Қазақстан Республикасының телекоммуникациялар желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 17 тамыз N 1081

Қолданыстағы
      "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Z980233_ және "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Z944000_ Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. "Қазақстан Республикасында почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсіпкерлік қызметті лицензиялау, радиожиілік спектрін пайдалану тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 қарашадағы N 1443 P961443_ қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 48, 469-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсіпкерлік қызметті лицензиялау, радиожиілік спектрін пайдалану тәртібі туралы ережедегі:
      17-тармақ "саланың ерекшелігінен туындайтын талаптар, атап айтқанда;" деген сөздерден кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "жабдықтардың құрамында Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ететін сертификатталған ақпараттық-бағдарламалық және техникалық құралдардың болуы";
      18-тармақтың 1-абзацы "Лицензиардың" деген сөзден кейін "ұлттық қауіпсіздік мүддесінен, жедел-іздестіру шараларынан туындайтын, сондай-ақ" деген сөздермен толықтырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алты айлық мерзімде ведомстволық нормативтік құқықтық кесімдерді, сондай-ақ почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға бұрынырақ берілген лицензияларды осы қаулыға сәйкес келтірсін.
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) үш айлық мерзімде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету бөлігінде байланысты ұйымдастыру жабдықтарына қойылатын сертификаттық талаптарды әзірлесін және оларды Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетіне бекітуге және тіркеуге ұсынсын;
      2) Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар

министрлігімен бірлесіп, алты айлық мерзімде Қазақстан Республикасының 
телекоммуникациялар желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің 
аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдарын енгізу мен пайдалану 
кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл ережесін 
әзірлесін және оны қолданысқа енгізуді қамтамасыз етсін.
     4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     
     Қазақстан Республикасының
        Премьер-Министрі
     
     
Мамандар:
     Багарова Ж.А.
     Қасымбеков Б.А.