Балалардың, жасөспiрiмдердiң және жастардың адамгершілігiнiң берiк
негiзiн, өсiмтал және сексуалдық саулығын қалыптастыру мақсатында
Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасындағы
адамгершiлiк-жыныстық тәрбие жөнiндегi тұжырымдама мақұлдансын.
2.
Ескерту. 2-тармақ алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2002.07.19. N 808
қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 21 қарашадағы
N 1500 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасындағы
адамгершілiк-жыныстық тәрбие жөнiндегi тұжырымдама
1. Кiрiспе
Қоғамның басым мiндеттерiнiң бiрi - балалардың, жасөспiрiмдердiң және жастардың өмiрi мен оқуы үшiн салауатты да қауiпсiз жағдай жасау, санаткерлiк, рухани және дене күшiн дамытуды қамтамасыз ету, адамгершiлiктiң берiк негiзiн әрi салауатты өмiр салтын қалыптастыру болып табылады.
Қазiргi уақытта республикада балалардың, жасөспiрiмдердiң және жастардың денсаулығына және адамгершiлiк мiнез-құлқына байланысты қолайсыз жағдай қалыптасты, олардың негiзгi себептерi мыналар:
жыныстық қарым-қатынас аясында адамгершiлiктiң аяққа басылуы;
денсаулықты сақтау мен нығайту жөнiндегi қажеттi бiлiмнiң болмауы;
үлкендердiң көмек көрсетуге қабiлетсiздiгi және әрбiр жасөспiрiмнің, жастың алдында туындаған сұрақтарға жауап бере алмауы;
жыныстық жолмен берiлетiн аурулар санының көбеюi;
кәмелетке толмағандар жүктілiгiнiң өсуi, оның салдары-аборт немесе көбiнесе баладан безiну мен әлеуметтiк жетiмдiкке, әкелiп соқтыратын жастай ана болу;
кәмелетке толмағандардың жезөкшелiгiнiң өсуi.
Соңғы он жылда жыныстық жолмен берiлетiн аурулармен (бұдан әрi - ЖЖБА) ауру күрт өстi және індет сипатына ие болды. Бұған бiр саяси, экономикалық жүйеден екiншiсiне көшу кезеңi, қоғамды басқарудың идеологиялық тетiктерiнiң әлсiреуi, жұмыссыздық деңгейiнiң өсуi, бұрыннан бар мұраттар мен моральдық қағидаттардың бұзылуы, жыныстық мiнез-құлық нормаларының өзгеруi ықпал еттi.
Ең алдымен өскелең ұрпаққа адамгершiлiк-жыныстық тәрбие беру жөнiнде мемлекеттiк және қоғамдық сипатта шұғыл шаралар қолдану олардың бойында жағымды-белсендi тұлғаны қалыптастыру, жасөспiрiмдерде болашақта берiк отбасылық қарым-қатынасқа бағытталған белсендi жеке ұстанымды орнықтыру, тәндiк және психикалық саулыққа ұмтылу қажеттігi туындайды. ЖҚТБ-ны қоса алғанда, ЖЖБА-ның алдын-алу, жөнсiз жүктілiк, жыныстық қылмыстар мәселелерi қоса шешілуi тиiс.
Бұл бағыттағы қызмет мемлекеттiң өз азаматтарының денсаулығын қорғау саласындағы басты басымдықтарының бiрi болып табылады.
Адамгершілік-жыныстық тәрбие тұжырымдамасы жастарға бiлiм берумен байланысты мәселелердi реттеуге ықпал етуi тиiс.
2. Проблеманың қазiргi жай-күйін талдау
Барлық халықтың өсiмтал және сексуалдық саулығын бағалау жөнiндегі көрсеткiш топтардың бiрi балалар, жасөспірiмдер және жастар болып табылады.
15-17 жасар жасөспiрiмдер, Алматы қаласының 20 мектебi мен лицейiнiң 9-11-сынып оқушылары арасында жүргiзiлген жасырын сауалдаманы талдау сұрау салынған жасөспiрiмдердiң 33,6%-ның жыныстық байланыстан тәжiрибесi бар екенiн, олардың 61,2%-ның тұрақты жыныстық қатынас жасайтынын көрсеттi. Сұралғандардың 0,8%-ның 12 жасқа дейiн жыныстық байланыстарда тәжiрибесi болса, жасөспiрiмдердiң 12,6%-ы оған 15 жасқа дейiн ие болған.
Жасөспiрiмдер жезөкшелiгi едәуiр етек алды, жыныстық қатынас жасайтын сұрау салынғандардың 40%-ы сексуалдық қызметi үшiн сыйақы алған немесе алады.
Сұрау салынғандардың 0,5%-ы өздерiнiң қалыптасқан гомосексуалдық бағдарларын хабарласа, 1,3%-ы өздерiнiң бағдарларын бисексуалдық деп бағалайды, 7,3%-ы жыныстық құштарлығының бағытын белгiлей алмаған. Сұралған жасөспiрiмдердiң 23,3%-ы айына 2-3 рет және одан да жиi iшiмдiктi, 4,3%-ы есiрткiнi пайдаланады.
Жасөспiрiмдердiң 24,8%-ы өздерiнiң мерезбен ауырғандарын зорлаумен байланыстырады, сонымен бiрге сұрау салынғандардың 10%-ы алғашқы жыныстық қатынасының зорлау арқылы жасалғанын айтады.
Жыныстық қатынасқа түскен жасөспiрiмдердiң 14%-ы венерологиялық аурулармен ауырған. Мұндай жағдайда олардың бiреуi ғана арнаулы мекемеде емделген, ал 9-ы (64%) медициналық емес құрылымдардың қызметiн пайдалануды немесе өзiне-өзi ем қолдануды артық көрген.
Қазiргi уақытта ЖЖБА-мен ауру республикада күрделi, үдемелi сипатқа ие болып отыр.
ДДҰ-ның ұсынымдары бойынша мерезбен ауру ЖЖБА-ның барлық тобы бойынша алдыңғы орын алатындығы мойындалды және ол ЖЖБА iндетiне бара-бар сипатқа ие болуда.
Республикада ауру проблемаларының сақталуы мен күшеюiне және оның сипаттарының нашарлауына байланысты мерезбен аурудың деңгейi жоғарылағаны: өз еркiмен медициналық көмекке жүгiнушiлердiң аз үлесi; қатысты адамдарды табу мен жауапқа тартудың азаюы; туа бiткен мерездiң өсуi; қаладағы сияқты ауылда да 14 жасқа дейiнгi балалар арасында мерезбен ауру деңгейiнің бiртiндеп өсуi байқалады.
Жасөспірiмдердің мерезбен ауруы Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында жиi байқалады.
0-ден 14 жасқа дейiнгi топта туа бiткен мерездің барлық жағдайы тiркелетiнiн, ал клиникаға негiзiнен 10-нан 14 жасқа дейiнгi мерезбен ауырған балалар түсетiнiн, олардың тек 12%-ы ғана сексуалдық жағынан белсендi екенiн ескерсек, 10-14 жастағылардың ауру деңгейiн сипаттайтын қарқынды көрсеткiштер бұдан да ұлғая түседi. Былайша айтқанда, 10-нан 14 жасқа дейiнгi балалардың саны 1620,6 мыңды құрайды, олардың 12%-ы сексуалдық жағынан белсендi немесе 194,5 мың, ал аурудың қарқынды көрсеткiшi 100 мың халыққа 239,6-дан келедi. Осы есептен алғанда сексуалдық жағынан белсендi мың баланың әрбiр екiншiсi мерезбен ауырған.
Ер балалардан гөрi қыз балалар ауруының өсуi алаңдатады, бұл әсiресе 15-17 жасар жасөспiрiмдер топтарынан байқалады. Шын мәнiнде жасөспiрiм қыздардың ауруы жасөспiрiм ер балалардың осындай көрсеткiштерiнен 2 есе асып түседi. 14 жастан жоғары жасөспiрiмдер тобындағы қыз балалардың тiркелген мерез аурулары санының бел алуы сексуалдық қарым-қатынастың коммерциялануымен байланысты.
Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарында гонореямен аурудың деңгейi күрт көтерiлгендiгi байқалды. Урогениталдық трихомониазбен және хламидиялық инфекциямен аурудың етек алуы алаңдаушылық туғызады. Жасөспiрiмдер арасында трихомониаздың таралу көрсеткiшiнiң жоғарылығы осы аурудың сол аймаққа тән болып отырғандығын көрсетедi. Осындай көрiнiс Атырау, Ақмола, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалатынын айту қажет.
Қаралған топтарда ЖЖБА бойынша аурудың көбеюiне балалардың сексуалдық белсендiлiгiнiң күшеюi әсер етедi. 14 жасқа дейiнгi балалармен салыстырғанда жасөспiрiмдерде ауру абсолюттық мәнiндегi сияқты оның өсу коэффициентiнде де көбiрек бiлiнедi.
Сөйтiп, өтпелi кезеңде қоғамды қайта құрушы экономикалық және әлеуметтiк алға басулар сексуалдық саулық жағдайында ең бiрiншi кезекте балаларға, жасөспiрiмдер мен жастарға салқынын тигiздi.
3. Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие
саясатының қағидаттары
Қазiргi кезде, мектепке дейiнгі бiлiмдi қоса алғанда, бiлiм беру ұйымдарының жүйесiнде адамгершiлiк-жыныстық тәрбиенің элементтерi енгiзiлiп отыр. Бiлiмнiң едәуiр көлемi жасөспiрiмдерге жоғары сыныптарда валеология сабақтарында, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттерiне арнайы курстарда берiледi. Сонымен бiрге адамгершілiк-жыныстық тәрбие саласында бiрыңғай нысаналы саясат, осы пәннiң мәнi не және әлеуметтiк әрi медициналық тұрғыдан қалай оқытылуы тиiс екенiн бiлдiретiн нақты айқындама жоқ.
Халықаралық тәжiрибе адамгершiлiк-жыныстық тәрбие мәселелерiмен тәрбиешiлер және педагогтар айналысатындығын көрсетедi. Дәрiгер тәрбие процесiне адамгершiлiк-жыныстық тәрбие мақсатына өзiнiң көмегi арқылы жететiн болғанда ғана араласуы керек. Медиктердiң мiндетi барлық сатыдағы педагогтарды балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың психикалық-физиологиялық даму ерекшелiктерiмен және "акселерация" сияқты ұғымдармен таныстыру болып табылады. Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие негiзiне салауатты өмiр салты жатады, сондықтан адамгершілік-жыныстық тәрбие қалыпты адамгершiлiк қарым-қатынастардан нәр алады. Ұрпақ тарату жөнiндегi ағартушылық iсi сексуалдық саулық мәселелерiнде қосалқы рөл атқаруға тиiс. Бiрақ ата-аналар мен педагогтардың бәрi бiрдей балалардың сұрақтарына дұрыс әрi ашық жауап бере алмайтындықтан, балалардың, жасөспiрiмдердiң және жастардың ұрпақ жалғастырудың биологиялық астарларын бiлуi қажет.
Осы айтылғандарды негiзге алғанда, адамгершiлiк-жыныстық тәрбиенiң мақсаты жас ұрпақтың бойына жынысаралық қарым-қатынастарда адамгершілiк құндылықтарды, өзiнiң тәндiк және психикалық саулығы мен жыныстық мiнез-құлқы үшiн жауаптылықты нысаналы түрде сiңiру жолымен жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Адамгершілік-жыныстық тәрбие мiндеттерiне мыналар жатады:
Қазақстан Республикасы азаматы жалпы тәрбиесiнiң бiр бөлiгi екенiне негiзделген адамгершілiк-жыныстық тәрбие саясатын қалыптастыру және оның денсаулығын сақтауына, неке мен отбасын мемлекеттiң қорғауына конституциялық құқығын қамтамасыз ету;
ата-аналарды, мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарды қоса алғанда, адамгершiлiк-жыныстық тәрбиенiң қатысушыларын және олардың мiндеттерiн анықтау;
бiлiм беру ұйымдарында адамгершiлiк-жыныстық тәрбиенiң кезеңдерiн әзiрлеу;
осы жастағы топтың және бүкiл қоғамның арнайы бiлiмдi неғұрлым қолайлы, демек тиiмдi қабылдауына жағдай жасау;
адамгершiлiк-жыныстық тәрбиенің сапасына бақылау ұйымдастыру.
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие қағидаттарына мыналар кiредi:
өзiн және басқаларды құрметтеуге, өз өмiрiнiң балалық шағынан балғын жастық арқылы ересек кезеңiне ауысу сенiмдiлiгiне, болашақта салауатты отбасын құруға бағытталған мемлекеттiк бағдарлама шеңберiнде оқыту өткiзу;
жасөспiрiмдер мен жастардың бойына оң бағдарларды дарыту үшiн барлық оңтайлы жағдайды немесе олардың үлгiлерiн пайдалану арқылы бағдарламаны тез меңгеру мүмкiндiгi;
өскелең ұрпақты даярлау кезеңдiлiгімен үйлесiмдегi нысаналылық және төте әрi керi байланыстар тетiгi;
берiлетiн ақпараттың соқыр сенiмнен және "қажетсiз сексуалдықтан" ада дұрыстығы;
ерте басталатын сексуалдық тәжiрибелердi көтермелемеу, өзiн және өзгелердi құрметтеу, адам сексуалдылығын, сексуалдық белсендiлiктi қоя тұрудың себептерiн түсiну;
рухани, моральдық және сезiмдiк даму мәселелерiн қоса алғанда, жыныстық мiнез-құлықты, жөнсiз тәуекел мен тиiстi бастапқы алдын алу шараларын нақты бiлу арқылы тәрбиеге бiрыңғай тұрғыдан келу;
оқытушы кадрлар даярлау тәрбиешiнiң баланың мiнез-құлқын еппен бағыттауға, оның туындаған мәселелерi мен проблемаларын абаймен және сыпайы шешуге көмектесуге деген ықыласын оятатын бiлiм берудi басқару үлгiсiн әзiрлеу;
бала даралығы мен оның дүниетанымының қалыптасу кезеңiне жатқызылатын пәннiң ақпараттылығы, қол жетiмділігі және айқындығы;
өсiмталдық проблемаларын шынайылықпен баяндау кезiнде сексуалдық құштарлықты қоздырмау, керiсiнше, осы процестiң артында тұрған моральдық астарларды, отбасын құру мен бала туудың маңыздылығын көре бiлуге икемдеу;
жөнсiз тәуекелдiң (жүктiлiк, ЖЖБА және т.б.) алдын алу.
Аталған қағидаттарды iске асырудың маңызды нәтижесi жасөспiрiмдер бойында жынысаралық өзара қарым-қатынастарда адамгершiлiк дағдыға айналатындай моральдық қасиеттердi тәрбиелеу болуы тиiс.
4. Негiзгi бағыттар
Бiлiм берудің әр кезеңi - бастауыш, негiзгi және орта мектептерде немесе кәсiптiк бастауыш, орта және жоғары бiлiм алған кезде - адамгершiлiк-жыныстық тәрбие жөнiндегi бiлiмдi меңгеруге және жетiлдiруге өз үлесiн қосуы тиiс.
Бiлiм беру ұйымдарында оқитындар:
сезiмге және өзара қарым-қатынасқа байланысты естiгендерiн талқылау кезiнде өзiне сенiмдi болуға;
жыныстық жетiлу кезеңiне дайын болуға;
зорлық қатерi төнген кезде үлкендердiң көмегi мен қолдауын сұрауға дайын болуға;
жасөспiрiмдердiң шешiмдерiн, пайымдауларын және мiнез-құлқын
айқындайтын оң құндылықтар мен моральдық шеңберлер қалыптастыруға тиiстi.
Бiлiм беру ұйымдары:
жасөспiрiмдердi жыныстық мiнез-құлықты ұғынуға, кездейсоқ жыныстық
байланыстан тартынудың пайдасын және қауiпсiз секстiң артықшылығын
түсiнуге үйретуге;
отбасын құрудағы өз рөлiн тануды үйретуге;
тәуекелге барудың (жөнсiз жүктiлiк, АҚТҚ/ЖҚТБ-ны қоса) алдын алу
жөнiнде ақпарат беруге және дағдыларды дарытуға;
жөнсiз немесе қауiптi секске қарсы тұра білудi үйретуге;
сексуалдық саулық мәселелерiнде қолдау мен көмек беретiн қызметтер
мен ұйымдар туралы бiлiм беруге;
қауiпсiз жыныстық мінез-құлықтың құқықтық мәселелері бойынша білiм
беруге;
адам өсiмталдығының негiздерi жөнiнде бiлiм беруге;
адам ағзасына жыныстық жолмен берiлетiн микробтар мен вирустардың
қандай зиян тигiзетiнi туралы бiлiм беруге;
өсiмталдық үрдiсiне гормональдық қатысу туралы бiлiм беруге;
ағзаның қорғану қуаты туралы бiлiм беруге тиiстi.
Колледждер мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттерiне адамгершiлiк-жыныстық тәрбие беру, болашақ ерлi-зайыптылардың психологиялық және физиологиялық үйлесiмдiлiктерiнiң әр түрлi астарларын, отбасын құруға дайындықтың тiкелей мәселелерiн, сондай-ақ адамның биологиялық, физиологиялық, психосексуалдық қасиеттерiн қоғамдық өмiрдiң белгiлi бiр құбылыстарымен қатынасын қоса алғанда, неғұрлым өзiне тән мәселелердi қозғауы тиiс.
Бiлiм беру ұйымдарында адамгершiлiк-жыныстық тәрбие жөнiндегi факультативтiк курсты, арнайы пәндi оқыту стратегиясы мына қағидаттарға құрылады:
бiлiм алушылармен (тәрбиеленушілермен) өзара қарым-қатынаста нақты ережелердi орнықтыру;
білiм алушылардың (тәрбиеленушiлердiң) тосын сұрақтары мен түсiндiрмелерiне дұрыс ден қоя бiлу;
пiкiрталастарды, рөлдiк ойындарды және т.б. пайдалану;
тақырыпты әзiрлеу кезiнде бiлiм алушылардың (тәрбиеленушілердiң) дербестiгiн көтермелеу.
Бiлiм беру ұйымдары балаларға, жасөспiрiмдерге және жастарға сексуалдық саулықпен жынысаралық өзара қарым-қатынасқа байланысты мәселелердi талқылауда, тыңдауда және ойластыруда сенiмдiлiктерiн дамытуға көмек беруi тиiс.
Бұл орайда жеке басқа тиiсуге, бiлiм алушыларды (тәрбиеленушiлердi) пiкiрталасқа мәжбүрлеп қатыстыруға болмайды.
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие саласындағы бiлiм беру және денсаулық сақтау ұйымдарының негiзгi мiндетi өскелең ұрпақтың бойында адамгершiлiктi, салауатты өмiр салтын, отбасын құруға негiзделген салауатты жыныстық мiнез-құлықты қалыптастыруға бағытталған оқытудың бекiтiлген бағдарламаларын iске асыру болып табылады.
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие мәселесi жөнiнде iргелi және қолданбалы зерттеулер жүргiзу педагогикалық және медициналық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламасын жетiлдiру қажет.
Бiлiм беру жағдайы тәрбиенiң әрбiр кезеңiнде материал қабылдаудың жастық ерекшелiктерiнен туындауы тиiс. Бұл орайда оқытудың барлық нысаны мен әдiсi: безендiру қолданатын сабақтар, "ой-зерде шабуылы", топтық пiкiрталастар, аудиокөру құралдары (плакаттар, бейнефильмдер және т.с.с.), рөлдiк ойындар, шытырман есептер және басқалар пайдаланылуы тиiс.
Адамгершілік-жыныстық тәрбиенiң негiзгi ұйымдастыру нысандары мыналар:
жаратылыстану-ғылыми пәндер шеңберiндегi сабақтардың (жаттығулардың) фрагменттерi және жеке сабақтар (жаттығулар);
факультативтiк сабақтар;
білім алушыларға (тәрбиеленушiлерге), педагогикалық және медициналық қызметкерлерге, ата-аналарға арналған семинарлар, тренингтер;
бiлiм алушылар (тәрбиеленушiлер), педагогикалық және медициналық қызметкерлер, ата-аналар үшiн арнайы орталықтарда өткiзiлетiн консультациялар және басқалар.
Педагог, медициналық қызметкер, ата-ана білім алушылардың (тәрбиеленушiлердiң) сұрақтарына нақты және анық жауап беруге дайын болуға, сондай-ақ әртүрлi жынысты білім алушылардың (тәрбиеленушілердiң) оқудың барлық кезеңiнде олардың өзара қарым-қатынастарындағы кез келген нақты көрiнiстерге дер кезiнде және дұрыс ден қоя бiлуi тиiс. Педагогикалық, профессорлық-оқытушылық ұжымның тiкелей бiлiм беру ұйымдарында жынысаралық қарым-қатынастың сипатына еппен ықпал етiп отыруы - жыныстық тәрбие жүйесiндегi маңызды әрi қажеттi элемент.
Жыныстық тәрбиенi жүзеге асыру кезiнде ұлттық-дiни және аймақтық ерекшелiктердi ескерiп отыру қажет.
Жынысаралық қатынастар денсаулық мәселелерiмен тығыз байланыста қарастырылады. Денсаулықты, оның iшiнде өсiмтал саулықты сақтау және нығайту үшiн жеке бастық өмiрдiң және дененi күтудiң жетiстiктерiн пайдалану қажет.
Республикалық және жергіліктi білім беру, денсаулық сақтау, iшкi iстер, қорғаныс басқару органдары бiлiм алушыларды (тәрбиеленушiлердi) даярлау сапасын бақылауды қамтамасыз етуге тиiс.
Тұтастай алғанда, адамгершiлiк-жыныстық тәрбие процесi:
білім алушылар (тәрбиеленушілер), педагогикалық және медициналық қызметкерлер, ата-аналар үшiн оқытудың бiрiздендiрiлген бағдарламаларын әзiрлеудi;
АҚТҚ/ЖҚТБ-ны қоса алғанда ЖЖБА-ның алдын алу саласында дәрiгерлердiң, психологтардың және мұғалiмдердiң қатарынан мамандар мен көмекшi мамандар даярлауды;
жасөспiрiмдердi, жастарды және ата-аналарды: өтпелi жас, қоғамдағы мiнез-құлық, жыныстық айырмашылықтар, биологиялық астар, өсiмталдық, сексуалдық саулық, ЖЖБА, АҚТҚ/ЖҚТБ-ның алдын алу проблемаларын қарастыратын базалық бағдарлама бойынша оқытуды;
ата-аналарды өздерiнiң үйлесiмдi жыныстық мiнез-құлқын дамыту дағдыларына және осы дағдыларды өз балаларының бойына дарыта бiлуге үйретудi қамтитын бiрнеше кезеңде жүзеге асырылуы тиiс.
5. Бiлiм беру процесiне қатысушылар
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие процесiне ата-аналар, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес бiлiм беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, жастар бiрлестiктерi және т.б. қатысуға тиiс.
Баланың дүниеге келгенiнен бастап азамат ретiнде қалыптасуына дейiнгі бүкiл кезеңде адамгершiлiк-жыныстық тәрбие мәселесiнде ата-ана, отбасы негiзгi болып табылады. Ата-ана өнеге көрсетедi, сондықтан адамгершiлiк-жыныстық тәрбие беруде негiзгi талаптар отбасына қойылуы тиiс. Жақын туыстық, достық, ыстық ықыласты қатынастардан туындайтын, өзара сыйластыққа негiзделген терең бауырмалдық, шексiз берiлгендiк, басқа жынысты адамға қызығу - осының бәрi балаларға отбасында сiңедi.
Ата-аналар өз балаларының адамгершiлiк-жыныстық тәрбиесiн жоспарлау және жүзеге асыру мәселелерiнде бiлiм беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта болуға тиiс. Балаларды жыныстық қарым-қатынас мәселелерiне үйретуде, өсудiң сезiмдiк және тәндiк астарларымен байланысты қиыншылықтарды шешу кезiнде, баланың сексуалдық тұрғыдан есеюiне байланысты мәселелерге балалардың жауапкершiлiк және дайындық сезiмiн тәрбиелеуде ата-аналардың рөлi аса маңызды.
Өз кезегiнде, ата-аналарға анатомия, физиология, психология, АҚТҚ/ЖҚТБ-ны қоса алғанда ЖЖБА-ның алдын алу мәселелерiнде қолдау және бiлiм керек.
Барлық ұйымның осы проблема бойынша қызметi өскелең ұрпаққа жоғары адамгершiлiк қасиетi бар азаматтар ретiнде қойылатын қазiргi талаптарға жауап бере алатын адамгершiлiк-жыныстық тәрбие беру бiрыңғай жалпы мемлекеттiк саясатын iске асыруға бағындырылуы тиiс.
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие саласындағы саясат ата-аналардың және жұртшылықтың мейлiнше барша қауымының пiкiрiн ескерiп отыруы тиiс.
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбие барлық оқушылар мен студенттер қауымын қамтуы тиiс.
Адамгершiлiк-жыныстық тәрбиенiң бiлiм беру бағдарламалары бiрiздi әрi жұртқа ұғынықты болуға тиiс.
Бiлiм беру ұйымдары адамгершiлiк-жыныстық тәрбие жөнiндегi жұмысты кiм және қалай жүзеге асыруға тиiстiгiн және ерекшелiгi бар мәселелердi қалай жариялау керектiгiн бiлiп отыруы тиiс.
Бiлiм беру ұйымдары жыныстық тәрбие мәселесiнде бiлiм алушылардың (тәрбиеленушiлердiң) қауiпсiздiгi мен амансаулығына жауап бередi. Бiлiм беру ұйымының басты мiндетi - негiз қалау, әдепсiздiк пен үйiрсектiктен жалтара отырып, тәрбиенiң осы саласына шектен тыс асығыстық сипат берместен, бiрақ сонымен қатар бiлiм алушылардың (тәрбиеленушiлердiң) ағзасындағы жас ерекшелiктерi мен физиологиялық өзгерiстер сипатын ескере отырып, жалпы мәнi бар бағдарларды орын-орнына қою.
Бiлiм беру ұйымдары адамгершiлiк-жыныстық тәрбие саласындағы өз қызметiн денсаулық сақтау органдарымен, жергiлiктi атқарушы билiк органының жанындағы кәмелетке толмағандар құқығын қорғау жөнiндегi комиссиямен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен бiрлесе отырып iске асырады.
Білiм беру ұйымдарының негiзгi мiндеттерiнiң бiрi бiлiм алушылардың (тәрбиеленушiлердiң) арасында АҚТҚ/ЖҚТБ-ны қоса алғанда ЖЖБА-ны бастапқы алдын алу тетiгiнiң iске асырылуы болып табылады.
Жоғары кәсiптiк бiлiм беру жүйесi адамгершiлiк-жыныстық тәрбие жөнiнде балалармен жұмыс iстейтiн педагог кадрлар даярлауды қамтамасыз етуге тиiс.
Кәсiби медиктердiң адамгершiлiк-жыныстық тәрбие жұмысына қатысуы мектептерге көмек көрсетуден, оқытушылардың рөлiн толықтырудан көрiнуi тиiс. Олар оқушылардың жыныстық тәрбиесiнiң өсiмталдық, сақтану мәселелерi, АҚТҚ/ЖҚТБ және ЖЖБА-ның асқынуы, консультативтiк және мамандандырылған көмек көрсету қызметi туралы оқушылардың медициналық бiлiмiн толықтырады.
Салауатты өмiр салты орталықтары балалар мен жастарға гигиеналық бiлiм және тәрбие бередi, салауатты өмiр салтын белсенділiкпен насихаттайды және ағзаға темекi шегуден, iшiмдiк, есiрткi пайдаланудан келетiн зиян туралы ескертедi, әрi бiлiм беру ұйымдарында осы бағыттар бойынша балалармен және жастармен жұмыс iстеудiң бағдарламалары мен жоспарларын құруға қатысады.
Iс-шараларды қаржыландыруды көзделген қаражат шегiнде республикалық
және жергiлiкті бюджеттердiң қаражаты, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың
көмек қаражаты, ұйымдардың және халықтың демеушiлiк көмегi, білiм беру
ұйымдарының өз қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы
келмейтін басқа да көздердің есебінен жүзеге асыру көзделеді.
Осы Тұжырымдаманың іске асырылуы балалардың, жасөспірімдердің және
жастардың адамгершілігі мен салауатты өмір салтының берік негізін
қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Мамандар:
Багарова Ж.А.,
Жұманазарова А.Б.