"Бүркiт" мемлекеттiк авиакомпаниясы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 18 мамыр N 745

Қолданыстағы

      Арнайы рейстердi ұйымдастыру және Президент пен мемлекеттiң өзге де лауазымды тұлғаларының ұшу қауiпсiздiгін қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мемлекеттiк кәсiпорын туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы  N 2335  заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI: 

      1. Қазақстан Республикасының Президентi Іс Басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Бүркiт" мемлекеттік авиакомпаниясы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын. 

      2. Қазақстан Республикасының Президентi Іс Басқармасының оны Кәсiпорынның мемлекеттiк басқару органы, сондай-ақ оған қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектісiнiң (бұдан әрi - Уәкiлеттi орган) функцияларын жүзеге асырушы органы етiп белгiлеу туралы ұсынысына келiсiм берiлсiн. 

      3. Кәсiпорын қызметiнiң негізгi аясы Президент пен мемлекеттiң өзге де лауазымды тұлғаларының арнайы рейстерiн ұйымдастыру болып белгіленсiн. 

      4. Уәкiлеттi орган заңнамада белгiленген тәртiппен: 
      1) Кәсiпорынның Жарғысын бекiтсiн және оның әдiлет органдарында тiркелуiн қамтамасыз етсiн; 
      2) Кәсiпорынның жарғылық капиталын қалыптастырсын; 
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қолдансын. 

      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен: 
      1) 1996 жылғы 17 қаңтардағы "Аir Ғinаnсе Еurоре Ltd" компаниясымен Келiсiмнiң күшiн жою жөнiнде шаралар қолдансын; 
      2) мемлекеттiк меншiктің тiзiлiмiне "Аir Ғinаnсе Еurоре Ltd" компаниясының пайдалануында болған Воеing 757-200 ЕR, сериялық нөмiрi 23454, тiркеу нөмiрi Р4NSN (бұдан әрi - Воеing 757-200 ЕR); Воеing 747SР, сериялық нөмiрi 21962, тiркеу нөмiрi Р4-АҒЕ (бұдан әрi - Воеing 747SР); Ғаlсоn 900В, сериялық нөмiрi 159, тiркеу нөмiрi LХ-NАN (бұдан әрi - Ғаlсоn 900B) әуе кемелерiн; МИ-8 МТВ "САЛОН", сериялық нөмiрi 96275, тiркеу нөмiрi UN 25401 (бұдан әрi - МИ-8 МТВ "САЛОН" тiкұшағы) тiкұшағын, МИ-8 МТВ-1, сериялық нөмiрi 96102, тiркеу нөмiрi UN 22957 (бұдан әрi - МИ-8 МТВ-1 тiкұшағы) тiкұшағын енгiзсiн; 
      3) Уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Воеing 757-200 ЕR, Ғаlсоn 900B әуе кемелерiн; МИ-8 МТВ "САЛОН" және МИ-8 МТВ-1 тiкұшақтарын Кәсiпорынға берсiн; 
      4) Воеing 747SP әуе кемесi "Эйр Қазақстан" жабық акционерлiк қоғамына берiлсiн. 

      6. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi Уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша белгiленген тәртiппен Кәсiпорынға Ту-154, сериялық нөмiрi 80А463, борттық нөмiрi UN-85463; Ту-154, сериялық нөмiрi 80А464, борттық нөмiрi UN-85464; АН-12, сериялық нөмiрi 02348304, борттық нөмiрi UN-11373 әуе кемелерiн берсiн. 

      7. Көлiк және коммуникациялар министрлігі заңнамада белгiленген тәртiппен: 
      1) әуе кемелерiн пайдаланушы ретiнде Кәсiпорынды тiркеудi; 
      2) Кәсiпорынға берiлген әуе кемелерiн Қазақстан Республикасы Әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеудi; 
      3) Кәсiпорынға әуе тасымалдарын жүзеге асыру құқығына лицензия берудi; 
      4) Кәсiпорынның әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де шаралар қолдануды қамтамасыз етсiн. 

      8. "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996., N 29, 256-құжат) мынадай толықтыру енгiзiлсiн: 
      аталған қаулымен бекiтiлген Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесiндегi "Қазақстан Республикасы Президентiнiң Іс Басқармасы" бөлiмi реттiк нөмiрi 466-8 мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
     "466-8 Қазақстан Республикасы
            Президентi Іс Басқармасының
            "Бүркiт" мемлекеттiк авиакомпаниясы"
            республикалық мемлекеттiк кәсiпорыны
            (шаруашылық жүргiзу құқығында)          Астана қаласы"

      9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі