Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2270 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Қаулысымен.
"Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Жұқпалы ауруларды шектеу iс-шараларын, оның iшiнде карантинді жүзеге асыру ережесi;
2) жұқпалы аурулардың пайда болу және таралу қаупi төнген кезде шектеу iс-шаралары, оның iшiнде карантин енгізілетін тiзбесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2004 жылғы 5 ақпандағы
N 139 қаулысымен
бекiтiлген
Жұқпалы ауруларды шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру ережесi
1. Осы Жұқпалы ауруларды шектеу iс-шараларын, оның iшiнде карантиндi жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған және осы қаулымен бекiтiлген тiзбеге сәйкес жұқпалы аурулар жағдайлары (iндетi) тiркелген жекелеген объектілер мен аумақтарда халықтың шаруашылық және өзге қызметi мен өмiр сүруiнiң ерекше режимiн көздейдi.
2. Жұқпалы аурулардың шет елден әкелiну қаупi
төнген кезде шектеу іс-шараларын жүргізу, жүзеге асыру
және тоқтату тәртiбi
2. Жұқпалы аурулардың шет елдерден әкелiну қаупi төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде мынадай шектеу iс-шаралары енгiзiледi:
1) жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз елдермен жолаушы көлiк (авиациялық, темiр жол, су және автомобиль) қатынасын уақытша тоқтату;
2) жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық қолайсыздық байқалатын елдерге Қазақстан Республикасы азаматтарының туристiк және iскерлiк мақсаттарда баруын уақытша тоқтату;
3) жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық қолайсыздық байқалатын шекаралас елдермен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын уақытша жабу.
3. Ереженiң 2-тармағының 1) - 3) тармақшалары бойынша шектеу iс-шаралары халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен енгiзiледi және тоқтатылады.
3. Қазақстан Республикасының жекелеген аумақтарында жұқпалы
аурулар жағдайлары (iндетi) пайда болған кезде шектеу iс-шараларын жүргізу, жүзеге асыру және тоқтату тәртiбi
4. Елдi мекеннiң (ауыл, кент, қала) аумағында осы қаулымен бекiтiлген тiзбеге сәйкес жұқпалы аурулар жағдайлары (iндетi) туындаған кезде, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар тиiстi аумақтарда мынадай шектеу iс-шараларын жүргізедi:
1) жұқпалы аурулардың ықтимал таратушы көздерi болып табылатын, сондай-ақ жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен араласып жүрген адамдарды зертханалық тексерудің терiс нәтижелерi алынғанға дейiн жұмыстан шеттету;
2) жұқпалы аурулардың көздерi болып табылатын адамдарды мiндеттi түрде ауруханаға жатқызу;
3) жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен араласып жүрген адамдарды iндеттiк көрсетiмдерi бойынша инкубациялық кезең мерзімiне ауруханаға провизорлық жатқызу;
4) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердiң бұзылуы жойылғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жекелеген жұмыс түрлерiн, жұмыс iстеп тұрған объектiлердi пайдалануды тоқтата тұру.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен бiр уақытта санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын aлу) iс-шаралары жүргізiледi.
5. Облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жекелеген аумақтарында жұқпалы аурулардың iрi iндетi туындаған жағдайда шектеу iс-шаралары, оның ішінде карантин "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргiзіледi.
4. Жекелеген объектілерде жұқпалы аурулар тiркелген
кезде шектеу iс-шараларын енгізу, жүзеге асыру және
тоқтату тәртiбi
6. Осы қаулымен бекiтiлген тiзбеге сәйкес жұқпалы аурулар жағдайлары (iндетi) тiркелген жағдайда жекелеген объекттерде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлетті органның аумақтық бөлiмшелерi мен тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар мынадай шектеу iс-шараларын енгiзеді:
1) мектепке дейiнгi ұйымдарда жаңадан келген балаларды қабылдауға және балаларды басқа топтарға ауыстыруға тыйым салу;
2) мектептерде кабинеттiк оқыту жүйесiне тыйым салу;
3) жұқпалы аурулардың ықтимал таратушы көздерi болып табылатын, сондай-ақ жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен араласып жүрген адамдарды зертханалық тексерудiң терiс нәтижелерi алынғанға дейiн жұмыстан шеттету;
4) жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен араласып жүрген адамдарды мiндеттi түрде ауруханаға жатқызу және iндеттiк көрсетiмдерi бойынша инкубациялық кезең мерзiмiне ауруханаға провизорлық жатқызу;
5) науқастарды бөлiмнен бөлiмге ауыстыруға немесе стационардан шығаруға тыйым салу;
6) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердiң бұзылуы жойылғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен объектiнi немесе оның құрылымдық бөлiмшесiн пайдалануды тоқтата тұру.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен бiр уақытта санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу) iс-шаралары жүргiзiледi.
7. Карантин халықтың ұйымдастырылған контингенттерi тәрбиеленетiн, оқитын, тұратын, демалатын және емделетiн объектiлерде (бiлiм беру ұйымдары, емдеу-алдын алу ұйымдары, еңбек және демалыс лагерлерi, жазғы сауықтыру ұйымдары) жүргiзiледi.
8. Шектеу iс-шаралары, оның iшiнде карантин жекелеген объектiлерде тиiстi аумақтың (көлiктегi) бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерiнiң немесе оның орынбасарларының шешімiмен енгiзiледi және тоқтатылады.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2004 жылғы 5 ақпандағы
N 139 қаулысымен
бекітілген
Жұқпалы аурулар пайда болу және таралу қаупi төнген кезде шектеу iс-шаралары, оның iшiнде карантин енгiзiлетiн тiзбесi
1. Оба
2. Тырысқақ
3. Сары қызба
4. Ауыр жiтi респираторлық синдром
5. Вирусты геморрагиялық қызбалар, соның iшiнде:
1) Эбола қызбасы
2) Марбург ауруы
3) Ласса қызбасы
6. Фекальды-оральды жолмен берiлетiн қоздырғыш гепатиттер
7. Сүзек-қылау аурулары
8. Сальмонеллез
9. Дизентерия
10. Басқа да жіті iшек жұқпалы аурулары
11. Ауа-тамшы инфекциялары