Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 6 наурыз N 333. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 маусымдағы № 381 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 13.06.2019 № 381 қаулысымен.

      Туризмнің ел экономикасындағы рөлін арттыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001-2002 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың

     

      тұжырымдамасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі

      Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып,

      2001 жылдың 1 қазанына дейін Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың

      2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлесін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 6 наурыздағы
N 333 қаулысымен
мақұлданған

      Қазақстан Республикасында туризмдi дамытудың тұжырымдамасы

      Кiрiспе

      Туризм әлемдiк экономикада басты рөлдiң бiрiн атқарады. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның (ДТҰ) деректерi бойынша ол әлемдегi жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi.

      Туризмнiң қазiргi индустриясы табысы жоғары және серпiндi дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бiрi болып табылады. 1999 жылы халықаралық туризмнің үлесi экспортқа шығарылатын дүние жүзiлiк табыстың 8 пайызын, қызмет көрсету секторы экспортының 37 пайызын құрады. Туризмнен түскен табыс мұнай, мұнай өнiмдерi және автомобиль экспортының табысынан кейiн тұрақты үшiншi орында келедi. Мұндай оң үрдiс жаңа мыңжылдықтың бас кезiнде де сақталады деп күтiлуде. Әлемдiк туристiк рыноктың дәстүрлi аудандары өзiнiң рекреациялық сыйымдылығының шегiне iс жүзiнде жеткендiктен, туризмнiң өсуi туристер баратын жаңа аумақтар есебiнен басым дамитын болады. Осыған байланысты, Қазақстанның әлемдiк туристiк рынокта өзiнiң лайықты орнын табуға бiрегей мүмкiндiгi бар.

      Қазiргi туризм еңбекшiлердiң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуымен байланысты болды, мұның өзi адамның демалуға және бос уақытын өткiзуге негiзгi құқығын тану болып табылады. Ол жеке адамды, адамдар және халықтар арасындағы өзара түсiнiстiктi дамытудың факторына айналды.

      ДТҰ, туризм жөнiндегi мамандандырылған халықаралық ұйымдардың зерттеулерiнiң талдауына, сондай-ақ мемлекеттердiң туризмдi дамыту саясатына сәйкес, туризм мемлекеттiң әлеуметтiк, мәдени және экономикалық өмiрiне тiкелей ықпал ететiн қызмет ретiнде түсiніледi.

      Қазiргi туризм - бұл әлемдiк экономиканың құлдырауды білмейтiн саласы. Мамандардың есебi бойынша, орташа есеппен, бiр шетелдiк туристiң беретiн табысын алу үшiн оған барабар, шамамен 9 тонна тас көмiр немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдiк рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикiзат сату елдiң энергия көздерiн азайтады, ал туристiк өндiрiс таусылмайтын ресурстармен жұмыс iстейдi. Шетелдiк экономистердiң есебi бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екi сағат болған кезде кемiнде 350 мың доллар немесе адам басына бiр сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтiп, шикiзат сату өзiндiк экономикалық тығырыққа тiрелу болса, ал туризмдi дамыту - ұзақ мерзiмдi, экономикалық тиiмдi болашақ.

      Туризм жалпы алғанда, мемлекеттiң экономикасына үш оң нәтиже бередi:

      1. Шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етедi және төлем теңгерiмi мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткiштерге оң ықпал жасайды.

      2. Халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседi. ДТҰ мен Дүниежүзiлiк туризм және саяхат кеңесiнiң бағалауы бойынша туризм өндiрiсiнде құрылатын әрбiр жұмыс орнына басқа салаларда пайда болатын 5-тен 9-ға дейiн жұмыс орны келедi екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.

      3. Елдiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседi.

      Туризм елдiң тұтас аудандарының экономикасына белсендi әсер етедi. Туризм саласындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң құрылуы және жұмыс істеуi жол көлiгiн, сауданы, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени, медициналық қызмет көрсетудi дамытумен тығыз байланысты. Сөйтiп, туризм индустриясы басқа экономикалық секторлардың көпшiлiгiмен салыстырғанда, неғұрлым пәрмендi мультипликаторлық тиiмдiлiкке ие.

      Туризм жеке және ұжымдық жетiлдiру құралы ретiнде жоспарлануы және тәжiрибеде iске асырылуы тиiс демалыспен, бос уақытты өткiзумен, спортпен, мәдениетпен және табиғатпен тiкелей араласуға байланысты қызмет. Мұндай жағдайда, ол өз бетiмен білiм алудың, толеранттықтың және халықтар мен олардың әр түрлi мәдениеттерiнiң арасындағы олардың өзгешелiктерiн танып-бiлудiң бiрден бiр факторы болып табылады.

      Туризмнiң жылдам және тұрақты өсуiн, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық секторлары мен қоғамның әл-ауқатына күштi әсерiн назарға ала отырып, Үкiмет Қазақстанның ұзақ мерзiмдiк даму бағдарламасында туристiк саланы басымдық ретiнде белгiледi.

      Осы Тұжырымдама туризм саласында тұтас мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды, Қазақстанда қазiргi заманғы бәсекеге қабiлеттi туризм индустриясының құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн қалыптастыруды көздейдi.

     

      Қазақстандағы туризмнің қазіргі жай-күйі және оны

      дамытудың проблемалары

     

      Қазақстандағы туризмнiң тарихи алғышарттары бiздiң д.д. үшiншi мыңжылдықта қалыптаса бастаған Ұлы Жiбек жолының қалыптасуы мен дамуы болып табылады.

      Қазақстан тәуелсiздiк алғанға дейiн туризм басқа да экономика салалары сияқты орталықтан қатаң регламенттелдi. Туристiк қызметтегi КСРО-ның негiзгi аймақтары Кавказ, Қырым, Балтық өңiрi, Ресейдiң, Орта Азияның тарихи орталықтары болды. Сонымен бiрге, Қазақстанның бiрқатар сәулет, археологиялық, мәдени ескерткiштерi мен табиғи көрнектi жерлерiнiң тарихи мәнiне іс жүзiнде жарнама жасалмады және сұраныс болмады. Кеңестiк кезеңде Қазақстандағы туризм идеологиялық қызметтi атқарған мәдени-ағарту жұмысы жүйесi элементтерiнiң бiрi болып саналды және оның басым рөлiне қарамастан, қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылды және елеулi экономикалық маңызға ие болмады.

      Қазақстанда туризм өндiрiсiнiң дамымай қалуының бiр себебi экономика саласы ретiнде онымен мемлекеттiк деңгейде тiкелей айналыспады. Туризмдi аумақтық ұйымдастыру және мемлекеттiк емес туристiк құрылымдарды кешендi болжауға, ұзақ мерзiмді жоспарлауға назар аударылмады. Туризм табысының үлкен бөлiгi жергіліктi бюджетке түсетiндiгiне қарамастан, жергiлiктi басқару органдарының тарапынан туристiк қызметтi басымдық деп танымауы саланы дамытуды тежеушi фактор болып табылады.

      Қазақстан тәуелсіздiк алғаннан кейін туристiк қызметтi реттеу мен халықтың тарихи және мәдени мұрасын қайта өркендету үшiн негiз қаланды.

      Бүгiнгi күнi бiздiң мемлекетiмiзде туризмдi дамыту "Туризм туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 3 шiлдедегi N 1508-ХII Заңымен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Түркi тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын iске асыру туралы, Ұлы Жiбек жолының Қазақстан Республикасындағы туристiк инфрақұрылымын дамыту жөнiндегi ЮНЕСКО және Дүниежүзілiк Туристiк Ұйымның жобасы туралы" 1997 жылғы 30 сәуiрдегi N 3476 U973476_ және "Жiбек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркi тiлдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау мен сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау" Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағдарламасы туралы" 1998 жылғы 27 ақпандағы N 3859 U983859_ Жарлықтарымен қамтамасыз етiледi.

      Осы құжаттарды қабылдау туризмнiң қазақстандық рыногын дамытуға оң әсер еттi.

      Туризм саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға жасалған қадамдардың бiрi - Қазақстанның 1993 жылы толығымен ДТҰ-ға толық мүше болып қабылдануы, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келiсiмдер жасауы болды. Бiрқатар келiсiмдердiң шет мемлекеттердiң Қазақстанды туристiк әлеуетi мол перспективалы серiктес ретiнде тану бастамасымен болғандығын атап өту керек.

      Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттiгiнiң 1999 жылғы дерегi бойынша елде 425 туристiк ұйым болды, оның iшiнде 6 мемлекеттiк кәсiпорын, 405 жеке меншiк нысанында және 14 шетелдiк туристiк агенттiк жұмыс iстедi. Қазақстандық кәсiпорындар 80 елдiң туристiк фирмаларымен шарттық қатынастар орнатқан. 4 алматылық, және 13 облыстық турфирма 8 мемлекетке чартерлiк әуе рейстерiн жүзеге асырады.

      Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларындағы туристiк фирмалар желiсi неғұрлым дамыған болып табылады. Осы облыстардың және қалалардың туристiк ұйымдары жыл сайын туристердің және экскурсанттардың 88 пайызына дейiн қызмет көрсетедi.

      Тұтастай алғанда, 1999 жылы барлық меншiк нысандарындағы кәсiпорындар 2410,5 млн. теңге сомасында, оның iшiнде мемлекеттiк туристік кәсiпорындар 57,3 млн. теңге, жеке меншiктегiлерi 2298,5 млн. теңге, шетелдiк фирмалар 54,7 млн. теңге сомасында өнiм сатты, жұмыстар орындады, қызметтер көрсеттi.

      Республика бюджетiнен түсетiн жалпы түсiмдердегi туристiк қызметтен түскен салық пен алымдардың үлесi 1998 жылы 0,1%-ды құрады. 1999 жылы статистикалық есеп беру үлгiсi бұл мәлiметтердi жинауды көздейдi. 1999 жылы 1998 жылмен салыстырғанда елдегi ЖIӨ-нiң туризмдегi үлес салмағының өсу үрдiсi байқалады, ол 1,1%-ды құрады.

      Туристiк ұйымдармен 1999 жылы барлығы 228,3 мың туристке қызмет көрсетiлдi, Қазақстанның туристiк фирмаларының қызметiн 55,9 мың шетелдiк азамат пайдаланды, бұл 1998 жылмен салыстырғанда 20,9 мыңға немесе 60%-ға көп. 1999 жылы қызмет көрсетiлген туристердiң жалпы көлемiнен шетелге туристердi жiберу 45%-ды құрады, iшкi туризм 30%, шетелдік туристердi қабылдау 24%, экскурсиялық қызмет көрсету 1% құрады.

      Қазақстандық туристердің неғұрлым көп баратын жерлерi: Ресей, Қытай, Германия, Корея Республикасы, Польша, Түркия, БАӘ. Бiздiң елiмiзге Ресейдiң, Қытайдың, Германияның, Корея Республикасының, Пәкістанның, Польшаның, Түркияның азаматтары жиiрек келедi.

      Туристiк қызметке жасалған талдау көптеген турфирмалардың сыртқа шығу туризмiмен айналысатындығын көрсеттi, ал бұл, бiрiншi кезекте, Қазақстаннан капиталдың жылыстауына әкеп соғады. Тек қана 1999 жылы 57,1 миллион АҚШ доллары республикадан тыс шетке шығарылған. Республика азаматтарының шет елге тауарлар сатып алу, кейiннен оны сату мақсатында баратын жолсапарлары, бұрынғысынша бұқаралық сипат алып отыр, ал шоп-туризм Қазақстандағы туристiк қызмет көрсету рыногының жай-күйiн анық көрсетедi. Ол экономикалық дағдарыс кезеңiнде туристік қызметке сұранысты жандандырып, көбiнесе туристiк фирмалардың тиiстi тәжiрибесiнiң және бiлiктi мамандарының жетiспеушiлiгiне байланысты туристер мен "чартер ұстаушылар" арасындағы делдалдық қызмет атқаруына елеулi көмек көрсеттi. Қазақстанның тұтыну рыногының төрттен бiрiн "қапшықтау" бизнесi тауарлармен толтырады және тұтастай алғанда, бiр мезгiлде тауар өткiзу мен сату жүйесiндегi 150 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етедi. Қазақстанның iшкi сауда айналымындағы жыл сайынғы "қапшықтау" саудасының көлемi шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайды.

      Сонымен бiр мезгiлде, шоп-туризм, ең алдымен, елiмiздiң бюджетiне керi әсер етедi. Туристiк бизнестiң секторларының бiрi ретiнде шоп-туризмнiң өсуi туристiк қызмет көрсетудiң деңгейiн көтеруге елеулi әсер ете қойған жоқ.

      Бүкiл өркениеттi дүние негiзгi туристер ағынын өздерiне тартуға ұмтылуда, себебi туризм мемлекет бюджетiнiң кірiс бөлiгiн толықтырудың маңызды көздерiнiң бiрi болып табылады. Сондықтан, Қазақстанға шетелдiк туристер ағынын көбейту қажет. Осы мақсатта туристiк ұйымдардың қызметiн, мұның өзi бiрiншi кезекте, көлiк құралдарының, орналастыру құралы, кадрлық қамтамасыз етудiң жай-күйiне байланысты, келушi туризмдi дамытуға қайта бағдарлау қажет.

      Көлiк. Бүгiнгi таңда Қазақстанның халықаралық авиажелiлерінің Германияға, Үндiстанға, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне, Түркияға, Италияға, Корея Республикасына, Венгрияға, Израильге, Қытайға, Таиландқа ұшуды жүзеге асыруға мүмкiндiгi бар. Iшкi және халықаралық рыноктарда жұмыс iстейтiн "Эйр Қазақстан" ұлттық тасымалдаушысы және басқа авиакомпаниялар авиа тасымалдарын жүзеге асырады. Туристердiң көпшiлiгi сервис және қызмет көрсету сенiмдiлiгi жағынан отандық тасымалдаушыларға қарағанда авиа рейстерiн жүргiзетін шетелдiк тасымалдаушылардың қызметiн пайдаланғанды жөн көредi, мұның өзi отандық тасымалдаушылар жасайтын авиа рейстер жолаушылар ағынын азайтатыны сөзсiз. Оның үстiне, авиабилеттер құнының қымбаттығы Қазақстанның туристiк өнiмнiң құнын өсiредi және тиiсiнше оның халықаралық рыноктағы бәсекелесу қабiлетiн төмендетедi.

      Автомобиль көлiгi шекаралас мемлекеттерге шоп-туризмдi ұйымдастыру және экскурсиялық бағыттарды ұйымдастыру үшiн пайдаланылады. Алайда, оны дамыту, тұтасымен алғанда, жолдардың жай-күйiне және туристiк көлiк құралдарына тиiстi техникалық қызмет көрсетiлуiне де байланысты болады. Республиканың автобус паркi қараусыз қалған, сонымен бiрге қазiргi заманғы жайлы автобустар жоқтың қасы, бұл туристерге қызмет көрсетудi жоғары деңгейде ұстауға мүмкiндiк бермейдi.

      Негiзгi темiр жол тасымалдаушысы "Қазақстан темiржолы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны 14 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Қазақстанның темiр жолдарымен транзитпен Қырғызстанның, Өзбекстанның, Ресейдiң, Тәжiкстанның және Түркiменстанның жолаушылар пайыздары өтедi.

      Келешекте экологиялық жағынан таза қоғамдық туристiк көлiктi дамытуға назар аудару қажет.

      Орналастыру құралы. Туристiк бизнестi шектеушi елеулi факторлардың бiрi туризм индустриясы материалдық базасының мүмкiндiктерiнiң төмендiгi болып табылады. Қазiргi уақытта, республиканың қонақ үйлерiнде, турбазаларында, кемпингтерiнде және басқа орналастыру объектілерiндегi сыйымдылық жүктеменiң 35%-ын құрайды. Сондай-ақ елдегi қонақ үйлердiң саны 1997 жылмен салыстырғанда, 40%, ал бiр жолғы керует-орынға сыйымдылық тиiсiнше 30%-ға төмендедi.

      Соңғы бес жылда 605 қонақ үй жабылды, 1999 жылы республикада 205 қонақ үй жұмыс істедi, нөмiр қоры небәрi 15%-ға ғана толтырылды.

      Облыс орталықтарында шетелдiк келушілерге сапасыз туристiк өнiм берудiң басты себебi тиiстi сыныптағы қонақ үйлердiң болмауы, ал қолдағы бар қонақ үй базасы 80 пайызға ескiрген, қонақ үйлердiң бiр бөлiгiнiң жай-күйі мүлде нашар және банкроттық жағдайда тұр, себебi олар 60-шы жылдары салынған.

      Талдау көрсеткенiндей, туристiк сыныптағы қонақ үйлердiң (2-3 жұлдызды немесе шағын және орташа мейманханалар) рентабельдiлiгi неғұрлым жоғары.

      Кадрлармен қамтамасыз ету. Туризм дамуындағы түйiндi мәселенiң бiрi туристiк кадрлар даярлау болып табылады. Қазiргi уақытта, Қазақстандағы мемлекеттiк, жеке және ресейлiк филиалдарды қосқанда, туризм менеджерлерін даярлайтын 28 жоғары оқу орны бар. Қазақстанда мұндай кадрлар даярлаудың негізi 1992 жылы қаланғандығына қарамастан, туристiк саланы мамандармен қамтамасыз ету әлi күнге дейiн қанағаттанғысыз жағдайда қалып отыр. Көптеген жоғары оқу орындарында мұның басты себебi Қазақстандағы туристiк әлеует туралы оқытушылар құрамының білiм және туристiк саладағы жұмыс тәжiрибесi, деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi болып отыр. Соның нәтижесiнде, мамандарды даярлау отандық туристiк-рекреациялық ресурстарды ұстау, туристердi қабылдау үшiн оларды пайдалану технологиялары мен ықтимал клиенттер арасында туристiк қызмет көрсетулердi атаулы жарнамалаудың әдiстемесi жеткiлiктi түрде ескерусiз жүргiзiлуде. Сондықтан, жоғары оқу орындары түлектерiнiң едәуiр бөлiгiнiң туроператорлық қызметтi толық атқаруға шамасы жетпейдi.

     

      Қазақстандық туристiк өнiм және оның әлеуетi

     

      Халық шаруашылығының саласы ретiнде туризм сұраным мен ұсыныстың нарықтық санаттарына сәйкес болуы тиiс өнiм шығарады. Осыған қатысты шетелдiк тұтынушыға бағдарланған халықаралық рынок пен Қазақстан азаматтарына арналған iшкi рыноктың ара жiгiн ажырата бiлу қажет.

      Халықаралық туристiк рынок бүгiнгi күнi миллиардтаған айналымы және қатаң бәсекелестiкте орасан зор механизмдi бiлдiредi, сондықтан, бiрiншi кезекте мiндет Қазақстанға ғана тән ерекшелiгi бар және сұраныс болатын туристiк өнiмдi (бұдан әрi - турөнiм) анықтау болып отыр. Соған байланысты рыноктың қандай сегменттерiнде қазақстандық турөнiмнiң жарқын болашағы бар екенi көрiнетiн болады.

      ДТҰ-ның ұсынымдарын ескере отырып жүргiзiлген талдау мен қазiргi тәжiрибенiң негiзiнде, қазақстандық турөнiмнiң екi базалық құрамдас бөлiгiн баса көрсетуге болады: Жiбек жолы бойындағы мәдени туризм (зиярат ету және дәстүрлi) және онымен тығыз байланысты экооқиғалы туризм (сафари, рафтинг, орнитологиялық, треккинг, аңшылық, балықшылық). Бұл ретте экооқиғалы туризм үшiн Жiбек жолы бағытымен өтетiн ресурстары бар аймақтарды: Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарын атап өткен орынды.

      Көрсетiлген басымдықтарға сәйкес бiрiншi кезекте игерiлетiн мынадай аудандар мен тiрек орталықтары анықталды:

      1. Іле (Алматы қ., Түрген с., Есiк қ., Талғар қ., Қаскелең қ., Ұзынағаш с., Қапшағай қ.).

      2. Солтүстiк Тянь-Шань (Кеген с., Нарынқол с., Жалаңаш с., Шонжы с., Көлжат с.).

      3. Жаркент-Талдықорған (Жаркент қ., Көктал с., Басши с., Текелi қ., Талдықорған қ., Жаркент-Арасан курорты).

      4. Балқаш (Балқаш көлi, Балқаш өңiрi с.).

      5. Солтүстiк Жоңғар (Достық с., Алакөл көлiнiң маңы, Лепсi с., Лепсi өзенiнің маңы, Жарбұлақ с., Көктұма с., Сарқант қ., Арасан-Қапал курорты).

      6. Жамбыл (Тараз қ., Мерке с., Мойынқұм ауданы);

      7. Түркiстан (Түркiстан қ., Тұрбат с., Отырар с., Шәуiлдiр с., Баба-ата с., Кентау қ., Шаян с.).

      8. Сайрам-Шымкент (Шымкент қ., Сайрам с., Арыс қ., Шардара қ., Сарыағаш қ., Ленгер қ., Ванновка с.).

      9. Жоғары Бұқтырма (Қатон-Қарағай с., Берiл с., Рахманов бұлақтары курорты, Марқакөл көлiнiң маңы).

      10. Маңғыстау (Фетисово с., Ақтау қ., Ералиев-Құрық а.п.).

      Бұдан басқа, басымдықты игеру объектiлерiне жатқызуға болатын қазiргi және құрылу жоспарланған мемлекеттiк ұлттық табиғат парктерi (МҰТП): "Іле Алатауы" МҰТП, "Алтын емел" МҰТП (Алматы облысы), "Ақсу-Жабағылы" МҰТП (Оңтүстiк Қазақстан облысы), "Баянауыл" МҰТП (Павлодар) облысы, "Қарқаралы" МҰТП (Қарағанды облысы), Щучье-Бурабай курортты аймағы базасындағы "Бурабай" және "Көкшетау" МҰТП, "Қорғалжын" мемлекеттiк табиғат паркi (Ақмола облысы) ландшафтарының көрiктілiгi, қол жеткiзiлуi, аумағының игерiлуi туризмдi ұйымдастыру тұрғысында тартымдылығының жоғары деңгейiмен сипатталады.

      Орталық Азия аймағындағы туризмнiң ерекшелiгiн ескеру қажет. Жiбек жолы және оқиғалы туризм сегменттерiнде шетелдiк туристердiң негiзгi ағыны барлық көрсетілген аймақтың iшiнде: Қазақстан, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық округi (ҚХР), Қырғызстан, Өзбекстан, Түркiменстанның шегiндегi ұдайы қозғалысына бағытталған.

      Сөйтiп, қазақстандық өнiм тек қана кешендi орталық азия турөнiмiнiң құрамында тиімдi ұсынылуы мүмкiн, бұдан мынадай қорытынды шығады:

      1. Турөнімнiң институционалдық элементтерi үкiметаралық деңгейде келiсiлуi тиiс.

      2. Қазақстандық турөнiм бiздiң аймақтағы көршiлерiмiздiң турөнiмдерiнен (ең болмағанда баға/сапа қатынасында) кем түспеуi тиiс.

      Қазақстандық туристiк өнiмнiң ерекше белгiсi оның сипатының маусымдығы болып табылады, бұл маусымнан басқа кезде нақты шаралар қабылдауды және туризмнiң баламалы түрлерiн дамытуды талап етедi.

      Жоғарыда көрсетiлген сегменттерге сәйкес инфрақұрылымның белгiлi бiр талаптары бар. Ол қарапайым, салыстырмалы түрде қымбат та, үлкен де емес (25-100 орын шегiнде) экологиялық таза жерлердегi бiр орында клиенттер 2-3 күн болуға есептелген туристiк бағыттарда орналастырылған объектiлер болуы тиiс.

      Қазақстанның бизнес-туризм сегментiнде белгiлi бiр болашағы бар. Бұл - ең алдымен Алматы, Астана, Атырау қалалары. Геосаяси жағдай мен табиғи шикiзат-ресурстары Қазақстанға бизнес және халықаралық конвенцияларға қатысу мәселелерi бойынша келушiлер бизнес туристер санын көбейтедi деген болжам жасауға мүмкiндiк бередi. Жоғарыда көрсетiлген орталықтардың инфрақұрылымы негiзiнен халықаралық стандарттарға сай келедi. Алматы қаласы республика үшiн стратегиялық (әуе, автомобиль, темiр жол) қақпасы болып табылады және негiзгi көшi-қон осы қала арқылы өтедi. Әртүрлi жиындар өткiзуге қолайлы ғимараттарынан және қонақ үйлерiнен басқа, қалада ойын-сауық құру үшiн барлық жағдай жасалған, сонымен қатар қала маңындағы радиусы 500 км жердегi аумақта тамаша рекреациялық аймақтар орналасқан. Астана қаласы осындай стратегиялық аймақ болып келедi. Бiздiң мемлекетiмiздiң жас ел ордасы ретiнде өзiндiк келбетi мен инфрақұрылымы бар қалаға деген қызығушылықтың күннен күнге артуы қалада халықаралық және iшкi туризмдi жылдам дамытуға қызмет ететiн болады.

      Турөнiмнiң маңызды құрамының бiрi көлiк болып табылады. Туристердi Қазақстанға алып келуде авиа қатынас басты рөл атқарады. Сондықтан, рынокта ұлттық авиа тасымалдаушының жағдаятын күшейту және дамыту мейлiнше маңызды мәселе болып табылады. Ұлттық авиажелілерде осындай бағыттағы рейстер ашу арқылы бәсекелестiк қабiлетi төмендеуiнiң нәтижесiн бейтараптандыру қажет.

      Республика аумағының кендiгiн ескере отырып, рыноктың көрсетiлген сегменттерiнiң көпшiлiк бөлiгiн құрайтын жеке туристердiң автобустар мен поездарда еркiн қозғалуға ұмтылатынын ескере отырып, сенiмдi автобус қатынасы мен темiр жол көлiгiнiң мәнi зор.

      Туристiк жағынан дамыған көпшiлiк елдерде туризмнен түскен жалпы табыстың 30-дан 50-ге дейiнгi пайызын iшкi туристiк рынок құрайды. Бұл ретте Қазақстанның болашағы зор. Сонымен бiр мезгiлде, қазiргi кезде iшкi туризм негiзiнен бейберекет күйде екенiн, ұйымдастырылмағандығын атап өткен жөн. Аздаған курорттар, санаторийлер және туристік базалар ғана жұмыс істеуде. Туризмнің осы түрiн дамытуға тиiстi көңiл бөлiнбей отырғандықтан, мемлекеттiң бюджетi қыруар соманы ала алмайды, инфрақұрылымның бұзылуы жалғасуда, табиғи, мәдени және тарихи ескерткiштердiң экологиялық жай-күйіне орасан зор нұқсан келтiрiлуде.

      Демалу құқығын пайдалануда халықтың аз қамтылған бөлiгi ретiнде әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн оқушыларға, жастарға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, соғыс және еңбек ардагерлерiне және өзге әлеуметтiк көмекке мұқтаж азаматтарға саяхат жасау үшiн жағдай жасау мақсатында мемлекет, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес қорлардан, басқа да қайырымдылық ұйымдары мен қорлар әлеуметтiк көмек көрсететiн бюджеттен тыс қаржыландыру көздерiнен қаражат бөлу арқылы әлеуметтiк туризмдi дамытудың экономикалық әлеуетi зор.

      Бұл ретте, әлемдегi демалыс түрлерi мен туризм өндiрiсiн пайдаланушылардың неғұрлым қарасы көп тобын құрайтын мүгедектер мен қарттардың, сондай-ақ осы бiр кеңейiп келе жатқан туризм индустриясы рыногының бiр бөлiгiне айналған балалы отбасылардың көптеген қонақ үйлерге, көлiк құралдарына және туристiк көрiкті жерлерге қолы жете бермейдi. Сөйтiп, туристiк ресурстарға қол жеткiзу туризмдi дамытудағы неғұрлым маңызды фактор болып табылады. Көптеген туроператорлар туристiк ресурстар мен қызмет көрсетулерге қол жеткiзу туристер санын көбейтуге мүмкiндiк беретiнiн бiле отырып, осыған қатысты шаралар қабылдау қажеттiлiгінiң мәнiн әзiрге түсiнген жоқ. Сондықтан, туристiк қорларға қол жеткiзудiң стратегиясы мен саясатын жiті әзiрлеу, туризм өндiрiсi қызметшiлерiнiң арнайы даярлық деңгейiн көтеру, мүгедек туристер талабы мен сұранысы туралы және әлеуметтiк-экономикалық дамудағы туризмнiң алатын маңызы жайында жұртшылықтың хабардар болуын арттыру қажет.

      Мемлекеттiк және жергілiкті басқару органдары шағын бизнес кәсіпорындарына, оның iшiнде әлеуметтiк туризм саласындағы қызметтi жүзеге асыратын кәсіпорындарға қолдау көрсету тәжiрибесiн жалғастыруы тиiс. Әлеуметтiк туризмге қатысты қайырымдылық, жебеушiлiк және демеушiлiк көтермеленуi тиiс.

      Әлеуметтiк туризмдi, оның ішінде өлкетану, спорттық, жеке, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, экологиялық туризмдi, отбасылық туризмдi, қарттарға және мүгедектерге арналған туризмдi, жастар және балалар мен жасөспiрiмдер туризмiн дамытудың тәрбиелiк және патриоттық маңызы зор.

      Осы мәселелердiң барлығын шешуде турөнiмдi қалыптастырудың институционалдық элементтерiнiң бiрiншi дәрежелi рөлi бар.

      "Қазақстан" деген фирмалық атауы бар турөнiмдi жылжыту, оның барлық компоненттерiн нақты анықтауды және рынок сегментiндегi орналасуын ғана емес, оны өткiзудiң барынша тиiмдi арналарын iздестiру, мақсатты рыноктарды (мысалы, Англия, Германия, Жапония және т.б рыноктарды) iздестiрудi талап етедi.

     

      Туризмдi дамыту саясатының мақсаттары мен қағидаттары

     

      Туризмдi дамытудың мақсаты:

      сапасы, халықаралық туристiк рынок жағдайында өндiруге, сатуға және бәсекелестiкке төтеп беретiн өнiм өндiруге және сатуға қабілеттi, рентабельдi туризм индустриясын құру жолымен туризмдi экономиканың табысы жоғары салаға айналдыру;

     

      республиканың туристiк әлеуетiн арттыру;

      тарихи-мәдени және табиғи-рекреациялық ресурстарды сақтау және ұтымды

      пайдалану;

      халықтың барлық жiктерiнiң туристiк ресурстарға қол жеткiзуiн

      қамтамасыз ету, туристiк қызмет көрсетуге деген сұранысты барынша

      қанағаттандыру;

      тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ынталандыру;

      мемлекеттік және жеке құрылымдардың туризм саласындағы өзара

      бiрлескен iс-қимылының тиiмдiлiгiн арттыру;

      шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту болып табылады.

      Республикада саланы дамыту мынадай қағидаттардың негiзiнде жүзеге

      асырылады:

      әрбiр адамның демалу және бос уақытын өткiзуге деген құқығын iске

      асыруы;

      халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара түсiнiстiк пен

     

      ынтымақтастықтың iзгілiк сипатын, бейбiтшiлiк пен сыйластық, нәсiлiне,

      жынысына, тiлi мен дiнiне қарамастан, адам құқықтары мен негiзгi

      бостандықтарын сақтау;

      әдiлеттiлiк пен егемендiк, саяси, экономикалық және әлеуметтiк

      жүйесiне қарамастан, мемлекеттердiң iшкi ісiне қол сұқпау;

      қоршаған ортаға және мәдени игiлiктерге ұқыпты қарау;

      әлеуметтiк тепе-теңдiк пен даму, жеке адам мен қоғамның игiлiгiн

      арттыру;

      туризмдi тұрақты дамыту.

      Алға қойылған мақсаттарды iске асыру үшiн мынадай мiндеттердi шешу

      қажет:

      туризм саласындағы мемлекеттiк саясатты жандандыру;

      туристiк қызметтi реттеу жүйесiн жетiлдiру;

      туризм индустриясының құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық

      негiздерiн одан әрi дамыту;

      туристiк рынокты демпингке қарсы және мемлекеттiк қолдаудың басқа да

      шараларын қабылдау арқылы қорғау;

      туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

      тартымды туристiк объект ретiнде Қазақстанның беделiн қалыптастыру;

      ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiру;

      туризм саласындағы ғылыми зерттеулердi тереңдету;

      туризм саласындағы қызмет көрсетудiң статистикалық есебiнiң

      әдiснамасын халықаралық стандартқа сәйкестендiру;

      туристік объектілерді қайта жаңғырту мен салу үшін отандық және шетелдiк инвестицияларды тарту жолымен туризм инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру;

      туристiк қызметтi стандарттау, сертификаттау мен лицензиялау негiзiнде туристерге қызмет көрсетудiң сапасын арттыру;

      туризм саласындағы кадрларды даярлау мен олардың білiктілiгiн арттыру жүйесiн дамыту;

      туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту;

      қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi шараларды қамтамасыз ету, терiс әлеуметтiк әсерлердi бәсеңдету және мәдени мұраны сақтау;

      туризм саласындағы келеңсiз үрдiстерден арылу.

     

      Туризмдi дамытудың негiзгi бағыттары

     

      Мақсаттар мен мiндеттерге сәйкес туристiк саланы дамытудың мынадай негiзгi бағыттары белгіленедi:

     

      Туристiк қызметтi мемлекеттiк реттеу

      Туризмдегi мемлекеттiк реттеу жүйесiн жетілдiру туристiк қызметтi жүзеге асырудың өзгерген әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға толық жауап беретiн мақсаттарына, қағидаттарына және міндеттеріне сай жаңа көзқарастарды талап етедi. Бүгiнгі таңда атқарушы билiк органдары мен туризм саласында әрекет ететiн ұйымдардың арасындағы өзара iс-қимылды реттеудегi мемлекеттiң рөлiн арттыру қажет. Саланы орталықтандырып басқару Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгiне жүктеледi.

      Туризмдi кешендi дамытудың табысты iске асырылуын қамтамасыз ету саланы мемлекеттiк басқару әдiстерiн дұрыс таңдауға тiкелей байланысты. Қазiргi уақытта, саланы мемлекеттiк реттеу мынадай шараларды жүзеге асыруға бағытталуға тиiс:

      республикалық және аймақтық деңгейлерде туризмдi дамыту саясаты мен жоспарлауды үйлестiру;

      туристiк индустрия саласындағы қарым-қатынасты ретке келтiру мен жетiлдiруге бағытталған заңнамалық және нормативтiк құқықтық базаны қамтамасыз ету;

      сапалы туристiк өнiмнiң ажырамас бөлiгi ретiнде туристердi қорғауды және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

      статистиканы және зерттеу қызметiн жетiлдiру;

      бiлiм және оқу стандарттарын қоса алғанда, туризмге арналған кадрларды кәсіптік даярлау;

      туризм саласында мүдделi министрлiктер мен ведомстволар, сондай-ақ мемлекеттiк және жеке секторлар арасында жоғары деңгейдегi үйлестiруді қамтамасыз ету;

      туризмдi дамытудың нақты аудандарында жердi пайдалануды және құрылыс салу нормаларын қолдануды бақылау;

      тарифтердi, туристiк ұйымдардың, тасымалдаушылардың қызметiн лицензиялауды, туристiк объектiлердiң сапасын және қызмет көрсетудiң стандарттарын бақылау;

      ел беделiн қалыптастыру, қазақстандық туристiк өнiмнiң маркетингi және жылжытылуы жөнiндегi басым шараларды белгiлеу, оның iшiнде туристiк көрмелердi және басқа iс-шараларды ұйымдастыру;

      халық арасында туризм құндылықтарын және қоршаған ортаны қорғауды насихаттау;

      халықтың түрлi әлеуметтiк-демографиялық санаттары мен топтары арасында әлеуметтiк туризмдi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау;

      визалық және кедендiк рәсiмдердi барынша оңайлату;

      мемлекеттiң туристiк көрнектi орындарын құру және қорғау;

      туризм инфрақұрылымының аса маңызды базалық компоненттерiн жасау.

     

      Туризм инфрақұрылымын дамыту

      Республикада жүзеге асырылып жатқан әлеуметтiк-экономикалық өмiрдi реформалау туризмдi және оның инфрақұрылымын толық қамти қойған жоқ. Туризмнiң материалдық базасының нашарлығынан Қазақстан жыл сайын миллиондаған долларды жоғалтуда, бұл туристiк салаға күрделi қаржыны, сондай-ақ отандық және шетелдiк инвесторлар қаражатын тартуды қажет етедi.

      Ұлттық туристiк өнiм ерекшелiгiн ескерiп, тұрақты туристер ағынын қамтамасыз етуге қабiлеттi елдiң туризм инфрақұрылымын дамыту үшiн:

      жалпы пайдалану және туристiк мұқтажды қанағаттандыру үшiн жол-көлiк инфрақұрылымын дамыту;

      iлеспе инфрақұрылымды: қолданыстағы және ықтимал туристiк аймақтардағы сумен, электрмен жабдықтау, кәрiздер және қатты қалдықтарды жою жүйесiн, телекоммуникацияларды дамыту;

      туристiк кешендердi, этнографиялық мұражайларды және демалыс аймақтарын құру;

      тарихи-мәдени және этнографиялық ескерткiштердi қалпына келтiру және мұражайға айналдыру;

      жыл бойы пайдаланылуын ескере отырып, туристiк объектiлер жобаларын оның iшiнде орташа және шағын орналастыру құралдарын жасау және оларды салу.

     

      Маркетинг стратегиясын әзiрлеу

      Ұлттық туристiк өнiм және оны дамытудың әлеуетiне сәйкес маркетинг стратегиясын әзiрлеу қажеттiлiгi бар.

      Маркетинг стратегиясын iске асыру мақсатында мемлекет мынадай мiндеттер белгiлеп отыр:

      сапалы туристiк қызмет көрсетудi ұсынатын туристiк орталық ретiнде Қазақстан туралы туристер жiберiлетiн негiзгi елдерде жағымды пiкiр қалыптастыру;

      Қазақстанды ерекшелейтiн сипаттамаларға және артықшылықтарға негiзделген маркетингтiк iс-шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру;

      қосымша мүмкiндiктер бере отырып, төлем қабiлетi жоғары деңгейдегi туристердi тарту;

      жеке сектордың маркетингтiк жұмысына қолдау көрсету;

      Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, Жапония және т.б. туристер ағынының дәстүрлi рыноктарына ұлттық туристiк өнiмнiң енгiзiлуiн күшейту;

      рыноктың жаңа сегменттерiн айқындауға бағытталған зерттеулер жүргiзу;

      ел аумағында орналасқан көрнектi туристiк орындар мен объектілердiң бүкiл ауқымын әлемдiк рынокқа жылжыту;

      ғылыми негiзделген өткiзу әлеуетiн ескере отырып, республика аумақтарына туристiк ағынның теңдестiре бөлiнуiн қамтамасыз ету;

      жыл iшiнде туристiк инфрақұрылымның бiрқалыпты жүктемесiн қамтамасыз етуге бағытталған маркетингтiк және бағалық тәсiлдердi қолдану арқылы туризмнiң маусымдық жылжытылуын күшейту;

      ұлттық туристiк өнiмдi жылжытудың жаңа ақпараттық технологияларын пайдалану;

      туризмдi дамытудың тұрақты сипатын насихаттау қажет.

     

      Қазақстанның туристiк бейнесiн қалыптастыру

      Жерлерi Ұлы Жiбек жолының учаскесiнде сан алуан тарихи оқиғалардың ғасырлар бойғы куәгерi ретiнде Қытай мен Еуропаны жалғастырып жатқандығына қарамастан, Қазақстан әлi де болса, туристiк бағыт ретiнде әлемге танымал бола қойған жоқ.

      Қазақстанның тартымды туристiк беделiн құру тиiстi кең ауқымды шаралар кешенiн әзiрлеулi талап етедi.

      Беделдi көтерудiң негiзгi iс-шаралары Қазақстанның туристiк фирмалары мен агенттiктерiнiң халықаралық туристiк көрмелерге, жәрмеңкелер мен конференцияларға, оның iшiнде ДТҰ тарапынан өткiзiлетiндерiне қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында осыған ұқсас iс-шаралар ұйымдастыру болуға тиiс. Қазақстанды Еуразияның қоғамдық және мәдени құбылыстар орталығына айналдыруға ықпал ететiн конгрестiк туризмдi дамытудың маңызы бар.

      Туризмдегi халықаралық ынтымақтастық ЮНЕСКО және ДТҰ-ның Ұлы Жiбек жолына байланысты жобаларын әзiрлеу мен iске асыруға қатысу, шет мемлекеттермен екiжақты және көпжақты келiсiмдер жасасу арқылы жүзеге асырылады.

      Елдiң туристiк беделiн қалыптастыруда республика аймақтарында және шет елдерде туристiк ақпараттық орталықтарды ұйымдастыру да маңызды рөл атқарады. Туристiк ұйымдар мен Қазақстан Республикасының шетелдердегi дипломатиялық өкілдіктерiнiң өзара бiрлескен iс-қимыл жасау тәжiрибесiн пайдалануға лайықты назар аудару керек. Елдiң туристiк әлеуетiн жарнамалауда ұлттық авиатасымалдаушы мен басқа да көлiк кәсiпорындары пәрмендi көмек көрсете алады.

      Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудиобейне жарнама материалдарын шығару және белсендi түрде тарату қажет. Қазақстанға туристердi тартуға өлкетану жарияланымдары, жарнама-баспа қызмет, оның iшiнде туристiк фирмалар мен қонақ үйлердiң жарнама-баспа қызметi өз ықпалын тигiзедi. Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға, оның ішiнде Интернет жүйесiнде Қазақстанның туристiк фирмаларының WЕВ-сайттарын құруға айрықша мән беру қажет.

      Туристiк ағынды жөнелтушi елдердiң туристiк агенттiктерi мен бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiне арнап Қазақстан бойынша танысу саяхаттарын ұйымдастырудың тиiмдiлiгi мол болады.

      Қолайлы туристiк беделдi құруға Қазақстанда халықаралық дәрежеде әртүрлi мәдени, спорттық және туристiк іс-шаралар өткiзу ықпал етедi.

      Қазақстанның туристiк беделiн қалыптастыруда есепке алудың компьютерлендiрген бiрыңғай жүйесiн іске қоса отырып, республика аумағына шетелдік азаматтардың кiруi, шығуы мен болуы тәртiбін, визалық және кедендiк рәсімдердi оңайлатудың зор мәнi бар.

      Сондай-ақ, қонақжай республика беделiн жасауға туристер жиі болатын орындарда қазақша, орысша мәтiндеріне латын транскрипциясымен қоса берілген ақпараттық таблолар мен жазбалардың жасалуы мен орнатылуы өз септiгiн тигiзедi.

      Елде халықаралық туризмдi одан әрi дамытуды ынталандыру, мемлекеттің туристiк әлеуетiнiң әлемдiк туристiк рыноктағы тұсаукесерiн өткiзу жөнiндегi жұмысты күшейту Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 26 қазандағы N 1604 қаулысымен бекiтiлген Қазақстанның туристiк беделiн қалыптастыру жөнiндегi 2000-2003 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын iске асыруды қамтиды. Оған Қазақстанға туристер тарту жөнiндегі көпжақты қызмет және халықаралық туристiк рынок жүйесіндегi елдi интеграциялау кiредi.

     

      Туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      Қауіпсiздiк туризмдi дамытуға, ең алдымен келушілер ағынын көбейтуге немесе азайтуға әсер ететiн басты фактор.

      Туристің қауiпсiздiгi мемлекет саясатына, турфирмалар қабылдайтын шараларға, сондай-ақ туристiң жеке басының iс-әрекетiне тiкелей байланысты.

      Тұтынушыға туристiк сапар барысында қорғау мен қауіпсiздіктi қамтамасыз ету жөнінде ақпарат беру оған қауіпсіздiктi басқа да тауарлар мен қызмет көрсетулермен бiрге қауiпсiздiк пен сапа баға тұрғысынан алып қарағанда, маңызды элемент болып саналатын және салыстыруға тұрарлық туристiк өнiмнiң ажырамас бөлiгi ретiнде ұғынуға көмектеседі.

      Мемлекеттiк органдар, туристiк ұйымдар мен халықаралық ұйымдар саяхатшылардың денсаулығы үшiн қауiп тудыратын табиғи апаттан, әлеуметтік тәртіпсіздiктер, террорлық әрекеттер, көлік жұмысындағы елеулi iркілiстер, iндет және басқа факторлар сияқты туризмге ықтимал қауіптер туралы ақпарат береді.

     

      Кадрларды даярлау мен ғылыми қамтамасыз ету

      Қызмет көрсетумен байланысты және табыстылығы едәуiр дәрежеде осы салада жұмыс iстейтiн кадрлардың сапасына байланысты болатын қызмет - туризмде адамдар ресурсын жоспарлау айрықша мәнге ие.

      Қазақстандағы тиімдi туристiк салаға сәйкес кадрлар әлеуетiн қалыптастыру үшiн:

      жаңа буындағы "Туризм" мамандығы бойынша жоғары кәсiптiк бiлiмнiң мемлекеттiк стандартын әзiрлеу;

      туристiк кадрларды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында туристiк қызметтiң әртүрлi қажеттiлiгi мен даму деңгейін ескере отырып, мамандануын анықтау;

      мамандарды оқытуда олардың отандық туристiк ресурстарды игеруiне, оларды пайдалану әдiстерiне, жаңа ақпараттық технологияларды бiлуіне, тiлдiк дайындауға негiзiнен иек арту;

      орта арнаулы оқу орындарында бiрiншi деңгейдегi туристiк қызметшiлердi даярлауды ұйымдастыру;

      жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында туристiк сыныптар, секциялар мен үйiрмелер құруға көмектесу;

      бұдан бұрын таратылған балалар мен жасөспiрiмдер туризмiнiң республикалық және аймақтық станцияларын қайта қалпына келтiру;

      Ұлы Жiбек жолының (1700 км) қазақстандық учаскесiндегi туристiк-рекреациялық қорларды қайта жаңғыртуға және түгендеуге, зерттеу жұмыстарына ерекше назар аудару қажет.

      Қазiргi заманғы туризм индустриясын құру саланы дамыту проблемаларын, туризм рыногы дамуының құрылымын, тетiгi мен заңдылықтарын ғылыми тұрғыда зерделемейінше, сондай-ақ саланы дамытудың ғылыми қамтамасыз ету жүйесiн құрмайынша мүмкiн болмайды. Дегенмен, Қазақстанда бұл мәселелер туризм экономикасын зерттеушiлер үшiн әлi күнге игерiлмеген "тың" күйінде қалып отыр.

      Әлi күнге дейiн ұлттық экономика теориясында туризм халық шаруашылығының толыққанды саласы және ғылыми жағынан талданатын пән ретiнде қарастырылмайды. Сол себептi республикада аталған тақырып бойынша ғылыми әдебиет аз шығарылады. Бұған қоса, Қазақстанда Кеңес кезеңiнен берi "туризм" деген ұғым елеулi табыс түсiретiн экономика саласынан гөрi спортпен және денсаулықты нығайтумен жиi байланыстырылады.

      Ең алдымен, Қазақстан Республикасының рекреациялық ресурстарын түгендеу және олардың мониторингi жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Экономиканың саласы ретiнде туризмдi ғылыми қамтамасыз ету үшiн оны болжауда және дамытуда тиiстi Ғылыми құрылымдар қажет. Проблеманы шешудiң ықтимал шешiмi ретiнде туризмнiң ғылыми-зерттеу институтын құру ұсынылады.

      Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi Жоғары аттестациялық комитетінің (ЖАК) ғылыми мамандықтары тізбесіне "Туризм географиясы", "Туризмнiң педагогикасы мен психологиясы", "Туризмнiң құқықтық негiздерi" жаңа ғылыми бағыттарды енгiзудiң қажеттігі пiсiп-жетілді. Бұл республикада ғалымдар контингентiн құруға және туризмдi дамытудың ұйымдастыру мен басқарудың, дамытудың мәселелерi мен проблемаларының бүкiл кешенiн ғылыми зерттеумен қамтуға мүмкiндiк бередi.

      ЖАК-тың номенклатурасындағы және Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жiктемесiндегi мамандықтар атауын бiрiздендiру қажет, бұл ғылыми зерттеулер жүргiзу және осындай зерттеулер үшiн кадрлар даярлаудағы бiрiздiлiктi күшейтуге ықпал ететiн болады. Сондай-ақ, туристiк мамандық пен мамандандыруды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң тарифтендiру анықтамалықтарымен

     

      сәйкестендiру қажет.

      Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасында туризмдi дамытудың негiзгi

      мақсаттарын, мiндеттерiн және басымдықты бағыттарын айқындайды. Алға

      қойылған мiндеттердi iске асыру және көрсетiлген мақсатқа қол жеткiзу үшiн

      Қазақстан Республикасында Туризмдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын

      әзiрлеу қажет.

      Мамандар:

      Багарова Ж.А.

      Қасымбеков Б.А.