Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң мәселелерi

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қыркүйек N 993 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесiн одан әрі жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2002 жылғы 28 тамыздағы N 931 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi қайта ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөніндегі агенттiгiнiң мүлкiн жедел басқару құқығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiне берсiн.
      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң қарауындағы ұйымдардың тізбесi бекiтiлсiн.
      3. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі штат санының лимиті оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескере отырып, 590 бірлік санында бекітілсін.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.09.09 N 1328 Қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.10.29 N 1136 (2010.11.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      4. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiн ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру қайта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесiн, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегі агенттігін ұйымдарды ұстауға республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен берілетін штат санының шегінде   жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2002.11.19 N 1221 Қаулысымен.
      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.04.01 N 314 қаулысымен.
      6. 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.09.09 N 1328 Қаулысымен.
      7. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi осы қаулыны іске асыру жөнiндегi өзге де қажеттi шараларды қабылдасын.
      8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнің         
2002 жылғы 11 қыркүйектегi  
N 993 қаулысымен       
бекітiлген          

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
Кеңсесi туралы
ЕРЕЖЕ

                        1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi (бұдан әрi - Кеңсе) мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiрудi, бақылау функцияларын және заңнамада әрi осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттiк құпияларды қорғау мен ақпараттық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып табылады.
      2. Кеңсе өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Yкіметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Кеңсе мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес банктерде шоттары, оның iшiнде валюталық шоттары болады.
      Кеңсе азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      Кеңсенің, егер заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлсе, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      4. Кеңсе өз құзыретiндегi мәселелер бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Кеңсе Басшысының бұйрықтары түрiнде кесімдер шығарады.
      5. Кеңсенің штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      6. Кеңсенің заңды мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Орынбор көшесі, 6, "Үкімет үйі".
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.14 N 320 Қаулысымен.
      7. Толық атауы: "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi" мемлекеттiк мекемесi.
      8. Кеңсенің құрылтайшысы мемлекет болып табылады.
      Кеңсе туралы ереже оның құрылтай құжаты болып табылады.
      9. Кеңсенiң қызметiн қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Егер Кеңсеге заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударылады.

2. Кеңсенің негiзгi мiндеттерi, функциялары
және құқықтары

      10. Кеңсенiң негізгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен Үкiметiнің қызметiн ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, құжаттамалық және өзге де қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттiк құпияларды қорғау саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру және мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегi мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру;
      3) мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегi құқықтық, әкiмшiлiк, техникалық және өзге де шараларды әзiрлеу, олардың iске асырылуын және сақталуын бақылау;
      4) мемлекеттiк органдарды ақпараттық-телекоммуникациялық қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесiн, оның iшiнде ақпараттық дерекқор құру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру;
      5) Yкiмет пен Премьер-Министрдің кесiмдерiн дайындау және атқару процесінде мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру;
      6) Мемлекет басшысының кесiмдерi мен Үкiметке берiлген тапсырмаларының, Yкiмет пен Премьер-Министр шешiмдерiнің, Премьер-Министр, оның орынбасарлары, Кеңсе Басшысы және оның орынбасарлары тапсырмаларының орындалу мерзiмiн бақылау;
      7) Премьер-Министр, оның орынбасарлары және Кеңсе Басшысы үшiн олар тиiстi құжаттарға қол қою не оларды келiсу туралы шешiм қабылдауы кезiнде оның нәтижелерi бойынша қорытындының ақпараттық-ұсынымдық сипаты болатын Үкiмет пен Премьер-Министрдің шешiмдерi жобаларының қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектiлерiне сараптама жүргізу.
      11. Кеңсе заңнамаға сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Премьер-Министр мен Үкiмет басшылығын ақпараттық-талдамалық, құқықтық, ұйымдық, хаттамалық, құжаттамалық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету;
      2) өз құзыретінің шегiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi Регламентiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
      3) Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Премьер-Министрiнің мүдделерін соттарда бiлдiру және қорғау, прокурорлық ден қою актiлерiн қарау, сондай-ақ мемлекеттік органдар дайындаған, Қазақстан Республикасының Yкіметiне ұсынылатын талап-арыздық өтiніштер мен талаптарға пiкiрлердің жобаларына сараптама жүргiзу;
      4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің iс қағаздарын, оның ішінде құпия, арнайы байланыс іс қағаздарын ұйымдастыру және жүргiзу, хат-хабарларды өңдеу, нормативтiк құқықтық кесімдердің талаптарына сәйкес Кеңседе құпиялылық режимiн, өткiзу және объектiшiлiк режимдi қамтамасыз ету;
      5) мемлекеттiк тiлде іс жүргiзудi кезең-кезеңімен енгiзу;
      6) Үкiмет мүшелерінің, агенттiктер мен акционерлік қоғамдар (ұлттық компаниялар) басшыларының ұсыныстары бойынша Үкiмет мәжiлiстерінде қарауға арналған мәселелерi тоқсан сайынғы тiзбесiн дайындауды ұйымдастыру;
      7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің мәжілістеріне күн тәртiбiн жасау, материалдар дайындау, Қазақстан Республикасының Үкiметi мәжiлiстерінің материалдарын, хаттамаларын ресiмдеу және жөнелту;
      8) Премьер-Министрде, оның орынбасарларында, Кеңсенің басшылығында кеңестер өткiзудi ұйымдастыру, кеңестердің материалдарын, хаттамаларын ресiмдеу және жөнелту;
      9) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің Регламентiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі енгiзетiн заңдардың және Қазақстан Республикасының Президенті кесiмдерінің жобалары бойынша, сондай-ақ Үкiмет, Премьер-Министр, оның орынбасарлары және Кеңсенің Басшысы қабылдайтын шешiмдердің жобалары бойынша қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектілерге сараптама жасау, сараптаманың нәтижелерi бойынша қорытындылар (анықтамалар) дайындау;
      10) Премьер-Министрдiң, оның орынбасарларының, Кеңсе Басшысының тапсырмалары бойынша Үкiметтің қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерінің жобаларын дайындау;
      11) Yкiметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкiмдерiн шығару, оларды жөнелту және сақтау;
      12) сараптама жасау барысында келiспеушiлiк туындаған және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Регламентiне сәйкес оларды жою жөнiнде тапсырма берiлген жағдайларда Үкiмет қаулыларының жобаларын жетiлдiру;
      13) Үкiмет пен Премьер-Министр шешiмдерінің жобаларын жедел жетілдiру және қол қоюға дайындау мақсатында оларға мемлекеттік органдардың вице-министрлерден (агенттiктер төрағаларының орынбасарларынан) төмен емес қызмет атқаратын лауазымды тұлғаларын шақыру арқылы Премьер-Министрдің орынбасарларында, Кеңсенің Басшысында және оның орынбасарларында хаттамалық кеңестер өткiзудi ұйымдастыру;
      14) Мемлекет басшысының кесiмдерi мен тапсырмаларының, Үкiмет кесімдерінің, Премьер-Министр мен оның орынбасарлары тапсырмаларының, Үкiмет мәжiлiстерінің хаттамалық шешiмдерінің орындалуын бақылау, осы мәселелер жөнiнде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрдi хабардар ету;
      15) мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру және тиiстi жылға арналған Үкiметтің іс-қимыл бағдарламасы бойынша iс-шаралардың және Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалуы жөнiнде Премьер-Министрді хабардар ету;
      16) Үкiметтің іс-қимыл бағдарламасының орындалу барысы туралы Үкiметтiң Қазақстан Республикасының Президентiне тоқсан сайынғы баяндамасын дайындауға қатысу;
      17) Мемлекет басшысының кесімдері мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасының Президентiне және оның Әкiмшiлiгiне ақпарат дайындауды ұйымдастыру;
      18) Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Премьер-Министрінің Парламентпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
      19) Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарларының тапсырмасы бойынша Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіне қаралатын мәселелер бойынша ресми ұстанымын Парламент депутаттарының назарына жеткiзу;
      20) Премьер-Министрді Үкiмет мүшелерінің атына түскен депутаттық сұрау салулармен жұмыс туралы хабардар ету;
      21) Премьер-Министр мен оның орынбасарлары үшiн тұтастай алғанда және аймақтар бойынша Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық жағдайы мен дамуын сипаттайтын материалдарды, сондай-ақ Премьер-Министрдiң тапсырмасы бойынша өзге де ақпаратты дайындау;
      22) Премьер-Министрдің бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысын қамтамасыз ету;
      23) мемлекетаралық қатынастар мен халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Үкiметi мүшелерінің қатысуы;
      24) Премьер-Министрдің және оның орынбасарларының халықаралық кездесулерін, келiссөздерi мен әңгімелесулерiн ұйымдастыруды, сондай-ақ олардың халықаралық iс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету;
      25) шетел мемлекеттерiмен ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссиялардың мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру және бақылау, халықаралық шарттарды, келiсiмдердi және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дайындау және iске асыру жөнiндегi жұмысқа қатысу;
      26) Үкімет басшылығын хабардар ете отырып, мемлекеттiк органдардың халықаралық шарттар мен келiсімдердi күшіне енгiзу жөніндегi мемлекетiшiлік рәсімдердi уақытылы орындауын ұйымдастыруға қатысу;
      27) Премьер-Министр үшiн дипломатиялық қатынастар ұстайтын шет елдердегi саяси және экономикалық ахуал туралы, шет елдермен ынтымақтастық жөніндегi үкiметаралық комиссиялардың жұмысы туралы ақпарат, сондай-ақ мемлекетаралық қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық жөнінде өзге де ақпарат дайындауды қамтамасыз ету;
      28) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау, жүйелеу және кодификациялау;
      29) мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимi және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру. Мемлекеттiк құпияларды және мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғау жүйесiн дамыту мен жетiлдiру;
      30) мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi құқықтық, әкімшiлік, техникалық және өзге де шараларды әзiрлеу, олардың Қазақстан Республикасының аумағында iске асырылуын және сақталуын бақылау;
      31) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк фельдъегерлiк қызметi" республикалық мемлекеттiк мекемесiне, "Ақпаратты техникалық қорғау орталығы" мемлекеттiк мекемесiне қатысты уәкілеттi органның;
      32) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2005.05.27 N 522 қаулысымен.
      33) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының электрондық құжат айналымы бiрыңғай жүйесiн құру жөнiндегi жұмысты үйлестіру;
      34) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, Премьер-Министр Кеңсесiнің Қазақстан Республикасының Үкiметi тағайындайтын немесе оның келiсiмi бойынша тағайындалатын саяси мемлекеттік қызметшiлер лауазымдарының және өзге де басшы лауазымды тұлғаларының тiзбесiне кiретiн кадрлармен жұмыстар жүргiзуге қатысу;
      35) Кеңсе кадрларының оқуын ұйымдастыру;
      36) Премьер-Министрдiң және Үкiмет мәжiлiстерінің, қажет болған жағдайларда Үкiметтің жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың қызметiн құжаттамалық қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету;
      37) Кеңседе азаматтар қабылдаудың тоқсан сайынғы кестесiн дайындау және ұйымдастыру;
      38) азаматтар мен заңды тұлғалардың жазбаша өтiнiштерiн қарау;
      39) оған заңнамамен жүктелген өзге де функциялар.
      12. Негiзгi мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында Кеңсе өз құзыретінің шегiнде мыналарға құқылы:
      1) Қазақстан Республикасының Парламентiнде және оның палаталарында Yкіметтің мүддесiн бiлдiруге;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың қарамағындағы кез келген, оның iшінде құпия ақпараттық деректер банкiн пайдалануға;
      3) Кеңсенiң қарауына жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен арнайы байланыс пен деректер беру жүйесiн пайдалана отырып, қызметтiк, оның ішінде құпия хат алмасуға;
      4) мемлекеттiк органдар дайындаған заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi кесiмдерінің, Yкімет қаулыларының және Премьер-Министр өкімдерінің жобалары бойынша сараптаманы және қорытындылар дайындауды жүзеге асыруға;
      5) Премьер-Министрдiң және оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерінің жобаларын дайындауға;
      6) заңнамада белгiленген жағдайларда Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерінің жобаларын оларды әзiрлеушiлерге қайтаруға;
      7) мүдделi мемлекеттік органдармен бiрге нормативтiк құқықтық кесiмдердің жобаларын келiсудің бар-жоғын бақылауға және ол болмаған жағдайда тиiстi жобаларды келiсу үшiн қайтаруға не олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Регламентiне сәйкес дауыс беру рәсiмiн өткiзуге;
      8) Үкімет шешiмдерiн талап етпейтiн мәселелер жөнiндегi хат-хабарларды тиiстi министрлiктерге, агенттiктерге және өзге де мемлекеттік органдарға жолдауға және қайтаруға;
      9) мемлекет органдардың Мемлекет басшысы, Yкімет және Премьер-Министр кесiмдерінің жобалары жөнiндегi, сондай-ақ қабылданған нормативтiк құқықтық кесімдердің орындалуы мәселелерi жөніндегi келiспеушiлiктерiн қарау бойынша кеңестер шақыруға;
      10) Кеңсенің нормативтiк құқықтық кесiмдердің жобалары бойынша ескертулерiн жою мақсатында кеңестер өткізiлген жағдайларда, оларға мемлекеттік органдардың вице-министрлерден (агенттiктер төрағаларының орынбасарларынан) төмен емес қызмет атқаратын лауазымды тұлғаларын шақыруға;
      11) әзiрлеушi сараптама жүргiзу барысында айтылған ескертулердi жоюға келiскен жағдайда мемлекеттiк органдармен - нормативтiк құқықтық кесімдердің жобаларын әзiрлеушiлермен бiрлесiп жұмыс тәртiбiмен Үкiметтiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнің жобаларын жетiлдiруге;
      12) Президенттің, Үкiметтiң, Премьер-Министрдiң, оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысының кесiмдерi мен тапсырмаларының орындалуына тексеру жүргiзудi ұйымдастыру мен оған қатысуға және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
      13) мемлекеттiк органдарда іс қағаздарын жүргiзу талаптарының орындалуы бойынша тексерулер, оның iшiнде құпиялылық режимiн қамтамасыз ету және құпия iс жүргiзілуін, сондай-ақ қорғаныс құралдарын және қорғалған баспа-бланк өнiмдерiн пайдалану жағдайын кешендi, тақырыптық және бақылау тексерулерiн жүргiзуге;
      14) Үкiметтің немесе оның басшылығының атына келiп түскен депутаттық сауалдарға жауап берудiң мерзiмдерiн бақылауды жүзеге асыруға;
      15) Үкiметтің, Премьер-Министр мен оның орынбасарлары тапсырмаларының орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн министрлiктер, агенттiктер, ведомстволар және өзге де мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілiгi туралы ұсыныстар енгiзуге;
      16) мемлекеттiк органдар алқаларының мәжiлiстерiне қатысуға;
      17) қаралатын мәселелер бойынша түсiндiруi үшiн мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың лауазымды тұлғаларын шақыруға;
      18) отандық және шетелдiк ұйымдарға елдің экономикасын реформалау мәселелерi бойынша ғылыми-зерттеу тақырыптары мен ақпараттық-талдау сипатындағы жұмыстарды әзiрлеуге осы мақсаттарға көзделген қаржы қаражатының шегінде тапсырыстар беруге;
      19) отандық және шетелдiк сарапшылар мен консультанттардың Қазақстан Республикасы Yкіметінің қызметiне қатысты мәселелер бойынша қызметтер көрсетуiн белгiленген тәртіппен пайдалануға;
      20) Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыныстар, оның ішінде мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiн құқықтық реттеу жөнiнде тиiстi шешiмдердiң жобаларын енгiзуге;
      21) өз құзыретінің шегiнде мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi болатын нормативтік құқықтық кесімдер, әдiстемелік және өзге де құжаттар әзiрлеуге, бекітуге және шығаруға;
      22) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсiздіктi қамтамасыз ету саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң талаптарын сақтау мәселелерi бойынша тексерулер жүргізуге және қажеттілігiне қарай Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне тексерулерде мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша белгiленген нормалар мен талаптарды өрескел бұзу фактiлерi анықталған мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда құпия сипаттағы жұмыстарды тоқтата тұру туралы ұсыныстар жолдауға;
      23) мемлекеттiк құпияларды қорғау және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдер талаптарының орындалмағаны үшiн мемлекеттiк органдар мен ұйымдар басшыларының жауапкершiлiгi туралы ұсыныстар енгiзуге;
      24) заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.
      13. Кеңсенің жауапты қызметкерлерi Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың жұмысына, сондай-ақ тиiсiнше Үкiметтің және Премьер-Министрдiң шешiмдерi бойынша құрылатын комиссиялар мен жұмыс топтарына қатыса алады.
      14. Кеңсенiң мемлекеттік органдардың қажеттi материалдар, мәліметтер беру жөнiндегi, сондай-ақ Үкімет пен Премьер-Министр шешiмдерінің жобаларын жетiлдiру жөнiндегi талаптары, егер Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Кеңсе Басшысының тапсырмаларында басқа орындау мерзiмдерi көрсетiлмеген болса, заңнамада белгіленген мерзiмде орындалуға тиiс.

                      3. Кеңсенiң мүлкi

      15. Кеңсенің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
      Кеңсенің мүлкi оған мемлекет берген мүлiктің есебiнен құралады және негiзгi қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Кеңсесiнің теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктен тұрады.
      16. Кеңсеге бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      17. Кеңсенiң бекітiлiп берiлген мүлiкті өз бетiнше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсiлмен билiк жүргiзуге құқығы жоқ.
     Кеңсеге мүлiкке билiк ету құқығы берiлген жағдайда, ол мүлде заңнамада белгiленген шекте билік етедi.

                  4. Кеңсенiң қызметiн ұйымдастыру

      18. Кеңсенi Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Кеңсенің Басшысы басқарады.
      Кеңсе Басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдерімен Кеңсенің мынадай қызметкерлерi қызметтерге тағайындалады және қызметтерден босатылады:
      1) Кеңсе Басшысының орынбасарлары;
      2) Кеңсенің құрылымдық бөлiмшелерiнің басшылары;
      3) Премьер-Министрдің көмекшiлерi мен кеңесшiлерi;
      4) Кеңсенің құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының орынбасарлары;
      5) бас инспекторлары.
      Кеңсенің өзге қызметкерлерi Кеңсенің Басшысы заңнамаға сәйкес
қызметтерге тағайындайды және қызметтен босатады.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.12.26 N 1298 Қаулысымен.
     19. Кеңсенің Басшысы Кеңсенiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды әрi Кеңсеге жүктелген мiндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауап бередi.
     20. Осы мақсатта Кеңсенің Басшысы:
     1) белгiленген штат санының лимитi шегiнде Кеңсенің құрылымы мен штат кестесiн, Кеңсенің құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелерi бекiтедi, олардың өзара iс-қимылын үйлестiредi;
     2) өз орынбасарларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
     3) заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi тағайындайтын адамдарды қоспағанда, Кеңсенің қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
     4) заңнамада белгiленген тәртiппен және өз құзыретінің шегiнде Кеңсенiң қызметкерлерiн көтермелейдi және оларға тәртіптiк жаза қолданады;
     5) Кеңсенiң құзыретіне жататын мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады;
     6) Кеңсенiң мүдделерiн мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда бiлдiредi;
     7) заңнамаға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады;
     8) Премьер-Министрдің Кеңсесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.10.21 N 1626 Қаулысымен.

               5. Кеңсенi қайта ұйымдастыру және тарату

     21. Кеңсенi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң         
2002 жылғы 11 қыркүйектегi 
N 993 қаулысымен      
бекiтiлген         

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Кеңсесiнiң қарауындағы ұйымдардың
ТIЗБЕСI

      Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.09.03 N 762, 2007.12.27 N 1304, 2010.03.01 № 152, 2010.05.07 № 396, 2010.06.07 № 532, 2010.12.14 N 1358 Қаулыларымен.

      1. "Ақпаратты техникалық қорғау орталығы" мемлекеттiк мекемесi.
      2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк фельдъегерлiк қызметi" республикалық мемлекеттік мекемесi.
      3. "Алмас" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны.
      4. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2010.12.14 N 1358 Қаулысымен.
      5. "Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы" мемлекеттік мекемесі.
      6. «Назарбаев Университеті» акционерлік қоғамы.

Қазақстан Республикасы  
Үкiметінiң        
2002 жылғы 11 қыркүйектегi
N 993 қаулысына    
1-қосымша      

      Ескерту. 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.09.09 N 1328 Қаулысымен.

Қазақстан Республикасы Yкiметінің
күшi жойылған кейбiр шешімдерiнiң
ТIЗБЕСI

       1. "Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 қаулысы.
       2. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi агенттiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 29 маусымдағы N 892 қаулысы.
       3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1301 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстердiң 18-тармағы.
      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 қаулысына өзгерiс пен толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 9 қыркүйектегi N 1353 қаулысы.
       5. "Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қарашадағы N 1645 қаулысы.
      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 6 қарашадағы N 1667 қаулысы.
       7. "Қазақстан Республикасының жекелеген мемлекеттік органдары штат санының лимиттерін өзгерту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 30 қарашадағы N 1815 қаулысы.
       8. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 және 1999 жылғы 3 қарашадағы N 1645 қаулыларына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 8 желтоқсандағы N 1878 қаулысы.
       9. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 2 наурыздағы N 345 қаулысы.
       10. "Дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi кеңестi құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 6 мамырдағы N 683 қаулысы 7-тармағының 2) тармақшасы.
      11. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қарашадағы N 1645 қаулысына толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 15 мамырдағы N 708а қаулысы.
      12. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 3 қарашадағы N 1645 қаулысына өзгерiс пен толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 29 маусымдағы N 971 қаулысы.
      13. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 20 мамырдағы N 592 және 1999 жылғы 3 қарашадағы N 1645 қаулыларына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң 2001 жылғы 17 қаңтардағы N 58 қаулысы.
      14. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қарашадағы N 1645 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 31 қаңтардағы N 145 қаулысы.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2002 жылғы 11 қыркүйектегі 
N 993 қаулысына      
2-қосымша        

      Ескерту. 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.09.09. N 1328 Қаулысымен.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің оған
ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің санын ескере
отырып штат санының лимиті

Атауы

Штат санының лимиті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескере отырып, оның ішінде:

636

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесіне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер, оның ішінде:

329

Ақпаратты техникалық қорғау орталығы

14

Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы

8

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі

307