Еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қамсыздандыру түрiнде өмiр бойы төлем төлеудiң ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 желтоқсандағы N 1247 қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 141 Қаулысымен.

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қамсыздандыру түрiнде өмiр бойы төлем төлеудiң ережесi бекiтiлсiн.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 141 Қаулысымен.
      2. Осы қаулы 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      мiндетiн атқарушы

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің        
2003 жылғы 9 желтоқсандағы
N 1247 қаулысымен    
бекiтiлген       

Еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы
материалдық қамсыздандыру түрiнде өмiр бойы төлем
төлеудiң ережесiн бекiту туралы

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 141 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Заңының 22-2-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасы алдындағы аса жоғары жетiстiктерi мен айрықша қызметi үшiн еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қамсыздандыру (бұдан әрi - материалдық қамсыздандыру) түрiнде өмiр бойы төлем төлеудiң тәртiбiн айқындайды.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 141 Қаулысымен.
      2. Спорттың олимпиадалық түрлерi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының және (немесе) КСРО құрама командаларының құрамында болған және кемiнде жиырма жыл еңбек стажы бар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қамсыздандыру мынадай мөлшерде төленедi:
      1) Олимпиада ойындарының чемпиондары және (немесе) жүлдегерлерi және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлерi бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңiп алғандарға және "КCPO-ның еңбек сiңiрген спорт шеберi" және (немесе) "Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi" атағы барларға - 24,0 айлық есептiк көрсеткiш;
      2) "Қазақстанның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы" және (немесе) "КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы" атағы бар және осы тармақтың 1) тармақшасында белгiленген спортшыларды даярлағандарға - 24,0 айлық есептiк көрсеткiш.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 141 (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)Қаулысымен.
      3. 2-тармақта көрсетiлген бiрнеше негiздер бойынша бiр мезгiлде материалдық қамсыздандыру алуға құқығы бар тұлғаларға материалдық қамсыздандыру алған атақтары мен наградаларының санына қарамастан, бiреуiне ғана белгiленедi.
      4. Материалдық қамсыздандыру дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) бюджеттiк бағдарламалары арқылы республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен төленедi.

2. Материалдық қамсыздандыру төлеудi жүргiзу тәртiбi

      5. Материалдық қамсыздандыру алуға құқығы бар тұлғалар (бұдан әрi - өтiнiш берушi) мынадай құжаттарды қоса бере отырып, қосымшаға сәйкес уәкiлеттi органға материалдық қамсыздандыруды төлеуге өтiнiш бередi:
      1) спортшыларға:
      алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      еңбек стажын растайтын еңбек кiтапшасының нотариалды расталған көшiрмесi;
      Олимпиада ойындарының чемпионы және (немесе) жүлдегерi және (немесе) олимпиадалық спорт түрлерi бойынша әлем чемпионы екендiгiн растайтын жарыс хаттамасының көшiрмесi;
      спортшының атағын растайтын куәлiктiң немесе уәкiлеттi орган бұйрығының көшiрмесi;
      2) жаттықтырушыларға:
      өтiнiш берушiнiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      жаттықтырушылық жұмысының стажын растайтын еңбек кiтапшасының нотариалды расталған көшiрмесi;
      шын мәнiнде Олимпиада ойындарының чемпионы және (немесе) жүлдегерi және (немесе) олимпиадалық спорт түрлерi бойынша әлем чемпионы атағын жеңiп алған спортшының жаттықтырушысы болып табылатынын растайтын жұмыс орнынан анықтама;
      өзi жаттықтырған спортшының Олимпиада ойындарының чемпионы және (немесе) жүлдегерi және (немесе) олимпиадалық спорт түрлерi бойынша әлем чемпионы екендiгiн растайтын жарыстар хаттамасының көшiрмесi;
      жаттықтырушының атағын растайтын куәлiктiң немесе уәкiлеттi орган бұйрығының көшiрмесi.
      6. Уәкілеттi органның ұсынылған құжаттарды қарау және шешiмдер қабылдау мерзiмi өтініш қабылданған сәттен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауы тиiс.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.08.04 № 914 (алғаш ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      7. Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган қорытынды жасайды, соның негiзiнде материалдық қамсыздандыруды төлеу (төлеуден бас тарту) туралы шешiм қабылдайды.
      8. Төлем (төлеуден бас тарту) туралы қабылданған шешiм туралы уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге мұндай шешім қабылданған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде жазбаша түрде хабарлайды.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.08.04 № 914 (алғаш ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      9. Материалдық қамсыздандыруды төлеу Қазақстан Республикасының шегiнде екiншi деңгейдегi банктегi өтiнiш берушiнiң есеп шотына материалдық қамсыздандыруды аудару жолымен, банктiк өкiлдiк немесе филиал болмаған жағдайда материалдық қамсыздандыру төлеу ақшаны почтаға аудару жолымен жүргiзiледi.

3. Материалдық қамсыздандыруды төлеуден бас тарту

      10. Өтiнiш берушiге мынадай жағдайларда материалдық қамсыздандыруды тағайындаудан бас тартылады:
      1) осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген барлық құжаттар ұсынылмаса;
      2) өтiнiш берушi осы ереженiң 2-тармағындағы шарттарға сәйкес келмесе.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.08.04 № 914 (алғаш ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

4. Қорытынды ережелер

      11. Уәкiлеттi органның материалдық қамсыздандыруды төлеу немесе материалдық қамсыздандыруды төлеуден бас тарту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағымдануға болады.

Еңбек сіңірген спортшылар мен
жаттықтырушыларға ай сайынғы
материалдық қамсыздандыру 
түрiнде өмiр бойы төлем  
төлеудiң ережесiне қосымша

      Ескерту. Қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 141 Қаулысымен.

Кiмге __________________________
(дене шынықтыру және спорт
________________________________
жөнiндегi уәкiлеттi орган   
________________________________
басшысының лауазымы, Т.А.Ә.)  

кiмнен _________________________
       (өтiнiш берушiнiң Т.А.Ә.)

мекен-жайда тұратын ____________

РНН N __________________________

Ай сайынғы материалдық қамсыздандыру
түрiндегi өмiр бойғы төлемдерге
ӨТІНІШ

      Сiзден маған ________________________________________________
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
                        (себебi көрсетiледi)

байланысты ай сайынғы материалдық қамсыздандыру түрiндегi өмiр бойы төлем төлеуiңiздi сұраймын.
      Маған қатысты соманы (банктiң аты, банктiң CTH-i, банктiң, МФО-сы, есеп шотының N немесе ақша почта арқылы аударылған жағдайда оның мекен-жайы көрсетiледi) аударуыңызды сұраймын.
      Өтiнiшке мынадай құжаттарды қоса беремiн:
      1.
      2.
      3.
      4.
      5.

Өтiнiш берушiнiң қолы______________