Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің "Ақ жауын" мемлекеттік камералық оркестрі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 тамыздағы N 836 қаулысы

Қолданыстағы

      Мемлекеттің музыка өнері саласындағы мәдени-рухани аясын одан әрі дамыту және мәдениет саясатын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің "Ақ жауын" мемлекеттік камералық оркестрі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын (бұдан әрі - Кәсіпорын) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) жарғысын бекіткен кезде Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні Қазақстан халықтарының рухани, эстетикалық талаптарын қанағаттандыруға бағытталған халықтық музыка өнері саласындағы концерттік-көрермендік іс-шараларды ұйымдастыру етіп белгілесін;
      2) Кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      3) осы қаулыны іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1) "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитеті" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 416-жолмен толықтырылсын:
      "416 "Ақ жауын" мемлекеттік камералық оркестрі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын";
      2) "Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 29 сәуірдегі N 500 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 16, 164-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитетіне ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың тізбесінде:
      "Концерттік ұйымдар" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 16-1-жолмен толықтырылсын:
      "16-1. "Ақ жауын" мемлекеттік камералық оркестрі".

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі