Соттардың қылмыстық істерді қысқартылған тәртіппен қарауы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы N 17 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Қылмыстық істерді қысқартылған тәртіппен қарау кезінде заңнама нормаларын сот практикасында біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Қылмыстық істерді қысқартылған тәртіппен қарау сот  төрелігін іске асырудың жеделдігін арттыратынына, сот іс жүргізуге байланысты шығындарды кемітетіне судьялар мен іс жүргізуге қатысушылардың уақытын үнемдейтініне, соттардың назары аударылсын.

      2. Соттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК)  363-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес тек онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істерді қысқартылған тәртіппен қарауға болатынын назарда ұстағандары жөн. Істерді қысқартылған тәртіппен қарау, оның ішінде кәмелетке толмағандар, сот iсi жүргiзілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар туралы, жәбірленушісі жоқ және басқа да істер бойынша заңмен қандай да болмасын шектеулер белгіленбеген.
      Егер сотталушы өзінің кінәсін және өзіне қойылған талапты толық көлемінде мойындаса, сотқа дейін іс жүргізу барысында  ҚІЖК-де  белгіленген ережелердің бұзылуына жол берілмесе және процеске қатысушылар іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығы мен қолданылуына дау туғызбаса және оларды сот отырысында зерттеуді талап етпесе, сот істі қысқартылған тәртіппен жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      3. Істі қысқартылған тәртіппен қарау туралы мәселені сот істі алдын ала тыңдау кезінде шешеді. Сот ҚІЖК-нің  363-бабының  бірінші бөлігінде белгіленген негіздерді анықтап, тараптардың өтініші бойынша және өз бастамасымен басты сот талқылауын қысқартылған тәртіппен тағайындау туралы қаулы етеді.

      4. Істі алдын ала тыңдау сатысында прокурор әлдеқайда ауыр қылмыс бойынша айыптауды онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін айыптауға өзгерткен жағдайда сот басты сот талқылауын қысқартылған тәртіппен қарау туралы мәселені шешуге тиіс.

      5. Сот талқылауын қысқартылған тәртіппен қарау туралы мәселе тараптардың қатысуымен шешіледі. Олардың ішінен қайсысы болмасын алдын ала тыңдауда болмаса, олардың келісімі болған жағдайда басты сот талқылауын қысқартылған тәртіппен жүргізу туралы шешім қабылданады.

      6. Сот істі қысқартылған тәртіппен қарау туралы шешім қабылдау кезінде ҚІЖК-нің  299 -300-баптарында белгіленген мәселелерді, атап айтқанда:
      - істің осы соттың қарауына жататынын;
      - таңдалынып алынған бұлтартпау шарасының өзгертуге немесе жоюға жататынын не жатпайтынын;
      - істе істі қысқарту не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату үшін негіздердің бар-жоғын;
      - тергеу немесе алдын ала тергеу жүргізу кезінде басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болатын бұзушылықтарға жол берілгенін не берілмегенін және басқаларды анықтауға міндетті.

      7. Соттың істі қысқартылған тәртіппен қарау туралы шешімі істі алдын ала тыңдаудың нәтижелері бойынша шығарылған басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда жазылады.

      8. Сот талқылауын қысқартылған тәртіппен жүргізу кезінде сот тергеуі сотталушыдан және жәбірленушіден жауап алудан тұрады. Осы орайда басқа дәлелдемелер нанымды деп танылмағандықтан әрі олардың қатыстылығы мен қолданылуы жөнінде ешкім дауласпағандықтан нанымды деп саналатындықтан оларды жариялау мен зерттеу талап етілмейді. Сот жарыссөзі мен істің қаралуын аяқтау ҚІЖК-нің  364 -367-баптарында бекітілген тәртіп бойынша жүргізіледі.
      Сот талқылауының қысқартылған тәртібі кезінде іс жүргізуге қатысушылардың процессуалдық құқықтарын кемсітуге немесе құқықтарына қысым жасауға, шектеу қоюға жол берілмейді.

      9. ҚІЖК-нің  363-бабының  үшінші бөлігінің негізінде, егер басты сот талқылауының барысында айыпталушыдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде сот отырысында зерттеуді қажет ететін жаңа мән-жайлар анықталса сот тергеуді толық көлемде жүргізу туралы қаулы шығара алады. Егер сот жарыссөздерінде сөйлегендер немесе сотталушы соңғы сөзінде іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен ҚІЖК-нің  366-бабының  негізінде, сот тергеуін қайтадан жүргізеді. Қайта жүргізілген сот тергеуі аяқталғаннан кейін сот жарыссөзін сот қайтадан ашады және соңғы сөзін сөйлеуі үшін сотталушыға сөз береді. Егер іс жүргізуге қатысушылар жаңа мән-жайларға дау айтса сот тергеуді кәдуілгі тәртіппен жүргізу туралы қаулы етеді.

      10. Соттар қылмыстық істерді қысқартылған тәртіппен қарау мерзімдерін қатаң сақтағандары жөн. Істі қысқартылған тәртіппен қарау он күндік мерзімнің ішінде аяқталуға тиіс. ҚІЖК-нің  302-бабының  төртінші бөлігіне сәйкес бұл мерзім судьяның дәлелді қаулысымен ерекше жағдайларда ұзартылуы мүмкін.

      11. Істі қысқартылған тәртіппен қараған кезде сот айыптау үкімін, сондай-ақ ақтау үкімін шығаруға, заңда көзделген негіздер болған жағдайда істі қысқартуға не сотталғанды жазадан босатуға құқылы. Сот үкімге істің қысқартылған тәртіппен қаралғаны туралы жазып, сот отырысында зерттелмеген іс материалдарындағы дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы. Істі қысқартылған тәртіппен қарау кезінде сотталушы кінәсін мойындайды деп көзделетіндіктен жазаны тағайындау кезінде мұны қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген дұрыс.

      12. Сотта  ҚІЖК-ге  қатаң сәйкес жүргізілген істің қысқартылған тәртіппен қаралуын сот тергеуі толық жүргізілмеді немесе сот тергеуі біржақты жүргізілді деп бағалауға болмайды, ал үкім негізсіз деп саналуға тиіс емес әрі зерттелмеген немесе дәлелдемелері жеткіліксіз деген уәждермен бұзылуға жатпайды.

      13. Соттар қысқартылған тәртіппен қаралған істер бойынша шығарылған үкімдерге, қаулыларға апелляциялық және қадағалау шағымдары, наразылықтар бойынша істерді қарау кезінде бірінші сатыдағы соттың ҚІЖК-нің  363-бабының  талаптарын қаншалықты сақтағанын тексеруге тиіс. ҚІЖК-нің  420-бабының  1) тармағында белгіленген негіздер бойынша ғана сот актілерінің күшін жоюға болады.
      Істі қысқартылған тәртіппен қарау кезінде шығарылған үкімді ҚІЖК-нің  421-бабының  бірінші бөлігінің 3) тармағында көрсетілген негіз бойынша өзгертуге жол берілмейді.

      14. Қылмыстық іс жүргізу заңының нормаларының бұзылуына байланысты істі қысқартылған тәртіппен қарау кезінде шығарылған үкімнің күші жойылып, іс жаңадан талқылауға жіберілген жағдайда іс ҚІЖК-нің  363-бабының  бірінші бөлігінің талаптары сақтала отырып қайтадан қысқартылған тәртіппен қаралады.

      15. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы