Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749 қаулысына толықтыру мен өзгерiстер енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 шілдедегі N 775 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 49-50, 575-құжат) мынадай толықтыру мен өзгерiстер енгiзiлсiн:

      1-тармақ "Атырау" деген сөздiң алдынан "Ақтөбе," деген сөзбен толықтырылсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Қазақстан Республикасының аумағы 4-шi және 5-шi сағаттық белдеулерде орналасады деп белгiленсiн. Республиканың әкiмшiлiк- аумақтық құрылысына сәйкес сағаттық белдеулердiң шекарасы Ақтөбе облысы мен Қостанай облысының, Ақтөбе облысы мен Қарағанды облысының, Ақтөбе облысы мен Қызылорда облысының арасында өтедi.";

      4-тармақтағы "Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм" деген сөздер "Ақпарат" деген сөзбен ауыстырылсын.

      2. Осы қаулының 1-тармағының төртiншi абзацында көрсетiлген ережелер Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749  қаулысының  2-тармағының қолданысын Қостанай және Қызылорда облыстары үшiн - 2004 жылы "қысқы" уақытқа көшу кезiнде, ал Ақтөбе облысы үшiн - 2005 жылы "жазғы" уақытқа көшу кезiнде уақытша тоқтату жолымен iске асырылады деп белгiленсiн.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары С.М.Мыңбаевқа жүктелсiн.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі