Құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге қатысқан құтқарушыларды медициналық және психологиялық оңалту ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қыркүйектегі N 991 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 173 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 27 наурыздағы Заңына сәйкес және құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушыларды медициналық және психологиялық оңалту ережесiн белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушыларды медициналық және психологиялық оңалту ережесi бекiтілсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2003 жылғы 29 қыркүйектегі
N 991 қаулысымен    
бекiтiлген       

Құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан
құтқарушыларды медициналық және психологиялық оңалту
ережесi

      1. Осы Ереже "Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңын орындау үшiн әзiрлендi және табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды (бұдан әрi - төтенше жағдайлар) жою жөнiндегi құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушыларды медициналық және психологиялық оңалтуды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушыларды оңалту құтқарушылардың психофизиологиялық жағдайын анықтауға; құтқарушылардың төтенше жағдайларды жою кезiндегi жоғары жұмыс iстеу қабiлеттігін қалпына келтiруге және сақтауға; төтенше жағдайларды жоюға қатысуға байланысты жарақат алған, ауырған және созылмалы аурулары ушыққан жағдайда қалпына келтiру терапиясын жүргiзуге; ағзадан радиоактивтi, улы және басқа зиянды заттарды шығаруға; психоэмоционалдық жағдайды түзетуге және нормаға келтiруге бағытталған.

      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының, ерiктi авариялық-құтқару құралымдарының құтқарушылары, сондай-ақ көрсетiлген құралымдардың құрамына кiрмейтiн құтқарушылар оларда олардың құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған аттестаттаудан өткендiгін растайтын құжаттар болған кезде оңалтуға жатады.

      4. Құтқарушыларды оңалту: амбулаторлық-емдеу және тұрақты медициналық көмек нысандарында жүзеге асырылады.

      5. Оңалтуға денсаулығының, психоэмоционалдық жағдайының уақытша немесе тұрақты бұзылуы, жұмыс iстеу қабiлетiнiң төмендеуi немесе жоғалуы байқалған құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушылар құтқарушының кiтабында оның құтқару және шұғыл жұмыстарға қатысқандығы туралы жазба болған кезде жiберiледi.
      Төтенше жағдайларды жою кезiнде техногендiк, табиғи және психологиялық факторлардың адамға зиянды әсер етуi нәтижесiнде денсаулығының бұзылуына: жаралану (контузия, жарақат алу, мертiгу); радиациялық, химиялық және бактериологиялық зақымдану; асқынған соматикалық және жұқпалы аурулар; созылмалы аурулардың асқынуы; психоэмоционалдық және психосоматикалық бұзылулар жатады.

      6. Құтқарушыны оңалтуды жүргiзу қажеттiлiгi туралы қорытындыны мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайлардың ауданынан тұрақты жұмыс орнына келгеннен кейiн 7 күннен кешiктiрмей бередi. Оңалту нысанын емдеушi дәрiгер немесе құтқарушыларды оңалту нысанын таңдау өлшемдерi негiзiнде денсаулық сақтау ұйымының медициналық комиссиясы белгілейді.

      7. Медициналық оңалту нысандарын таңдау өлшемдерi мыналар болып табылады:
      1) амбулаторлық-емханалық оңалту үшiн - ұзаққа созылған оңалтуды талап етпейтiн және денсаулық жағдайының нашарлауын және асқынуын болдырмайтын зорығу, психоэмоционалдық шаршау, асқынған аурулары немесе созылмалы ауруларының ушығуы пайда болуы салдарынан туындаған денсаулығының бiршама бұзылуы және жұмыс iстеу қабiлетiнiң төмендеуi;
      2) тұрақты оңалту үшiн - тұрақты жағдайда тексеру мен емдеудiң арнайы әдiстерiн талап ететiн жаралану (контузия, жарақат алу, мертiгу), жүйке-психикалық бұзылуы, асқынған соматикалық және жұқпалы аурулар, радиациялық, химиялық және бактериологиялық факторлардың әсерiнен зақымдануы, сондай-ақ амбулаторлық-емханалық оңалтудың жеткiлiксiз тиiмділігi.
      Құтқарушылар төтенше жағдайларды жоюға қатысқаннан кейiнгi алты ай ішiнде медициналық айғақтар болған кезде қайтадан бiр рет оңалтуды жүзеге асыруға болады.

      8. Құтқарушыларды оңалтуды тегiн медициналық көмектiң кепілдiк берiлген көлемi шегiнде мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары жүргiзедi.

      9. Амбулаторлық-емханалық және тұрақты оңалту жүргiзу кезiнде, сондай-ақ құтқарушыларға оңалту орнына баруы қажет болған кезде оңалту орнына бару және қайту уақытын ескере отырып, оңалтудың барлық кезеңiне уақытша еңбекке жарамсыздық парағы беріледi.