Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң кейбiр мемлекеттiк кәсiпорындарын жекешелендiру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі N 957 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Жекешелендiру туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2721 заң күшi бар  Жарлығына  және "Мемлекеттік мүлiктi басқарудың және жекешелендiрудiң тиiмділiгiн арттырудың 2003-2005 жылдарға арналған салалық бағдарламасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 3 ақпандағы N 118  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң мынадай республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды мүлiктiк кешендер ретiнде жекешелендiру туралы ұсынысы қабылдансын:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң "Қазәскерсаудажабдықөткiзу" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны еншiлес кәсiпорындарымен бiрге;
      2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң "Солтүстiк әскери құрылыс" республикалық мемлекеттік кәсiпорны;
      3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң "Оңтүстiк әскери құрылыс" республикалық мемлекеттік кәсiпорны;
      4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң "Бурабай" әскери санаторийi" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорны;
      5) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң "Қазәскерижоба" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгіленген тәртiппен:
      1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың мүлiктiк кешенiн сатуды жүзеге асырсын;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      3. "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесiнде:
      "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгі" деген бөлiмдегі реттiк нөмiрлерi 20, 21-1, 21-2, 21-4, 21-8-жолдар алынып тасталсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі