Өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салу белдеулерi енiн белгiлеу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 23 қаңтардағы N 71 қаулысы

Қолданыстағы

      2003 жылғы 8 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Орман кодексiне  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектілерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салу белдеулерi енiн белгiлеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң  
2004 жылғы 23 қаңтардағы       
N 71 қаулысымен            
бекiтiлген            

Өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектілерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салу белдеулерi енiн белгiлеу ережесі

      1. Осы Өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектілерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салу белдеулерi енiн белгiлеу ережесi (бұдан әрi - Ереже) өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектілерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салу белдеулерi енiн белгiлеу тәртiбiн регламенттейді.
      2. Өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салу белдеулерiне (бұдан әрi - тыйым салу белдеулерi) су ресурстарын сақтауға және жинауға, су объектілерiнiң ластануына, былғануына, түбiнiң лайлануына жол бермеуге, сондай-ақ жануарлар дүниесi объектiлерiнiң тiршiлiк ортасын сақтауға бағытталған жағдайлар жасау мақсатында орман пайдалануды шектеудiң тапсырысты режимi белгiленетiн көрсетiлген су объекттерiне жанасқан мемлекеттiк орман қорының аумағы жатады.
      3. Тыйым салу белдеулерiнiң енi, оларды пайдалану режимi орман орналастыру кезiнде су объектiлерiнiң балық шаруашылығы маңызы мен экологиялық жай-күйi ескерiле отырып, физика-географиялық, топырақ гидрологиялық және басқа да шарттар басшылыққа алынып, орман шаруашылығы саласындағы уәкілеттi орган бекiтетiн орман орналастыру жобаларымен белгіленедi.
      4. Жайылмасыз өзендерде немесе кәдімгідей жайылмасы жоқ өзендер учаскелерiнде тыйым салу белдеулерiнiң енi орташа көпжылдық межелi су деңгейiнiң мөлшерi бойынша, ал су арнасы сағаларға тармақтанып кетсе, сыртқы сағаның жағалауы бойынша осы нормативпен анықталады. Өзен енi 1 километрден астам жоғары көтерiлген өзен аралығын қамтитын сағаларға бөлiнiп кетсе, әрбiр сағаның жағалаулары бойынша тыйым салу белдеулердiң енi осы өзеннiң қалған бөлiгiнде қалай болса, дәл солай белгiленедi.
      Анық білiнiп тұрған жайылмасы бар өзен бойында тыйым салу белдеулерінiң енi жайылманың енiнен және енi осы Ережеге сәйкес айқындалатын оған жанасқан белдеудiң енiнен тұрады.
      Жағалауларында тыйым салу белдеулерi оқшау көрiнетiн өзендердiң басталар тұсында бұл белдеулердiң құрамына осы өзен жағалаулары бойынша белгiленген тыйым салу белдеуiнiң енiне тең радиуста өзеннiң басталар тұсындағы аумақ енгiзiледі.
      Тыйым салу белдеуiнiң сыртқы шекарасын белгiлегенде ол мүмкiндiгiнше табиғи шептермен немесе орамдық орман жолдарымен, бөлiнiстер шекарасымен ұштастырылады, бұл ретте шекара өзеннiң су жинайтын алаңының шегiнен шығып кетпеуi тиiс, яғни бұл жағдайда ол су бөлетiн шекара бойымен өтедi.
      5. Көлдер мен арналы су қоймаларының төңiрегiнде тыйым салу белдеулерiнiң енi оларға келiп құйылатын немесе олардан ағып шығатын өзендердің бойында бөлiнген белдеулерге тең белгіленедi.
      Көлдерге немесе су қоймаларына бiрнеше өзен келiп құйылатын немесе ағып шығатын жағдайларда су қоймасы бойындағы тыйым салу белдеуiнiң енi ең кең арналы өзен бойынша қабылданады. Су қоймасы бойындағы тыйым салу белдеуiнiң iшкi шекарасы судың бiрқалыпты толық деңгейiнiң мөлшерiмен, ал көлдер бойында - орташа көпжылдық су деңгейiнiң мөлшерiмен өтедi.
      6. Шағын өзендер (200 километрге дейiн) және шаруашылық жүргiзудiң қарапайым жағдайлары қолданылатын және экологиялық жағдайы қолайлы өзендер үшiн әр жағалау бойынша тыйым салу белдеулерiнiң ең тар енi - 500 метр мөлшерде белгiленедi.
      7. Су жинағыштағы экологиялық жағдай шиеленiскен кезде балық шаруашылығы маңызы зор өзендер мен су қоймалары үшiн қоса берiліп отырған қосымшаға сәйкес тыйым салу белдеулерiнiң енi әр жағалаудан 1000 метр мөлшерінде белгiленедi.
      8. Қотармалы су қоймалары мен басқа да көлдер бойындағы тыйым салу белдеулердің енi мынадай мөлшерде белгiленедi:
      1) су айдынының акваториясы 2 шаршы километрге дейiн болса - 300 метр;
      2) су айдынының акваториясы 2 шаршы километрден асып кетсе - 500 метр.
      Осы көлдер үшiн тыйым салу белдеуiнiң iшкi шекарасы онша көпжылдық су деңгейiнiң жырығы бойымен өтедi.
      9. Осы Ережемен белгiленген тыйым салу белдеулерiнiң мөлшерi мен шекарасы қажет болған жағдайда орман орналастыру кезiнде нақтылануы мүмкін.

Өзендер, көлдер, су қоймалары мен    
басқа да су объектiлерi жағалауларындағы
ормандардың тыйым салу белдеулерi    
енiн белгiлеу ережесiне         
қосымша                

Ормандардың тыйым салу белдеулерiнiң енiн белгiлеуге арналған су айдындарының тiзбесi

________________________________________________________________
   Су айдындарының атауы             Өзендер келiп құйылатын су
(өзендер, көлдер, су қоймалары)        айдындарының атауы
________________________________________________________________
            1                                   2
________________________________________________________________
                        Өзендер
________________________________________________________________
Жайық                                  Каспий теңiзi
Қиғаш                                  Каспий теңiзi
Көшім                                  Жайық
Шаған                                  Жайық
Утва                                   Жайық
Елек                                   Жайық
Өр                                     Жайық
Ертіс                                  Обь
Уба                                    Ертіс
Үлбі                                   Ертіс
Қара Ертіс                             Бұқтарма су қоймасы
Бұқтарма                               Бұқтарма су қоймасы
Күршім                                 Бұқтарма су қоймасы
Қалжыр                                 Қара Ертіс
Алқабек                                Қара Ертіс
Белөзек                                Қара Ертіс
Аққоба                                 Қаба
Тополевка                              Марқакөл
Тобыл                                  Ертіс
Eсіл                                   Ертіс
Аягөз                                  Балқаш көлі
Ақсу                                   Балқаш көлі
Қаратал                                Балқаш көлі
Лепсі                                  Балқаш көлі
Іле                                    Балқаш көлі
Сырдария                               Арал теңізі
________________________________________________________________
                 Көлдер және су қоймалары
________________________________________________________________
Марқакөл
Балқаш
Қошқаркөл
Жалаңаш көл
Сасықкөл
Бұқтарма су қоймасы
Өскемен су қоймасы
Новошульба су қоймасы
Сергеевка су қоймасы
Вячеслав су қоймасы
Қапшағай су қоймасы
________________________________________________________________