Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекеттерге беру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 23 қазан N 1355.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңы 27-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекеттерге беру ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2001 жылғы 23 қазандағы
N 1355 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік
мемлекеттерге беру ережесі

      1. Осы Ереже "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңының 27-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді (бұдан әрі - мәліметтер) шетелдік мемлекеттерге беру тәртібін белгілейді.

      2. Мәліметтерді шетелдік мемлекеттерге беру деп оларды шетелдік мемлекетке ресми жолмен жеткізу түсініледі.

      3. Мәліметтерді беру әрбір нақты жағдайда, егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттармен өзгеше көзделмеген болса, мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) оларды беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады.

      4. Мәліметтерді беру Қазақстан Республикасы мен шетелдік мемлекет арасындағы шарттарды орындау мақсатында жүзеге асырылады. Бұл ретте, шарттарда міндетті түрде мынадай жәйттер көрсетілуге тиіс:

      мәліметтерді қабылдауды (беруді), сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мен шетелдік мемлекеттің құзыретті органдары, оларда мәліметтерді пайдаланумен жұмыстар жүргізуге құқығының болуы;

      берілетін мәліметтердің Қазақстан Республикасындағы және шетелдік мемлекеттегі құпиялылық белгілерінің (дәрежелерінің) ара қатынасы, берілген мәліметтердің құпиялылық белгісін өзгерту немесе алып тастау тәртібі;

      қабылдаушы тараптың құзыретті органдарының берілген мәліметтердің салыстырмалы құпиялылық белгілерін белгілеу жөніндегі, сондай-ақ оларды аударған, көшірген немесе таратуға көбейту кезіндегі талаптар;

      мәліметтерді беру тәртібі, тасымалдау (салып жіберу) тәсілдері, алып жүру нысаны;

      берілетін мәліметтердің көздерін көбейту (тарату), жою және қайтару тәртібі;

      берілетін мәліметтерді қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес қорғау туралы міндеттемелер;

      берілетін мәліметтерді берген тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа таратпау туралы міндеттемелер;

      даулы жағдайларды шешу мен берілетін мәліметтерді рұқсатсыз таратудың орын алуы мүмкін залалды өтеу тәртібі.

      5. Мәліметтерді беру туралы шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары (бұдан әрі - өтініш беруші орган) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың басшыларына дәлелді ұсыныс жібереді, онда:

      мәліметтер кімге берілетіні;

      беру мақсаты;

      беруге жоспарланған мәліметтер тізбесі, олардың құпиялылық дәрежесі, оларды кім және қандай негізде құпияландырғаны (құпиялылық дәрежесі белгіленгені);

      мәліметтер қандай мерзімге берілетіндігі;

      мәліметтерді берген жағдайда орын алуы мүмкін экономикалық нәтиже және (немесе) таратқан жағдайда ықтимал залалды бағалау;

      қабылдаушы тараптың өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы залалды өтеудің көзделетін тәртібі жазылады.

      Дәлелді ұсыныс алған мемлекеттік орган оны қарайды және бір айлық мерзімде өз шешімін өтініш беруші органға жеткізеді.

      6. Дәлелді ұсыныс, басшыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың шешімдері, сондай-ақ мәліметтерді беруге тікелей қатысы бар халықаралық шарттар және басқа құжаттар сараптамалық қорытынды дайындау үшін уәкілетті органға жіберіледі.

      7. Уәкілетті орган осы мәліметтерді беру мүмкіндігі мен орындылығы туралы сараптамалық қорытынды шығарады.

      8. Қазақстан Республикасының мүдделерін сақтауды ескере отырып мәліметтерді беру мүмкіндігі туралы тұжырымдама бар уәкілетті органның сараптамалық қорытындысы, осы Ереженің 6-тармағымен көзделген материалдарды алған кезден бастап, бір айлық мерзімде өтініш беруші органға жіберіледі. Қосымша сараптама жүргізу қажет болған жағдайда сараптамалық қорытындыны дайындауды уәкілетті орган 10 күнге дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін, бұл туралы өтініш беруші орган хабарландырылады.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын уәкілетті органның сараптамалық қорытындысымен, басшыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерге билік ету жөнінде өкілеттік берілген мемлекеттік органдардың шешімдерімен бірге өтініш беруші орган белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      10. Егер, бұрын жасалған шартта осы Ереженің 4-тармағында жазылған талаптар көрсетілмеген жағдайда, шетелдік мемлекетке мәліметтерді беру туралы шешімнің жобасымен бірге Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық шарттарды жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы заңнамаға сәйкес қолданылып жүрген шартқа толықтырулар жобасы енгізіледі.

      11. Шетелдік мемлекет осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген шартты жасасудан бас тартқан жағдайда, мәліметтер беруге жатпайды.

      12. Мәліметтерді нақты беру шартпен және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген нормативтік құқықтық кесімдерімен көзделген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

      13. Мәліметтерді беру қолданылып жүрген шарттарға сәйкес дипломатиялық арналар, фельдъегерлік қызмет немесе әскери-курьерлік қызмет, сондай-ақ құжаттамалық шифрланған байланыс арналары органдары мәліметтерді алғандықтарын растайды.

      14. Көлемі едәуір мәліметтерді тасымалдау үшін тиісті құзыретті органдар әрбір нақты жағдайда тасымалдау тәсілдерін, бағытын және алып жүру нысанын белгілейді. Құзыретті органдар мұндай тасымалдаудың әрбір жағдайы туралы тиісті ақпарат алмасады.

      15. Берілетін мәліметтерді қорғау жөніндегі қосымша шаралар мәліметтерді қабылдауды (беруді), сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті органдармен жасалатын келісімдерде немесе шарттарда көзделуі мүмкін.

      Мамандар: Багарова Ж.А., Қасымбеков Б.А.