Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi Әскери академиясының мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 наурыздағы N 276 қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 сәуiрдегi Заңының 15-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi - Мекеме) туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Мекеменiң штат санының лимитi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi штат санының лимитi шегiнде тұрақты құрамы 221 бiрлiк санында және ауыспалы құрамы (тыңдаушылар) 60 бiрлiк санында белгiленсiн.

      3. Мекеменiң қызметiн қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне жоғары оқу орындарында кадрларды даярлауға көзделген қаражат есебiнен және шегiнде жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      4. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 16 маусымдағы N 977 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2003 жылғы 20 наурыздағы
N 276 қаулысымен    
бекiтiлген       

"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы" мемлекеттiк мекемесi туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы (бұдан әрi - Академия) жоғары әскери кәсiптiк бiлiм берудiң және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын әскери оқу орны болып табылады.

      2. Академия өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы  мен заңдарына, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдергe, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Академияның мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы Жауынгерлiк туы, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы  бейнеленген мөрi, мөртаңбалары мен белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары бар.
      Академия өз атынан азаматтық-құқықтық қатынасқа түседi.

      4. Академия өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Әскери академия бастығының бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      5. Академияның заңды мекен-жайы: 476410, Ақмола облысы, Щучинск қаласы.

      6. Академияның толық атауы:
      "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы" мемлекеттiк мекемесi.

2. Академияның мақсаты, міндеттерi мен функциялары

      7. Академияның мақсаты жоғары әскери кәсiптiк бiлiм берудiң және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру болып табылады.

      8. Академияның мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) жоғары әскери және жоғары әскери-арнаулы бiлiмдi офицер кадрларды даярлау;
      2) офицерлiк құрамды қайта даярлау және жетiлдiру;
      3) әскери ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау;
      4) тәрбие процесiн ұйымдастыру.

      9. Академия Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттердің азаматтарын даярлауды жүзеге асыра алады.

      10. Академия көрсетiлген мiндеттерге қол жеткiзу үшiн мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) жоғары әскери бiлiм берудiң және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдай жасау;
      2) терең әскери-арнаулы бiлiмдi, нақты дағдылар мен шеберлiктi, өзге де кәсiби қасиеттердi қалыптастыpу;
      3) патриотизм сезiмiн, әскери антқа адалдықты тәрбиелеу, жеке адамның шығармашылық, рухани және дене бiтiмiнiң мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiктің берiк негiзiн, әскери этика, тәртiптiлiк пен ұйымшылдықты қалыптастыру;
      4) мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндетті бiлiм беру стандарттарының негiзiнде оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу және тәрбиелiк қызметтi жүзеге асыру.

3. Академияның қызметін ұйымдастыру

      11. Академия:
      1) Академияға азаматтарды қабылдаудың тәртiбiн оқу орындарына қабылдаудың үлгi ережелерiне сәйкес белгiлейдi;
      2) оқушыларды өтпелi аттестациялаудың нысанын, тәртiбiн және кезеңдiлiгін дербес таңдайды.

      12. Академияны тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрiнiң ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын бастық жүзеге асырады.

      13. Академияның бастығы дара басшылық қағидатында әрекет етедi және лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес Академия қызметiнiң
мәселелерiн дербес шешедi.

      14. Академияның бастығы басшылықты жүзеге асырған кезде белгiленген тәртiппен:
      1) барлық ұйымдарда Академияның мүддесiн бiлдiредi;
      2) барлық қызметкерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
      3) номенклатураға сәйкес Академия қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      4) Академия қызметкерлерiне көтермелеу шараларын және тәртiптiк жаза қолданады;
      5) өз орынбасарларының және Академияның өзге де басшы қызметкерлерiнiң мiндеттерiн және өкілеттiк шеңберiн айқындайды;
      6) оған заңнамамен, осы Ережемен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

4. Академияның мүлкi

      15. Академияның негiзгi қорлардан және айналымды қаражаттан, сондай-ақ құны Академияның теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұратын жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болады.

      16. Академияның өзiне және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Академияны қайта ұйымдастыру және тарату

      17. Академияны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.