Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу жөнiндегi агенттiгінiң мәселелерiн

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 18 қыркүйек N 1031

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру шаралары туралы" 2002 жылғы 28 тамыздағы N 931 Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi агенттігі (бұдан әрi - Агенттiк) туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi комитет таратылсын.

      3. Агенттiк төрағасының үш орынбасары болуына рұқсат етiлсiн. <*>
      Ескерту. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.11.11. N 1192 қаулысымен .

      4. Агенттiктi ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру 2002 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Агенттiкке берілетiн штат санының шегуiнде қайта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігін ұстауға арналған қаражат есебiнен жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      5. "Штат санының лимиттерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2002 жылғы 11 қаңтардағы N 39 қаулысына  мынадай толықтыру енгізiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген министрлiктердiң, агенттiктердiң және ведомстволардың штат санының лимиттерi:
      мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 24-жолмен толықтырылсын:
      "24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi агенттiгі 41".

      6. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметінiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 
2002 жылғы 18 қыркүйектегi    
N 1031 қаулысымен         
бекiтiлген            

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сатып алу
жөнiндегi агенттiгi туралы
ереже

      1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сатып алу жөніндегі агенттігі (бұдан әрi - Агенттiк) басқаруды және заңнамада көзделген шектерде арнайы атқарушылық және рұқсат етушi функцияларын, сондай-ақ тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетудi мемлекеттiк сатып алу процесiн салааралық үйлестiруi жүзеге асыратын Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы орган болып табылады.

      2. Агенттiк өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына , Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Агенттiк мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастыру құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi мен мөртабаны, белгiленген үлгiдегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң қазынашылық органдарында және банкiлерде шоттары болады.
      Агенттiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      Агенттiк, егер оған заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.

      4. Агенттiктiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      5. Агенттiктiң заңды мекен-жайы:
      473000, Қазақстан Республикасы,
      Астана қаласы, Әуезов көшесi, 126.

      6. Агенттiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi агенттiгi" мемлекеттiк мекемесi.

      7. Осы Ереже Агенттiктiң құрылтай құжаты болып табылады.

      8. Агенттiктiң қызметiн қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Агенттiктiң өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттерiн орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынас жасауға тыйым салынады.
      Агенттiкке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген жағдайда, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджет кiрiсiне жiберiледi.

2. Агенттіктiң негiзгі мiндеттерi, функциялары
және құқықтары

      9. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi:
      1) мемлекеттiк сатып алу саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзудi қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттiк сатып алу мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу және бекiту;
      3) мемлекеттiк сатып алу процестерiн үйлестiру және оның мониторингі;
      4) мемлекеттiк сатып алуға қатысушылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

      10. Агенттiк заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды:
      1) мемлекеттiк сатып алу саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеуi және iске асыруды қамтамасыз етудi;
      2) мемлекеттiк сатып алу процестерiн үйлестiрудi және оның мониторингiн;
      3) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердi жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды қорытуды және әзiрлеудi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтiк құқықтық кесiмдер қабылдауды;
      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды;
      5) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi жөнiндегi есептiлiктiң нысанын, оны жасау мен табыс етудiң тәртiбiн әзiрлеудi;
      6) мемлекеттiк сатып алу мәселелерi бойынша конкурстарды ұйымдастырушыларға әдiстемелiк материалдарды, үлгiлiк конкурстық құжаттаманы әзiрлеудi және бекiтудi, консультациялық көмек көрсетудi;
      7) сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасы мен көлемiне талдау жасауды;
      8) өзiне заңнамамен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      11. Агенттiктiң алдына қойылған мiндеттердi шешу және функцияларды жүзеге асыру үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) өз құзыретi шегiнде тапсырыс берушiлерден жоспарланып отырған, жүзеге асырылып жатқан және өткiзiлген мемлекеттiк сатып алу туралы есептiлiктi, оның iшiнде мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын сатып алу туралы есептiлікті, ақпаратты және материалдарды сұратуға және алуға;
      2) ұсынылған есептiк деректердiң дұрыстығын тексеруге;
      3) өз құзыретiнiң шегiнде мемлекеттiк сатып алуды, ұйымдастыру мен жүргiзу мәселелерi жөнiнде тапсырыс берушiлер орындауы үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдауға;
      4) мемлекеттiк сатып алудың ұйымдастырылуы мен оның жүргiзiлуiне бақылау жасауға;
      5) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейiн конкурстарды ұйымдастырушылардың, тапсырыс берушілер мен конкурстық комиссиялардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып қабылданған шешiмдерiн қайта қарау немесе олардың күшiн жою жөнiнде шешiмдердi қабылдауға;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған мәмiлелердi жарамсыз деп тану жөнiнде соттарға талап-арыз беруге;
      7) мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың мамандарын сараптамалар мен консультациялар жүргiзу үшiн тартуға;
      8) заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Агенттіктiң мүлкі

      12. Агенттiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.

      13. Агенттiк мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптастырылады,
сондай-ақ құны Агенттiктiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.

      14. Агенттiкке бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.

      15. Агенттiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi, егер заңнамалық кесiмдермен өзгеше көзделмесе, өз бетiмен оқшаулауға немесе оған өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

4. Агенттiктiң қызметiн ұйымдастыру

      16. Агенттiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
      Агенттiк Төрағасының, оның ұсынуы бойынша, Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.

      17. Агенттiктiң төрағасы Агенттiктiң жұмысын ұйымдастыру әрi оған басшылық етедi және Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауап бередi.

      18. Төраға осы мақсатта:
      1) Агенттiктiң құрылымын және Агенттiктiң құрылымдық бөлімшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      2) өзiнiң орынбасарлары мен Агенттiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкілеттiгiн айқындайды;
      3) заңнамаға сәйкес Агенттiктiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) заңнамада белгiленген тәртiппен Агенттiктiң қызметкерлерiне тәртіптiк жаза қолданады;
      5) бұйрықтарға қол қояды;
      6) мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Агенттiктiң мүдделерiн бiлдiредi;
      7) заңнамаға сәйкес өзге де өкiлеттердi жүзеге асырады.

      19. Агенттiк қабылдайтын шешiмдер Агенттiк Төрағасының бұйрығымен ресiмделедi.

      20. Агенттiк төрағасының жанынан консультативтiк-кеңесші орган болып табылатын Алқа құрылады. Алқаның сандық және жеке құрамын Агенттiктiң төрағасы бекiтедi.

5. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату

      21. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің  
2002 жылғы 18 қыркүйектегi     
N 1031 қаулысына         
қосымша             

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2001 жылғы 20 қаңтардағы N 87 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 1-2, 22-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 20 қаңтардағы N 87 және 2001 жылғы 9 ақпандағы N 214 қаулыларына өзгерiс пен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2001 жылғы 6 сәуiрдегі N 452 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 12 маусымдағы N 813 қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 22, 276-құжат).