Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен қаражат бөлу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 8 ақпандағы N 118 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын iске асыру, Қазақстанда автобус шығаруды ұйымдастыру және автобус паркiн жаңарту мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
 

      1. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгiне "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" ашық акционерлiк қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға 2005 жылға арналған республикалық бюджетте кезек күттірмейтiн шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен 660000000 (алты жүз алпыс миллион) теңге бөлiнсiн.
 

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi ағымдағы жылдың 1 тамызына дейiнгi мерзiмде "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" ашық акционерлiк қоғамының "КамАЗ" ашық акционерлiк қоғамымен (Набережные Челны қаласы, Ресей Федерациясы) бiрлесiп, осы қаулының 1-тармағына сәйкес алынған қаражатқа қалалық үлгiдегi автобустарды жинауды және Көкшетау қаласында оларды жинау өндiрiсiн ұйымдастыруды жүзеге асыруын қамтамасыз етсiн.
 

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырсын.
 

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі