бакалавр дәрежесiн алуға, сондай-ақ магистр және ғылым докторы (Рh.D) дәрежесiн алу үшiн техникалық және медициналық мамандықтар бойынша оқуға үміткерлерге жеке қорытындыларында қосымша тiлдiк дайындықтан өтуге ұсынымдар берiлуi мүмкін.

      16. Жұмыс органы әр кандидатура бойынша жеке қорытындыларын, ресми сертификаттардың немесе ресми қорытындылардың көшiрмелерiн, бiрiншi турды ойдағыдай өткен үмiткерлердiң жеке iстерiн зерделейдi, олармен және осы Ереженiң 6-тармағының 3) тармақшасында және 10-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген тұлғалармен жеке әңгiмелесу және психологиялық тестілеу жүргiзедi, одан кейiн осы материалдарды екіншi турға Республикалық комиссияға қарауға енгiзедi.

      17. Конкурстың екiншi турын Республикалық комиссия өткiзедi, үмiткерлердiң материалдарын қарағаннан кейiн мамандықтардың тiзбесiне сәйкес "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы түпкiлiктi шешiм қабылдайды.

      18. Арнаулы жоғары бiлiм, бакалавр дәрежесiн алуға өткiзiлетiн конкурстың жеңiмпаздары, сондай-ақ техникалық және медициналық мамандықтар бойынша магистр және ғылым докторы (Ph.D) дәрежесін алуға өткiзiлетiн конкурстың жеңiмпаздары Республикалық комиссияның шешiмi бойынша "Болашақ" стипендиясының есебiнен шет тілi бойынша бiр-екi семестрлік дайындық курстарынан өтуге жiберiледi.
      Егер стипендиат шет тiлiн қажетті көлемде игермеген жағдайда, ол Республикалық комиссия шешiмi бойынша "Болашақ" стипендиясы бойынша оқуды одан әрi жалғастыру құқығынан айырылады және шет тiлiн оқуға жұмсалған қаражатты мемлекетке өтейдi.

  5. Шетелде оқу үшiн стипендиатпен шарт жасасу
және оның шарттық мiндеттемелердi орындауы

      19. Жұмыс органы стипендиатпен шарт жасасады, онда мыналар мiндеттi түрде қамтылуы тиiс:
      1) шарттың мәні;
      2) тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерi;
      3) осы Ереженiң 18, 22-тармақтарында көзделген жағдайларда стипендиатты оқытуға жұмсалған қаражатты оның қайтаруы жөнiндегi мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету тәсiлi;
      4) оқытудың мерзiмi мен шарттары;
      5) шетелде оқуын аяқтағаннан кейiн бес жыл Қазақстанда жұмыспен өтеу үшiн стипендиаттың мiндеттi түрде Қазақстан Республикасына қайтып оралуы туралы шарт.
      18 жасқа толмаған стипендиатпен шарт жасасқан жағдайда, оның ата-анасының (асырап алушылары, қамқоршылары) шартты жасасуға келiсiмi туралы нотариалды куәландырылған құжат ұсынылады.

      20. Шарт стипендиаттарға оқыту және шетелдiк серiктестерге ақша аудару жөнiндегi барлық шығыстарды төлеу үшiн негiз болып табылады.

      21. Шетелдiк серiктестерге ақша аударғаннан кейiн жұмыс органы шартта көрсетiлген мерзiмде шетелдiк жоғары оқу орындарына оқуға стипендиаттарды жiберудi қамтамасыз етедi.

      22. Егер стипендиат Республикалық комиссия дәлелсiз деп таныған себептермен оқу бағдарламасынан шығып қалған жағдайда немесе шартта көзделген өз міндеттемелерiн орындамаса, ол оны оқытуға жұмсалған ақшаның барлық сомасын қайтаруға мiндеттi.

      23. Стипендиат шартта көрсетілген еңсерілмес күш жағдайларының салдарынан өзінің міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамаған жағдайда жауапты болмайды.