Бұқаралық ақпарат құралдарының жариялылық пен сөз бостандығын дамытудағы, қоғамды реформалаудағы рөлiнiң барған сайын өсiп келе жатқанын тани келiп және дарынды журналистердi үнемi көтермелеп отыру, жас публицистердiң ең терең шығармашылық iзденiстерiн ынталандыру мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгiнiң, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын және жас журналистерге арналған гранттарын (стипендияларын) тағайындау жөнiндегi ұсынысы қабылдансын.
2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары туралы және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жас публицистердiң ең терең шығармашылық iзденiстерiн қолдауға арналған гранттары (стипендиялары) туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарының және гранттарының (стипендияларының) тағайындалуына байланысты мақсаттарға, Қазақстан Республикасы Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары лауреаттарының ескерткiш белгiлерi мен дипломдарының және Қазақстан Республикасы Президентi гранттарының (стипендияларының) бөлiнуi туралы куәлiктердi дайындауға республикалық бюджеттен қаражат бөлiнуiн қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1997 жылғы 19 маусымдағы
N 3556 Өкiмiмен
БЕКIТIЛГЕН
Қазақстан Республикасы Президентінiң бұқаралық
ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары туралы және
Қазақстан Республикасы Президентiнiң жас публицистердiң
ең терең шығармашылық iзденiстерiн қолдауға арналған
гранттары (стипендиялары) туралы
ЕРЕЖЕ
1. Қазақстан Республикасы Президентiнің бұқаралық ақпарат құралдары салаласындағы сыйлығы (бұдан былай - сыйлық делінеді) бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған және жұртшылық назарына кеңiнен iлiккен ең дарынды шығарманың авторына (авторлар ұжымына) берiледi.
Қазақстан Pecпубликасы Президентiнiң жас журналистердің ең терең шығармашылық iзденiстерін ынталандыруға арналған грантты (стипендиясы) (бұдан былай - грант делiнедi) газеттердің, журналдардың, радионың, теледидардың және ақпарат агенттерінің дарынды журналистерiне олардың әлеуметтiк маңызы бар жобалармен жасаған жұмыстарына мемлекеттiк қолдау көрсету мақсатында бөлiнедi.
2. Сыйлықтың және гранттың ақшалай сыйақы түріндегі мөлшерін олар берiлетiн жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi. Жыл сайын екi сыйлық, екi грант бөлінеді.
3. Мүдделi мемлекеттiк органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнен құрылған арнаулы қоғамдық комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті сыйлықтар бередi, гранттар бөледi.
Сыйлықтар беру мен гранттар бөлу жыл сайын 28 маусымға орайластыра жүргiзiледi.
Сыйлық лауреатының ескерткiш белгiсi мен дипломын, сондай-ақ гранттың бөлiнуi туралы куәлiктi Қазақстан Республикасының Президентi немесе ол уәкiлдiк берген адам салтанатты жағдайда тапсырады.
4. Сыйлықтар мен гранттардың ақшалай бөлiгi сыйлықтар лауреаттары мен стипендиаттарға заңда белгiленген тәртiп бойынша аударылады. Сыйлық авторлар ұжымына берілген ретте оның ақшалай бөлiгi ұжым мүшелерiнiң бәрiнiң арасында тең бөлiнеді.
5. Сыйлықтар мен гранттар Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 34-бабының 6-тармағына сәйкес табыс салығын төлеуден босатылады.