Қазақстан Республикасының Қоғамдық және Экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамалары туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі. 1996 жылғы 30 сәуiр N 2967

Қолданыстағы

      1. Мыналар мақұлдансын:
      Қазақстан Республикасының Қоғамдық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы (N 1 қосымша);
      Қазақстан Республикасының Экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы (N 2 қосымша).
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      -1996 жылдың 30 сәуiрiне дейiн қылмысқа қарсы күрестiң
1996-1997 жылдарға және 2000-жылға дейiнгi кезеңге арналған
мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеудi қамтамасыз етсiн;
      - екi ай мерзiмде Қазақстан Республикасы Экологиялық
қауiпсiздiгiнiң тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi шараларды
әзiрлесiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң 1996 жылғы
30 сәуiрдегi N 2967 
Өкiмiне N 1 қосымша 

Қазақстан Республикасының Қоғамдық Қауiпсiздiгi
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Алматы
1996 жыл

МАЗМҰНЫ

      1. Жалпы ережелер және негiзгi ұғымдар_______________ 3
      2. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң
         негiзгi мақсаты, мiндеттерi мен принциптерi_______ 4
      3. Қатер түрлерi және олардың туындауына
         ықпал ететiн факторлар____________________________ 7
      4. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң
         негiзгi бағыттары_________________________________ 9
      Егемен Қазақстанның Қоғамдық қауiпсiздiктiң тұжырымдамасын жасауы - пiсiп-жетiлген мiндет, оның мақсаты - қазiргi кезеңде республикада қалыптасып келе жатқан қоғамдық қатынастардың қалыпты дамуы үшiн мемлекеттiк деңгейде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.
      Мемлекеттiк құрылымдардың жұмыс iстеуiндегi ұтымды негiздердi iздестiру және демократиялық құқықтық мемлекетке тән басымдықтарды қайта саралау адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етумен, конституциялық құрылыс пен қоғамдық қауiпсiздiктi қорғаумен сипатталады.
      Мемлекеттiлiктi қалыптастыру мен нығайтудың, демократиялық реформаларды жүзеге асырудың өтпелi кезеңiндегi қоғамдық қауiпсiздiк адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттiк өмiрлiк маңызды мүдделерiн құқыққа қарсы қол сұғушылықтан, дүлей апаттар мен өзге де төтенше оқиғалардан қорғауға бағытталған, мемлекетте ресми қабылданған нормалар жүйесiн бiлдiредi.

I. Қоғамдық қауiпсiздiктiң жалпы ережелерi
және негiзгi ұғымдары

      Қоғамдық қауiпсiздiк - жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң оларға елеулi залал келтiруi мүмкiн ықтимал қауiп пен қатерден қорғалуы. Ол мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға негiзделген әрi адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң iргелi мүдделерiне нұқсан келтiретiн iшкi және сыртқы ықпалдан қоғамдық қатынастар субъектiлерiн қорғауға бағытталған қызметiн қамтамасыз етедi.
      Мемлекет басшысы қоғамның тұрақтылықта өмiр сүруi мен дамуына келеңсiз ықпал жасайтын қазiргi болып отырған және болуы ықтимал қауiп пен қатердi ескерiп, мақсат пен мiндеттi айқындайды, сөйтiп, соның негiзiнде қоғамдық қауiпсiздiк стратегиясы түзiледi.
      Қоғамдық қауiпсiздiктiң объектiлерi: адам, оның құқықтары мен бостандығы, қоғамдық бiрлестiктер мен меншiктiң қандай нысанындағы болсын өзге де ұйымдар, әлеуметтiк топтар және мемлекет.
      Қоғамдық қауiпсiздiк субъектiлерi - қоғамдық қауiпсiздiктi жүзеге асыруға тиiстi барлық мемлекеттiк органдар.
      Қоғамдық қауiпсiздiкке қатер - қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiне қауiп төндiретiн себептердiң, жағдайлар мен факторлардың жиынтығы, бұлардың iске асуы адамның, азаматтың, қоғам мен мемлекеттiң құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына әкелiп соғуы мүмкiн.

II. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң
негiзгi мақсаты, мiндеттерi мен принциптерi

      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң мақсаты қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiнiң қорғалуын ұйымдастырып, тиiстi деңгейде ұстау болып табылады, ол мемлекеттiк органдардың қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы бiрлескен iс-қимылын бiлдiредi. Осы мақсатты iске асыру қоғамдық қауiпсiздiк саласындағы қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалардың жүйесiн әзiрлеп, қабылдауды, заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi органдарының, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi барлық iс-шараларын кешендi жоспарлап, iске асыруға бағытталған қызметтiң негiзгi бағыттарын айқындап алуды көздейдi.
      Мемлекеттiң қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi заңдық шаралары мен мiндеттерiнiң кешенiне:
      - жеке адамның құқықтары мен бостандығын реттейтiн конституциялық шараларды бекiту, олардың халықаралық құқық нормаларымен және принциптермен үйлесiмдiлiгi;
      - заңдық базаны жетiлдiру;
      - қоғамдағы және мемлекеттегi Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерiстердiң базасында осы заманғы құқықтық сананы қалыптастыру;
      - Қоғамдық қауiпсiздiк тұжырымдамасының құқықтық негiзiн жасау, оның орындалуына мемлекеттiк және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
      Ұйымдастыру-бақылау шараларының кешенiне:
      - субъектiлердiң Қоғамдық қауiпсiздiк тұжырымдамасының ережелерiн орындауына мемлекеттiк институттардың бақылауын ұтымды ету және жетiлдiре беру;
      - бақылау мен қадағалау функцияларын орындайтын мемлекеттiк органдардың қызметiн ұйымдастырушылық-әдiстемелiк қамтамасыз ету және үйлестiру;
      - қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң өз кадрларын даярлайтын институт құру;
      - қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған Мемлекеттiк бағдарламаларды кешендi әзiрлеп, iске асыру;
      - қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiне қатер төндiретiн көздердi анықтап, оларға бақылауды жүзеге асыру;
      - республиканың қоғамдық қауiпсiздiгiнiң жай-күйiн бағалау, оның өрiсiн, дамуының бейiмiн болжамдау, қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң халықаралық жүйелерiне кiрiгу;
      - билiк жүргiзушi органдардың халықты құлақтандыру ықпалынан iлгерi жүретiн бұқаралық-ақпарат құралдарының мемлекеттiк органдардың, қоғамдық қауiпсiздiк субъектiлерiнiң жарияланатын материалдарының объективтiлiгi үшiн жауапкершiлiгi деңгейiн арттыру мақсатында олармен өзара iс-қимылы;
      - азаматтардың, соның iшiнде құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң жеке басы мен мүлiгiн қол сұғушылықтан тiкелей қорғау; куәнi және зардап шегушiнi қорғау институтын одан әрi дамыту; мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және қандай меншiк нысанындағы болсын өзге де ұйымдардың қалыпты қызметiн, соның iшiнде төтенше оқиғалар кезiндегi қызметiн қамтамасыз ету, заңды және жеке тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiру, қоғамдық қауiпсiздiкке қарсы құқыққа қайшы қол сұғушылық жасаған адамдарды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде шаралар қолдану, ұлтаралық және өзге әлеуметтiк қақтығыстарға итермелейтiн себептер мен жағдайларды болдырмау;
      - қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiнiң күштерi мен құралдарын құру, дамыту, жарақтау, даярлау және iс-қимылға әзiрлiктiң қажеттi деңгейiнде ұстау жатады.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң құқықтық негiзi.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң құқықтық негiзi Конституцияға, адамға, азаматқа, қоғам мен мемлекетке жеке қол сұғылмауын, олардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ететiн, мемлекеттiк өкiметтiң негiздерiн дәйектейтiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық мiндеттемелердi ескеретiн заң және өзге нормативтiк құқықтық актiлер болып табылады.
      - Қазақстан Республикасының қоғамдық қауiпсiздiк саласындағы заңдары мынадай негiзгi блоктардан тұрады:
      - қоғамдық қауiпсiздiктiң негiздерiн дәйектейтiн конституциялық нормалардан;
      - қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiне қол сұғушылық үшiн жауапкершiлiк нормаларын қамтитын құқық қорғау заңдарынан (Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкiмшiлiк заңдары), сондай-ақ қоғамдық қауiпсiздiктi оған төнген қатердiң әр алуан түрлерiнен (қарудың заңсыз айналымынан, табиғи және техногендiк сипаттағы дүлей апаттардан, төтенше жағдайлардан және басқалардан) қорғауды қамтамасыз ететiн арнаулы заңға тәуелдi актiлерден;
      - қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету субъектiлерiнiң құқықтық мәртебесiн дәйектейтiн Заңдардан ("Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы", "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi және оның органдары туралы", "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы", "Қазақстан Республикасы прокуратурасы туралы" және "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" заңдар);
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнен;
      - Үкiмет қаулыларынан және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
      Қоғамдық қауiпсiздiктiң негiзгi принциптерi:
      - құқықтық қатынастар субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн орындауы;
      - қабылданатын мемлекеттiк бағдарламаларды мiндеттi түрде экономикалық негiздеу және оларды iске асыру тетiктерiн әзiрлеу;
      - мемлекеттiк бағдарламалар мен нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына мiндеттi түрде криминологиялық сараптама жасау;
      - республикада қабылданатын заң актiлерiнiң конституцияға, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына сәйкестiгi;
      - Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттары бойынша мiндеттемелерiнiң орындалуына бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету субъектiлерiнiң жүйесi осы саладағы функцияларын заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi органдары, сондай-ақ мемлекеттiк емес ұйымдар мен азаматтардың бiрлестiктерi арқылы жүзеге асырушы мемлекеттi қамтиды.
      Ол объектiлердiң: республикада тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, олардың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер мен меншiк нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi өзiне мақсат етiп қояды.

III. Қатер түрлерi және олардың туындауына
ықпал ететiн факторлар

      Қоғамдық қауiпсiздiктiң жай-күйiн талдау қоғамдық қауiпсiздiк
объектiлерiнiң қорғалу деңгейiнiң жеткiлiксiз қамтамасыз етiлiп отырғанын көрсетедi. Қоғамдық қауiпсiздiкке ықпал ететiн қатерлерге iрiткi салатын және тұрақсыздық туғызатын сипаттағы оқиғалар мен
iс-әрекеттер жатады.
      Iрiткi салатын сипаттағы iс-әрекеттерге:
      - әр түрлi қылмыстар, айрықша қауiптi қылмыстар жасау, соның iшiнде терроризм;
      - әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жатады.
      Тұрақсыздық туғызатын сипаттағы оқиғаларға:
      - өрт пен дүлей апаттар;
      - эпидемиялар мен iндеттер:
      - жаппай тәртiпсiздiкке ұласу қатерi бар ұлтаралық және
дiнаралық жанжалдар;
      - рұқсат етiлмеген митингтер мен шерулер;
      - өзге де төтенше жағдайлар;
      - сыртқы факторлар, яғни басқа мемлекеттердiң ұлтаралық қатынастарды ұшықтыруы және тұтас алғанда елдегi жағдайға ықпал етуi мүмкiн шешiмдер қабылдауы, сондай-ақ солардағы iшкi мемлекеттiк оқиғалар жатады.
      Қоғамдық қауiпсiздiкке төндiрiлетiн қатерге себепшi болатын iрiткi салатын және тұрақсыздық туғызатын сипаттағы факторларға мыналарды жатқызуға болады:
      - Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келетiн, қоғамдық қауiпсiздiк субъектiлерiнiң өмiрлiк маңызды мүдделерiн қозғайтын заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау;
      - экономиканың қоғам үшiн өмiрлiк маңызы бар салаларында кең ауқымды жолсыздықтардың орын алуы үшiн алғышарттар туғызатын нарық қатынастарының құқықтық реттелмеуi;
      - экономикаға қылмыстың дендеп ену ауқымының кеңеюi, шет елдерге шикiзат ресурстарының заңсыз әкетiлуi, контрабанда, экспортталатын тауарларға бағаның негiзсiз төмендетiлуi, зиянды технологиялар мен тауарларды әкелу, валюталық түсiмдi жасыру және оны шетел банктерiнде құқыққа қарсы орналастыру;
      - заңды және жеке тұлғалардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерiнiң, соның iшiнде құқық қорғау, сот және өзге де мемлекеттiк органдар тарапынан бұзылуы мен оларға қысым жасалуы, мемлекеттiк аппараттың бiр бөлiгiнiң бюрократизмi және сыбайлас жемқорлығы;
      - әр түрлi қоғамдық бiрлестiктердiң қоғамдық тәртiптi жаппай және топтасқан бұзушылық үшiн алғышарттар туғызатын заңсыз қызметi, олардың ұлтаралық және дiнаралық жанжалдарды тұтандырып, өршiтуi, республиканың аумақтық тұтастығына қол сұғушылық;
      - өндiрiстiк саланың бұзылуымен, меншiктiң барлық нысандарындағы кәсiпорындарда еңбек туралы заңдардың сақталмауымен, халықтың басым бөлiгiнiң әлеуметтiк қорғалмауымен және т.б. байланысты әлеуметтiк жанжалдар;
      - денсаулыққа зиян келтiретiн және жеке адамның азғындауына әкелiп соғатын созылмалы маскүнемдiк пен есiрткiқұмарлықтың өсуi;
      - көшi-қон процестерiнiң өсуi және соған орай көшiп келушiлердi қабылдау, орналастыру және көмек көрсету жүйесiнiң жетiлдiрмеуi, бiлiктi кадрлардың толастамай келе жатқан көшiп кетушiлiгi, iшкi көшi-қонның жете реттелмеуi;
      - әскери мiндеттiлiктен жалтаратын адамдар санының артуынан, контрактiлiк қызмет туралы, балама қызмет туралы заңдардың болмауынан, әскери қызметшiлердiң өздерiнiң материалдық және әлеуметтiк жағдайларына қанағаттанбауынан, қарулы күштердегi қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың өсуiнен туындаған әскери саладағы келеңсiз процестер;
      - экологиялық проблемалардың ұшығуы;
      - бiлiм беру, денсаулық сақтау және мәдениет деңгейiнiң төмендеуi жатады.
      Қылмыс қоғамдық қауiпсiздiкке төнетiн қатер ретiнде, қолдағы деректерге жасалған талдауға негiзделген қоғамдық қауiпсiздiктiң бүгiнгi жай-күйiне баға беру қазiргi уақытта қауiпсiздiк объектiлерiне төнетiн қатерлердiң жаңа түрлерiнiң пайда болғанын көрсетедi. Бұл, ең алдымен, ұйымдасқан қылмыстың мемлекеттi қалыптастыру және экономиканы тұрақтандыру процестерiне артып келе жатқан терiс ықпалы, қылмыстық iс әрекеттер ауқымының кеңеюi және қауiптiлiк дәрежесiнiң артуы, қылмыстардың жаңа кәнiгi түрлерiнiң пайда болуы, зорлық-зомбылықтың, қатыгездiктiң, қылмыстық көрiнiстердiң белең алуы, қылмыскер құрамдардың, қарулануы мен техникалық жарақаттануының күшеюi нарықтық өзгерiстерге нұқсан келтiретiн экономикалық қылмыстар, көлеңкелi экономика құрылымдарының қалыптасуы.
      Контрабанда, республиканың бағалы шикiзат ресурстары мен табиғи байлықтарының бақылаусыз шетке әкетiлуi кең ауқымға ие бола бастады.
      Банк жүйесiнде iрi қаржылық жөнсiздiктерге жол берiлуде. Жер-жерде кредиттердi берудiң белгiленген тәртiбi бұзылуда - олар, негiзiнен, мемлекет мүддесiне қайшы келетiн делдалдық операциялар үшiн пайдаланып жүр.
      Мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру елеулi жөнсiздiктерге жол берiле отырып жүргiзiлуде.
      Мемлекеттiк қызметшiлер арасындағы сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес өзектi мiндетке айналып отыр.
      Сондықтан осындай қатерлердiң жай-күйi мен түрлерiне, олардың қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiне келтiретiн залалына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызды мүдделерiне тигiзетiн зиянды әсерiнiң жиiлеуiн арттыратын және азайтатын факторларға талдау жасалуы қажет.

IҮ. Қазақстан Республикасының қоғамдық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары

      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлеу үстiнде мемлекеттiк бағдарламаларды жасау және жетiлдiру басым болып саналуға тиiс, оларда жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүдделерiнiң қауiпсiздiгi шараларының кепiлдiктерi айқындалуы қажет.
      Экономика саласындағы бағдарлама қоғамдық қауiпсiздiкке қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк шаралар мен кепiлдiктер және осыдан туындайтын мiндеттер жүйесiмен қамтамасыз етiледi.
      Құқықтық реттеу бағдарламасы қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн органдардың қызметiне мемлекеттiк және қоғамдық бақылауды ескеруге тиiс.
      Құқықтық реттеудi жетiлдiрудiң негiзгi бағыттары:
      - қолданылып жүрген құқықтық нормаларды Конституцияға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық мiндеттемелерге сәйкес келтiру;
      - қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiне төнуi ықтимал қатерлерге байланысты құқық қорғау заңдарын жетiлдiру;
      - қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң: жеке адам, жол, өртке қарсы және басқа салаларындағы жекелеген түрлерiн нормативтiк реттеудi қайта қарау;
      - көтерiңкi қаупi бар (қару, оқ-дәрi, әскери жарақ, жарылғыш, радиоактивтi, улы, есiрткi және әсерi күштi заттар және басқалар) көздердi сақтау, тасымалдау, пайдалану үшiн жауапкершiлiктiң құқықтық нормаларын күшейте түсу болып табылады.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тетiгiн жетiлдiрудiң мақсаты - жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызды мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын жүйенi қалыптастыру, сондай-ақ оның қалыпты жұмыс iстеуi үшiн жағдайлар туғызу. Бұл салада мыналар бiрiншi кезектегi мiндеттер болып табылады:
      - Қазақстан Республикасының қоғамдық қауiпсiздiгiнiң қазiргi жай-күiн талдауды ескере отырып, оны қамтамасыз ету функцияларын тiкелей жүзеге асыратын негiзгi мемлекеттiк органдардың құзыретiн нақтылау, соның iшiнде: қылмысқа қарсы күрес - тек қана күш қолдану органдары (Iшкi iстер министрлiгi, Мемлекеттiк тергеу комитетi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, прокуратура) үшiн ғана емес, әлеуетiн неғұрлым қауiптi қылмыстық iс-әрекеттерге (ұйымдасқан қылмыс, есiрткi бизнес, терроризм, контрабанда, қаржылық қылмыстар және басқалар) қарсы күрес үшiн қолдану орынды болатын басқа да мемлекеттiк органдар үшiн басымдыққа ие болуға тиiс;
      - қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жүйесiндегi негiзгi буынды - iшкi iстер органдарының, Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Кеден комитетiнiң, салық полициясының, қаржылық бақылаудың және басқалардың облыстық, қалалық, аудандық құрылымдарын нығайтуға бағытталған iс-шаралар кешенiн жүзеге асыру, олардың жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызды мүдделерiн тiкелей қорғау жөнiндегi пәрмендi қызметi үшiн жағдайлар туғызу;
      - қылмыстардың және өзге құқық бұзушылықтың статистикалық есебiн жүргiзу үшiн қылмыстық iстер мен оларды жасаған адамдар бойынша мәлiметтердiң бiртұтас компьютерлендiрiлген базасын жасау;
      - ұйымдасқан топтар жасайтын, әсiресе экономика саласындағы қылмыстарды анықтау мен тыюдың жаңа әдiстерiн әзiрлеу;
      - қолданылып жүрген нормативтiк-құқықтық актiлер деректерiнiң бiртұтас банкiн жасау;
      - осы бағыттағы басқа да iс-шаралар.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу және жүзеге асыру қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы кешендi мемлекеттiк жоспарлаудың негiзгi нысаны болып табылады. Оларды жүзеге асыруда, соның iшiнде қаржылық, материалдық, кадрлық қамсыздандыруда басымдық қамтамасыз етiлуге тиiс. Осы саладағы негiзгi бағдарлама Қылмысқа қарсы күрестiң 1996-1998 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы мен құқық қорғау қызметiнiң 2000 жылға дейiнгi негiзгi бағыттары болуға тиiс, ол бiрiншi кезекте әзiрленiп, атқарылуға қабылдануы керек. Реформаларды тереңдету жөнiндегi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996-1998 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасына сәйкес құқық қорғау органдарының өзара iс-қимылын реттейтiн заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары, қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi қоғамдық жасақтардың қызметiн реттейтiн құжаттар пакетi әзiрленетiн болады.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерi басқа бағдарламаларды, соның iшiнде қаруды мемлекеттiк бақылау туралы, халық арасындағы есiрткiқұмарлық пен маскүнемдiкке қарсы күрес проблемалары және басқалары жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеудi қажет етедi.
      Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi жүзеге асыратын органдар қызметiн бақылау және қадағалау жүйесiн жетiлдiру олардың қызметiнде заңдылықты нығайтуды және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепiлдiктерiнiң пәрмендiлiгiн көздейдi. Бұл бағыттағы бiрiншi кезектi мiндет қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету субъектiлерiнiң қызметiн мемлекеттiк бақылаудың бiртұтас жүйесiн құру болып табылады.
      Құқық қорғау заңдарын жетiлдiру. Нарықтық реформаларды жүргiзiп, жүзеге асыруға байланысты қылмыстың дағдылы нысандарын анықтап, оларды тыюға бағдарланған қолданылып жүрген заңдардың бiрқатар кемшiлiк тұстары мен қайшылықтары айқындалып отыр. Қылмыстың ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес проблемалары заң тұрғысында реттелмеген күйiнде қалып келедi, лауазымды адамдардың коммерциялық құрылымдарға қатысты қолдаушылық әрекетi үшiн жауапкершiлiк белгiленбеген.
      Осы орайда қоғамдық қауiпсiздiк объектiлерiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк құрылымдар қызметiнiң құқықтық негiзiн қамтамасыз ететiн қылмыстық, қылмыстық-iс жүргiзу және басқа да кодекстердi әзiрлеудi аяқтап, қабылдау, құқық қорғау заңдары саласындағы бiрiншi кезектегi мiндеттер болып табылады.

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң   
1996 жылғы 30 сәуiрдегi
N 2967 Өкiмiне  
N 2 қосымша   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIГI
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Алматы-1996.

1. Жалпы ережелер

      Айналадағы ортаның (биосфераның) табиғи ерекшелiктерi жөнiнен Республика аумағының жартысынан астамы шөл және шөлейт аймақтарға жатады, ал табиғи-тарихи жағдайлары және табиғатты пайдаланудың қалыптасып отырған негiзiнен алғанда ресурстық-шикiзаттық жүйесi жөнiнен өндiрушi және ұқсатушы кәсiпорындардың, халық шаруашылығы кешенi өнеркәсiп аймақтарының, әскери объектiлердiң экологиялық тұрғыдан шетiн табиғат жүйелерiне (биогеоценоздар) және оларда тұратын халыққа түсiретiн техногендiк салмағы төтенше ауыр болып отыр. Соның салдарынан елiмiзде қолайсыз, ал бiрқатар аймақтарда дағдарысты экологиялық ахуал қалыптасып отыр.
      Экологиялық дағдарыстың неғұрлым қауiптi көрiнiстерi - аймақтық техногендiк шөлейттену, топырақтың тозуы, су ресурстарының тартылып, ластануы, атмосфераның ластануы, ормандардың селдiреуi, биологиялық әр алуандықтың тоқтаусыз азайып, тiрi табиғаттың генетикалық қорының бүлiнуi, тiршiлiкке қатер төндiретiн дүлей табиғи құбылыстар мен өнеркәсiп апаттарының белең алып, қауiптi әрi улы қалдықтардың қордалануы.
      Кейбiр аймақтарда жағдайдың ауырлағаны соншалық, тоқтатуға ырық бермейтiн, тежеуге, болашағын пайымдап бiлуге болмайтын құбылыстар қаупi өсiп келедi және тұрақты табиғат пайдалануды басқару мен сақтап қалуды болжамдау мүмкiндiгi де күрт кемiп барады (Арал өңiрi, Семей полигоны, Каспий өңiрi, Байқоңыр және т.б.).
      Қолайсыз экологиялық ахуалды елiмiз қазiргi кезде бастан кешiрiп отырған экономикалық дағдарыс одан әрi тереңдетiп, әлеуметтiк шиеленiстiң ұшығуына итермелеп отыр, ал ендi экологиялық және халықтың әлеуметтiк проблемаларын шешудi экономикалық қиындықтар тежеуде. Демек, экологиялық ахуалға сай келетiн шаралар қолданбау халықтың денсаулығына залалын тигiзумен қатар, әлеуметтiк жанжалдар туғызып, халық шаруашылығы дамуының бiрсыпыра маңызды бағыттарын тiкелей тежеуге әкелiп соғуы ықтимал.
      Сондықтан да экологиялық қауiпсiздiк ұлттық қауiпсiздiктiң стратегиялық iргелi бөлiмдерiнiң бiрi және халықаралық интеграциялық процестердегi елдiң мүдделерi мен басымдықтарын қорғаудың аса маңызды аспектi болып табылады.
      Қазақстан БҰҰ-ның толық құқылы мүшесi ретiнде өзi қол қойған, атап айтқанда, "айналадағы ортасы мейлiнше шетiн елдердiң" санаты бөлiп көрсетiлген (6 принцип) БҰҰ-ның Айналадағы орта мен даму жөнiндегi Бүкiл дүниежүзiлiк Рио-92 конференциясы принциптерiнiң, БҰҰ-ның 21 ғасырға арналған Күн Тәртiбi басымдықтарының, сондай-ақ шөлейттенуге қарсы күрес жөнiндегi, биологиялық әр алуандық туралы, климаттың өзгеруi туралы халықаралық конвенциялардың елiмiз үшiн аса өзектiлiгiн ескередi және оларды Әлемдiк Қауымдастық мүшелерiнiң сақтауының кең ауқымдық, аймақтық және ұлттық экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және осы заманғы өркениет пен әсiресе, нарықтық экономикаға көшу сатысын басынан өткерiп отырған елдердiң тұрақты дамуы үшiн айрықша маңызы бар деп санайды.
      Мұның өзi елiмiздiң аймақтық және ауқымдық жағынан алғандағы экологиялық қауiпсiздiгi мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған құрылымдық өзгерiстер мен өндiрiс ұтымдылығының стратегиялық басымдықтарында табиғат пайдаланудың қалыптасқан үрдiсiнiң табиғи-тарихи және географиялық шарттары мен ерекшелiктерiн тиiсiнше ескеру қажеттiгiн негiздейдi.
      Экологиялық қауiпсiздiктiң осы тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының және Республиканың өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң негiзiнде, Айналадағы орта мен даму жөнiндегi Рио-де-Жанейро декларациясы принциптерiне, БҰҰ-ның 21 ғасырға арналған Күн Тәртiбiнiң, осы саладағы халықаралық конвенциялар мен келiсiмдердiң басымдықтарына сүйене отырып әзiрлендi және онда:
      - өтпелi кезеңдiк экономикасы бар экологиялық тұрғыдан мейлiнше шетiн елдiң табиғат пайдаланудағы қалыптасқан табиғи-тарихи ерекшелiктерi мен шарттары;
      - елдiң ауқымдық және аймақтық интеграциялық процестердегi экологиялық қауiпсiздiгi мүдделерiн қорғау мен басымдықтарын сақтауға арналған өтпелi кезеңдегi саяси, құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк реформалардың ерекшелiктерi;
      - халықаралық қатынастар мен iшкi реформаларда экологиялық қауiпсiздiктi және табиғат пайдалану салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз ету;
      - экологиялық тұрғыдан мейлiнше шетiн әрi дағдарысты аудандардың халқы мен айналадағы ортасын сауықтыру қажеттiгi;
      - халықтың экологиялық хабардарлығы, әлеуметтiк әрiптестiк және азаматтардың осы салада басқару шешiмдерiн қабылдауға қатысуы;
      - халықаралық заңдық және құқықтық нормаларды тану әрi Қазақстанның интеграциялық процестердегi ұлттық мүдделерi мен экологиялық қауiпсiздiгiнiң қорғалуын қамтамасыз ететiн әрi басқа елдердiң экологиялық мүдделерiне қысым жасау мүмкiндiгiн жоққа шығаратын құрылымдарды дамыту;
      - елдiң экологиялық қауiпсiздiгiнiң оның тұрақты дамуы мен жалпы ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудегi iргелi рөлi мен орнын тану ескерiледi.
      Тұжырымдамада экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң iрге қалаушы принциптерi, стратегиялық мақсаты, мiндеттерi мен басым бағыттары қамтылды. Табиғат қорғау құрылымдарының елдiң жалпы ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудегi, егемендi мүдделерiн қорғаудағы тиiстi рөлiне, функциялары мен мәртебесiне, стратегиялық мақсаттарға жетуге, Қазақстанның ауқымдық және аймақтық интеграциялық процестердегi басым мiндеттерiн шешуге баса назар аударылды.

2. Экологиялық қауiпсiздiктiң табиғи-тарихи негiздерi,
принциптерi және стратегиялық мақсаты

2. 1. Қазақстанның өтпелi кезеңдегi экологиялық мәртебесiнiң
ерекшелiктерi

      Қазақстан географиялық тұрғыдан Евразия алып құрлығының кiндiгiнде орналасқан. Елiмiздiң Жер биосферасы жүйесiнiң ауқымды тұтас секторында жатқан негiзгi аумағын ауа райы-климаттық сипаттамасы әсiресе құрылықтық болып келетiн далалы, шөл және шөлейт жерлер құрайды. Ел аумағының едәуiр бөлiгi сейсмикалық қауiптi аймақты қамтиды, сөйтiп экологиялық қолайсыздыққа зiлзала қатерi қосылады. Табиғат пайдаланудың қалыптасқан негiзiнен алғанда ресурстық-шикiзаттық және бiр бейiмдi жүйесi әрi өндiргiш күштердi орналастырудың табиғат жағдайы мен тұрмыс ерекшелiктерiнiң және экологиялық шектеулердiң ескерiлмей жүргiзiлуi тұрғылықты халқы үшiн техногендiк ықпал-әсерi, тәуекелi және экологиялық қатерi жоғары аймақтар мен өңiрлердiң пайда болуына әкелiп соқты. Осы орайда қоғамдағы нарыққа көшу кезеңiнiң қиындықтарымен ұштасып жататын әлеуметтiк шиеленiс, әсiресе экологиялық апат аймақтарында айрықша көрiнетiн халықтың экологияға байланысты алаңдаушылығының тұрақты факторына ұласады.
      Экологиялық қауiпсiздiктiң негiзгi проблемаларын айқындап, басымдықтарын белгiлеген кезде негiзiнде қалыптасқан табиғат пайдалану мен айналадағы ортаны қорғау жүйесiнiң әлi жеткiлiктi толық және кешендi түрде зерделенбеген табиғи-ғылыми, ғылыми-техникалық, мәдени-тарихи және өзге де аспектiлерi мен ерекшелiктерiн, өнеркәсiптiң табиғаттың шетiн экологиялық жүйелерi мен бүгiнгi халықтың, сондай-ақ болашақ ұрпақтардың денсаулығына тигiзетiн техногендiк әсерiнiң зардаптары проблемаларын ескеру қажет.
      Осы проблемалардың Қазақстан үшiн аса өзектi геосаяси, геоэкономикалық және биосфералық-экологиялық аспектiлерi БҰҰ қабылдаған Рио-де-Жанейро Декларациясында және халықаралық құқықтың қатысушысы ретiнде Қазақстан қуаттайтын негiзгi конвенцияларда ерекшеленiп, жүйеленедi. Қазiргi заманғы индустриялық өркениеттiң тұрақты дамуының тұжырымдамалық негiзi ретiндегi ауқымдық экологиялық доктринаның осы құжаттары елдiң экологиялық жай-күйi мен стратегиялық мақсатына сәйкес оның халықаралық мәртебесiн бағамдауға, ал принциптерiнде, саяси, заңдық, экономикалық және өзге де басымдықтарына сыртқы байланыстар мен халықаралық интеграциялық процестерде, iшкi реформалар мен басқа елдермен ынтымақтастықты биосфераның ауқымды, аймақтық және жергiлiктi масштабтары мен жағдайларында ұлттық мүдделерi мен пайдасының неғұрлым толық ескерiлуiне мүмкiндiк бередi.
      Қазақстанның Жер биосферасындағы мәртебесiмен айқындалатын экологиялық шектеулер мен айналадағы ортаны қорғау және табиғат пайдалану жөнiндегi талаптар елдiң экологиялық қауiпсiздiгi мен тұрақты дамуының табиғи iргетасы болып табылады. Әрi олар өтпелi кезең жағдайында айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы, Жер туралы, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы, Су, Орман кодекстерi мен елдiң басқа да нормативтiк-құқықтық актiлерiнде неғұрлым толық және тиiсiнше ескерiлуге тиiс.

2.2. Экологиялық қауiпсiздiктiң принциптерi, стратегиялық
мақсаты мен мiндеттерi

      Экологиялық қауiпсiздiк Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiнiң табиғи-тарихи негiзi және құрамдас бөлiгi ретiнде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң айналадағы ортаға шамадан тыс антропогендiк әсердiң салдарынан, сондай-ақ дүлей апаттардан, өнеркәсiптiк авариялар мен күйреулерден қорғалу дәрежесiмен айқындалады. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi субъектiсi Мемлекет, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар болып табылады.
      Экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасы солардың негiзiнде iшкi және сыртқы саясат, құқықтық және экономикалық тетiктер, сондай-ақ қолайлы айналадағы ортаны қамтамасыз ету және сақтау мен экономиканың, адамның тұрақты дамуы, дүлей апаттар мен өнеркәсiптiк авариялардың алдын алу үшiн қажеттi iс-әрекет бағыттары қалыптасатын мемлекет таныған принциптер мен басымдықтар жүйесiн бiлдiредi.
      Ауқымды әрiптестiкте стратегиялық мақсатқа қол жеткiзу және елдiң экологиялық қауiпсiздiгiнiң басымдықтарын сақтау үшiн бiздiң үйiмiз - Жер планетасының тұтастығы мен табиғи өзара байланысты табиғатын мойындай отырып, Қазақстан үшiн өзектi Айналадағы орта және даму жөнiндегi Рио-де-Жанейро декларациясының мына принциптерi тұрғысынан ұлттық мүдделердi қорғау қажет;
      - адамдар жайындағы қамқорлық елдiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөнiнде күш-жiгер жұмсауда басты орын алады және олардың табиғатпен үйлесiмдiлiкте салауатты және жемiстi өмiр сүруге құқығы бар;
      - мемлекеттiң өз табиғи ресурстарын игеру жөнiндегi егемендi құқығын iске асыруы және ұлттық юрисдикцияның қолданылу шегiнен тыс басқа мемлекеттердiң немесе аудандардың айналадағы ортасына келтiрген залалы үшiн жауапкершiлiктi мойындауы;
      - айналадағы ортаны дамыту мен қорғау жөнiндегi құқығын iске асыру қазiргi және болашақ ұрпақтардың қажеттiктерiн әдiлеттi қанағаттандыруды қамтамасыз етуге тиiс;
      - экологиялық тұрғыдан мейлiнше шетiн ел ретiнде Қазақстан саясатында оның қажеттiктерi мен мүмкiндiктерiн пайдалану және басым түрде есепке алу;
      - Жердiң экологиялық жүйесiн сақтау, қорғау және оның салауатты жай-күйi мен тұтастығын қалпына келтiру мақсатындағы ауқымды әрiптестiк пен ынтымақтастық;
      - өндiру мен тұтынудың тiршiлiк етуге қабiлетсiз үлгiлерiн азайту және iстен шығару әрi тиiстi демографиялық саясатты қуаттау негiзiнде тұрақты даму мен неғұрлым жоғары өмiр сүру дәрежесiне қол жеткiзу;
      - айналадағы ортаны тиiмдi пайдалануда әйелдердiң маңызды рөлi және олардың тұрақты дамуға қол жеткiзу үшiн жан-жақты қатысуының қажеттiгi;
      - барлық мүдделi азаматтардың экологиялық мәселелердi шешуге пәрмендi қатысуы үшiн жағдайлар туғызу, мемлекеттiң айналадағы ортаның сапасы мен қауiптi материалдар жөнiнде ресми ақпараттың ашық болуын, жұртшылықтың шешiмдер қабылдау процестерiне қатысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi, жұртшылықтың хабардарлығын дамыту және қуаттау.
      Осы Тұжырымдама биологиялық әр алуандықты (тiрi организмдердi қорғауды, сол сияқты теңдеу дәрежеде ландшафт ерекшелiктерiн қорғауды қоса алғанда) мiндеттi түрде сақтау шартымен адамның өмiр сүруi үшiн қолайлы ортаны ұтымды деңгейде қамтамасыз ету мен ұстаудың принциптерiн, стратегиялық мақсатын, мiндеттерi мен тетiктерiн айқындайды. Оның iргесiне өндiрiстiң ұтымды дамуы, табиғи ресурстарды тиiмдi пайдалану мен айналадағы ортаны қорғау негiзiнде адамдардың өмiр сүруi үшiн қолайлы жағдайлар туғызу стратегиясы қаланған.
      Осы орайда экологиялық қауiпсiздiктiң мемлекеттiк саясаты мыналарға негiзделедi:
      - "табиғатты пайдаланушы және ластаушы төлейдi", адамның денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлген залалға өтем жасаудың және экологиялық себептермен зардап шеккендердi әлеуметтiк қорғаудың мiндеттiлiгi принципiн енгiзу;
      - айналадағы ортаға және адамға тигiзiлетiн әсердiң мемлекет белгiлеген шектi деңгейiн сақтау және әкiмшiлiк-әлеуметтiк бiрлiктердiң айналадағы ортаның жай-күйi мен ластанудың шекарадан асыра таралуы үшiн өзара жауапкершiлiгi;
      - халықтың және/немесе аумақтық экологиялық қауiпсiздiгiне қатер төндiруi ықтимал өндiрiстiк және өзге де iс-әрекеттi жүзеге асыруға рұқсат берiлу тәртiбi;
      - құрылыс салу, қайта қалпына келтiру және кез келген өнiм өндiру жобаларына, бағдарламаларына мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргiзудiң мiндеттiлiгi;
      - бүлiнген аумақтарды (акваторийлердi), экологиялық жүйелер мен табиғат кешендерiн уақтылы анықтау және қалпына келтiру;
      - экологиялық қауiп пен экологиялық қауiпсiздiк саласында жүзеге асырылатын iс-әрекеттер жөнiнде азаматтар мен ұйымдарды толық, сенiмдi және уақтылы ақпаратпен қамтамасыз ету;
      - айналадағы ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды реттейтiн халықаралық құқықтың, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының нормаларын сақтау;
      - экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы халықаралық iс-әрекетке мiндеттi түрде қатысу.
      Экологиялық қауiпсiздiктiң стратегиялық мақсаты мен мiндеттерi:
      - халықаралық қатынастар мен интеграциялық процестерде экологиялық мәртебенiң ерекшелiктерiн тиiсiнше есепке алуды;
      - экологиялық қауiпсiздiк пен тұрақты табиғат пайдалану жөнiндегi аса маңызды, соның iшiнде iргелi проблемалар жөнiнде ғылыми зерттеулердi оза дамытылуын қамтамасыз етудi;
      - айналадағы ортаның жай-күйiне жүргiзiлетiн бiрыңғай мониторинг жүйесiн енгiзудi;
      - Қазақстан Республикасының табиғи ортасы сапасының жай-күйiн бағалауды, оның аумағын экологиялық аудандастыру мен арнаулы картаға түсiрудi;
      - айналадағы ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды басқаруды реттейтiн табиғат қорғау заңының жүйесiн жасауды;
      - экологиялық бақылау мен нормалау жүйесiн жетiлдiрудi;
      - табиғат пайдалануды жоспарлауды, айналадағы ортаны қорғау мен тұрақты табиғат пайдаланудың экологиялық бағдарламаларын, схемаларын әзiрлеудi;
      - экологиялық бiлiм және тәрбие беру жүйесiн дамытуды;
      - айналадағы ортаны қорғау мен табиғат пайдаланудың экономикалық тетiгiн жасауды;
      - айналадағы ортаны қорғау, табиғат пайдалану мен дүлей апаттардан сақтану проблемалары жөнiнде халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзiрлеудi қамтиды.
      Осы Тұжырымдаманы iске асырудың негiзгi стратегиялық бағыттары - ресурс сақтаушы экологиялық таза технологиялар әзiрлеу және енгiзу, жұмыс iстеп тұрған өндiрiстiк процестердi модерлендiру және жетiлдiру жолымен республиканың әлеуметтiк-экономикалық және адам тұрғысынан дамуын қамтамасыз ету.

3. Айналадағы ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды
басқару жүйесi

      Табиғат қорғау қызметi мен табиғат пайдалануды басқару жүйесi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негiзгi ережелерi ескерiле отырып әзiрленген нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалуға тиiс.
      Басқару жүйесiнiң негiзге алынатын принципi заңдарда бекiтiлген мемлекеттiк және шаруашылық басқару функцияларын бөлу болып табылады. Ол Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiнiң негiзгi құрылымжасамдық бiрлiгiнiң - облыстың шеңберiнде оның физикалық-географиялық аудандарына экологиялық баға беру негiзiнде, ал су ресурстарына қатысты бөлiгiнде - өзендер мен су айдындарының негiзiнде жұмыс iстеуге тиiс.

3.1. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң институттары
мен тетiктерi

      Республикалық, облыстық және өзге де деңгейлерде бiрыңғай экологиялық саясатты жүргiзу және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету табиғат қорғау органдары жүйесiн жетiлдiрудi талап етедi.
      Экологиялық қаупсiздiктiң тұжырымдамасының iске асырылуы үшiн жауапкершiлiк айналадағы ортаны қорғау саласында арнайы өкiлеттi мемлекеттiк органға (Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгi) жүктеледi, ол бұл қызметтi облыстардың атқарушы органдарымен тығыз байланыста жүзеге асырады.
      Айналадағы ортаға тигiзiлетiн әсердi бағалаудың (АОӘБ) тәуелсiз жүргiзiлуiн қамтамасыз ету үшiн табиғат қорғау органдарының жергiлiктi атқарушы органдарға қандай да болмасын бағыныстылығына немесе оларға тәуелдiлiгiне жол бермеген жөн.
      Табиғат қорғау органдарының стратегиялық және жедел әлеуетi олардың инфрақұрылымына ғана емес, басқа да мемлекеттiк органдардың қызметiне тәуелдi болуға тиiс. Келешекте әр түрлi мемлекеттiк органдардың табиғат қорғау шараларын нақты қызметiне өздерiнiң енгiзуiне қол жеткiзу қажет. Сол сияқты тиiстi атқарушы органдармен, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен қоғамдық бiрлестiктермен тиiмдi ынтымақтастық пен үйлестiрудi нығайтқан жөн.
      Әрбiр құрылым жасайтын бiрлiк үшiн экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тетiгi ретiнде мыналар әзiрленуге тиiс;
      экологиялық паспортта көрсетiлген айналадағы табиғи ортаның нақты жай-күйiнiң сипаттамалары;
      табиғат пайдалануды төрт бағыт бойынша шектейтiн нормативтiк сипаттамалар:
      а) айналадағы ортаның ластануын шектеу;
      б) табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық тұрғыда рұқсат етiлген шегiн айқындау;
      в) экономикалық шектеулер - өндiрiс салаларының тиiмдi және экологиялық қауiпсiз құрылымын белгiлеу;
      г) аумақтық жiктеулер - шаруашылық қызмет жүргiзудiң әр түрлi дәрежесi қамтылатын учаскелердi бөлуден оған толық тыйым салғанға дейiн (қорықтар).
      Әр облыс үшiн әкiм бекiтетiн айналадағы ортаны қорғаудың аумақтық кешендi схемасы (АОҚАКС) әзiрленедi. Осы схемада айналадағы ортаға тигiзiлетiн әсердi төмендету, тұрақты табиғат пайдалану және күзетiлетiн аумақтар жүйесiн құру жөнiндегi қызметтiң негiзгi бағыттары пысықталады.
      АОҚАКС негiзiнде мынадай экологиялық бағдарламалар әзiрленедi:
      ұзақ мерзiмдi - республиканың экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн 21 ғасырға арналған Қазақстандық Күн Тәртiбi;
      шұғыл - айналадағы ортаны қорғау және тұрақты даму жөнiндегi iс-қимылдың ұлттық жоспары (АОҚ және ТДIҚҰЖ).
      Айналадағы ортаны қорғау саласындағы басым зерттеу бағдарламаларын қолдау мақсатында тиiстi зерттеулер мен талдамаларды нысаналы қаржыландыруды жүзеге асыру және жеке сектордың, халықаралық ұйымдар мен қорлардың қаржы ресурстарын тарту қажет.
      Табиғат қорғау қызметiн тиiмдi басқару көбiнесе экология саласында кадрларды даярлаудың сапасына да байланысты. Бұл орайда экологиялық заңдар, табиғат пайдалану экономикасы саласында дағдылар мен бiлiмге ие болып, оларды жетiлдiруге, айналадағы ортаға тигiзiлетiн әсердi және тәуекелдi бағалауға, экологиялық тексерiске, сондай-ақ жанжалды ахуалдарды реттеу әдiстерiне ерекше назар аудару қажет. Бұған қоса басшы кадрларды даярлау бағдарламасына экологиялық саясатты әзiрлеу әдiстерi мен оған баға берудi зерделеу кiруге тиiс.
      Сол сияқты Қазақстан Республикасының iшкi және сыртқы саясатының тиiстi бағыттарын iске асыратын басқа да мемлекеттiк органдардың басшы қызметкерлерi үшiн айналадағы ортаны қорғау және тұрақты даму жөнiнде арнаулы оқу бағдарламаларын көздеген жөн.

3.2. Нормативтiк-құқықтық база

      Табиғат қорғау қызметiн тиiмдi басқаруды қамтамасыз ету осы Тұжырымдаманы және орындауға қабылданатын нормативтiк және құқықтық актiлердi iске қосуға байланысты.
      Жаңа заңдарды әзiрлеу немесе қолданылып жүрген заңдарды қайта қарау кезiнде экологиялық саясат ең болмағанда басқа салалардағы саясатпен тең құқылы түрде қарастырылуға тиiс. Заңдардың барлық салалары айналадағы ортаны қорғау және пайдалану жөнiндегi нормалар мен ережелердi қамтуға тиiс. Оларда жергiлiктi органдардың құзыретiне сәйкес келуге тиiстi құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.
      Айналадағы ортаны қорғауды кешендi тұрғыда қарастыратын заңдар, атап айтқанда мыналарды қамтамасыз етуге тиiс:
      а) табиғат қорғау қызметiнiң түрлi субъектiлерiнiң арасындағы мiндеттер мен өкiлеттiктердi анық белгiлеу және бөлу;
      б) өзара келiсiлген және экологиялық жағдайға сәйкес келетiн нормативтердiң болуы;
      в) әрбiр балама жоба жөнiнде рұқсат алуға арналған өтiнiштердiң қаралуын үйлестiру. Осындай iс-әрекеттiң түпкiлiктi мақсаты барлық табиғи орталарды қамтитын кешендi сараптама негiзiнде рұқсат беру болуға тиiс;
      г) ұлттық, облыстық және жергiлiктi деңгейлердегi саясатты, жоспарлар мен бағдарламаларды талдап жасау кезiнде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды ескеру;
      д) айналадағы ортаға елеулi залал келтiретiн жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындар мен қондырғылардың әсерiн зерделеу және осындай зерделеу нәтижелерiнiң негiзiнде табиғи факторлар мен адам денсаулығына терiс әсердi қысқарту, шектеу немесе болдырмау мақсатында тиiстi түзетулер мен өзгертулердi енгiзу (қажет болған жағдайда кезең-кезеңiмен);
      е) экономикалық дамудың ұсынылатын жаңа жобаларына рұқсат беру рәсiмiнде айналадағы ортаға тигiзiлетiн әсерге берiлген бағаны мiндеттi түрде ескеру;
      ж) мемлекеттiк органдардың айналадағы ортаның жай-күйi туралы мезгiл-мезгiл есептер табыс етiп отыруы және кәсiпорындар мен фирмаларға айналадағы орта мәселелерi жөнiндегi ақпаратты құзыреттi органдарға ұдайы хабарлап отыруын мiндеттеу;
      з) жұртшылықтың айналадағы орта туралы ақпаратқа қол жеткiзу құқығын бекiту және жеке басының өмiрi, өнеркәсiптiк және коммерциялық құпиялар жөнiндегi құқықтары мен ұлттық қауiпсiздiкке қатысты нақты тұжырымдалған шектеулердi ескере отырып, тиiстi рәсiмдердi қабылдау.
      Қажет болған жағдайда қазақстандық заңдарды айналадағы ортаны қорғау саласындағы халықаралық құқық актiлерiнiң қағидаларымен үйлестiруге ерекше назар аударған жөн.

3.3. Әлеуметтiк әрiптестiк және жұртшылықтың қатысуы

      Экологиялық мәселелердiң барлық мүдделi азаматтардың қатысуымен неғұрлым тиiмдi шешiлетiндiгiн ескере отырып, мемлекеттiк органдар:
      - жұртшылықтың шешiмдердi қабылдау процесiне қатысуы үшiн қолайлы жағдайлар мен мүмкiндiктер туғызуға;
      - мемлекеттiк органдардың өздерiнен, сол сияқты шаруашылық қызмет субъектiлерiнен де таралатын, өзiне:
      а) экологиялық саясат, тиiстi экологиялық проблемаларды шешуге байланысты мiндеттер мен мақсаттар туралы мәлiметтердi;
      б) табиғат қорғау қызметi мен оның тиiмдiлiгi туралы ақпаратты;
      в) айналадағы ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды басқару жүйесiнiң жай-күйi туралы ақпаратты қамтитын экологиялық ақпараттың жұртшылыққа ашық болуын қамтамасыз ету жөнiнде практикалық шараларды белгiлеуге тиiс.

4. Экологиялық талаптар және өтпелi кезеңнiң
басымдықтары

      Нарықтық қатынастарға көшу жағдайында экономикалық тұрақсыздық, жекелеген салалар мен өнеркәсiп орындарының өмiршеңдiгiнiң бұзылуы, республиканың инвестициялық мүмкiндiктерiнiң шектеулiлiгi кезiнде экологиялық ахуалдың одан әрi нашарлауына жол бермеу және экологиялық қауiпсiздiк пен реформалардың әр түрлi бағыттары, жүзеге асырылған кезде адамның өмiр сүру жағдайларының жақсаруын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк саясаттың негiзгi басымдықтарын белгiлеу маңызды. Негiзгi басымдықтардың бiрi "белгiленсiн және жойылсын" принципiнен "болжам жасалсын және жол берiлмесiн" принципiне көшу болуға тиiс, өйткенi зардаптарды жою олардың алдын алудан гөрi әрдайым әлдеқайда қымбатқа түседi.
      Экологиялық саясат алдын алу шараларын қолдану, "ластаушы төлейдi", "табиғат ресурстарды пайдаланушы төлейдi", тұрақты табиғат пайдалану және жауапкерлiктi бөлу принциптерiне негiзделуге тиiс.
      Экологиялық саясаттың басымдықтары айналадағы орта жағдайларын, сондай-ақ экономикалық, әлеуметтiк және басқа да факторларды жан-жақты қамтитын талдау негiзiнде белгiленуге тиiс.
      Iс-қимылдың ұлттық жоспары неғұрлым қаурыт проблемаларды шешуге бағытталуға тиiс. Бұған қоса, әзiрге Арал мен Семей проблемалары сияқты кеңiнен жария болмаған, алайда өздерiнiң көкейкестiлiгi жөнiнен олардан кем түспейтiн проблемаларды назарда ұстау қажет. Бұның бәрiнен бұрын өндiрiстiк орталықтарға, мұнай өндiру аудандарына, әскери полигондар мен басқа аймақтарға қатысы бар.

4.1. Құрылымдық өзгерiстер және экологиялық саясат

      Республиканың даму стратегиясын талдап жасаған кезде табиғат қорғау талаптары мен мiндеттерiн экономикалық саясатқа интеграциялау үшiн ұлттық экономиканың қайта құрылуын пайдалану қажет. Экологиялық қауiпсiздiктiң басымдықтары перспективалық экологиялық, энергия және ресурс сақтаушы технологиялар негiзiнде табиғат пайдаланудың стратегиясы мен құрылымына принциптi өзгерiстер енгiзу қажеттiгiн алға тартады.
      Iс-әрекеттердiң бес негiзгi бағыттарына негiзделген (қысқарту, орнын басу, рекуперация, рециркуляция және қайталап пайдалану) тұйық циклды экономиканы құру мақсат етiп қойылуға тиiс.
      Өндiрушiлер тарапынан өз өнiмдерiнiң экологиялық тазалығының дәлелi ретiнде ерiктi экологиялық тексерiс схемалары мен экологиялық таңбалау жүйесiн әзiрлеп, бiртiндеп енгiзген жөн. Тиiстi стандарттар мен өлшемдердi халықаралық тұрғыда келiсуге қатысуды қуаттаған жөн.
      Айналадағы ортаны қорғауға маманданған ұйымдардың қызметi үшiн қолайлы жағдайлар туғызу керек. Оларды заң тұрғысынан қолдауды заңда белгiленген тәртiппен берiлетiн жеңiлдiктi шарттардағы заемдар түрiндегi қаржылық ынталандырулармен толықтыру қажет. Экологиялық таза тауарлар өндiру мен қызметтерге тiкелей шетелдiк инвестициялар жасалуын қуаттаған жөн.

4.2. Жекешелендiрудiң экологиялық проблемалары

      Жекешелендiру процесi шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң және тiптi экономиканың тұтас секторларының экологиялық сипаттамаларын жақсарту үшiн пайдаланылуға тиiс. Атап айтқанда, экологиялық бақылау және бақыланатын кәсiпорындардың меншiк иесi жөнiндегi функцияларды бiр мезгiлде атқарған ретте, мемлекет жекешелендiру саясатына қосылған кезде, дәстүрлi мiндеттерiмен қатар, табиғат қорғау мiндеттерiн де орындаған кезде туындайтын қарама-қайшылықтарды жою қажет.
      Жекешелендiру процесiнде табиғат қорғау органдары оларға жекешелендiру үшiн жауапты органдардың жұмысына қатысуға мүмкiндiк беретiн тетiктердi жасау арқылы нақты айқындалған рөл атқаруға тиiс. Бұл үшiн жекешелендiру барысында экологиялық талаптардың сақталуына бақылау жасау, айналадағы ортаға келтiрiлетiн залалмен байланысты шығыстарды бағалау және келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiк мәселелерi жөнiнде консультациялар беру мiндеттерiне кiретiн ведомствоаралық бөлiмшелер құру қажет.
      Экологиялық аспектiлер шетелдiк инвесторлар үшiн жекешелендiру процесiнiң жалпы жоспарлары мен мiндеттерi баяндалатын жекешелендiру жөнiндегi басшылықтарда тиiсiнше көрсетiлуге тиiс.
      Айналадағы ортаға келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiк нормативтiк актiлердiң тиянақты және бiрыңғай жиынтығында айқындалуға тиiс. Жекешелендiру мен табиғат қорғауды жүзеге асыратын органдар жекелеген учаскелерде айналадағы ортаға келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiктiң көлемiн белгiлеуде тығыз ынтымақтастық жасауға тиiс.
      Жекешелендiруге дейiн келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiктi бөлу тетiгiн жасау мақсатында экологиялық баға беру рәсiмiн әзiрлеу қажет.
      Жекешелендiрiлетiн объектiлердi сатудан алынған қаражаттың бiр бөлiгi арнаулы шоттарға депозитке салынуы және табиғи ортаны қалпына келтiру жөнiнде қажеттi төлемдер жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
      Ауыл шаруашылығы мақсаттарына арналған жерлердi пайдалану кезiнде ерекше күзетiлетiн аумақтар мен объектiлердiң мәртебесiн қорғауға баса назар аударылғаны жөн.

4.3. Қаржы-экономикалық саясат

      Табиғат пайдаланушыларды табиғат қорғау iс-шараларын жүргiзуге, күллi табиғи-ресурстық әлеуеттi тиiмдi пайдалануға ынталандыру:
      табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшiн;
      табиғи ресурстарды қорғауға және қалпына келтiруге арналған;
      айналадағы табиғи ортаға ластайтын заттарды шығарғаны және ағызғаны үшiн әрi өндiрiс қалдықтарын орналастырғаны мен белгiленген лимит шегiнде және одан асыра пайдаланғаны үшiн;
      табиғи ресурстар мен олардан алынатын шикiзатты лимиттен тыс (нормативтен тыс) және кешендi емес пайдаланғаны (шығындар) үшiн экологиялық төлемдер жасау жүйесiн көздейтiн табиғат пайдалану экономикалық тетiгiнiң көмегiмен жүзеге асырылуға тиiс.
      Табиғи ресурстарды нормативтi пайдаланғаны үшiн жасалатын төлемдер заңмен белгiленген қатынаста жергiлiктi және республикалық бюджеттер арасында бөлiнедi де табиғат қорғау қызметi бөлiгiнде әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламаларын iске асыруға арнап жұмсалады.
      Табиғи ресурстарды қорғауға және қалпына келтiруге арналған төлемдер мақсатты экологиялық қорларға келiп түсуге және бұрын келтiрiлген залалды жою жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру мен экологиялық проблемаларды шешу үшiн ғана жұмсалуға тиiс.
      Қалдықтарды ұқсатуға сараланған баға түзудiң айқын саясатын әзiрлеу қажет. Қалдықтарды өңдеудiң және көмудiң құны айналадағы ортаны қорғау мен халықтың денсаулығына байланысты барлық шығыстарды қамтуға тиiс.
      Ластануды бақылау саласындағы ұйғарымдарды бұзғаны үшiн айыппұлдар салынуға және санкциялар қолданылуға тиiс. Айыппұлдар мен санкциялардың мөлшерi белгiленген шектер мен нормалардан асып кету дәрежесiне тәуелдi болуға тиiс. Айыппұлдардың сомасы нормативтердiң сақталуын қамтамасыз етуге және залалдың орнын толтыруға тиiс.
      Айналадағы ортаны қорғауға арналған шығыстарды қаржыландыру мемлекеттiк бюджет, табиғат пайдаланушылардың қаражаты, экологиялық қорлар, сондай-ақ басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады. Қаржыландыру үшiн табиғат қорғау жобаларын iрiктеп алудың экологиялық та, қаржылық та өлшемдерi әзiрленуге тиiс. Өндiрiстiк циклдың соңындағы тазарту технологияларына емес, экологиялық таза технологияларды инвестициялауға басымдық беру қажет. Табиғат қорғау мақсаттарына арнап кредиттер бөлу рәсiмдерiнде банкiлiк және экологиялық сараптамаларды ескеру керек.

5. Халықаралық ынтымақтастық

      Айналадағы ортаның жай-күйiнiң нашарлауы проблемаларын неғұрлым тиiмдiрек шешу үшiн мемлекеттер қолайлы және ашық халықаралық экономикалық жүйе құру iсiнде ынтымақтасуға тиiс, бұл барлық елдерде экономикалық өсу мен тұрақты дамуға алып келер едi. БҰҰ-ның Айналадағы орта мен даму жөнiндегi Рио-92 конференциясында тұрақты даму саласындағы халықаралық құқықты одан әрi жетiлдiру принциптерiн орындауда жылы шырайлы ерiк пен әрiптестiк рухындағы ынтымақтастықты көздейтiн әрiптестiк қатынастардың жаңа нысандары түзiледi.
      Құрып бара жатқан табиғатты сақтап қалу, адамдардың тiршiлiк ету ортасын сауықтыру, ал сайып келгенде адамзаттың аман қалуы экологиялық апат аймақтарындағы неғұрлым шиеленiстi экологиялық және әлеуметтiк проблемаларды шешудi көздейтiн айналадағы ортаны қорғау мен қалпына келтiрудiң халықаралық ауқымды бағдарламасын кiдiрiссiз әзiрлеп, жүзеге асыруды талап етедi.
      БҰҰ-ның толық құқылы мүшесi бола отырып, Қазақстан жан-жақты әрiптестiк негiзiнде халықаралық ынтымақтастықты мемлекеттiк экологиялық саясатты тиiмдi жүргiзудiң тетiгi ретiнде пайдалануға тиiс.
      Ядролық энергияның қауiпсiз және экологиялық тұрғыдан негiзделе отырып пайдаланылуын қамтамасыз етудiң өмiрлiк маңызды қажеттiгiн ескере отырып, Қазақстан ядросыз мемлекет ретiнде осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк (МАГАТЭ) шеңберiнде жүргiзiлiп жатқан Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi конвенция туралы келiссөздердiң аяқталуы үшiн күш-жiгерiн жұмсауға тиiс.
      Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза технологиялар мен ғылыми-техникалық ақпаратқа кепiлдi қол жеткiзуi үшiн қолайлы жағдайлар туғызуға ұмтылу қажет. Мұның өзi экологиялық жағынан шетiн ел ретiнде ұлттық мүдделер мен басымдықтарды қорғау үшiн ерекше маңызды.
      Ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi ретiнде экологиялық қауiпсiздiк, сол сияқты халықаралық қауiпсiздiктiң елеулi компонентi болып табылады. Осы орайда Республиканың аса маңызды халықаралық конвенцияларға және халықаралық деңгейде табиғат қорғау қызметiне неғұрлым кеңiрек қатысуын қамтамасыз ету қажет. Табиғат қорғау органдары халықаралық ынтымақтастық саласында басымдықтарды белгiлеуге және өз күш-жiгерiн тиiстi түрде жұмылдыруға тиiс.
      БҰҰ-ның айналадағы орта мен даму жөнiндегi 1992 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен конференциясының қорытындыларына ерекше назар аудару және Тұрақты даму жөнiндегi комиссияның қызметiн пәрмендi түрде қолдау талап етiледi. 21 ғасырға арналған Күн Тәртiбiнiң қорытындыларын талдау және кейiнгi iс-шаралардың ұлттық бағдарламасын әзiрлеу қажет.
      Қазақстан Республикасы халықаралық ынтымақтастық саласында экологиялық саясатты мынадай бағыттарда жүзеге асыруға тиiс:
      - Қазақстан Республикасының тиiстi халықаралық конвенцияларға қосылуы және оларды iске асыру жөнiнде практикалық шаралар қолдануы;
      - айналадағы табиғи ортаның жай-күйiнiң сапасын бағалау мен бақылаудың және оған антропогендiк әсер етудiң келiсiлген саясатын, ортақ көзқарастарды, бiрыңғай әдiстемелерiн, өлшемдерi мен рәсiмдерiн мәлiметтердiң мемлекетаралық және халықаралық ауқымда салғастырылуын қамтамасыз ете отырып, әзiрлеу;
      - үйлестiрiлген iргелi және қолданбалы экологиялық зерттеулер жүргiзу, мемлекетаралық (халықаралық) экологиялық ақпараттық жүйенiң құрылып, жұмыс iстеуi;
      - шетелдiк және халықаралық ұйымдарды, фирмаларды, жекелеген мамандарды өндiрiс саласында, сол сияқты тiкелей табиғат қорғау қызметiнде алдыңғы қатарлы экологиялық тұрғыдан таза технологияларды әзiрлеуге және енгiзуге тарту;
      - экологиялық қауiпсiздiк проблемаларын шешуде халықаралық тәжiрибенi кеңiнен пайдалану;
      - көмек беру қорлары мен халықаралық ұйымдардың ақша қаражатын айналадағы ортаны қорғау және елдiң тұрақты даму саласындағы нақты бағдарламалар мен жобаларды шешуге мүмкiндiгiнше тарту.
      Табиғат қорғау органдарының шетелдiк көмек беру бағдарламаларын үйлестiрудi және оларды басқаруды жүзеге асыратын органмен өзара iс-қимылын жақсарту қажет. Көмек беру бағдарламаларын басым табиғат қорғау мiндеттерiн жүзге асыруға бағыттау және атап айтқанда, халықаралық экологиялық конвенцияларға сәйкес мiндеттемелердi орындау саласындағы ұлттық әлеуетiн нығайтудың маңызды құралдарының бiрi ретiнде қарау қажет.
      Техникалық көмек алу кезiнде оны тиiмдi пайдалану мүмкiндiктерiн сарапқа салу керек. Жергiлiктi сарапшылар мен мекемелердiң бiрлескен жобаларда ақпараттың жеткiлiктi көлемiн қамтамасыз ету үшiн ғана емес, олардың табиғат қорғау қызметiн басқару және Ноу-Хауды беру жөнiндегi дағдыларды қалыптастыруы үшiн де тартқан жөн.
      Ұлттық экологиялық қауiпсiздiк саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиiмдiлiгi үшiн жауапкершiлiк республиканың Сыртқы iстер министрлiгiне жүктеледi.