Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттерiнде Достастыққа қатысушы мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралының өкілі болып табылатын тiлшiнiң мәртебесі туралы конвенцияны бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қыркүйектегі N 968 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2004 жылғы 16 сәуiрде Чолпон-Ата қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттерiнде Достастыққа қатысушы мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралының өкiлi болып табылатын тiлшiнiң мәртебесi туралы конвенция бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Аударма   

  Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттерінде Достастыққа қатысушы мемлекеттiң бұқаралық ақпарат құралының өкiлі болып табылатын тілшінiң мәртебесі туралы
Конвенция

Ресми куәландырылған мәтін

      Тәуелсiз мемлекеттер достастығының қатысушылары - мемлекеттер үкiметтерi атынан, бұдан әрi - Тараптар,
      өз мемлекеттерiнiң қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрi туралы ақпаратты кеңiнен әрi еркiн тарауға көмектесудi қалап,
      халықаралық құқықтың жалпыға белгілi принциптерi мен нормаларын сақтауға, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралы атынан өкiлдiк ететiн тiлшiнiң кәсiби қызметiн жүзеге асыру барысында кепілдiктер беруге ұмтылып,
      1992 жылғы 9 қазандағы Ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы келісiмдi негізге алып,
      кең ақпараттық алмасуға жәрдемдесудi көздейтiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Жарғысына сәйкес iс-қимыл жасай отырып,
      төмендегі жайлы келiстi:

  1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн мынадай негізгi терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      тiлшi - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-басқа мемлекетте тiркелген, Тараптардың бiрінің бұқаралық ақпарат құралы атынан өкiлдiк ететiн, оның ұлттық заңнамасына сәйкес тiркелген (азаматтығына қарамастан) тұлға;
      тіркеуші мемлекет - тiлшi тiркелген Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекет;
      тіркеу - тіркеуші мемлекеттің уәкілетті органы жанында бұқаралық ақпарат құралдары өкiлiнiң белгiлi бiр мерзiмге тағайындалу және тіркеу құжатын алуы;
      уәкілетті органдар - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-басқа мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралы атынан өкiлдiк ететiн тiлшiнi тiркеу мен оның қызметi мәселелерiн регламенттеудi жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдар.

  2-бап

      Тараптар Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттiң бұқаралық ақпарат құралы атынан өкiлдiк ететін тiлшілердiң кәсiптік қызметін жүзеге асыруға, тiлшiлер тiркеушi мемлекеттiң саяси, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени өмiрi туралы шынайы ақпаратты алуға және таратуға неғұрлым қолайлы жағдайды қамтамасыз етедi.

  3-бап

      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекетте тіркелген тілшілердiң құқықтық жағдайы халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптерi және нормаларымен, халықаралық шарттармен, осы Конвенцияның баптарымен және Тараптар заңнамасымен реттеледi.

  4-бап

      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекетте тiркелген тілшілердiң кәсiби қызметі тіркеуші мемлекеттің заңнамасына және журналистік этиканың жалпыға ортақ ережелерi мен нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

  5-бап

      Ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптар тілшілердiң кәсiби қызметтерiн жүзеге асыруына байланысты олардың өмiрiн, ар-ожданын, абыройын және мүлкін қорғауды қамтамасыз етедi.

  6-бап

      Тілшiлер кәсiби мiндеттерiн жүзеге асыру кезiнде уәкілетті орган тұлғасындағы Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес тілшiлерге ақпараттың ресми көздерiне қол жеткiзуге, тiркеушi мемлекеттiң бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiне ұсынылатын негiздерге тең негiздерде баспасөз конференциялары мен басқа да осы сияқты iс-шараларға қатысуға жәрдемдеседi және тілшілердiң ақпарат көзiнiң жасырындылығын сақтау құқығын таниды.

  7-бап

      Тілшілерге оларға барудың ерекше тәртiбi белгiленген аудандар мен объектiлердi ескермегенде, тіркеуші мемлекеттiң аумағында еркiн жүрiп-тұру құқығы беріледi.

  8-бап

      Тараптар тiлшiлердiң өздерiнiң материалдарын тіркеуші мемлекеттiк заңнамасымен тыйым салынбаған тәсiлмен өздерi өкілдiк ететiн бұқаралық ақпарат құралына еркiн беру құқығын сақтайды.

  9-бап

      Тiлшiлердi тiркеу және Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралының тiлшілер қосынын ашу туралы өтінiмдер жазбаша өтінішті алған күннен бастап 2 айдан аспайтын мерзiмде қаралады.

  10-бап

      Визалық режим қолданған жағдайда Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес тұрақты тiркелген тілшiлер мен олардың отбасына бiрнеше мәрте қолданылатын кiру/шығу визаларын немесе тiркеушi мемлекет аумағына еркiн кiруге және шығуға рұқсат беретін өзге құжат бередi.

  11-бап

      Қажет болған жағдайда уәкілетті орган тұлғасындағы Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес тұрақты тiркелген тiлшiге қызметтік және тұрғылықты үй-жайды жалдауға немесе сатып алуға жәрдемдеседi.
      Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес төтенше жағдайларда (табиғи апат, қайғылы оқиға, т.б.) тiркелген тiлшi мен оның отбасына көмек көрсетедi.

  12-бап

      Уәкілетті орган тұлғасындағы Тараптар тiлшi тiркеушi мемлекеттің заңнамасын бұзған жағдайларды ескермегенде, ол берген және тiлшi өкiлдiк ететін бұқаралық ақпарат құралы оны таратқан ақпараттың мазмұны үшiн тiлшiнi тiркеуден шығару немесе оны тiркеушi мемлекеттен қуу сияқты шектеуші шараларды қабылдаудан қалыс қалады.

  13-бап

      Осы Конвенцияның баптарын қолдану және түсiндiрумен байланысты мәселелер, сондай-ақ оны бұзу фактілерi Тараптар уәкілетті органдарының консультациялары және келiссөздер арқылы шешiледi.

  14-бап

      Осы Конвенция оған қол қойған Тараптардың ол күшiне ену үшiн қажет мемлекетiшілік рәсiмдердi орындау туралы үшiншi хабарламаны депозитарийге өткiзген күнiнен бастап күшіне енедi.
      Мемлекетішiлiк рәсiмдердi кешірек орындаған Тараптар үшiн осы Келiсiм тиiстi хабарламаны депозитарийге өткiзген күннен бастап күшiне енедi.

  15-бап

      Осы Конвенцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Олар осы Конвенцияның ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамамен ресiмделедi және осы Конвенцияның 14-бабымен көзделген тәртіпте күшiне енедi.

  16-бап

      Осы Конвенция оның баптарын бөлісетін және осы Конвенциядан туындайтын мiндеттемелердi өз мойнына алуға дайын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттерге қосылу үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшiн Конвенция қосылу туралы құжаттарды депозитарийге өткiзген күннен бастап күшiне енедi.

  17-бап

      Осы Конвенция күшiне енген күннен бастап 5 жыл бойы қолданыста болады. Бұл мерзiм өткеннен кейiн Тараптар басқа шешiм қабылдамаған жағдайда Конвенция әрқашан автоматты түрде бес жылдық мерзiмге ұзартылады.

  18-бап

      Әрбiр Тарап шығуға дейiн кем дегенде 6 ай бұрын ол туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiберiп, осы Конвенциядан шыға алады.
      2004 жылғы 16 сәуiрде Чолпон-Ата қаласында бiр түпнұсқа данасында орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

       Азербайжан Республикасының        Молдова Республикасының
      Үкiметi үшін                      Үкiметi үшiн

      Армения Республикасының           Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

      Беларусь Республикасының          Тәжікстан Республикасының
      Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

      Грузия                            Түркіменстан
      Yкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының         Өзбекстан Республикасының
      Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

      Қырғыз Республикасының            Украина
      Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

      Достастықтың басқа мемлекеттерiнде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралы атынан өкiлдiк ететiн тiлшiнiң мәртебесi туралы Конвенцияның жобасына

Грузияның қосымша түсiнiгi

      Кiрiспенiң төртiншi абзацын есептемегенде

                                                      Зураб Жвания

      Осы арқылы осы мәтін 2004 жылғы 16 сәуiрде Чолпон-Ата қаласында жасалған Достастықтың басқа мемлекеттерiнде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралы атынан өкiлдiк ететiн тiлшiнiң мәртебесi туралы конвенцияның куәландырылған көшiрмесiмен бiрдей көшiрме болып табылатынын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгi
      Халықаралық-құқықтық
      департаментiнiң кеңесшiсi