"Қазақстанның инвестициялық қоры" акционерлiк қоғамының инвестициялық декларациясын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы N 1383 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстанның инвестициялық қоры туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегі  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған "Қазақстанның инвестициялық қоры" акционерлiк қоғамының инвестициялық декларациясы бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 24 желтоқсандағы  
N 1383 қаулысымен    
бекiтілген        

  "Қазақстанның инвестициялық қоры" акционерлiк
қоғамының инвестициялық декларациясы

      "Қазақстанның инвестициялық қоры" акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - Қор) инвестициялық декларациясы "Қазақстан инвестициялық қоры туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзiрленген және инвестициялаудың мақсатын, стратегиясын, бағыттарын, тәуекелдердi басқару саясатын, бағалы қағаздардың әр түрi бойынша бағалы қағаздар портфелiн әртараптандыру нормаларын және Қордың инвестициялық жобаларға қатысуын тоқтату шарттарын айқындайды.

  1. Мақсаты

      1. Қор жүзеге асыратын инвестициялаудың мақсаты жаңадан құрылатын және жұмыс iстеп ұйымдардың жарғылық капиталдарына қатысу жолымен экономиканың шикiзаттық емес секторындағы бәсекеге қабiлеттi өндірiстердi құру жөнiндегi жеке ceктордың бастамаларына қаржылық қолдау көрсету болып табылады.

  2. Инвестициялардың стратегиясы
және бағыттары

      2. Қор жұмыс iстеп тұрған өндірістерді кеңейтуге, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға, сондай-ақ тауарлар шығару және қызметтер көрсету жөнiндегi перспективалы жаңа өндiрiстердi құруға бағытталған ақталатын және тиiмдi инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысады.
      3. Қор, егер инвестициялық жоба:
      1) Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес келсе;
      2) экономикалық және қаржылық параметрлерi бойынша тартымды болып табылса;
      3) ұйымдардың технологиялық әлеуетiн ұлғайтуға, өнiм өндiрудiң және қызметтер көрсетудiң сапасы мен көлемiнiң өсуiн арттыруға, шикiзат пен материалдарды қайта өңдеудi тереңдетуге, жоғары технологиялық өнім шығаруға бағытталса ұйымдарды инвестициялауға қатысады.
      4. Инвестициялық жобаларды қарау мен iрiктеу тәртiбi Қордың Директорлар кеңесiнiң шешiмiмен бекiтiледi.
      5. Қордың инвестицияларын ұйымның жарғылық капиталына жүзеге асыру үшiн:
      iрi акционер ретiнде жобаны орындауды ұйымдастырудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ететiн, жобаның техникалық-технологиялық жағын жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi тәжiрибесi бар стратегиялық инвестордың қатысуы. Стратегиялық инвестор ретiнде бiр инвестор да, сол сияқты инвесторлар тобы да қатыса алады;
      инвестициялық жобаны iске асыратын ұйым қызметiнiң аясына немесе саласына салым салу тәжiрибесi бар институциональды инвесторлардың қатысуы орынды болып табылады.
      6. Қор:
      бәсекеге қабiлеттi салалар мен кластерлердi қалыптастыратын өзара байланысты кәсiпорындардың;
      экспорттық бағыттылығы басым қосылған құны жоғары өнiмдер өндiрiсiне және халықаралық еңбек бөлiнiсiнде қазақстандық ұйымдардың қатысуын ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобаларға бағдарланады.
      7. Қордың қаражаты салынған акциялар құнының өсiмi мен ұйымдардың жарғылық капиталдарына қатысу үлесi Қордың табыс табуының негiзгi нысаны болып табылады. Дивиденд нысанындағы ағымдық кiрiстердiң өсуiн Қор өз қызметiнiң басымдығы ретiнде қарастырмайды.
      8. Қор уақытша бос ақшаны iшкi және сыртқы рыноктардағы мемлекеттiк және мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды қоса алғанда, Қордың осы инвестициялық декларациясы айқындайтын шекте және тәртiппен өтiмдi активтерге орналастыруды жүзеге асырады.
      Қор уақытша бос ақшаны дербес не сенiмдi басқарушы арқылы басқаруға құқылы.
      Уақытша бос ақшаны сенiмдi басқарушы арқылы басқару шарттары Қор мен сенiмдi басқарушы арасында жасалатын шартпен айқындалады. Қордың уақытша бос ақшасын орналастыру уақытша бос ақшаның жалпы көлемiнiң мынадай мөлшерлерi шегiнде Қордың Директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздары - 10 пайызға дейiн;
      2) халықаралық қаржы ұйымдары шығарған бағалы қағаздар - 100 пайызға дейiн:
      Халықаралық Қайта құру және Даму банкi;
      Еуропа Қайта құру және Даму банкi;
      Азия Даму Банкi;
      Ислам Даму Банкi;
      Еуропа Инвестициялық Банкi;
      Халықаралық қаржы корпорациясы;
      Америкааралық Даму Банкi;
      Халықаралық Есеп айырысу Банкi;
      Африка Даму Банкi;
      3) Standard & Poor's шәкілi бойынша ВВВ-дан немесе Moody's шәкiлi бойынша Ваа3-тен төмен емес немесе Fitch Ratings шәкiлi бойынша BBB-дан төмен емес кредит рейтингi бар елдердiң мемлекеттiк бағалы қағаздары - 70 пайыздан аспайды;
      4) өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының ең жоғары санатының тiзiмiне енгізiлген қазақстандық эмитенттердiң мемлекеттiк емес бағалы қағаздары - 25 пайыздан аспайды, қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарын қоспағанда - 50 пайыздан аспайды;
      5) Қазақстан Республикасының егемендiк рейтингінiң бiр деңгейiнен төмен емес кредит рейтингi бар қазақстандық эмитенттердiң шетел мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздары - 25 пайыздан аспайды;
      6) Standard & Poor's шәкiлi бойынша ВВВ-дан, Moody's шәкiлi бойынша Ваа3-тен төмен емес немесе Fitch Ratings шәкiлi бойынша ВВВ-дан төмен емес кредит рейтингі бар шетелдiк эмитенттердiң мемлекеттiк емес бағалы қағаздары - 20 пайыздан аспайды;
      7) осы тармақтың 1)-6) тармақшаларында көрсетiлген қаржы құралдары базалық активтер болып табылатын туынды құнды қағаздар - 20 пайыздан аспайды;
      8) шетел банктерiндегi (Standard & Poor's шәкiлi бойынша ВВВ-дан немесе Moody's шәкiлi бойынша Ваа3-тен төмен емес немесе Fitch Ratings шәкiлi бойынша BBB-дан төмен емес кредит рейтингi бар) салымдарға (депозиттерге) және шетелдiк банктер шығарған депозиттiк сертификаттарға - 50 пайыздан аспайды;
      9) тазартылған қымбат бағалы металдар уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы болған кезде - 20 пайыздан аспайды;
      10) екiншi деңгейдегi банктердiң депозиттерi. Қор заңнамада белгiленген тәртiппен депозиттерге уақытша бос ақшаны кемiнде 3 (үш) екiншi деңгейдегі банктерге орналастырады. Олардың әрқайсысының депозит сомасы уақытша бос ақша мөлшерiнiң 30 (отыз) пайызынан аспауы тиiс.
      5000 (бec мың) айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшердегі уақытша бос ақша екiншi деңгейдегі бiр банктiң депозитiнде орналастырылуы мүмкiн.
      9. Қор Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатына сәйкес экономиканың шикiзаттық емес секторындағы отандық және шетелдiк ұйымдар арасындағы өзара тиiмдi өндiрiстік кооперацияны дамыту үшiн шетелде инвестициялауды жүзеге асырады.
      10. Шетелдiк инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде Қор өздiгiнен немесе қазақстандық инвестормен бiрлесiп, инвестиция жүзеге асырылатын елдiң заңнамасына сәйкес олар қабылдаған шешiмдi және/немесе тосқауыл болатын акциялар пакетiн айқындауға мүмкiндiк беретiн шетелдiк заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлестi сатып алады.

  3. Тәуекелдердi басқару саясаты

      11. Қор ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын және олардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға ықпал ететiн инвестицияларды салалық және аумақтық әртараптандыру негiзiнде инвестициялық тәуекелдердi басқарудың ұтымды саясатын жүргiзедi. Қордың Директорлар кеңесi тәуекелдердi басқару саясатының өзекті мәселелерiн ашатын құжатты бекiтедi.
      12. Қор өзiнiң инвестициялық қызметiнде инвестициялық жобаларды дамытуға (қаржыландыруға) мынадай кезеңдiк әдiстi ұстанады: инвестициялық жобалар бойынша ақпараттарды алдын ала талдау, жинау және өңдеу, техникалық-экономикалық негiздеменi (бизнес-жоспарды) дайындау, жоспарлы-болжамдық құжаттаманы әзiрлеу, маркетингтiк, инжинирингтiк және өзге де зерттеулер жүргiзу, жарғылық капиталға қатысу, инвестицияларға бақылауды ұйымдастыру және жоспарлы кiрiстiлiк деңгейiн қамтамасыз ете отырып, Қордың жобаға қатысуын тоқтату.
      13. Ұйымның жарғылық капиталына Қордың бақылаусыз қатысуы кемiнде 49 пайызды құрауы тиiс.
      Бұл ретте ұйымның жарғылық капиталына Қордың 700 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде қатысуы туралы шешiмдi Қордың Директорлар кеңесi қабылдайды. Қор басқармасы ұйымның жарғылық капиталына 700 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде қатысуы туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      Қор ұйымдардың жарғылық капиталдарына өзiнiң қатысу үлесiн 49 пайыз шегiнде ұтымды етуге құқылы, бұл үшiн Қор басқа акционерлермен жасалған келiсiмдердiң және инвестициялық жобаларды iске асырудың шарттары негiзiнде ұйымның акцияларын портфелдi инвесторларға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да сатып алушыларға сатуға құқылы.
      14. Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту үшiн стратегиялық маңызы бар iрi инвестициялық жобалар үшiн жобаның бастапқы кезеңiн қаржыландыру үшiн жоба бастамашысының қаражаты жеткiлiксiз болған кезде техникалық экономикалық негiздеменi (ТЭН) әзiрлеу, Қор стратегиялық инвестордың жобаға қатысуы басталғанға дейiн Қордың Жарғысына сәйкес Қордың Директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша бастапқы кезеңдердiң жұмыстарын орындау үшiн жобаның бастапқы кезеңдерiн қаржыландырудың негізгi бөлiгін уақытша өзiне қабылдай алады. Қор iрi инвестициялық жобаларды iске асыру үшiн жарғылық капиталды одан әрi қалыптастыру кезiнде осы Декларацияның 13-тармағының ережелерiн басшылыққа алады. Қордың TЭH-дi әзiрлеуге байланысты шығыстары инвестициялық жоба бойынша шығындарға күрделендiруге жатады және орналастырылатын акцияларға ақы төлеу және жаңадан құрылатын және жұмыс істеп тұрған ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестер ретiнде ескерiледi.
      15. Ұйымдардың акцияларына Қордың ақы төлеу мерзiмдерi мен мөлшерi ұйымдардың жасалған келiсiм-шарттар (жеткiзiлiмдер, мердiгерлiк және басқалары) жөнiндегi төлемдер кестелерiн ескере отырып, ұйымдармен жасалған Инвестициялық жобаларды бiрлесiп iске асыру туралы шарттарға сәйкес айқындалады.
      16. Қор ол жарғылық капиталына қатысатын ұйымдарды басқарудың мониторингiн, сондай-aқ электрондық түрде ұсынылатын есеп беру негiзiнде жүйелi және жоспарлы байқау арқылы инвестициялық жобалардың мониторингiн жүзеге асырады. Мониторинг мыналарды қамтиды:
      1) инвестициялық жобаны іске асыру және инвестициялық ресурстарды тиiмдi пайдалану туралы ақпаратты жинау және жүйелі таңдау;
      2) ұйымдардың қаржы-экономикалық және өндiрiстiк-техникалық жай-күйiн және олардың қызметiнiң саланы, өңiрдi және республиканы тұтастай дамытуға әсерiн талдау;
      3) ұйымдардың басқару сапасын бағалау және олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған шараларды әзiрлеу.
      Қор ұйымдардың ашықтығын қолдауға ықпал етедi және олардың қызметiнiң аудитiне қатысады.

  4. Портфельдi әртараптандыру нормалары

      17. Инвестициялардың салалық және аумақтық құрылымдары ұйымдардың бағалы қағаздар портфелiн әртараптандыру нормаларының негізiнде инвестициялық портфельдiң сапасына қойылатын мынадай талаптарды ескере отырып айқындалады:
      Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарына инвестициялар үлесi Қордың меншiктi капиталының кемiнде 70 пайызын құрауы тиіс;
      ЭҚЖЖ (экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы жiктеуiшi) номенклатурасы бойынша салалардың бiрiне инвестициялардың үлесi Қордың меншiктi капиталының 25 пайызынан аспауы тиiс.
      Қорды 50 млрд. теңгеге дейін күрделендiру кезiнде бір ұйымға және онымен тiркелген құрылымға инвестициялар үлесi меншіктi капиталдың 20 пайызынан, 100 млрд. теңгеге дейiн меншiктi капиталдың 15 пайызынан аспауы тиіс.

  5. Қордың инвестициялық жобаға қатысуын
тоқтату шарттары

      18. Ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы акциялар мен қатысу үлестерi құнының жоспарланатын өсімiн қамтамасыз ету шамасына қарай Қор оларды басқа ұйымдарға сатудан алынған капиталды кейіннен қайта инвестициялау үшiн ұйымдардың акционерлерiне де, сол сияқты бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногына да оның иелiгіндегi акциялар мен қатысу үлестерiн сатуды жүзеге асыратын болады.
      19. Қордың инвестициялық жобаға қатысуын тоқтату шарттары әрбiр жекелеген жағдайда ұйымдармен жасалатын Инвестициялық жобаларды бiрлесiп iске асыру туралы шарттармен айқындалады.
      20. Қордың инвестициялық жобаға қатысу мерзiмі жобаның бизнес жоспарына сәйкес айқындалады.
      21. Қор акционерлердi және инвестициялық жобалардың өзге де мүдделi қатысушыларын Қорға тиесiлi акцияларды сату ниетi туралы алдын ала хабардар етедi.
      22. Қордың Директорлар кеңесiнiң шешiмiне сәйкес Қорға тиесiлi қаржы құралдарын сатудың мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды.