Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі. 1999 жылғы 3 қараша N 88

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді беру тәжірибесін жетілдіру мақсатында:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан консультативтік-кеңесші орган - Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия құрылсын және оның дербес құрамы бекітілсін (N 1 - қосымша).

      2. Комиссияның негізгі міндеті Мемлекет басшысының атына келіп түскен жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беру туралы ұсыныстарды алдын ала қарау және олар бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті ұсыныс енгізу болып табылады деп белгіленсін.

      3. Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін (N 2 - қосымша).

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің "Жоғары әскери, арнаулы және өзге атақтар жөніндегі комиссия туралы" 1996 жылғы 22 қарашадағы N 3238 өкімінің  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 48, 468-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

N 1-қосымша     
Қазақстан Республикасы 
Президентінің 1999 жылғы
3 қарашадағы N 88 өкімімен
бекітілген      

Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер
жөніндегі комиссияның
дербес құрамы

      Ескерту. 1-қосымша алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2002.04.18. N 88 өкімімен.

N 2 - қосымша     
Қазақстан Республикасы 
Президентінің 1999 жылғы
3 қарашадағы N 88 өкімімен
бекітілген       

Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер
жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия (бұдан былай - Комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды алдын-ала қарау және Мемлекет басшысы үшін дайындау мақсатында құрылды.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері

      Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) уәкілеттік берілген орталық атқару органдары мен олардың лауазымды тұлғаларынан келіп түскен жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендерді беру туралы ұсыныстарды алдын ала зерделеу және олар бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізу;
      2) заңдарда көзделген жағдайларда жоғары әскери және өзге де атақтардан, сыныптық шендерден айыру туралы мәселелерді алдын ала қарау болып табылады.

3. Комиссияның құзыреті

      Комиссия негізгі міндеттерді іске асыру мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының Президентіне жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беру және олардан айыру мәселелері жөнінде ұсыныс табыс етуге;
      2) атақтар мен сыныптық шендер беру туралы ұсыныстар бойынша қорытынды беруге;
      3) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан өзінің қызметіне қажетті мәліметтер мен құжаттарды сұратуға;
      4) атақтар мен сыныптық шендер беру мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тыңдауға;
      5) құқық қорғау органдарына және өзге де мемлекеттік органдарға жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беруге ұсыну мәселелері бойынша ұсыным жолдауға;
      6) атақтар мен сыныптық шендер беру және олардан айыру жөніндегі шағымдар мен өзге де өтініштерді қарауға хақылы.

4. Комиссияның құрамы және оның жұмысын ұйымдастыру

      1. Комиссия Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және босататын Комиссияның төрағасы мен 6 мүшесінен тұрады.

      2. Комиссияның отырысы қажетіне қарай өткізіледі және егер оған оның мүшелерінің жалпы санының 2/3 қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.

      3. Комиссия шешімі отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
      Ұсыныстар, хаттамалық шешімдер және қорытындылар Комиссияның актілері болып табылады. Комиссия актілеріне оның төрағасы қол қояды.

      4. Жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді беруге және олардан айыруға материалдарды ұсынудың тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі айқындайды.

      5. Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі жүзеге асырады.