Қадағалау сатысындағы қылмыстық iстер жөнiндегі өндiрiстiң тәртiбi туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 28 сәуір N 2 Қаулысы

Қолданыстағы

      Сот тәжiрибесiнде туындаған мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етедi: 

      1. ҚIЖК-нiң  Z970206_  50-тарауына сәйкес бiрiншi, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттардың күшiне енген және сот өндiрiсiн қысқарту туралы үкiмдерi мен қаулылары шағымдалуға (наразылық келтiрiлуге) және қайта қаралуға жататыны түсiндiрiлсiн. Бiрiншi сатыдағы соттың үкiмi, қаулысы, егер оларға кассациялық тәртiпте шағым, наразылық келтiрiлмесе, кассациялық (жеке) шағым, наразылық беруге заңмен белгiленген мерзiм өткеннен кейiн заңды күшiне енедi. Егер iстi тиiстi кассациялық сатыда қараған кезде үкiм, қаулы бұзылмаса, онда олар кассациялық қаулы шыққан күнi заңды күшiне енедi. ҚIЖК-нiң 402-бап 3-бөлiгiне сәйкес кассациялық (жеке) шағым (наразылық) керi қайтарылған жағдайда, кассациялық саты iс жөнiндегi кассациялық өндiрiстi қысқарту туралы қаулы шығарған күннен бастап үкiм, қаулы заңды күшiне енедi. 

      2. Соттар қорытынды, заңды күшiне енген, орындалуда жатқан немесе орындалған, iстi маңызы бойынша шешетiн түпкiлiктi, iс бойынша өндiрiс бастауға немесе жалғастыруға жол бермейтiн шешiмдi қабылдаған бiрiншi, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттардың қаулылары қадағалау тәртiбiнде қайта қаралуы мүмкiн екенiн ескергенi жөн. Сондай-ақ бiрiншi, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттардың жеке қаулылары қадағалау тәртiбiнде шағымдалуы мүмкiн. 
      Осыған байланысты бiрiншi сатыдағы соттың заңды күшiне енген (прокурордың iс өндiрiсiнiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыруы кезiндегi шешiмiне жасалған шағымдарды қараған кезде шығарылған, прокурордың бұлтартпау шарасы ретiндегі қамауға алу санкциясына келтiрiлген шағымдар бойынша, прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеге орналастыру санкциясына жасалған шағым бойынша, iстiң сотқа қарастылығы туралы дауларды шешкен кездегі, iстi алдына ала тыңдаудың қорытындылары бойынша, iстi басты сот қарауы барысында дәлелдердi зерттеудiң, процеске қатысушылар өтiнiштерiн шешу мәселелерi бойынша, бұлтартпау шарасын тағайындау, өзгерту немесе бұзу, сот мәжiлiсi залында тәртiптi сақтау мәселелерi бойынша (құқық бұзушыға ақшалай шара қолдану туралы қаулылардан басқа), заңды күшiне енген үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру туралы, үкiмдi орындаумен байланысты мәселелер туралы, соттылықты алып тастау жөнiндегі өтiнiштердi қарау туралы, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша прокурордың қорытындысын қарау туралы, қылмысты жасағаннан кейiн ауырып қалған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы, iс өндiрiсiн тоқтату туралы) қаулылары қадағалау тәртiбiнде қайта қарауға жатпайды. Соттың iстi қосымша тергеуге жолдау туралы қаулылары да, сондай-ақ бiрiншi сатыдағы сот үкiмiн (қаулысын) бұзып, iстi соттың жаңадан қарауына жолдау туралы қаулылары қадағалау тәртiбiнде қайта қарауға жатпайды, себебi олар iстi маңызы бойынша шешпейдi және ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдарды болдырмайды. 

      3. Iстi қадағалау сатысындағы соттың сот мәжілісiнде қарау үшiн прокурордың наразылығы немесе судьялардың шағым жасалған үкiмдi, қаулыны қайта қарау қажет екендiгі туралы қорытындысы болуы тиiс. Тиiстi соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы немесе басқа судьялар қадағалау арыздарын алдын ала қарай алады. 

      4. Азаматтардың конституциялық құқықтарын және бостандықтарын бұзушылықтар немесе заңды дұрыс қолданбау, егер олар ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдардың ең болмаса бiреуiне әкелiп соқтырған жағдайда ғана, шағым жасалған сот қаулыларын қайта қарауға негіз болып табылады. Заңды күшiне енген үкiмдердi, қаулыларды қайта қарау үшiн ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген негіздер тiзiмi түпкiлiктi болып табылатынын ескерген жөн. ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдар болмаған жағдайда да үкiмдер мен қаулылар қадағалау арыздар бойынша ҚIЖК-нiң 459-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген негіздермен қайта қаралуы мүмкiн. 

      5. Сот үкiмiн, қаулысын қадағалау тәртiбiнде қайта қарау үшiн бұзушылығы негіз болып табылатын азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына ҚIЖК-нiң 10-31 баптарында көрсетiлген жеке тұлға құқықтары жататыны түсiндiрiлсiн. 

      6. Соттар заңның қылмыстық немесе қылмыстық-процессуалдық нормаларын қолданған кезде оларды қате түсiну, сондай-ақ онда көрсетiлген талаптарды сақтамау - заңды дұрыс қолданбау болып саналатынын ескеруi тиiс. Сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық болмауы, сот тұжырымдарының iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi, өзге де қылмыстық-процессуалдық заңды елеулi бұзушылықтар, сондай-ақ қылмыстық заңды дұрыс қолданбау және соттың iстi қараған кезде жiберген басқа да бұзушылықтары, егер олар ҚІЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгінде көрсетiлген салдарға әкелiп соқтырса, заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларды қайта қарауға негiз болып табылады. 

      7. ҚІЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгіне сәйкес қылмыс оқиғасы, қылмыс құрамы болмаған жағдайда немесе қылмыс жасауға қатысуы дәлелделмеген адамдарды кiнәсiз сотталған деп есептеген жөн. 
      Қылмысты дәрежелеген кезде қылмыстық заңды дұрыс қолданбау, егер мұндайда жасалған әрекеттiң ауырлығына сәйкес келмейтiн жаза тағайындалса (қылмыстық жазалаудың дұрыс емес түрiн қолдану, жазалау көлемi немесе мерзiмi аса алынған, қылмыстардың рецидивi, түзеу мекемесiнiң түрi дұрыс белгіленбеген және т.б.), сот үкiмiн, қаулысын қадағалау тәртiбiнде қайта қарау үшiн негіз болып табылады. 

      8. Егер iстегі дәлелдемелерге дұрыс баға берiлмесе, сот тұжырымдары iстiң нақты мән-жайларына қайшы келсе, материалдық немесе процессуалдық заңдар дұрыс қолданбаса, немесе сотталушыны ақтау не iстi қысқарту туралы шешiмнiң заңдылығы мен негіздiлiгіне күмән келтiретiн басқа да мән-жайлар анықталған жағдайда, ақтау үкiмiн немесе iстi қысқарту туралы қаулыны негiзсiз деп таныған жөн. Басқа қылмыстық-процессуалдық заң бұзушылықтары өздiгiнен заңды күшiне енген ақтау үкiмiн, қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулыны немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге шешiмдi, егер шағымда, наразылықта бұл сот шешiмдерiнiң маңызы бойынша күмән келтiрiлмесе, қайта қарау үшiн негiз бола алмайды. 

      9. Заңмен бекiтiлген тәртiп бойынша жәбiрленушi немесе оның өкiлi болып танылған адамның қадағалау шағымы бойынша үкiмдер мен қаулылар ҚIЖК-нiң 459-бап 1-бөлiгiнiң 3-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Адамды негiзсiз жәбiрленушi деп танымау туралы шағымдар ҚIЖК-нiң 113-114 баптарына сәйкес қарауға жатады. 
      Қылмыстық iстiң маңызы бойынша дұрыс шешiлуiне септiгiн тигiзетiн жәбiрленушiнiң ҚР ҚIЖК-нiң 75, 76, 80 баптарында бекiтiлген құқықтарын елеулi түрде бұзушылық, атап айтқанда, прокурор айыптаудан бас тартқан жағдайда, жәбiрленушiнi жеке айыптаушы ретiнде танымау, оны сот талқылауына қатыстырмау, сот жарыссөзiне қатысу құқынан айыру, жәбiрленушi берген азаматтық талап арызды дұрыс шешпеу және т.б. - жәбiрленушiнi сот арқылы қорғалу құқығынан айырудың дәлелi болуы мүмкiн. 

      10. Сот жаза тағайындаған кезде оның жеке даралығы туралы заң талабын сақтамаған жағдайда, жазаның тым қатаңдығы немесе тым жеңiлдiгi салдарынан оның қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкессiздiгi орын алуы мүмкiн. Бұл орайда, жаза қылмыстық заң бабының санкциясы шеңберiнде тағайындалған жағдайда, сондай-ақ қылмыстық заңның түпкiлiктi санкциясын бұзушылық арқылы тағайындаған жағдайда немесе ҚК-тiң  K970167_  55-бабын қолданбай, ҚР ҚК-нiң тиiстi бабында көрсетiлген жазадан жеңiлiрек жаза тағайындалған жағдайда, жаза қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес емес деп танылуы мүмкiн. Жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкессiздiгi - жаза түрi қате қолданылған жағдайда да, оны дұрыс қолданып, бiрақ оның мөлшерiн немесе мерзiмiн дұрыс анықтамаған жағдайда немесе қылмыстардың рецидивiн, түзеу мекемесiнiң түрiн дұрыс танымаған жағдайда да орын алуы мүмкiн. 

      11. Сот жаза тағайындаған кезде ҚР ҚК-нiң 52-53 баптарының талаптарын ескермей, бас бостандығынан айыру жазасын қолданбаудың заңда көрсетiлген мүмкiндiктерiн қолданбаса қылмыстың қоғамдық қауiптiлiгі сипатына және дәрежесiне, кiнәлiнiң жеке басына және жауапкершiлiктi жеңiлдететiн iстiң нақты мән-жайларына анық сәйкес келмейтiн жазаны тым қатаң жаза деп таныған жөн. 

      12. Атап айтқанда, жазаны ҚР ҚК-нiң 54-бабында көрсетiлген мән-жағдайларды ескермей тағайындау, ҚР ҚК-нiң 55-бабында көрсетiлген ерекше мән-жайлар болмаған жағдайда заңда көрсетiлген жазадан гөрi жеңiлiрек жаза тағайындау, қылмыстардың рецидивiн ескермей жаза тағайындау, шартты соттауды негiзсiз қолдану және т.б. - жазаның тым жеңiл болуына байланысты оның қылмыс ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес келмейтiндiгiнiң дәлелi болуы мүмкiн. 

      13. Іс жөнiндегі қадағалау өндiрiсi тиiстi қадағалау сатысындағы сотқа ҚIЖК-нiң 460-бап 1 және 2 бөлiктерiнде көрсетiлген процеске қатысушылардан түскен шағым (наразылық) негiзiнде ғана қозғалуы мүмкiн екендiгiн соттар ескергенi жөн. 
      Сотталушы, оның қорғаушысы және заңды өкiлi, жәбiрленушi, сондай-ақ (азаматтық талапқа қатысты бөлігінде) азаматтық талапкер, азаматтық жауапкерлер, олардың өкiлдерi, алғашқы сот сатыларында iстiң қаралуына қатыспаған жағдайда да, заңды күшiне енген сот шешімдерiне шағымдануға құқылы. 
      Егер адамның заңда көрсетiлген сотталушының заңды өкiлi ретiнде iске қатысуы үшiн iс бойынша өзге негiздер болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлi сотталушы кәмелетке толғанша ғана заңды күшiне енген сот шешiмдерiне шағымдана алады. 
      Процеске қатысушы болып табылмайтын адам заңды күшiне енген сот қаулысына, оның iшiнде жеке қаулыға да, егер бұндай сот қаулысы тiкелей өзiне қатысты болған жағдайда ғана, қадағалау шағымын беруге құқылы. 

      14. Процеске қатысушылардың жоғары тұрған қадағалау сатысына қайта шағым беруi, тек егер төмен тұрған қадағалау сатысы сол адамның сондай қадағалау шағымын қарап, шағымды қарау қорытындысы бойынша сот шешiмдерiн қайта қарауға негiз жоқ деген қорытынды шығарылса немесе ҚІЖК-нiң 468-бабында көрсетiлген қаулы шығарылған жағдайда ғана мүмкiн екендiгі түсiндiрiлсiн. Егер қадағалау шағымын алдын ала қарау нәтижелерi бойынша төмен тұрған қадағалау сатысының судьялары шағымдалған сот шешiмдерiн қайта қарауға негiз жоқ екендiгi туралы қорытынды шығарса, ал жоғары қадағалау сатысындағы судьялар оларды қайта қарау қажеттiлiгі туралы қорытынды шығарса, қадағалау шағымы және iс маңызы бойынша қарау үшiн төмен тұрған қадағалау сатысына жолдануға жатады. 
      Сол қадағалау сатысына сол бiр азаматтан қайта келiп түскен, талаптары мен дәлелдемелерi бұрыңғы шағымында көрсетiлген және заңмен белгiленген тәртiпте қаралған шағымдар, сондай-ақ заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларға шағымдануға құқы жоқ адамдардың қадағалау шағымдары ҚІЖК-нiң 463-464 баптарында көрсетiлген қорытындысыз арызданушыға қайтарылуға жатады. 

      15. ҚІЖК-нiң 466-бабына сәйкес, қадағалау шағымын берген процеске қатысушының осындай өтiнiшi болған және болмаған жағдайда да, шағымдалған сот шешiмiн орындау толық не iшiнара тоқтата тұрылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы немесе Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шағымдалған сот үкiмiнiң, қаулысының орындалуын тоқтата тұру туралы негiзделген және тоқтата тұрудың мерзiмдерi көрсетiлген қаулы шығаруы тиiс. Мұндай қаулы оны орындау үшiн тиiстi органдарға жедел түрде жолдануы тиiс. 
      Үкiмнiң орындалуын тоқтата тұрған жағдайда, сот тағайындаған жазаның қолданылуы кейiнге қалдырылады немесе тоқтатылады. Осыған байланысты, үкiмнiң орындалуын тоқтата тұру туралы қаулыда, осы үкiмнiң орындалуы салдарынан қамауда отырған сотталушының күзеттен босатылуы туралы көрсеткен жөн. 

      16. Шағымдалған сот үкiмiнiң, қаулылардың орындалуын тоқтата тұру үшiн негіздер өлiм жазасына сотталғандарға қатысты, бас бостандығынан айыруға сотталған, бiрақ ауыр науқастанған адамға қатысты үкiмнiң орындалуымен байланысты болуы мүмкiн. Шағымдалған сот үкiмдерiнiң, қаулыларының орындалуын тоқтата тұрудың негіздерi тиiстi түрде рәсiмделген құжаттармен расталуы тиiс. 
      ҚIЖК-нiң 466-бабында көрсетiлген негіздер бойынша заңды күшiне енген сот үкiмiнiң немесе қаулысының орындалуын тоқтата тұру үшiн іс сұратылуы тиiс және ол қадағалау шағымы, наразылық қаралғанша бiрақ үш айдан асырмай, жалғасуы мүмкiн, сонан кейiн шағымдалған сот шешiмдерiнiң орындалуын тоқтата тұру туралы қаулыны оны шығарған адам бұзуы тиiс. 
      Ақтау үкiмiн, iстi қысқарту туралы қаулыны тоқтата тұруға болмайды. 

      17. Шағымды алдын ала қараған кезде судьялар онда көрсетiлген дәлелдердi мұқият тексеруге мiндеттi және, егер онда шағымдалған сот үкiмiнiң, қаулысының заңсыздығы туралы негіздi дәлелдер келтiрiлсе, шағым, әдеттегідей, iс материалдарын сұрату және зерттеу арқылы қаралуы тиiс. Шағымдалған сот үкiмдерiн, қаулыларын қайта қарауға негіздердiң жоқтығы туралы қорытынды алдын ала қарау барысында тек негізсiздiлiгі айқын көрiнiп тұрған қадағалау шағымдары бойынша ғана шығарылуы мүмкiн. 

      18. Судьялардың шағымды алдын ала қарау туралы қорытындысында шағымдалған сот шешiмдерiн қайта қарау үшiн ҚIЖК-нiң 459-бабында көрсетiлген негiздердiң бар-жоғын растайтын iстегі мән-жайлар көрсетiлуi тиiс және, бұл орайда, iстi қадағалау сатысында қараудың нәтижелерiн болжайтын тұжырымдар болмау керек. Қадағалау шағымын алдын ала қарауды жүзеге асыратын судьялар арасында шағымдалған сот қаулыларын қайта қарау үшiн iстi қадағалау сатысына шығару қажеттiлiгi туралы келiспеушілік болған жағдайда, шешiм дауыстардың басым көпшілігімен қабылданады. Көпшiлiк шешiмiмен келiспеген судья қорытындыға қол қоюға мiндеттi және, бұл орайда, өз пiкiрiн жеке мәлiмдеуге құқылы. 
      Қадағалау шағымы және оны алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша шығарылған судьялардың қорытындысы қылмыстық iс материалдарына қоса тiркеледi. 

      19. ҚIЖК-нiң 465-бап 1-бөлiгіне сәйкес заңды күшiне енген сот үкiмiн немесе қаулысын қайта қарау туралы судьялардың қорытындысы мiндеттi түрде тиiстi қадағалау сатысында қаралатынын, осыған байланысты оны жасаған судьялар немесе сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы оны керi қайтара алмайтынын ескерген жөн. 

      20. Соттар процессуалдық мерзiмдердi сақтауы тиiс. Оған сәйкес қадағалау наразылығы немесе заңды күшiне енген үкiмдердi, қаулыларды қайта қарау туралы судьялардың қорытындысы бойынша келiп түскен iс, қорытынды түскен күннен бастап 30 тәулiк iшiнде қаралуға тиiс. Iстi қадағалау шағымын алдын ала қарауға байланысты зерттеген уақыт аталған мерзiмге кiрмейдi. 
      ҚІЖК-нiң 461-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген мерзiммен тек сотталушының жағдайын ауырлатуға бағытталған қадағалау шағымын, наразылықты беру уақыты шектеледi. Бұл мерзiм ҚIЖК-нiң 54-бабында көрсетiлген ережелер бойынша есептелуi тиiс. Шағымды алдын ала қарау кезiндегi iстi зерттеу уақыты және iстi аталған шағымдар мен наразылықтар бойынша қадағалау сатысында қарау уақыты бұл мерзiмге кiрмейдi. 

      21. Iстi тиiстi қадағалау сатысында қарау күнiн белгiлеген кезде соттар айыптау өкiлдерiнiң, сотталған адамның, жәбiрленушiнiң, сондай-ақ қарауға жолданған сот шешiмiне қатысты адамдардың сот мәжiлiсiне қатысу құқығын ескергенi жөн, осыған байланысты олар сот мәжiлiсiнiң басталуына дейiн 14 тәулiк бұрын iстiң қаралуы туралы хабардар етiлуi керек. Аталған адамдарға, сондай-ақ шағым (наразылық) көшiрмелерi жiберiлуi тиiс. 

      22. Қадағалау сатысындағы соттың заңды күшiне енген үкiмдер мен шешiмдердiң заңдылығы мен негіздiлігі туралы тұжырымдары iс материалдарына негiзделуi керек және iстен тыс материалдарға сүйенбеуi тиiс екенi түсiндiрiлсiн. Iстi қадағалау тәртібiнде қарап жатқан сот мәлiметтерi iс материалдарында бар, бiрақ бiрiншi сатыдағы сотпен зерттелмеген және үкiмде белгiленбеген немесе қабылданбаған деректердi дәлелденген деп табуға құқылы емес. 

      23. Үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн туындаған мән-жайларды қадағалау сатысындағы сот қарай алмайтыны түсiндiрiлсiн, себебi оларды бiрiншi сатыдағы сот қарамаған және қарай алмаған да. Заңмен қадағалау сатысындағы сотқа iстiң дұрыс шешiлуi үшiн қажет дәлелдердiң бар-жоғын белгiлеу құқығы берiлмеген. Шағымға, наразылыққа қоса тiркелген, iс үшiн маңызды және бiрiншi сатыдағы соттың материалдық және процессуалдық заңдарды қате қолданғанын дәлелдейтiн қосымша материалдар, соттың айыптаудың, сотталушының ролi мен кiнәлiлiгі деңгейiнiң және басқа да iстiң дұрыс шешiлуiне ықпал ететiн мән-жайлардың дәлелденгендiгін анықтау үшiн қолданған дәлелдердiң дұрыстығы және сапалылығы үкiмдi бұзуға және iстi соттың жаңадан қарауына жолдауға негiз бола алады. 

      24. Қадағалау сатысындағы соттардың өкiлеттiктерi ҚIЖК-нiң 467-бабында түбегейлi (егжей-тегжейлi) мазмұндалғаны және олар кеңейтiлiп түсiндiруге жатпайтыны соттарға түсiндiрiлсiн. Сонымен бiрге, сот қадағалау шағымдарында көрсетiлген дәлелдермен шектелмей, олардың шеңберiнен шығып, iс жөнiндегі өндiрiстi толық тексеруге және сотталғанның жағдайын жақсартатын шешiм қабылдауға құқылы екенiн ескерген жөн. 

      25. Соттарда қадағалау шағымын, наразылықты қараған кезде iс жөнiндегi сотталғандардың барлығына қатысты сот шешiмiн қабылдауды заң талап етпейдi. Iс жөнiндегі басқа да сотталғандарға қатысты (олар туралы шағым, наразылық келтiрiлмесе), егер олардың әрекеттерi үкiмге келтiрiлген шағым немесе наразылыққа қатысы бар адамның әрекеттерiмен тығыз байланысты болса, ал бiр сотталғанның қылмысын қайта дәрежелеу екiншi сотталғандардың қылмысын қайта дәрежелеуге немесе оларға қатысты iстi қысқартуға әкелiп соқтырса, және, мұндайда олардың жағдайы ауырламаса, сот үкiмдi, қаулыны қайта қарауға құқылы. Мұндайда сот өзiнiң қаулысында сот қаулылары басқа адамдарға қатысты неге қайта қаралғанының дәлелдерiн келтiруi керек. 
      Егер үкiм немесе қаулы шағымда немесе наразылықта аталған адамға қатысты ғана және онда көрсетiлген дәлелдер бойынша ғана қайта қаралып, оның қалған бөлiгі және басқа сотталушыларға қатысты қайта қаралмаса, онда сот, өзге сотталушылардың немесе сол сотталушылардың басқа талаптармен немесе бұрыңғы талаптарының жаңа тұрымдарымен осы сот сатысына шағымдануы мүмкiндiгiн жоймау үшiн, бұл туралы қаулыда көрсетуi қажет. 

      26. Қадағалау сатысындағы сот iстi соттың жаңадан қарауына жiбермей-ақ прокурор наразылығында немесе жәбiрленушi шағымында көрсетiлген дәлелдер бойынша, сотталғанның жағдайын ауырлату жағына қарай үкiмдi, қаулыны, егер бұл: кассациялық немесе қадағалау сатыларының сотталғанның жазасын заңсыз жеңiлдетуiне; мерзiмi мен мөлшерi, алғашқы сот сатыларында адамды алдын ала қамауда ұстаған мерзiмдi есептегенде, немесе қылмыстардың жиынтығы немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды қосқан кезде арифметикалық қателiк нәтижесiнде дұрыс белгiленбей жазаның көбеюуiне; үкiмде негiзделмеген сотталғанға түзеу мекемесiнiң анағұрлым жеңiл түрiн тағайындауды бұзумен және ҚК-тiң 48-бабына сәйкес түзеу мекемесiн тағайындаумен; азаматтық талап бойынша сотталғанның есебiнен өтелуге жататын соманың ұлғаюымен байланысты болса, өзгертуге құқылы. 

      27. Iстi прокурордың наразылығы немесе жәбiрленушiнiң шағымы бойынша қадағалау тәртiбiнде қараған кезде сот, жеңiлiрек қылмыс туралы заңын дұрыс қолданбаған немесе жазаны негiзсiз төмен тағайындаған апелляциялық, кассациялық немесе төмен тұрған қадағалау сатысындағы соттың қаулыларын бұзған жағдайда, сот одан гөрi ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және одан ауыр жаза тағайындауға құқылы. Бұл орайда, сот сотталушының бiрiншi сатыдағы үкiммен белгiленген жағдайын ауырлатпауы тиiс. 
      Егер бiрiншi сатыдағы сот жеңілірек қылмыс туралы заңды дұрыс қолданбаса немесе тым жеңiл жаза тағайындаса және бұл iстi апелляциялық, кассациялық немесе төмен тұрған қадағалау сатысындағы соттарда қараған кезде жойылмаса, қадағалау сатысындағы сот ҚІЖК-нiң 467-бап 10-бөлiгіне сәйкес одан гөрi ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға немесе жазаны күшейтуге құқылы емес. Бұндайда, егер осындай негіздер бойынша келтiрiлген қадағалау арызы немесе наразылық негiздi болып танылса, барлық сот қаулылары бұзылып, жаңадан сот қарауына жiберiлуге жатады. 

      28. Апелляциялық, кассациялық немесе төмен тұрған қадағалау сатысындағы соттың заң бұзушылықтарын анықтаған кезде қадағалау сатысындағы сот аталған сатылардың қаулыларын бұзып және, iстi қайта қарауға жолдамай, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң (қаулысының) заңдылығы туралы шешiм қабылдауы тиiс екенi түсiндiрiлсiн. 

      29. Заңды күшiне енген сот үкiмiне, қаулысына шағымдануға құқы жоқ адамдардың қадағалау шағымы немесе ҚIЖК-нiң 459-бабында көрсетiлмеген негiздер бойынша қадағалау сатысына шығарылған сот қаулыларын қайта қарау туралы судьялар қорытындысы бар процеске қатысушының шағымы немесе прокурордың қадағалау наразылығы онда көрсетiлген дәлелдерге қарамастан, қанағаттандырылмауы тиiс. 

      30. Iстi қадағалау сатысында қараған кезде сот ҚIЖК-нiң 59-бап 4, 5-бөлiгiнде көрсетiлген негіздер бойынша жеке қаулы шығаруға құқылы.

      31. Iстi қадағалау сатысында қараған кезде судьялардың кеңесуi және шешiмдердi қабылдауы ҚР ҚІЖК-нiң 370, 373-баптарында бекiтiлген тәртiпке сәйкес келуi тиiс екендiгi соттарға түсiндiрiлсiн. Өзгесi заңда көзделмеген.

      32. КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1985 жылғы 5 сәуiрдегi "Соттардың қылмыстық iстер жөнiндегі үкiмдердi, ұйғаруларды, қаулыларды қадағалау тәртiбiнде қайта қарауды реттейтiн заңдарды қолдануы туралы" N 2 қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.

          Төрағалық етушi
      Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының төрағасы

          Пленум хатшысы,
      Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының судьясы