Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiнде мамандандырылған аукцион өткiзу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 25 мамырдағы N 569
қаулысына
(Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 15, 158-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн салық берешегi есебiне сату жөнiнде мамандандырылған аукцион өткiзу ережесiнде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
3. Аукционды ұйымдастырушы - аукционды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде қызметтер көрсетуге арналған тендердiң жеңiмпазы деп танылған заңды тұлға.";
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3-1. Бағалаушы - бағалау қызметiн жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар және мүлiктi бағалау жөнiнде қызметтер көрсетуге арналған тендердiң жеңiмпазы деп танылған жеке не заңды тұлға.";
мынадай мазмұндағы 5-1, 5-2, 5-3, 5-4, 5-5 және 5-6-тармақтармен толықтырылсын:
"5-1. Тендерлiк комиссияның құрамы мен тендерлiк құжаттаманы тендердi ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiтедi.
Тендерлiк комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ саннан және кемiнде үш адамнан құралуы керек. Тендерлiк комиссия төрағасы тендердi ұйымдастырушының бiрiншi басшысының орынбасарынан кем болмайтын тұлға болып табылады, ол оның қызметiне басшылық жасайды, комиссия отырыстарында төрағалық етедi, жұмысын жоспарлайды және оның шешiмдерiнiң iске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады.
Тендерлiк комиссия хатшысы тендерлiк комиссияның мүшесi болып табылмайды, тендерлiк комиссия шешiм қабылдаған кезде оның дауыс беруге құқығы жоқ.
Тендердi өткiзу туралы хабарландыру осы тендерге қатысуға өтiнiмдер қабылдау аяқталатын күнге дейiн бiр ай қалған күннен кешiктiрiлмей ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиiс.
Тендерлiк комиссия тендерлiк өтiнiмдер салынған конверттер ашылған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен аспайтын мерзiмде тендердiң қорытындыларын шығарады. Тендердiң қорытындылары мәжiлiске қатысатын тендерлiк комиссия мүшелерi қол қоятын хаттама түрiнде ресiмделедi.
Тендердi ұйымдастырушы тендердің қорытындылары шығарылған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде тендер нәтижелерiн оның атауын, жеңiмпазы мен оның мекен-жайын, бағалаушының атауы мен сыйақысының мөлшерiн және аукционды ұйымдастырушы сыйақысының ставкасын көрсете отырып, тендерге қатысқандардың барлығына ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен хабарлайды.
5-2. Тендердi ұйымдастырушы барлық тендерге қатысушыларға мынадай ақпарат:
тендерге қатысушылар қойылатын бiлiктiлiк талаптарына өздерiнiң сәйкестiгiн растау үшiн ұсынылуға тиiс құжаттарға қойылатын талаптар;
сатып алынатын қызмет көрсетулердiң сипаты мен техникалық және сапалық сипаттамалары;
қызметтердiң көрсетiлу орны;
қызметтер көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерi;
бағалаушы сыйақысының ұсынылатын мөлшерi және аукционды ұйымдастырушы сыйақысының базалық ставкаларының ең жоғары керi шәкiлi;
мүлiктi бағалау жөнiнде қызметтер көрсету және аукционды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде қызметтер көрсету туралы үлгi шарттар;
жеңетiн тендерлiк өтiнiмдi анықтауға негіз болатын барлық өлшемдердiң сипаттамасы;
тендерлiк өтiнiмдердi, шарттарды жасау мен ұсыну тiлiне қойылатын талап;
тендерге қатысу үшiн кепiлдiк жарнаны енгiзу шарттары, оның құрамы мен нысаны;
тендерге қатысушының тендерлiк өтiнiмдердi берудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң тендерлiк өтiнiмiн өзгерту немесе керi қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқама;
тендерлiк өтiнiмдер беру тәсiлi, орны мен соңғы мерзiмi және олардың қолданылу мерзiмi;
жеке және заңды тұлғалар олардың көмегiмен тендерлiк құжаттаманың мазмұны бойынша түсiндiрме сұрата алатын тәсiлдер;
тендерлiк өтiнiмдер салынған конверттер ашылатын орны, күнi және уақыты;
тендерлiк өтiнiмдер салынған конверттердi ашу және тендерлiк өтiнiмдердi қарау үшiн пайдаланылатын рәсiмдер қамтылған тендерлiк құжаттаманы ұсынуға міндетті.
5-3. Тендерге қатысуға тiлек білдiрген тұлға ұсынған тендерлiк өтiнiмде:
белгiленген нысандағы теңдерге қатысуға арналған өтiнiм;
тендерге қатысушыға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар тiзбесi;
тендерге қатысушы ұсынатын бағалаушы сыйақысының мөлшерi және аукционды ұйымдастырушының сыйақысы ставкасының мөлшерi;
кепiлдiк жарнаны енгiзгенiн растайтын құжаттың түпнұсқасы;
тендерлiк құжаттамаға сәйкес тапсыруға қажеттi бacқa да құжаттар болуы керек.
Егер тендерге қатысуға бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн екеуден кем тұлға тендерлiк өтінім берсе, тендерлiк комиссия тендердi өтпедi деп таниды.
5-4. Тендерлердiң жеңiмпаздары оған кем дегенде екi қатысушының iшiнен ашықтық, қол жетiмдiлiк және ұсыныстардың бәсекелестiгi қағидаттары негiзiнде анықталады. Аукционды ұйымдастырушыны анықтау үшiн тендер өткiзгенде аукциондарды ұйымдастыру мен өткiзудiң екi жылдан кем емес тәжiрибесi, бағалаушыны анықтау үшiн - бағалау қызметiн жүзеге асыруға арналған лицензиясы болуы бiлiктiлiк талабы болып табылады.
Тендерге қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарттар жасасу үшiн азаматтық құқық қабiлеттiлiгi, жасасылған шарттар бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қаржы, материалдық және еңбек ресурстары, төлемге қабiлеттi болуы және таратылуға жатпауы, олардың мүлкiне тыйым салынбаған болуға және олардың қаржы-шаруашылық қызметi тоқтатылмаған болуға тиiс.
Тендерге қатысушылар бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiнiн растау үшiн тендердi ұйымдастырушыға аттестаттардың, куәлiктердiң, патенттердiң, лицензиялардың сертификаттардың, дипломдардың және анықтамалардың көшiрмелерiн табыс етедi. Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде оларға мiндеттi түрде аудит жүргiзу белгiленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылы үшiн аудиторлық есеп бередi.
5-5. Аукционды ұйымдастырушыны анықтау жөнiндегi тендер жеңiмпазы болып:
1) осы Ереженiң 6-1-тармағында көрсетiлген базалық ставкалар шәкiлiнiң барлық ұстанымдары бойынша сыйақы мөлшерiнiң ең төменгi ставкасын ұсынған;
2) аймақтық (облыстық) филиалдарының (өкiлдiктерiнiң) ең көп саны бар тендерге қатысушы танылады.
5-6. Бағалаушыны анықтау жөнiндегi тендердiң жеңiмпазы болып бағалауды өткiзу үшiн ең төменгi баға ұсынған оның қатысушысы танылады.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Салық қызметi органы тендерлiк комиссиялар шешiмдерi негiзiнде тендерлер жеңiмпаздарымен мүлiктi бағалау жөнiнде қызметтер көрсету және аукционды ұйымдастыру мен өткiзу жөнiнде қызметтер көрсету туралы шарттар жасасады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң тапсырмасымен аумақтық салық органы аймақтық (облыстық) тендер өткiзедi, оның нәтижелерi бойынша мүлiктi бағалау жөнiнде қызметтер көрсету туралы шарт жасасады.";
мынадай мазмұндағы 6-1 және 6-2-тармақтармен толықтырылсын:
"6-1. Сатылған мүлiктiң сомасына байланысты аукционды ұйымдастырушы сыйақысының мөлшерi базалық ставкаларының мынадай неғұрлым керi шәкiлi белгiленедi:
150 еселенген жылдық есептi көрсеткiшке дейiн - тендер жеңiмпазы ұсынған сыйақы ставкасы, бiрақ 7%-дан жоғары емес;
150 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен 1 000 еселенгенге дейiн - 150 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен сыйақы сомасы + одан асатын соманың 0,5 %-на дейiн;
1 000 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен 10 000 еселенгенге дейiн - 1 000 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен сыйақы сомасы + одан асатын соманың 2 %-на дейiн;
10 000 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен 15 000 еселенгенге дейiн - 10 000 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен сыйақы сомасы + одан асатын соманың 1 %-на дейiн;
15 000 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен және одан жоғары - 15 000 еселенген жылдық есептi көрсеткiштен сыйақы сомасы + одан асатын соманың 0,2 %-на дейiн.
6-2. Бағалаушыға сыйақы бағалау объектiсiнiң құнына байланысты төленедi:
1 000 000 теңгеге дейiн - 10 000 теңгеге дейiн;
1 000 000 теңгеден 10 000 000 теңгеге дейiн - 30 000 теңгеге дейiн;
10 000 000 теңгеден 100 000 000 теңгеге дейiн - 70 000 теңгеге дейiн;
100 000 000 теңгеден жоғары - 100 000 теңгеге дейiн.";
7-тармақта:
1) тармақша "көшiрмелерiн" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ мүлiкке құқық белгiлеушi құжаттар" деген сөздермен толықтырылсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"аукционға қатысушылардың мүлiктi қарауын ұйымдастырады;";
4) тармақшада:
"әр лот бойынша" деген сөздер "мүлiк туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
"(аукцион мәнi, бастапқы бағасы, аукцион орны және уақыты)" деген сөздер "(аукционды өткiзудiң күнi, уақыты және орны, салық төлеушiнiң атауы, аукционға қысқаша тізімі мен жалпы құнын көрсетiп қойылатын мүлiк, бағалаушының қызметтерiн қоса алғанда төлеу шарттары, аукционға қатысу үшiн кепiлдiк жарнаның мөлшерi, аукционды ұйымдастырушының оған аударылуға немесе қолма-қол ақшамен енгiзiлуге тиiс арнайы шотының деректемелерi, аукционға қатысуға арналған өтiнiмдердi қабылдау мекен-жайы, уақыты мен мерзiмi, қажет болған кезде аукционды ұйымдастырушы қызметiне қосымша төлеу туралы шарт, аукционды ұйымдастырушының қалауы бойынша басқа да ақпарат)";
5) тармақшада:
"хабардар етедi" деген сөздер "хабарлайды" деген сөзбен ауыстырылсын;
"туралы" деген сөзден кейiн "ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық хабарлама жариялау жолымен" деген сөздермен толықтырылсын;
11-тармақтың екiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұл ретте бастапқы бағаны бағалаушының мүлiктi бағалау жөнiндегі есебiнiң деректерiне сүйене отырып, құрамы мен функцияларын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi айқындайтын комиссия анықтайды.";
13-тармақта:
", сатып алу-сату шартын жасасу күнi, уақыты және орны туралы" деген сөздер алынып тасталсын;
"аукционды ұйымдастырушы" деген сөз "салық қызметi органы" деген сөзбен ауыстырылсын;
22-тармақта:
"аукционды ұйымдастырушы мен салық төлеушi арасында келiсiлген" деген сөздер "осы Ереженiң 11-тармағында көрсетiлген комиссия анықтаған" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын:
"Егер бюджетке аударылуға тиесiлi сома салық төлеушiнiң билiк етуi шектелген мүлкiн тiзiмдеу актiсiнде белгiленген сомадан аз болса, мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмдi шығарған салық қызметi органы құндағы айырманы өтеу мақсатында мүлiктiң қосымша санына билiк етудi шектеу туралы шешiм шығарады. Бұл жағдайда аукционды ұйымдастырушының сыйақысы төленбейдi.";
26-тармақтың екiншi абзацындағы екiншi сөйлем алынып тасталсын;
27-тармақтың екiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұл ретте аукционды ұйымдастырушы екi жұмыс күнi iшiнде мүлiктi бағалауға және аукционды ұйымдастыруға кеткен шығындарды шегере отырып, арнайы бюджеттiк шотқа есептеу үшiн кепiлдiк жарнаның сомасын банкке немесе банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға енгiзедi.";
28-тармақта:
"кейiннен аудару үшiн сатушының банктiк шотына" деген сөздер алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы екiншi абзацпен толықтырылсын:
"Аукционды ұйымдастырушы сатып алу-сату шартын жасасқаннан кейiн екi банк күнi iшiнде кепiлдiк жарнасының сыйақысы сомасынан асатын мөлшерде оның бiр бөлiгiн бюджетке аударады. Кепiлдiк жарнасының сомасы аукционды ұйымдастырушы сыйақысының сомасынан аз болған жағдайда, оған айырманы жеңiмпаз мүлiктi сатып алу-сату шартында көрсетiлген деректемелер бойынша төлейдi. Бағалаушының қызметтер көрсетуiне ақы төлеудi мүлiкке ақы төлеу сомасынан жеңiмпаз төлейдi.".
32-тармақта:
екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Аукционды ұйымдастырушы салық қызметi органының салық төлеушiнiң салық берешегiн өтегенi туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде мүлiктi аукционнан алу туралы қатысушыларды хабардар етедi.";
мынадай мазмұндағы үшiншi абзацпен толықтырылсын:
"Бұл жағдайда бағалау мен аукционды ұйымдастыру бойынша жасалған барлық шығыстарды салық төлеуші өтейді.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі