Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектiлердi дайындау жөнiндегi лицензияланатын қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 сәуірдегі N 392 қаулысы

Қолданыстағы

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектiлердi дайындау жөнiндегi лицензияланатын қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптары бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң 2004 жылғы 
8 сәуірдегi N 392 қаулысымен
бекiтiлген      

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектiлердi дайындау жөнiндегi лицензияланатын қызметке қойылатын бiліктiлiк талаптары

      1. Бiлiктiлiк талаптары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасын , сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектiлердi (бұдан әрi - мемлекеттiк нышандар) дайындау жөнiнде лицензия алуға үмiткер заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.
      2. Мемлекеттiк нышандарды дайындау жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптары мыналарды:
      1) стандарттау жөнiнде нормативтiк құжаттар, сондай-ақ белгiленген тәртiппен келiсiлген және бекiтiлген мемлекеттiк нышандарды дайындау процесiн регламенттейтiн техникалық құжаттар (техникалық тапсырма, техникалық шарттар, конструкторлық-технологиялық құжаттама);
      2) жеке меншiк құқығындағы немесе жалға алынған өндiрiстiк-техникалық база (өндiрiстiк үй-жайлар, технологиялық жабдықтар, өлшеу және бақылау құралдары, соның iшiнде қолданыстағы стандарттау жөнiнде нормативтiк құжаттар талаптарына сай дайындалған мемлекеттiк нышандардың сапасын және оларды дайындаудың технологиялық процесiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн түстер атласы);
      3) пайдаланылатын өлшеу құралдарын және сынау жабдықтарын салыстырып тексеру немесе метрологиялық аттестаттау туралы сертификаттар;
      4) мемлекеттiк нышандарды дайындаудың технологиялық процесiне қарай, өндiрушi әзiрлеген нұсқаулықтарда белгiленген, лицензияланатын қызмет саласында тиiстi бiлiктiлiгi және бiлiм деңгейi бар персоналдың болуын қамтиды.