Қазақстан Республикасында сексеуіл екпелерін сақтау жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 23 тамыз N 942

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 14-бабына сәйкес және сексеуіл ормандарын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының аумағында сексеуіл екпелерін кесу санитарлық кесу нормалары шегінде жүзеге асырылады деп белгіленсін.

      2. Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) санитарлық кесулерді қоспағанда, сексеуіл кесуге тыйым салу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдасын;
      2) санитарлық кесулерді жүргізу есебінен жергілікті халыққа сексеуілді отынға босатуды қамтамасыз етсін;
      3) Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен бірлесіп жергілікті тұрғындарды отынмен қамтамасыз ету үшін тез өсетін ағаш-бұта тұқымдарын өсіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырсын.

      3. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Орман, балық және аңшылық шаруашылығы комитетінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесіп сексеуіл екпелерін заңсыз кесуден қорғау жөніндегі шаралардың орындалуына тиісті бақылау орнатсын және оны қамтамасыз етсін;
      2) жергілікті халықты отынның баламалы түрлерімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

      4. "Сексеуіл ормандарын сақтау жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 29 сәуірдегі N 526 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 16, 172-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі