"Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi мемлекеттiк кәсiпорындардың, заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың (табиғи монополиялар субъектiлерiн қоспағанда) тауарларды кейiннен көтерме-бөлшек саудада сату мақсатында сатып алуы мемлекеттiк сатып алу мәнi болып табылмайтын тауарлардың тiзбесi бекiтiлсiн.
2. "Қазақстан Республикасы мүгедектерiнiң қоғамдық бiрлестiктерi құратын, тауарлар мен қызметтердi өндiретiн ұйымдардан конкурсты ұйымдастырушылар сатып алатын тауарлар мен қызметтердiң 2005 жылға арналған номенклатурасы мен олардың көлемi (пайызбен көрсеткенде) туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 18 қарашадағы N 1213
қаулысына
(Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 45, 574-құжат) мынадай өзгерiстер енгізiлсiн:
көрсетілген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы мүгедектерiнiң қоғамдық бiрлестiктерi құратын, тауарлар мен қызметтердi өндiретiн ұйымдардан конкурсты ұйымдастырушылар сатып алатын тауарлар мен қызметтердiң 2005 жылға арналған номенклатурасында:
1-тармақтың 1), 3), 4) тармақшалары алынып тасталсын.
3. "Ауыл шаруашылығы өнiмiнiң жекелеген түрлерiн мемлекеттiк сатып алудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2004 жылғы 27 наурыздағы N 371 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 15, 195-құжат) 1-тармағы 2) тармақшасының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 8 сәуірдегі
N 318 қаулысымен
бекiтiлген
Акцияларының (үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы
немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi
мемлекеттiк кәсiпорындардың, заңды тұлғалардың және
олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың (табиғи
монополиялар субъектiлерiн қоспағанда) тауарларды
кейiннен көтерме-бөлшек саудада сату мақсатында
сатып алуы мемлекеттiк сатып алу мәнi болып
табылмайтын тауарлардың тiзбесi
1. Қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру үшiн сатып алынатын азық-түлiк тауарлары:
ет және ет өнiмдерi (сиыр етi, шошқа етi, қой етi, жылқы етi, құс етi);
ет бұйымдары (шұжықтар, сүр ет, консервiлер);
өңдеуден өтпеген (тоңазытылмаған) балық;
сүт;
нан, нан-тоқаш өнiмдерi және кондитерлiк бұйымдар;
жұмыртқа;
ара шаруашылығының өнiмдерi;
жаңа пiскен көкөнiстер, жемiстер, цитрус жемiстер және жидектер;
томат пастасы;
кептiрiлген жемiстер;
тұздықтар, дәмдеуiштер, соустар, кетчуп;
ашытқы;
тауар өндiрушiлерден (олардың өкiлдерiнен) тiкелей сатып алынатын алкогольсiз сусындар.
2. Ауыл шаруашылығы шикiзаты және оны өңдеуден алынған өнiмдер:
ет және ет өнiмдерi (сиыр етi, шошқа етi, қой етi, жылқы етi, құс етi);
қосымша ет өнiмдерi;
ет бұйымдары (шұжықтар, сүр ет, консервiлер);
балық және балық өнiмдерi;
сүт және сүт өнiмдерi (қаймағы алынбаған сиыр, жылқы, түйе, ешкi сүтi, құрғақ сүт, сүзбе, сары май, қаймақ, кiлегей, iрiмшiктiң барлық түрлерi, қымыз, шұбат, iрiмшiк, казеин, құрт);
жұмыртқа және жұмыртқа өнiмдерi;
ара және ара шаруашылығының өнiмдерi;
iрi қара мал, қой, ешкi, шошқа және түйе терiлерi;
өңделген терiлер (вет-блю, үлбiр тонға арналған қой терiсi, боялған және боялмаған шала өнiмдер, былғары);
қой, түйе және ешкi жүнi;
тiрi мал (ipi қара мал, қойлар, ешкiлер, түйелер, шошқалар, жылқылар, маралдар);
құстың барлық түрлерi;
маралдың мүйiзi.
3. Өзге де тауарлар:
оны алуды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардан тiкелей сатып алынатын табиғи, мұнайдан iлеспе алынатын, құрғақ және шикi газ;
отандық тауар өндiрушiлерден тiкелей сатып алынатын уран және оның қоспалары, тантал мен бериллийден алынатын өнiмдер.