Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Қытай Халық Республикасының Бiлiм министрлiгi арасындағы Бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға келiсiм берiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Қытай Халық Республикасының Бiлiм министрлiгi арасындағы бiлiм беру саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Қытай Халық Республикасының Бiлiм министрлiгi,
Тараптар мемлекеттерi арасындағы бiлiм беру саласындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрi дамыту мақсатында,
бiрлескен ғылыми зерттеулердің деңгейi мен тиiмділігiн одан әрi арттыруға, теңдiк, өзара пайдалы және тиiмділік қағидаттары негiзiнде Тараптар мемлекеттерi арасында бiлiм беру саласындағы алмасуды кеңейтуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар мына салаларда ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады:
бiлiм беру жүйесi мен бiлiм беру саласында жүргiзiлiп жатқан реформалар туралы ақпаратпен, оқулықтармен және оқу-әдiстемелiк материалдармен алмасу;
студенттермен, оқытушылармен, аспиранттармен және тағылымдамашылармен алмасу;
Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк тiлдерiн үйрену мен таратуға жәрдемдесу.
2-бап
Тараптар жыл сайын баламалы негiзде студенттермен, аспиранттармен және тағылымдамашылармен алмасатын болады. Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында жыл сайын бiлiм алатын бiр тарап студенттерiнiң, аспиранттары мен тағылымдамашыларының жалпы саны 20 адамнан аспайды.
Қажет болған жағдайда өзара уағдаластық негiзiнде Тараптар бұл санды көбейтуiне болады.
Тағылымдамашыларды оқыту мерзiмi - алты айдан екi жылға дейiн. Студенттер мен аспиранттардың оқу мерзiмiн қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдаушы Тарап белгiлейдi.
Жiберушi тарап жiберушi Тарап мемлекетi студенттерiнiң, аспиранттары мен тағылымдамашыларының кiру визаларын ресiмдеу, оқу немесе тағылымдама өту орнына дейiнгi және керi бағыттағы жол шығыстарын төлейдi.
Қабылдаушы Тарап студенттердi, аспиранттар мен тағылымдамашыларды оқу, оқу құралдарын пайдалану мен жатақханада тұруы үшiн төлемнен босатады және оларға стипендия төлейдi.
Қабылдаушы Тарап өз мемлекетiнiң денсаулық сақтау саласындағы ұлттық заңнамасына сәйкес, созылмалы ауруларды емдеуден, курорттық емдеуден және стоматологиялық қызмет көрсетулерден басқа, жедел медициналық көмек бередi.
3-бап
Студенттердi, аспиранттарды оқуға және тағылымдамашыларды тағылымдамаға жiберген кезде қабылдаушы Тарап мемлекетiнiң тiлiн меңгерген адамдарға артықшылық берiледi.
Тараптардың келiсуi бойынша қажет және мүмкiн болған жағдайларда студенттер, тағылымдамашылар мен аспиранттар оқу тiлi ретiнде орыс немесе ағылшын тiлдерiн пайдалануы мүмкiн.
Жiберушi Тарап үмiткерлердiң тиiстi құжаттарын ағымдағы жылдың 15 сәуiрiнен қалдырмай жiбередi. Қабылданғаны туралы растауды қабылдаушы Тарап ағымдағы жылдың 15 шiлдесiнен қалдырмай жiберуi тиiс.
4-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң жоғары оқу орындары шарттардың негiзiнде ынтымақтастықтың мынадай нысандарын дамытатын болады:
оқу-әдiстемелiк және тәрбие жұмысында тәжiрибе алмасу;
оқу бағдарламаларымен, оқу жоспарларымен және оқу-әдiстемелiк материалдармен алмасу;
бiрлескен оқу-әдiстемелiк құралдарын және оқулықтар жасау;
ғылыми-әдiстемелiк ақпаратпен, ғылыми жұмыс тәжiрибесiмен алмасу және ғылыми ынтымақтастықтың әр түрлi нысандарын iздестiру;
студенттер, аспиранттар мен тағылымдамашылар даярлауға көмек көрсету, мамандар бiлiктiлiгiн арттыру;
дәрiстер оқу және практикалық семинарлар өткiзу үшiн оқытушылармен алмасу;
Тараптар мемлекеттерiнiң жоғары оқу орындары арасындағы шартта көзделген басқа да бағыттар.
5-бап
Байланыстарды нығайту, жұмыс тәжiрибесiмен алмасу, ынтымақтастықты одан әрi дамыту мәселелерiн талқылау, сондай-ақ осы Келiсiмнің ережелерiн iске асыруға байланысты консультациялар өткiзу үшiн, Тараптар екi жылда бiр рет мерзiмi 7 күннен аспайтын, құрамы 3 адамнан артпайтын делегациялармен өзара алмасатын болады.
Қазақстан Тарабы қытай делегациясының болуы жөнiндегi шығыстарды өзiне алады. Қытай Тарабы қазақстандық делегацияның болуы жөнiндегi шығыстарды өзiне алады.
Жiберушi Тарап қабылдаушы Тарап мемлекетiнiң астанасына дейінгi көлік шығыстарын өзіне алады.
6-бап
Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндiру немесе қолдану жөнiнде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер жолымен шешетiн болады.
7-бап
Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
8-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және Тараптардың бipeуi осы Келiсiмнiң iс-әрекетiн тоқтату ниетi туралы келесi Тарапқа жазбаша хабарлаған күнiнен бастап алты ай өткенше күшiнде қалатын болады.
____________ қаласында 200 "____" жылғы ________ әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер болған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Бiлiм және ғылым министрлiгi үшiн Бiлiм министрлiгi үшiн