Алматы облысында "Таңбалы" мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы" мемлекеттiк мекемесiн құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 14 қазандағы N 1052 қаулысы

Қолданыстағы

      Алматы облысы Жамбыл ауданының Таңбалы шатқалындағы бiрегей археологиялық кешендi және петроглифтердi сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Алматы облысы Жамбыл ауданының Таңбалы шатқалында жалпы алаңы 3,8 мың гектар Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлiгiнiң "Таңбалы" мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi - Мекеме) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі заңнамада белгiленген тәртіппен:
      1) Мекеменiң Жарғысын бекiтсiн және оның әдiлет органдарында тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      3. Алматы облысының әкiмiне Қопа станциясынан Қарабастау ауылына дейiнгi жолды және Таңбалы кешенiне апаратын жолды күрделi жөндеуден өткiзу, сондай-ақ, Мекеменi кесiп өтетiн жол учаскесiн ауыстыру, оның аумағын тұрғын және шаруашылық құрылыстарының қалдықтарынан тазарту мәселелерiн қарастыру және шешу ұсынылсын.

      4. Мекеменi қаржыландыру Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгiне республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен және шегiнде жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      5. "Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелер штат санының лимиттерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 12 ақпандағы N 229 қаулысына  мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiлген республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелер штат санының лимиттерiнде:
      6-бөлiмде:
      "Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi" деген тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі";
      мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      "Таңбалы" мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы 29".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі