Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 сәуірдегі N 470 қаулысы

Қолданыстағы

      "Астық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы  Заңын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларын құру, олардың жұмыс істеу мен тарату және астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу ережесі;
      2) Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктерiн алу және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьep-Министрiнiң орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi А.С. Есiмовке жүктелсiн.

      3. Осы қаулы жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң      
2004 жылғы 27 сәуірдегі
N 470 қаулысымен  
бекiтiлген      

  Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктерiн алу және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу ережесi

      Осы Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктерiн алу және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Астық туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзiрлендi және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктерiн алу және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу тәртiбiн белгiлейдi.

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) кепiлдiк жағдай - қатысушының астық сақтау қоймаларындағы (астық қабылдау пункттерiндегi, элеваторлардағы) астықтың жеткiлiктi көлемiнiң және (немесе) астықтың қажеттi сапада болмауымен көрiнетiн, уәкiлеттi органның аумақтық басқармасы растаған мiндеттемелердi орындамау фактiсi;
      2) кепiлдiк жағдай болған күнi - астық қолхатын ұстаушыға уәкiлеттi органның аумақтық басқармасының қатысушының мiндеттемелерiн орындамау фактiсiн растайтын құжатты берген күн;
      3) қатысу шарты - қор мен астық қабылдау кәсiпорны арасында жасалған шарт, соның негiзiнде соңғысы астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысады;
      4) квoтa - қайтару жөнiндегi жауапкершiлiкке қор кепiлдiк беретiн, қор белгiлеген әрбiр қатысушы бойынша астық лимитi;
      5) тараптардың терiс пиғылды әрекеттерi - астық қолхаттарын ұстаушылар мен қатысушылардың кепiлдiк жағдайдың туындауына немесе оның болуына ықпал етуге бағытталған, соның iшiнде өзара келiсу арқылы шындыққа сай емес ақпараттар берген қасақана заңсыз әрекеттер;
      6) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесi - астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін астық қабылдау кәсiпорындары берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi олардың орындамауынан қорғауға бағытталған ұйымдастыру-құқықтық шаралар кешенi;
      7) баға кестесi - кепiлдiк төлемдердiң мөлшерiн айқындау үшiн қажеттi және белгiлi бiр кезеңге оның сапасына сәйкес қор белгiлеген астықтың құнын қамтитын құжат;
      8) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгі;
      9) қатысушы - қормен қатысу шарты жасалған және қолданылып жүрген астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар астық қабылдау кәсiпорны;
      10) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiн қатысушылар берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi олардың орындамауынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға (бұдан әрi - қор);
      11) астық иесi - астық қабылдау кәсiпорнына астықты сақтауға берген жеке немесе заңды тұлға;
      12) астық қолхатын ұстаушы - астық қолхатында индоссамент-индоссат жасалған жағдайдағы астықтың иесi;
      13) еңсерiлмес күш - осындай жағдайлар кезiнде төтенше және алдын алдырмайтын жағдайлар (апатты құбылыстар, соғыс қимылдары және т.б.).

  2. Қордың кепiлдiгiн алу тәртiбi

      2. Қордың кепiлдiгiн алу үшiн қатысушы берген астық қолхаттарын ұстаушы қорға:
      1) кепiлдiк және қоймалық куәлiктерi бөлiнбеген астық қолхатын;
      2) егер осы астық қолхатын ұстаушы астықтың иесi болып табылған жағдайда, астық қабылдау кәсiпорнына астықтың түскендiгi туралы қатысушының белгiсi бар тауарлық-көлiктiк жүкқұжаттардың көшiрмесi;
      3) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тиiстi шешiмiмен бекiтiлген астықты сақтауға жария шарттың үлгi нысанына сәйкес келетiн жасалған сақтау шартының көшiрмесi;
      4) қатысушының осы астық қолхатын квотаға кiргiзу туралы ұсынысы бар жолдама хатын ұсынады.
      3. Астық қолхатын ұстаушы болып табылатын тұлғаға қатысушы үшiн қормен белгiленген квoтa шегiнде кепiлдiк беру лауазымды адамның қолы қойылып және қордың мөрi басылып астық қолхатына тиiсiнше жазба жазу жолымен жүзеге асырылады.

  3. Қордың мiндеттемелердi өтеу тәртiбi

      4. Кепiлдiк жағдай болған кезде қор астық қолхатын ұстаушыға қатысушыда жетiспеушiлiгi анықталған астықтың құнын, осы Ережеде белгiленген шарттарда берiлген астық қолхаттары бойынша төлеуге жататын берешектiң бүкiл сомасының сексен пайызынан аспайтындай мөлшерде ақшалай төлейдi.
      5. Қор кепiлдiгiнiң қолданылу мерзiмi қордың астық қолхатына жазу жазылған күннен бастап он екi айға (не кепiлдiк беру кезiнде астық қолхатындағы жазуда көрсетiлген өзге мерзiмге) тең уақыт кезеңiн құрайды. Қордың кепiлдiгi заңнамада белгiленген тәртiппен астық қолхатын өтеген жағдайда да қолданылуын тоқтатады.
      6. Қатысушы болып табылмайтын және квотаға енгiзiлмеген астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiнiң орындалуына қор кепiлдiк бермейдi.
      7. Астық қолхатын ұстаушылар болып табылатын тұлғаларға қор қатысушылардың астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн өтеуi осы Ереженiң 2 және 3-тармақтарын орындаған кезде жүзеге асырады.
      8. Осы Ереженiң 11-тармағының 4) тармақшасында және 12-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепiлдiк жағдайы болған кезде қор кепiлдiк берген астық қолхатын ұстаушы кепiлдiк жағдайы болған күннен бастап 10 күннiң iшiнде кепiлдiк төлемдi алу үшiн қорға өтiнiш бередi.
      9. Кепiлдiк төлемдi алу үшiн қорға:
      1) кепiлдiк төлемдi алу туралы талап еткен өтiнiш;
      2) қатысушының астық қоймаларында (астық қабылдау пункттерiнде, элеваторларда) астықтың жеткiлiктi мөлшерiнiң және (немесе) белгiленген сападағы астықтың жоқтығын растайтын уәкiлеттi органның аумақтық басқармасының құжаты (анықтамасы, актiсi);
      3) астық қолхаттарының (кепiлдiк не қоймалық куәлiктердiң) нотариалды расталған көшiрмелерi; егер астық қолхатын немесе қоймалық куәлiктi ұстаушы жүгiнген жағдайда - сақтау шартының көшiрмелерi; пайдасына астық кепiлдiкке ұсынған тұлға жүгiнген жағдайда - қарыз шарты және кепiлдiк шарты. Талапты қанағаттандыру туралы шешiм қабылданған жағдайда жоғарыда көрсетiлген құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады;
      4) егер астық қолхатын ұстаушы жеке тұлға болып табылса - жеке куәлiгiнiң (паспортының) көшiрмесi, ал егер заңды тұлға болса - мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiгiнiң көшiрмесi ұсынылады.
      10. Қор 10 жұмыс күнi iшiнде астық қолхатын ұстаушының талабын қарайды және оны қанағаттандыру немесе одан бас тарту туралы шешiм шығарады. Талаптарды қарауға кепiлдiк жағдайының болуына жол берген қатысушы тартылады.
      11. Қор кепiлдiк төлемдi жүзеге асыру туралы талапты қанағаттандырудан:
      1) кепiлдiк жағдайы туындамаған;
      2) тараптардың терiс пиғылды әрекеттерi анықталған;
      3) кепiлдiк жағдайының болуы еңсерiлмес күштен туындаған;
      4) астық қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру және қатысушыдан берешектi өндiрiп алу туралы сот шешiмi болған;
      5) қорға жүгiнудiң осы Ережеде белгiленген мерзiмдерi өткен;
      6) астық қолхаты бойынша мiндеттемелердi орындау жөнiндегi қор кепiлдiгiнiң қолданылу мерзiмi өткен;
      7) егер қатысушы талапты қарау мерзiмiнiң iшiнде астық қолхаты (кепiлдiк немесе қоймалық куәлiктер) бойынша өз мiндеттемелерiн орындаған;
      8) астық қолхатының екi бөлiгiнде де жазба жасалған күн көрсетiлiп, лауазымды адамның қолы қойылған және қордың мөрi басылған осы астық қолхатына қордың кепiлдiк беруi туралы мәлiметтер қамтылған жазба болмаған жағдайларда бас тартады.
      12. Қатысушыдан берешектi өндiрiп алу мақсатында астық қолхаттарын ұстаушылардың сотқа (төрелiк сотқа) жүгiнуi сот шешiмi шығарылғанға дейiн кепiлдiк төлемдi жүзеге асыру туралы талаптарды қарауды тоқтата тұруға негiз болып табылады. Астық қолхаттарын ұстаушылар сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап 10 күн iшiнде кепiлдiк төлемдi алу үшiн қорға жүгiнедi.
      13. Қор астық қолхатын ұстаушының дәлелдi өтiнiшi бойынша қорға жүгiну мерзiмiн қалпына келтiре алады.
      14. Мiндеттемелердiң орындалмауына жол берген қатысушының уақытша басқаруды енгiзуi, қатысушыны қайта ұйымдастыру, қатысушыны астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiнен шығapу астық қолхатын ұстаушылардың талаптарын қанағаттандырудан бас тарту үшiн негiз болып табылмайды.
      15. Қор астық қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру туралы шешiм қабылдаған жағдайда қор шешiм шығарылған күннен бастап 10 жұмыс күнi iшiнде астық қолхатын ұстаушыға кепiлдiк төлемiн жүргiзедi.
      16. Астық қолхатын ұстаушыға қатысушы астық қолхатын (қоймалық немесе кепiлдiк куәлiктердi) көрсеткенде бермеген астықтың ғана құны қайтарылады.
      17. Қор жыл сайын өз кепiлдiктерi қолданылуының барлық кезеңiне астыққа арналған баға кестесiн бекiтедi, сол бойынша кепiлдiк төлемдер жүргiзiледi. Қор баға кестесiне өзгерiстер енгiзе алады, бiрақ бұрын берiлген кепiлдiктерге, қордың кепiлдiк беру сәтiнде қолданыста болған баға кестесi бойынша есептiк баға қолданылады. Баға кестесiн астық рыногында қалыптасқан бағаны ескере отырып, қор бекiтедi.
      18. Кепiлдiк төлем үш көрсеткiштiң:
      1) астық қолхатында көрсетiлген астық көлемiнiң;
      2) астық қолхатында (кепілдiк немесе қойма куәлiктерiнде) көрсетiлген астықтың сапасына ұқсас сапалық көрсеткiштер бойынша баға кестесi бойынша бiр тонна астық құнының;
      3) қор 0,8-ден аспайтын мөлшерде белгiлеген төлем коэффициентiнiң туындысы ретiнде анықталады.
      19. Астық қолхатын ұстаушының астықты сақтау жөнiндегi қатысушының алдында берешегi болған жағдайларда, кепiлдiк төлемнен астықты сақтау жөнiндегi берешектiң сомасы шегерiледi.
      20. Егер өтеу өсiмақы мен айыппұл ескерiле отырып, астық қолхатында көрсетiлген қарыз алушының берешегiнiң нақты мөлшерiнен асатын болса, онда кредит берушi оны алған сәттен бастап үш банктiк күн iшiнде қойма куәлiгiн қорға берудiң орнына қарыз алушыға айырманы аударады.
      21. Егер қатысушы астық қолхаты (кепiлдiк және (немесе) қойма куәлiгi) бойынша өз мiндеттемелерiн iшiнара орындаған жағдайда, қор астықтың қатысушының бермеген бөлiгiне ғана өтем бередi.
      22. Кепiлдiк төлем теңгемен жүзеге асырылады. Кепiлдiк төлем қордың және астық қолхатын ұстаушының өзара келiсiмi бойынша астықпен жүзеге асырылуы мүмкiн.
      23. Қор астық қолхатын ұстаушыға кепiлдiк төлемдi жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн соңғысы тез арада онда қордың пайдасына тапсыру жазбасын жазу арқылы оны қорға бередi және қор қатысушының кредит берушiсi құқығына ие болады.
      24. Кепiлдiкке қойылған астықтың құнынан қатысушының оны бepмeуi салдарынан өз талаптарын қанағаттандыра алмаған астық қолхатының кепiлдiк куәлiгiн ұстаушылар да кепiлдiк төлемдi алу үшiн қорға жүгiне алады.
      25. Егер құнын осы Ережеге сәйкес қор өтеген астық астық қолхатын немесе кепiлдiк куәлiгiн беру арқылы кепiлдiк құралы болып табылған жағдайда, астық қолхатын ұстаушы ол бойынша мiндеттемелердi орындау астықпен қамтамасыз етiлген қарыз шарты бойынша талап ету құқығын да қор кепiлдiк төлем бойынша өтеген ақша сомасының бiр бөлiгiнде қорға бередi.

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң      
2004 жылғы 27 сәуірдегі
N 470 қаулысымен  
бекiтiлген      

  Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құру, олардың жұмыс iстеу мен тарату және астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құру, олардың жұмыс iстеу мен тарату және астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Астық туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзiрлендi және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құру, олардың жұмыс iстеу мен тарату тәртiбiн, сондай-ақ астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу шарттарын белгiлейдi.
      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар:
      1) қатысу шарты - қор мен астық қабылдау кәсiпорны арасында жасалған шарт, соның негiзiнде соңғысы астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысады;
      2) квoтa - қайтару жөнiндегi жауапкершiлiкке қор кепiлдiк беретiн қор белгiлеген әрбiр қатысушы бойынша астық лимитi;
      3) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесi - астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн астық қабылдау кәсiпорындары берген астық қолхаттары бойынша олардың мiндеттемелердi орындамауынан қорғауға бағытталған ұйымдастыру-құқықтық шаралар кешені;
      4) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi;
      5) қатысушы - қормен қатысу шарты жасалған және қолданылып жүрген астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар астық қабылдау кәсiпорны;
      6) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiн астық қабылдау кәсiпорындары берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi олардың орындамауынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға (бұдан әpi - қop).

  2. Қорларды құру, олардың жұмыс iстеу және
тарату тәртiбi

      3. Қорлар қызметiнiң негiзгi мақсаты олардың қатысушылары берген астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау болып табылады.
      4. Қорлар акционерлiк қоғам нысанында құрылатын және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк берудi жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
      5. Қордың басқару органдарын қалыптастыру тәртiбi мен олардың құзыретi құрылтай құжаттарымен айқындалады.
      6. Қордың жеке меншiк капиталының мөлшерi кемiнде бiр миллиард теңге болуы тиiс.
      7. Кепiлдiк беру оқиғасы болған кезде астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын бiрiншi кезекте қамтамасыз ету мақсатында қорлардың жеке меншiк капиталының мөлшерiнiң кемiнде 80% жоғары дәрежеде өтiмдi қаржы активтерiне (ақша, екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттер, мемлекеттiк бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми тiзiмдерiне енгiзiлген бағалы қағаздар) тұрақты негiзде орналастырылады.
      8. Уәкiлеттi орган қорлардың тiзiлiмiн жүргiзедi және қорлардың жұмыс iстеуiне қойылатын талаптарды қорлардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
      9. Мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап 3 айдан кешiктiрмейтiн мерзiмде қорлар уәкiлеттi органға олардың әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелгенiн растайтын құжаттарды, құрылтай құжаттарын, сондай-ақ жеке меншiк капиталының мөлшерi мен құрылымы туралы мәлiметтердi ұсынады.
      10. Қорлар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделген негiздемелер бойынша таратылуы мүмкiн.
      11. Қорлардың жұмыс iстеуiне қойылатын талаптарды қорлардың бұзуы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорларды тарату туралы талап қою үшiн негiздеме болып табылады.

  3. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне астық қабылдау кәсiпорындарының
қатысу шарттары

      12. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу үшiн астық қабылдау кәсiпорындарына мынадай талаптар қойылады:
      1) қатысу шартын жасасу үшiн азаматтық құқық қабiлетiне ие болуы;
      2) астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы;
      3) берiлген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажеттi қаржылық және материалдық ресурстарының болуы, атап айтқанда:
      астық қабылдау кәсiпорнының жеке меншiк капиталының мөлшерi есептi күнге ағымдағы жылдың басынан берi жиырма мың есе айлық есептiк көрсеткiштен кем болмауы тиiс;
      астық қолхаттарын ұстаушылар алдында төлеу мерзiмi өткен берешегiнiң болмауы;
      қорға өтiнiш тапсырған күннiң алдындағы үш айдан астам мерзiмге салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар бойынша төлем мерзiмi өткен берешегiнiң болмауы;
      төлем жасауға қабiлеттi болуы, таратылуға жатпауы, оның мүлкi тұтқындалмауы тиiс, оның мүлкi кепiлдiк нысаны болмауы тиiс, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер бойынша тоқтатыла тұрмауы тиiс;
      өтiнiш берген күннiң алдындағы он екi ай iшiнде оларға берiлген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiстi орындамағаны үшiн сотпен жауапқа тартылу фактiсiнiң болмауы;
      4) астық қабылдау кәсiпорнының Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi туралы ақпарат қамтылған уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша уәкiлеттi орган берген анықтамалары болуы тиiс.
      13. Қорларға қатысқысы келетiн астық қабылдау кәсiпорындары қорларға астық қабылдау кәсiпорнының осы Ереженiң 12-тармағында көзделген талаптарға сәйкестiгiн растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтiнiш бередi:
      1) азаматтық құқық қабiлетiн растайтын құжаттар:
      астық қабылдау кәсiпорнын мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      астық қабылдау кәсiпорны жарғысының нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      құрылтайшылар құрамы туралы құрылтай шартынан үзiндi көшiрменiң нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      астық қабылдау кәсiпорны статистикалық карточкасының нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      2) астық сақтау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      3) берiлген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажеттi қаржы және материалдық ресурстардың болуын растайтын құжаттар:
      астық қоймасына (элеватор, астық қабылдау пунктi) меншiк құқығын және оған түскен ауырлықтың жоқ екенiн растайтын жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықты тiркеу органының заңнамада белгiленген нысандағы анықтамасы;
      алдағы жылғы және соңғы есептi күнге қаржы-шаруашылық қызмет туралы салық органдары растаған бухгалтерлiк теңгерiм мен есептiң нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
      астық қабылдау кәсiпорнының өткен есептi жылғы жылдық қаржы есептемесiнiң дұрыстығын растайтын аудиторлық қорытындының нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      астық қолхаттарын ұстаушылардың алдында төлем мерзiмi өткен берешегiнiң болмауы туралы астық қабылдау кәсiпорнының басшы мен бас бухгалтер қол қойып, астық қабылдау кәсiпорнының мөрiмен куәландырылған астық қабылдау кәсiпорнының хабарлама хаты;
      астық қабылдау кәсiпорнының өтiнiш берiлген күннiң алдындағы үш айдан астам мерзiмге банк алдында төлем мерзiмi өткен берешегiнiң болмауы туралы банк мөрi басылған бiрiншi басшының немесе қол қою құқығы бар тұлғаның және бас бухгалтердiң қолы қойылған банк анықтамасының түпнұсқасы. Егер астық қабылдау кәсiпорны екiншi деңгейдегi бiрнеше банктiң немесе олардың филиалдарының, сондай-ақ шетелдiк банктiң клиентi болған жағдайда, бұл анықтама осы банктердiң әрқайсысынан ұсынылады;
      өтiнiш берiлген күннiң алдындағы үш айдан астам мерзiм аралығында астық қабылдау кәсiпорнының салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар төлеу жөнiнде төлем мерзiмi өткен берешегiнiң болмауы туралы бiрiншi басшының немесе қол қою құқығы бар тұлғаның қолы қойылған, осы салық органының мөрiмен расталған тиiстi салық органының белгiленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      астық қабылдау кәсiпорнының Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi туралы ақпаратты қамтитын, уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша уәкiлеттi орган берген анықтаманың түпнұсқасы;
      квота мөлшерiн анықтау үшiн қорға қажеттi өзге де құжаттар.
      14. Астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысуы жасалған қатысу шарттарының негiзiнде жүзеге асырылады.
      Қатысу шартын жасау кезiнде тараптар бiр мезгiлде қатысушыны қордан шығару талаптарын белгiлейдi.
      15. Астық қабылдау кәсiпорнының қорға қатысуы қор беретiн қатысушының куәлiгiмен расталады.
      16. Қор өз қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзедi және оны жыл сайын қатысушылар квотасының мөлшерiн көрсетiп, республикалық мерзiмдi бacпacөз басылымында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануын қамтамасыз етедi.
      17. Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу:
      1) қатысушыны қатысу шартында көзделген қордан шығару жағдайы орын алған кезде;
      2) соттың шешiмi бойынша;
      3) қатысу шарты тараптарының бiрi таратылған кезде тоқтатылады.
      Астық қабылдау кәсіпорындарының қорға қатысуы тоқтатылған күннен бастап 30 күн ішінде қор тиісті ақпараттың республикалық мерзімді баспасөз басылымында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануын қамтамасыз етеді.