Қазақстан Республикасының Президентiн, Вице-президентiн және үкiметiн iшкi саясат проблемалары жөнiндегi талдау және сараптау материалдарымен қамтамасыз етудi жақсарту, Республика басшылығын қоғамдық-саяси ахуал мен қоғамдық пiкiрдiң жайы туралы жедел хабарландырып отыру мақсатында:
1. Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының құрылымында Ақпараттық-талдау Орталығы құрылсын. Орталықты ұйымдастыру Аппараттың жалпы штат санының шегiнде жүргiзiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының Ақпараттық-талдау Орталығы туралы Ереже(қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
3. Ақпараттық-талдау Орталығының басшысы сонымен бiрге Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппараты басшысының орынбасары болып табылады деп белгiленсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Президентi мен
Министрлер Кабинетi Аппаратының Ақпараттық-талдау
орталығы туралы
Ереже
1. Ақпараттық-талдау орталығы Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
2. Орталық қызметiнiң құқылық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заңдары, Президенттiң жарлықтары мен өкiмдерi, Министрлер Кабинетiнiң қаулылары, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
4. Орталықтың негiзгi мiндеттерi мыналар:
- iшкi саяси процестердi кешендi түрде талдау;
- Қазақстан Республикасының Президентiн, Вице-Президентiн және үкiметiн iшкi саясат проблемалары жөнiндегi талдау және сараптау материалдарымен қамтамасыз ету;
- Қазақстан Республикасының Президентi мен үкiметi қабылдайтын шешiмдердiң халықтың түрлi жiктерiне, халықаралық қоғамдастыққа тигiзетiн әсерiне талдау жасау;
- Қазақстан Республикасының басшылығын жергiлiктi жерлердегi және тұтас алғанда республикадағы қоғамдық-саяси ахуал мен қоғамдық пiкiрдiң жайы туралы хабардар ету;
- Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк-экономикалық ахуалға талдау жасау, тиiстi талдау және сараптау материалдарын, әлеуметтiк-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асырудың ықтимал зардаптарына болжамдық баға берудi әзiрлеу;
- Қазақстан Республикасындағы этносаяси ахуалға талдау жасау, этносаяси процестердi болжамдау, этносаясаттың концептуалды негiздерiн талдап жасау жөнiнде сараптау материалдарын құрастыру, этникааралық қайшылықтар мен қақтығыстардың алдын алу және тыю тетiктерiн қалыптастыру;
- республикалық және шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының саяси және әлеуметтiк-экономикалық проблематика жөнiндегi материалдарына талдау жасау.
5. Өз мiндеттерiне сәйкес Орталық мынадай функцияларды:
- Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтiк-экономикалық ахуалға баға беру және болжамдау жөнiндегi талдау және сараптау материалдарын әзiрлеудi, iшкi саясат проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу мекемелерiмен және социологиялық қызметтермен бiрлесiп iс-әрекет жасауды;
- Қазақстандағы саяси ахуалды зерделеудi және оның келешегiн болжамдауды;
- Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуының концептуалды проблемалары бойынша ұсыныстар әзiрлеудi;
- мемлекеттiң ұлт және ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатының концептуалды негiздерiн талдап жасауды;
- iшкi саясаттың жедеғабыл проблемалары бойынша қоғамдық пiкiрдiң зерделенуiн ұйымдастыруды;
- партиялар мен қоғамдық ұйымдардың iшкi және сыртқы саясат мәселелерi жөнiндегi айқындамасы, қызметi туралы елдiң басшылығы хабардар болуын және осы проблемалар бойынша ұсыныстар әзiрленуiн;
- Қазақстан Республикасының Президентi мен үкiметiнiң iшкi және сыртқы саясатын, қызметiн түсiндiруге байланысты саяси науқандар ұйымдастыруды;
- Қазақстан Республикасы Президентiнiң бағытын қолдау жолдарын әзiрлеудi жүзеге асырады.
6. Жоғарыда аталған мiндеттер мен функцияларды атқару үшiн Орталықтың құрамына мынадай бөлiмшелер ұйымдастырылады:
- саяси процестердi талдау секторы;
- әлеуметтiк-экономикалық талдау секторы;
- қоғамдық пiкiрдi зерделеу секторы;
- Президенттiң кiтапханасын жинақтау секторы.
7. Орталық өз қызметiн жүзеге асыру үшiн:
- белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардан, мекемелерден, ұйымдар мен кәсiпорындардан кез-келген қажеттi ақпаратты, оның iшiнде құпия ақпаратты (басшылықтың келiсiмiмен) сұратуға және алуға;
- мемлекеттiк органдардың шешiмдерiн алуға;
- Орталық қызметкерлерiнiң iссапарларын, оның iшiнде шетелдiк iссапарларын жоспарлауға және жүзеге асыруға;
- байланыс пен коммуникацияның мемлекеттiк, оның iшiнде үкiметтiк арналарын пайдалануға;
- ғылыми мекемелердi, жекелеген ғалымдар мен мамандарды, оның iшiнде шартты негiзде жұмысқа тартуға;
- мемлекеттiк органдардың, архивтердiң, ғылыми мекемелердiң, кiтапханалардың деректерiнiң ақпараттық банктерiмен пайдалануға құқылы.
Орталықты материалдық-техникалық, құқықтық, құжаттамалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының тиiстi бөлiмшелерi жүзеге асырады.
8. Орталықтың басшысы Орталықтың бүкiл қызметiне басшылық етедi, осы қызметтiң нәтижелерi үшiн, Орталықтағы тәртiптiң жай-күйi үшiн жауап бередi.
9. Орталықтың басшысы:
- Орталықтың қызметкерлерiн тағайындау және босату туралы ұсыныстар енгiзедi;
- өз орынбасарларының мiндеттерiн белгiлейдi;
- Орталық секторлары қызметiнiң мiндеттерi мен бағыттарын айқындайды;
- Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк кеңесiнiң мәжiлiстерiне қатысуға құқылы;
- Орталықтың жұмысын Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының тиiстi бөлiмшелерiнiң қызметiмен, сондай-ақ мемлекеттiк өкiметтiң жергiлiктi органдарының тиiстi бөлiмшелерiмен үйлестiрiп отырады;
- Орталықтың құзыры шегiнде қызмет құжаттамасына қол қоюға құқылы;
- Орталықтың қызметкерлерiн белгiленген тәртiппен көтермелеуге ұсынып отырады.