Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiлетiн тұқымның, оның iшiнде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң себуiне арналған тұқымның, сорттық және егiстiк сапасын сараптау ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 12 тамыздағы N 805 қаулысы

Қолданыстағы

      "Тұқым шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiлетiн тұқымның, оның iшiнде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң себуiне арналған тұқымның, сорттық және егiстiк сапасын сараптау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
2003 жылғы 12 тамыздағы     
N 805 қаулысымен         
бекiтiлген            

Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiлетiн тұқымның, оның iшiнде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң себуiне арналған тұқымның, сорттық және егу сапасын сараптау ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже 037 "Тұқымдық және отырғызу материалының сорттық және егу сапасын айқындау" республикалық бюджеттiк бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүргiзiлетiн тұқымның оның iшiнде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң себуiне арналған тұқымның сорттық және егу сапасын сараптау тәртiбiн айқындайды.

      2. Тұқымның сорттық және егу сапасын сараптау жөнiндегi қызметтi жеткiзушiнi таңдау Қазақстан Республикасының тауарларды, қызметтер көрсетудi және жұмыстарды мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

      3. Ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының сорттық және егу сапасын тұқымдық сараптау (бұдан әрi - сараптау) мiндетті түрде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер, бiрегей және элиталық, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлер, мемлекеттiк сортсынау учаскелерi мен станциялары, сондай-ақ мемлекеттiк тұқым ресурстары үшiн жүргiзiледi.

      4. Тұқымның сорттық және егу сапасын сараптауды тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертханалар жүзеге асырады.

2. Тұқымды сараптау тәртiбi

      5. Тұқымның сапасын сараптау қолданыстағы стандарттарға сәйкес барлық көрсеткiштер (толық талдау), не мынадай көрсеткiштердiң бiреуi немесе бiрнешесi (толық емес талдау) бойынша жүргiзiледi: өнгiштiгi (немесе өмiршеңдiгi), ылғалдылығы, 1000 дәннiң салмағы, тазалығы, ауруға шалдығуы, зиянкестермен залалдануы.

      6. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң, бiрегей және элиталық тұқым өндiрушiлердiң, мемлекеттiк сортсынау учаскелерi мен станцияларының тiзбесiн, сондай-ақ көрсетiлген шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң әрқайсысы бойынша ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң түрлерi бойынша тұқымның егу сапасын зерттеулер санын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң аудандық (қалалық) аумақтық басқармасы бастығының бұйрығымен құрылған комиссия айқындайды. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi аудандық (қалалық) аумақтық басқармасының, жергiлiктi атқарушы органдардың және жер ресурстарын басқару жөнiндегi органдардың өкiлдерi енедi.
      Көрсетiлген тiзбеге ауыл шаруашылығы дақылдарының Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi (бұдан әрi - Ауылшарминi) айқындаған түрлерi бойынша мемлекеттiк тұқым ресурстары тұқымының егу сапасын зерттеулер саны әрбiр астық қабылдау кәсiпорыны бойынша енгiзiледi.

      7. Тұқымды сараптауды жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң аудандық (қалалық) аумақтық басқармасы (бұдан әрi - аудандық аумақтық басқарма) мен тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертхана арасында тұқымның сорттық және егу сапасын зерттеуге көрсетiлген қызмет туралы екi данада шарт жасалады. Бiр данасы аудандық аумақтық басқарма үшiн, екiншiсi тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертхана үшiн.

      8. Сапаның нормативтiк-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестiгiн тексеру үшiн құюға, сақтауға және себуге дайындалған партиялардан тұқым сынамалары алынады.
      Тек себу үшiн ғана арналған тұқым партияларынан сынамалар алуды тұқым өндiрушiлердiң өтiнiмi бойынша аттестатталған тұқым сарапшылары және (немесе) аттестатталған тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертханаларда тиiстi дайындықтан өткен тұқым өндiрушiлер (олардың өкiлдерi) жүргiзедi.
      Сатуға жатқызылған тұқым партияларынан сынамалар алуды тұқым өндiрушi өкiлдiң қатысуы кезiнде аудандық аумақтық басқарманың тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жүргiзедi.
      Тұқымның партиясы егiстердi байқаудан өткiзу актiсiмен жолдамалануы тиiс.
      Сынамаларды iрiктеу қолданыстағы стандартқа сәйкес жүргiзiледi және Ауылшарминi бекiткен нысандағы актiмен екi данада ресiмделедi. Актiнiң бiр данасы сынама алынған шаруашылық жүргiзушi субъектiде қалдырылады, екiншi данасы сынамамен бiрге тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертханаға жiберiледi.

      9. Тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертхана сынамаларды зертханалық талдау нәтижелерi негiзiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiге Ауылшарминi бекiткен нысандардағы тұқымның сапалылығы туралы куәлiк немесе тұқымды талдау нәтижесiн бередi.
      Тұқымның сапасы туралы куәлiк егу сапасы 5-тармақта көрсетiлген барлық көрсеткiштер бойынша тексерiлген (толық талдау) және оның талаптарына сай тұқым партияларына берiледi.
      Тұқымның сапасы туралы куәлiктi өнгiштiгiнiң орнына тұқымның өмiршеңдiгi нормасын ескере отырып жиналған жылы егуге пайдаланылатын күздiк дақылдардың тұқымына, егiске дейiн 15 және одан аз күн бұрын ылғалдылығы мен зиянкестермен залалданғандығын айқындамастан (сатуға арналған тұқымнан басқа) талдау жүргiзiлетiн тұқымға беруге рұқсат етiледi.
      Тұқымды талдау нәтижесi 5-тармақта көрсетiлген көрсеткiштердiң талаптарына (оларды толық талдау кезiнде) сәйкес келмейтiн тұқымға берiледi.

      10. Тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертхана тұқымның сапасы туралы куәлiктi немесе тұқымды талдау нәтижесiн өнгiштiгi айқындалған күннен бастап 7 күн iшiнде бередi.

      11. Сынаманың талдаудан қалған бөлiгi ауданда осы дақылдың егiсi аяқталғаннан кейiн (аудандық статесептiкке сәйкес) бiр ай iшiнде тұқым сапасын сараптау жөнiндегi зертханада сақталады.
      Көрсетiлген мерзiм бiткеннен кейiн немесе тұқым сынамасын қайталап талдауға алған кезде қалған сынама Ауылшарминi белгiлеген тәртiппен шаруашылық жүргiзушi субъектiге қайтарылып берiледi.

      12. Тұқымның сорттық және егу сапасын зерттеу бойынша көрсетiлген қызметтер туралы шарттар негiзiнде аудандық аумақтық басқарма екi данада аудан бойынша көрсетiлген қызметтi бағалау актiсiн жасайды. Бiр данасы аудандық аумақтық басқармаға сақтауға қалдырылады, екiншiсi Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң облыстық аумақтық басқармасына (бұдан әрi - облыстық аумақтық басқарма) жiберiледi.
      Облыстық аумақтық басқарма аудандар бойынша ұсынылған бағалау актiлерiн тексерiп, облыс бойынша көрсетiлген қызметтердiң жиынтық актiсiн жасап, оны бекiтiп, Ауылшарминiне жiбередi.
      Ауылшарминi облыстар бойынша ұсынылған көрсетiлген қызметтердiң жиынтық актiлерiн тексередi және республика бойынша көрсетiлген қызметтер актiсiн жасайды. Республика бойынша көрсетiлген қызметтер актiсiнiң негiзiнде тұқымның сорттық және егу сапасын зерттеу бойынша көрсетiлген қызметтер үшiн белгiленген тәртiппен қаржыландыру жүргiзiледi.

      13. Тұқымның сорттық және егу сапасын зерттеу бойынша көрсетiлген қызметтер туралы шарттың, аудан бойынша көрсетiлген қызметтердi бағалау актiсiнiң, облыс бойынша көрсетiлген қызметтердiң жиынтық актiсiнiң және республика бойынша көрсетiлген қызметтер актiсiнiң нысандарын Ауылшарминi бекiтедi.