Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру жөнiндегi үйлестiру кеңесiн құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 желтоқсандағы N 1343 қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру жөнiндегі үйлестіру кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Кеңес құрамы;
      2) Кеңес туралы ереже бекітілсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің   
2003 жылғы 29 желтоқсандағы      
N 1343 қаулысымен          
бекітілген          

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамы

Мыңбаев                  - Қазақстан Республикасы Премьер-
Сауат Мұхаметбайұлы        Министрінің орынбасары - Қазақстан
                           Республикасының Индустрия және сауда
                           министрi, төраға

Кравченко                - Қазақстан Республикасының Индустрия
Иван Михайлович            және сауда бiрiншi вице-министрi,
                           төрағаның орынбасары

Келімбетов               - Қазақстан Республикасының
Қайрат Нематұлы            Экономика және бюджеттік жоспарлау
                           министрі, төрағаның орынбасары

Исекешев                 - Қазақстан Республикасының Индустрия
Әсет Өрентайұлы            және сауда вице-министрі, хатшы

Кеңес мүшелері:

Смайылов                 - "Экспорттық кредиттер мен
Әлихан Асханұлы            инвестицияларды сақтандыру
                           жөнiндегi мемлекеттік сақтандыру
                           корпорациясы" ашық акционерлiк
                           қоғамы басқармасының төрағасы

Дунаев                   - Қазақстан Республикасының Қаржы
Арман Ғалиасқарұлы         министрi

Кәкiмжанов               - "Қазақстанның инвестициялық қоры"
Зейнолла Халидоллаұлы      акционерлiк қоғамы басқармасының
                           төрағасы

Шалғымбаев               - "Қазақстанның Даму Банкi"
Қамбар Басарғабызұлы       акционерлiк қоғамының президентi

Құсайынов                - "Маркетингтiк және талдамалық
Нұрлан Жетпiсұлы           зерттеулер орталығы" акционерлiк қоғамы
                           басқармасының төрағасы (келiсiм бойынша)

Қыпшақбаев               - "Инжиниринг және технологиялар
Әбдел Исаұлы               трансфертi орталығы" акционерлiк
                           қоғамының президентi (келiсiм бойынша)

Манақбай                 - "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры"
Толымбек Манақбайұлы       акционерлiк қоғамы басқармасының
                           төрағасы (келiсiм бойынша)

Әйтiмова                 - Қазақстан Республикасының Бiлiм және
Бiрғаным Сарықызы          ғылым министрi

Әмiрин                   - "Ұлттық инновациялық қор" акционерлiк
Ғұсман Кәрiмұлы            қоғамы басқармасының төрағасы (келiсiм
                           бойынша)

Ахметов                  - "Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс
Серік Нығметұлы            берушілерінің жалпыұлттық одағы
                           "Атамекен" заңды тұлғалар бірлестігінің
                           атқарушы директоры (келісім бойынша)

Қалақов                  - "Мұнайаспап" акционерлік қоғамының
Сейілбек Машайұлы          директоры (келісім бойынша)

Әзімбеков                - "Массагет-плюс" жауапкершілігі шектеулі
Мейірлан Қадылшаұлы        серіктестігінің директоры (келісім                                   бойынша)

Қожұмов                  - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы"
Қайнар Хайратұлы           акционерлік қоғамы корпоративтік дамыту
                           департаментінің директоры (келісім
                           бойынша)

Төлегенов                - "Sheber SC.KZ." жауапкершілігі шектеулі
Сәбит Ақылбекұлы           серіктестігінің бас директоры
                           (келісім бойынша)

Дүйсенбаев               - "Экотон +" жауапкершілігі шектеулі
Ахан Қадыркенұлы           серіктестігінің директоры (келісім
                           бойынша)

Глухов                   - Қазақстан Республикасы жиһаз және ағаш
Михаил Николаевич          өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары
                           қауымдастығының президенті
                           (келісім бойынша)

Беркман                  - Қазақстан Республикасының "Қазақстан
Анатолий Абрамович         Медфарм" медициналық өнімі тауар
                           өндірушілер қауымдастығының президенті
                           (келісім бойынша)

Худова                   - Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп
Любовь Николаевна          кәсіпорындары қауымдастығының президенті
                           (келісім бойынша)

Беклемишев               - Қазақстан Республикасы жер қойнауын
Павел Иннокентьевич        пайдаланушылар үшін жабдық өндірушілер
                           мен қызметтер көрсетушілер
                           қауымдастығының президенті, "Белкамит"
                           бірлескен кәсіпорны" акционерлік
                           қоғамының бас директоры (келісім бойынша)

Исатаев                  - "Қазақстан темір жолы" акционерлік
Марат Қанапиятұлы           қоғамы "Вагон кәсіпорындарының
                            қауымдастығы" заңды тұлғалар
                            бірлестігінің президенті (келісім
                            бойынша)            
       Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.07.14.  N 764 , 2005.04.22.  N 377 , 2005.12.02. N  1184  қаулыларымен.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң   
2003 жылғы 29 желтоқсандағы      
N 1343 қаулысымен          
бекiтiлген          

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң жанындағы Индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру жөнiндегi үйлестiру кеңесi туралы ереже

      Осы ереже Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру жөнiндегi үйлестiру кеңесi (бұдан әрi - Үйлестiру кеңесi) қызметiнiң мiндеттерiн, функцияларын, құқықтық және ұйымдық негiздерiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. Үйлестiру кеңесi мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк даму институттарының индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру мәселелерi бойынша келiсiлген көзқарастарды, шешiмдердi және ұсынымдарды әзiрлеу мақсатында құрылды.

      2. Үйлестiру кеңесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      3. Үйлестiру кеңесi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы Ереженi басшылыққа алады.

  2. Үйлестiру кеңесiнiң мiндеттерi

      4. Үйлестiру кеңесiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын (бұдан әрi - Стратегия) тиiмдi iске асыруға бағытталған экономика, ғылым, бiлiм беру, өнеркәсiп, өндiрiстiк инфрақұрылым салаларында келiсiлген мемлекеттiк саясатты қабылдау және iске асыру;
      2) инвестициялық саясат мәселелерiндегi мемлекеттiк даму институттарының келiсiлген iс-қимылдары;
      3) Стратегияны iске асыруға бағытталған мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк даму институттарының келiсiлген iс-қимылдары бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау болып табылады.

  3. Үйлестiру кеңесiнiң функциялары

      5. Үйлестiру кеңесi қойылған мiндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Стратегияны iске асыруға тiкелей немесе жанама әсер ететiн салаларда мемлекеттiк саясатты iске асыруға тұжырымдамалық көзқарастар әзiрлейдi;
      2) дамуы елдiң индустриялық-инновациялық тұрғысынан маңызды болып табылатын өнеркәсiптiң басым салалары мен секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар әзiрлейдi;
      3) елдiң индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшiн iске асыруға қажетті iс-шаралар бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
      4) мемлекеттік даму институттарының келiсiлген инвестициялық саясатын қамтамасыз ету, олардың арасында тиімдi ақпарат алмасу мен инвестициялық және инновациялық жобаларды бiрлесiп iске асыру бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
      5) Стратегияны өңiрлiк деңгейде iске асыру бойынша ұсыныстар әзiрлейдi;
      6) инвестициялық ахуалды жетілдіру және ел экономикасының шикізат емес секторына тікелей шетел инвестицияларын тарту жөніндегі жұмыс тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлейді.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.12.02. N  1184  қаулысымен.

  4. Үйлестiру кеңесiнiң құқықтары

      6. Үйлестiру кеңесiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен және өз құзыретi шегiнде:
      1) Стратегияны iске асыру мәселелерi бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына енгiзуге;
      2) өз жұмысына мемлекеттiк органдардың басшыларын, ғалымдарды, сарапшыларды және мамандарды тартуға құқығы бар.

  5. Жұмысты ұйымдастыру

      7. Үйлестiру кеңесiнiң дербес құрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.

      8. Үйлестiру кеңесiнiң төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, Үйлестiру кеңесiнiң отырыстарына төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды.

      9. Үйлестiру кеңесiнiң төрағасы жоқ болғанда отырыс Үйлестiру кеңесiнiң төрағасы орынбасарларының бiрiнiң төрағалық етуiмен өткiзiледi.

      10. Үйлестiру кеңесiнiң кезектi отырысының күн тәртiбiн оның төрағасы немесе оның орынбасарларының бiрi Үйлестiру кеңесi мүшелерiнiң ұсыныстарын ескере отырып жасайды.

      11. Үйлестiру кеңесiнiң отырыстары қажеттiлiгіне қарай, бiрақ тоқсанына кемiнде бiр рет өткiзiледi.

      12. Отырыс Кеңес мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқанда заңды болып есептеледi.

      13. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгі Үйлестiру кеңесiнiң жұмыс органы болып табылады.

      14. Үйлестiру кеңесiнiң шешiмдерi төраға немесе отырыста төрағалық еткен оның орынбасарларының бiрi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.