Төтенше жағдай енгізiлген жерде халықаралық iзгілік көмектi бөлу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 4 наурыздағы N 271 қаулысы

Қолданыстағы

      "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңының  24-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Төтенше жағдай енгiзiлген жерде халықаралық iзгілік көмектi бөлу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметінің       
2004 жылғы 4 наурыздағы 
N 271 қаулысымен   
бекiтiлген      

  Төтенше жағдай енгізілген жерде халықаралық ізгілік
көмекті бөлу ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы  Заңын  iске асыру мақсатында әзiрленді.
      Осы Ереже төтенше жағдай енгiзiлген жерде халықаралық ізгілік көмектi бөлу тәртiбiн айқындайды.

  2. Төтенше жағдай енгiзiлген жерде халықаралық iзгілік көмекті бөлу тәртiбi

      2. Қажеттi халықаралық iзгілік көмектің номенклатурасы мен жүктерінің көлемiн аумағына төтенше жағдай енгiзiлген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердің әкiмдерi жергiлiктi жер комендантының келiсiмi бойынша айқындайды.
      Қазақстан Республикасына нақты мекен-жайлары көрсетiлмей келiп түскен халықаралық iзгілік көмек төтенше жағдай енгiзiлген жерде қажеттi жүктердің талап етiлетiн номенклатурасы мен көлемiне сәйкес бөлiнедi.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1880  қаулысымен  құрылған Қазақстан Республикасының халықаралық iзгілік көмек мәселелерi жөнiндегi комиссиясы (бұдан әрi - Комиссия) өзiне жүктелген функцияларға сәйкес халықаралық iзгілік көмектi пайдалану мәселелерiн шешедi.
      3. Халықаралық iзгілік көмек Қазақстан Республикасына оны алушылардың нақты мекен-жайлары көрсетiлмей келiп түскен жағдайда, аумағына төтенше жағдай енгiзiлген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң әкiмдерi:
      1) iзгілік көмек жүктерiн орналастыру және сақтау үшiн белгiленген санитарлық нормаларға сәйкес қоймалық үй-жайларды берудi, осы жүктердi орналастыруды;
      2) халықаралық iзгiлiк көмектi Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнің өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып бөлудi;
      3) iзгiлiк көмек жүктерiн бөлу жөнiндегi iстiң жай-күйi туралы Комиссияға мәлiметтер берудi қамтамасыз етедi.
      4. Қазақстан Республикасына төтенше жағдай енгiзілген жердiң нақты мекен-жайлары көрсетiлiп, халықаралық iзгiлiк көмек ретiнде келiп түскен жүктер осы жүктердi тiкелей алушыларға бөлiнедi. Бұл ретте жүктердi алушылар Комиссияға халықаралық iзгiлiк көмектi бөлу жөнiндегi iстiң жай-күйi туралы мәлiметтер ұсынады.
      5. Төтенше жағдай енгiзiлген жерде халықаралық iзгiлiк көмектi бөлудi және пайдалануды бақылауды Комиссия жүзеге асырады.
      6. Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары төтенше жағдай енгiзiлген жер комендантының келiсiмi бойынша:
      1) халықаралық iзгiлiк көмек ретiнде төтенше жағдай енгiзiлген жердің аумағына келген жүктердi қажет болған жағдайда, күзетудi және баратын жерiне дейiн iлесiп жүрудi;
      2) заңды және жеке тұлғалардың халықаралық iзгiлiк көмек тауарларын осы жүктердi басқа заңды және жеке тұлғаларға өткiзуi (сатуы) мақсатында заңсыз сатып алу фактiлерiн анықтауды қамтамасыз етедi.
      7. Халықаралық iзгiлiк көмек төтенше жағдай енгiзiлген жерде бөлу барысы туралы жұртшылықты хабардар етуi бұқаралық ақпарат құралдары iсi жөнiндегi уәкiлеттi орган қамтамасыз етедi (жергiлiктi жердегi коменданттың келiсiмi бойынша).