Балалар ауылындағы отбасы туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 11 желтоқсан N 1613

Қолданыстағы

      "Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және Жасөспірімдер үйлері туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы N 113-ІІ Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Балалар ауылындағы отбасы туралы ереже бекітілсін.
      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасы үлгісіндегі балалар ауылында күтіп-бағу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                     Қазақстан Республикасы
                                            Үкiметiнiң
                                    2001 жылғы 11 желтоқсандағы
                                        N 1613 қаулысымен
                                           бекiтiлген

                   Балалар ауылындағы отбасы туралы
                               ЕРЕЖЕ

                             Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi.
      2. Балалар ауылы бiрнеше отбасынан құралады, олардың әрқайсысында жасы он сегiзге дейiнгi жетiден он балаға дейiн, сондай-ақ жасөспiрiмдер үйлерiнен шыққан 23 жасқа дейiнгi балалар үйлерiнiң түлектерi мен балалар ауылының тәрбиеленушiлерi белгiлi бiр кезеңде тұрады және тәрбиеленедi.
      3. Отбасы мен балалар ауылы әкiмшiлiгiнiң өзара қарым-қатынастары балалар ауылының әкiмшiлiгi туралы ережеге сәйкес анықталады.
      4. Балалар ауылындағы отбасы - отбасылық қарым-қатынастарды нығайтуға және еңбек, оқу, тәрбие дағдыларын сiңiруге ықпал етуге арналған, бала тәрбиелеудiң жаңа нысанынан туындайтын мүлiктiк емес жеке құқықтармен және мiндеттермен байланысқан адамдар ортасы.
      5. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына тәрбиеленушi балаларға бiлiм беру мен тәрбиелеуде, емдеу-алдын алу және психологиялық-диагностикалық жұмыста әдiстемелiк көмек көрсетуге, сондай-ақ оларды күтiп-бағу, тәрбиелеу мен бiлiм алу жағдайларын бақылауды жүзеге асыруға, тәрбиешi-аналарға психологиялық-медициналық-педагогикалық мәселелер бойынша консультациялар беруге мiндеттi.
 
              Тәрбиеші ананың құқықтары мен мiндеттерi
 
      6. Тәрбиешi ана қызметке Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылындағы тәрбиешi-ана қызметiне конкурс өткiзу тәртiбi туралы ереже негiзiндегi конкурстық iрiктеудiң нәтижесiнде Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы әкiмшiлiгi басшысының бұйрығымен тағайындалады.
      7. Тәрбиешi ананың құқықтары мен мiндеттерi оның балалар ауылының әкiмшiлiгiмен жасалған жеке еңбек шартымен бекiтiледi.
      Негiзгi мiндеттерi:
      Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес баланы тәрбиелеу, оның денсаулығына, физикалық, психикалық, адамгершiлiк және рухани дамуына қамқорлық жасау;
      балаларды олардың ой-пiкiрлерiн әрi қорғаншылық және қамқоршылық органдарының ұсынымдарын ескере отырып, тәрбиелеу тәсiлдерiн айқындау;
      бiлiм беру мекемесiн және оқыту нысанын таңдау;
      балалардың жалпы орта бiлiм алуы үшiн жағдай жасау;
      оған берiлген балалар құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
      8. Еңбек демалысы кезiнде, ауырған және басқа да дәлелдi себептермен болмаған кезiнде тәрбиешi ананың қызметiн заңнамада белгiленген тәртiппен резервтегi тәрбиешi ана атқарады.
      9. Балаларды отбасында күтiп-бағу мен тәрбиелеудi Балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы үлгi шартына сәйкес тәрбиешi ана жүзеге асырады.
 
      Балаларды балалар ауылының отбасына iрiктеу тәртiбi
 
      10. Балаларды балалар ауылының отбасына iрiктеудi балалар ауылының әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен және қорғаншылық және қамқоршылық органы жолдамасының негiзiнде тәрбиешi ана жүзеге асырады.
      Балаларды балалар ауылының отбасына беру кезiнде қорғаншылық және қамқоршылық органдары олардың мүдделерiн басшылыққа алады.
      Балаларды отбасына беру олардың пiкiрi мен тәрбиешi ананың тiлегi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      Балалар ауылының отбасына беру кезiнде балалардың мүдделерiне қарай олардың этникалық шығу тегi, белгiлi бiр дiн мен мәдениетке жататындығы, ана тiлi, тәрбие мен бiлiм берудегi сабақтастықты қамтамасыз етудiң мүмкiндiктерi ескерiлуi тиiс.
      11. Ағалы-iнiлiлер мен апалы-сiңлiлер, медициналық немесе басқа да себептермен бiрге тәрбиелеуге болмайтын жағдайларды қоспағанда, бiр отбасына берiлуге тиiс.
      12. "Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес балалар ауылына берiлетiн әрбiр баланың құжаттарын бiрге бере отырып, қорғаншылық және қамқоршылық органдары тәрбиешi аналармен шарт жасасады.

              Тәрбиеленушінің құқықтары мен мiндеттерi

      13. Әрбiр тәрбиеленушi балалар ауылының отбасында он сегiз жасқа толғанша тұруға және тәрбиеленуге құқылы.
      14. Тәрбиеленушi:
      1) өзiнiң адамдық қадыр-қасиетiнiң құрметтелуiне;
      2) тәрбиешi ана тарапынан қамқорлық көруге және онымен бiрге тұруға;
      3) тәрбиешi ана және балалар ауылының әкiмшiлiгi тарапынан қиянат жасалуынан қорғалуға;
      4) отбасында оның мүдделерiне қатысты кез келген мәселенi шешу кезiнде өз пiкiрiн бiлдiруге;
      5) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты кез келген сот немесе әкiмшiлiк iс қарау барысында сөзiн тыңдатуға құқылы.
      15. Тәрбиеленушiнiң:
      1) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға, жекешелендiрiлген үйге, сый ретiнде алынған мүлiкке, басқа да заңды негiзде алған мұраға;
      2) банкiлiк салымнан пайыздар түрiнде алынған табысқа;
      3) өзiне тиесiлi тұрғын үйдi жалға беруден алған табысқа;
      4) шығармашылық, кәсiптiк, еңбек және өзге де қызметтен түскен табыстарға;
      5) ата-аналарынан алатын өзiне тиесiлi алиментке, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да жәрдемақылар мен төлемдерге құқығы бекiтiледi.
      16. Жасы онға толған тәрбиеленушiнiң пiкiрi:
      1) тәрбиешi ананың бiлiм беру мекемесi мен оқыту нысанын таңдау кезiнде;
      2) тәрбиешi ана отбасылық тәрбие мен бiлiм беруге қатысты мәселелердi шешуi кезiнде;
      3) сот баланы тәрбиешi анадан өздерiне қайтару туралы ата-аналардың талаптарын қарау кезінде;
      4) сот ата-аналардың ата-аналық құқықтарын қалпына келтiру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқанда;
      5) сот ата-аналардың ата-аналық құқықтарын шектеудiң күшiн жою туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда ескерiледi.
      17. Тәрбиеленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кезде, оның iшiнде балалар ауылының әкiмшiлiгi, сондай-ақ тәрбиешi ана оны күтiп-бағу, тәрбиелеу, жалпы орта және кәсiптiк бiлiм алу жағдайларын қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған не олар өз құқықтарын терiс пайдаланған жағдайда, баланың өз бетiнше құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, ал он төрт жасқа толғаннан кейін сотқа өтініш жасауға құқығы бар.
      18. Тәрбиеленушiнiң бұрынғы отбасына қайта оралуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      19. Балалар ауылындағы отбасының қызметi балалар мүддесi үшiн ұйымдастырылады және оларды әлеуметтiк қорғауға психологиялық-медициналық-педагогикалық оңалтуға және әлеуметтiк бейiмдеуге бағытталады.
      Мамандар: Багарова Ж.А., Қасымбеков Б.А.