"Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 тамыздағы Заңына және "Бюджет жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 сәуiрдегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Жергiлiктi атқарушы органдардың орта мерзiмдi облигацияларын шығару, орналастыру, айналысқа қосу, өтеу және оларға қызмет көрсету ережесi бекiтiлсiн.
2. "Астана қаласы жергiлiктi атқарушы органының орта мерзiмдi индекстелген облигацияларын шығару, орналастыру, айналысқа шығару, өтеу және оған қызмет көрсету ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 27 қыркүйектегi N 1064 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 32, 348-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2003 жылғы 8 сәуірдегі
N 333 қаулысымен
бекiтiлген
Жергiлiктi атқарушы органдардың орта мерзiмдi
облигацияларын шығару, орналастыру, айналысқа қосу,
өтеу және оларға қызмет көрсету
ЕРЕЖЕСI
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының аумағында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарының орта мерзiмдi облигацияларын (бұдан әрi - облигациялар) шығару, орналастыру, айналысқа қосу, өтеу және оларға қызмет көрсету тәртiбiн анықтайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) андеррайтер - атаулы ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар бiрiншi санаттағы бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентпен жасасқан шарт талаптары негiзiнде оның бағалы қағаздарын орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) депозитарий - депозитарийдiң және облигациялар бойынша төлем агентiнiң функциясын орындайтын "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" ЖАҚ;
3) депонент - шартты негiзде бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелерге қызмет көрсету жөнiндегi депозитарийдiң қызметтер көрсетуiн пайдаланатын депозитарийдiң клиентi болып табылатын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы;
4) жете орналастыру - осы шығарылымның мамандандырылған сауда-саттығында (аукционында) қалыптасқан орташа өлшемдi баға бойынша айналыстағы облигациялар эмиссиясының орналаспаған бөлiгiн қосымша орналастыру;
5) инвестор - облигацияларды сатып алуға ниет бiлдiрген немесе сатып алған тұлға;
6) сауда-саттықты ұйымдастырушы - сауда жүйесi облигацияларды орналастыру үшiн пайдаланылатын "Қазақстанның қор биржасы" ЖАҚ;
7) қайта ашу - ең көп бағадан бастап, кесiмдi бағасымен аяқталғанда өтiнiмдерде көрсетiлген бағалар бойынша осы шығарылымның аукционында жылдық сыйақы ставкасымен және өтеу күнiмен эмитент анықтаған уақыт арқылы айналымдағы шығарылымның купондық мемлекеттiк бағалы қағаздарының қосымша көлемiн орналастыру;
8) кесiмдi баға - мамандандырылған сауда-саттық (аукцион) нәтижелерi бойынша тiркелген, эмитент анықтайтын ең аз (не, егер осы жағдай мамандандырылған сауда-саттық (аукцион) өткiзу туралы хабарламада белгiленсе, ең көп) мәмiленiң бағасы;
9) эмитент - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын және өз атынан бағалы қағаздар иелерiнiң алдында мiндеттемелер алатын Қазақстан Республикасы облыстарының, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органы.
2. Облигацияларды шығару және орналастыру
3. Облигацияларды құжатсыз нысанда ұлттық валютамен (теңгемен) эмитент шығарады және олар атаулы, купондық болып табылады.
Шығарылатын облигациялардың түрлерi:
1) орта мерзiмдi индекстелмеген облигациялар - сыйақы төлеу және оларды өтеу кезiнде атаулы құны мен сыйақы ставкасы индекстелмейтiн облигациялар;
2) орта мерзiмдi индекстелген облигациялар - сыйақы төлеу және оларды өтеу кезiнде атаулы құны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ресми бағамы бойынша айналыстың тиiстi кезеңi үшiн АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валютаның (теңгенiң) девальвациясы (ревальвациясы) қарқынына индекстелетiн облигациялар.
4. Облигациялармен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi және олар бойынша құқықтарды растауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыруға және олар бойынша құқықтарды растауға құқығы бар депозитарий және депозитарийдiң депоненттерi жүзеге асырады.
5. Әрбiр шығарылым облигацияларының эмитент бекiткен шығарылым өлшемдерiне сай, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан мемлекеттiк реттеу мен қатынастарды бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган беретiн ұлттық сәйкестендiру нөмiрi болады.
6. Кез келген тұлға, Қазақстан Республикасының резидентi де, резидент eмeci де облигацияларды сатып алушы және ұстаушы бола алады.
7. Бiр облигацияның атаулы құны 100 теңгеге еселенген болуы тиiс.
8. Девальвация (ревальвация) қарқынына индекстелген облигациялардың атаулы құны облигацияның атаулы құнын теңгенiң девальвация (ревальвация) қарқынының коэффициентiне көбейтiндiсi ретiнде есептеледi. Девальвация (ревальвация) қарқынының коэффициентi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген АҚШ долларының ағымдағы бағамының облигацияларды айналысқа қосу басталған күнгi ұқсас бағамға қатынасы ретiнде есептеледi.
9. Инвесторлардың арасында бастапқы рынокта облигацияларды орналастыру сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесi арқылы мамандандырылған сауда-саттық (аукцион) өткiзу жолымен жүргiзiледi. Мамандандырылған сауда-саттықта (аукционда) сатып алынған облигацияларға ақы төлеу және сатып алынған облигацияларды инвесторлардың депо-шоттарына есептеу мамандандырылған сауда-саттық жүргiзiлгеннен кейiнгi келесi күнi жүзеге асырылады. Облигацияларды сатып алуға арналған өтiнiмдердi қанағаттандыру эмитент үшiн қолайлы ставка және көлем мәндерi бойынша бағаның өсуiне қарай ретке келтiрiлген өтiнiмдер ведомосы негiзiнде кесiмдi бағасы бойынша (барлық инвесторлар үшiн бiрдей) немесе эмитент белгiлеген мәлiмделген баға бойынша жүргiзiледi.
10. Эмитенттiң облигациялардың тiркелген эмиссиясын мамандандырылған сауда-саттық (аукцион) өткiзу жолымен жете орналастыруға және қайта ашуға құқығы бар.
11. Облигацияларды орналастыруды андеррайтер жүзеге асырады, оны таңдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес эмитент жүргiзетiн конкурстың нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
12. Мамандандырылған сауда-саттықты (аукционды) өткiзу тәртiбi сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi ережелерiмен реттеледi.
13. Сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесi арқылы облигацияларды орналастыру кезiнде ақша есептеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен, сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi ережелерiмен және депозитарийдiң ережелер жиынтығымен анықталады.
14. Эмитенттiң депозитариймен, сауда-саттықты ұйымдастырушымен және андеррайтермен өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және олардың арасында жасалатын келiсiмдермен (шарттармен) реттеледi.
15. Облигациялар эмиссиясының көлемiн, оның iшiнде қайта ашуды жүргiзу үшiн облигациялар эмиссиясының қосымша көлемiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуын шектеу шегiнде эмитент белгiлейдi.
16. Эмитент мамандандырылған сауда-саттықты өткiзу күнiне дейiн кемiнде 10 күннен кешiктiрмей мамандандырылған сауда-саттықты өткiзу күнi, алдағы эмиссия көлемдерi және облигацияларды бастапқы орналастыруға байланысты шығыстар туралы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiн хабардар етедi. Облигациялар бойынша сыйақы ставкасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiледi.
3. Облигацияларды айналысқа қосу
17. Облигацияларды айналысқа қосу мерзiмi - бiр жылдан он жылға дейiн. Облигацияларды айналысқа қосу мерзiмiн тиiстi эмиссияны жариялаған кезде эмитент белгiлейдi.
18. Эмиссияның барлық облигацияларын айналысқа қосу мамандандырылған сауда-саттық қорытындысы бойынша инвесторлар сатып алған облигациялар үшiн эмитенттiң шотына ақша түскен күннен кейiнгi күннен, "депо" шоттары бойынша жазбалар жасалған сәттен басталады, сыйақыны төлеу күнiне дейiн екi жұмыс күнi қалғанда тоқтатылады, сыйақыны төлегеннен кейiнгi келесi жұмыс күнi жаңартылады және облигацияларды өтеу күнiне дейiн үш жұмыс күнi қалғанда аяқталады.
19. Бағалы қағаздардың қайталама рыногында облигациялармен жасалатын барлық операциялар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Облигациялар бойынша төлемдер
20. Сыйақыны есептеу сауда-саттықты ұйымдастырушы бастапқы орналастыру кезiнде инвесторлар сатып алған облигациялар үшiн эмитенттiң шотына ақшаны аударған күннен кейiнгi күннен басталады және осы Ережеге сәйкес анықталатын сыйақы ставкасы бойынша өтеу күнiн қоса алғанда, айналысқа қосу кезеңi iшiнде жүргiзiледi.
21. Орта мерзiмдi индекстелмеген облигациялар бойынша сыйақы сомасы облигацияның атаулы құнын сыйақы ставкасына және сыйақы есептеу кезеңiндегi 365 күнге бөлiнген күндер санына көбейтiндiсi ретiнде есептеледi.
Орта мерзiмдi индекстелген облигациялар бойынша сыйақы сомасы сыйақы төлеу күнiнде индекстелген облигациялардың атаулы құнының, сыйақы ставкасының және сыйақы есептеу кезеңiндегi 365 күнге бөлiнген күндер санының көбейтiндiсi ретiнде есептеледi.
22. Облигациялар бойынша сыйақы төлеудi облигациялар айналысы тиiстi жылының бiр жүз сексен екiншi және үш жүз алпыс бесiншi күндерi эмитент жүргiзедi. Бұл ретте есептiк база бiр жылда 365 күндi құрайды. Сыйақыны соңғы төлеу күнi облигацияларды өтеу күнiмен сәйкес келедi.
23. Орта мерзiмдi индекстелмеген облигацияларды өтеудi тиiстi эмиссия үшiн белгiленген өтеу күнi атаулы құны бойынша эмитент жүргiзедi.
Орта мерзiмдi индекстелген облигацияларды өтеудi тиiстi эмиссия үшiн белгiленген өтеу күнi индекстелген атаулы құн бойынша эмитент жүргiзедi.
24. Егер облигацияларды өтеу немесе сыйақыны төлеу демалыс күнге түскен жағдайда, олар келесi жұмыс күнi жүргiзiледi. Облигация ұстаушының төлемдегi осындай кiдiрiс үшiн сыйақы немесе қандай да болмасын өзге де өтемақы талап етуге құқығы жоқ.
25. Депозитарий сыйақыны төлеу күнiне дейiнгi екi жұмыс күнiнен және облигацияларды өтеу күнiне дейiнгi үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей эмитентке депозитарий деректерiнiң негiзiнде қалыптасатын және олар бойынша сыйақы төлеу мен өтеу жүргiзiлуi тиiс облигациялардың саны туралы мәлiметтердi қамтитын облигациялар ұстаушылардың жиынтық ведомосын бередi.
26. Сыйақы төлеудi және облигациялардың атаулы құнын өтеудi жиынтық ведомостқа сәйкес депоненттер туралы деректердi ескере отырып, олардың арасындағы түскен соманы өздiгiнен бөлетiн депозитарийдiң шотына ақша аудару жолымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен эмитент жүзеге асырады.
27. Эмитент облигацияларды өтегеннен кейiн бес жұмыс күнiнiң iшiнде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне депозитарийдiң облигацияларды өтеуi туралы мәлiметтердiң көшiрмесiн және жүргiзiлген өтеудi растайтын құжаттардың көшiрмелерiн ұсынады.
28. Эмитент сыйақы есептеудiң кезектi кезеңiнде облигациялардың iс жүзiнде айналымда болған уақытында сыйақы төлей отырып, оларды мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
29. Эмитенттiң мерзiмiнен бұрын өтеу туралы шешiмi осындай өтеу күнiне дейiн он жұмыс күнi қалғанда депозитарийге жеткiзiледi, бұл өз кезегiнде, бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей ол туралы депоненттерге хабарлайды.
30. Эмитент осы Ережеге сәйкес облигацияларды өтеген немесе қызмет көрсеткен кезде кез келген соманы төлеу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн белгiленген мерзiмдерде орындамаған жағдайда, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн ол төлеуге жататын соманың 0,1%-ы мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
31. Эмитент облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа қосу, өтеу және оларға қызмет көрсету шарттарын бұзған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес жауап бередi.
32. Облигациялармен жасалатын операциялар бойынша салық салу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес анықталады.