Австрия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы кредит келiсiмiн жүзеге асырудың бiрiншi кезектегi шаралары және басым бағыттары туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Өкiмi 12 мамыр 1992 ж. N 758. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес үкiметаралық кредит келiсiмi жасалды, ол Австрия жағының Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға және әлеуметтiк мәселелерiн шешуге лимитсiз кредит беруiн көздейдi. 
      Кредиттi Австрия банкiлерi Австрия мен Қазақстан үкiметтерiнiң кепiлдемесi негiзiнде, әдетте, 5 жыл мерзiмге дейiн Австрия фирмаларының товарлары мен қызметiн сатып алуға және солармен бiрлескен инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға берiп отырады. 
      Австрия жағы беретiн кредиттердi тиiмдi пайдалану және оларды қайтарудың сенiмдi жүйесiн құру мақсатында: 
      1. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi аталған кредиттi пайдалану мен оны өтеудiң кеңейтiлген жоспарын әзiрлесiн. 
      Кредиттердiң, ең алдымен, бiрiншi кезектегi әлеуметтiк мәселелердi шешуге, республиканың экспорттық және валюталық әлеуетiн елеулi түрде арттыруға, импортты алмастыру бағдарламаларын жүзеге асыруға, тиiмдiлiгi жоғары жаңа технологияларды сатып алуға, қалдықсыз өндiрiс құруға және бiрқатар аймақтардағы экологиялық жағдайды сауықтыруға бағытталуын көздесiн. 
      Жоспарды 1992 жылдың 1 маусымынан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынсын. 
      2. Кредиттердi пайдаланудың жоспарын жасау кезiнде қажеттiлiгiне қарай олар валюталық қаржыларды: 
      - дәрi-дәрмектер, халықтың тұтыну товарларын, ең алдымен балалар мен қарттарға арналған товарларды, көпшiлiк сұранысына қажеттi басқа да товарларды сатып алуға жұмсасын; 
      Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi мүдделi министрлiктер мен ведомстволарды тарта отырып, товарлардың номенклатурасын құрастырсын және товарлар берiле басталғаннан кейiн оларды 1992 жылдың маусымынан кешiктiрмей сатып алатын болсын. 
      Кредиттердiң аталған бөлiгi, әдетте, тиiстi облыстар мен аудандардың өнiмдерiн экспортқа шығару есебiнен өтелетiн болып белгiленсiн; 
      - фермерлiк, шаруа, кооперативтiк және қосалқы шаруашылықтарды дамытуға, оларды қазiргi заманғы техникамен және ауылшаруашылық құралдарымен жабдықтауға, ауылшаруашылық өнiмдерiн өңдеуге арналған қуаттарды жасауға; 
      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi облыстар әкiмдерiнiң қатысуымен мүдделi ведомстволарды және ұйымдарды тарта отырып, сатып алудың номенклатурасын жасасын, мұнда кредиттердiң ауылшаруашылық жұмыстарына қажеттi аспалы агрегаттардың толық жиынтығы бар трактор және басқа техниканы сатып алуға, сүт, ет, көкөнiс, жемiс-жидек және басқа да өнiмдердi ұқсату жөнiнде кооперативтiк негiзде пайдаланылатын кiшiгiрiм кәсiпорындарды толық дайын етiп салуға басым түрде бағытталатынын есепке алсын. 
      Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi 1992 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап техниканы жеткiзе отырып, сатып алуды жүзеге асырсын. 
      Аталған товарларды, әдетте, ауылшаруашылық өнiмдерiне айырбастау жолымен сату көзделсiн; 
      - тұрғын үй проблемасын шешудi жеделдетуге, отбасылық және жеке үйлердi, әлеуметтiк-мәдени және тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi салу үшiн қажеттi кәсiпорындар мен жабдықтарды сатып алуға; 
      Қазақстан Республикасының Сәулет және құрылыс жөнiндегi мемлекеттiк комитетi облыстар әкiмдерiнiң қатысуымен, мүдделi министрлiктердi, ведомстволарды, ұйымдар мен кәсiпорындарды тарта отырып, қажеттi мөлшерде шығаруға дейiн дамытыла түсетiн аз қабатты құрылыс жөнiндегi мамандандырылған қуаттарды құрудың бағдарламасын әзiрлесiн, қазiргi сәулетшiлiк және техникалық шешiмдердi тауып жүзеге асырсын, солардың негiзiнде қалалардың ықшам аудандарын, селолар мен ауылдарды кешендi түрде салуды қамтамасыз етсiн. 
      Осы мақсатқа пайдаланылған валюта қаржыларын өтеу, әдетте, экспорт өнiмдерiне айырбас жасау тиiстi аймақтардың валюталық шығындарды өтеуi арқылы жүргiзiлетiн болып белгiленсiн. 
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi үстiмiздегi жылдың 1 маусымынан кешiктiрмей осы мәселе жөнiнде қажеттi шешiмдер қабылдасын және жұмыс графиктерiне сәйкес жабдықтар сатып алуды ұйымдастырсын; 
      - республиканың және валюталық әлеуетiн басым түрде дамытуға, жоғары, экологиялық жағынан таза және қалдықсыз технологияларды сатып алуға, әскери өндiрiстi конверсиялауға, осы заманғы индустрияны құруға, көпшiлiк қолды халық тұтынатын товарлар өндiруге жұмсалсын. 
      Инвестициялық объектiлерiн анықтау кезiнде валюталық өз шығынын барынша өтеудi және импортты алмастыруды қамтамасыз ететiн жобалар бiрiншi кезекте жүзеге асырылсын. 
      Жобаларды қарау конкурстық негiзде жүргiзiлсiн. 
      Аталған кредиттердi Сыртэкономбанкi арқылы кәсiпорындар мен ұйымдар ресiмдейтiн және өтейтiн болып белгiленсiн. Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi қажет болған жағдайда жоғары бiлiктi халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жобаларды сараптауды жүргiзсiн және кредит сомаларының уақытында өтелуiне қатаң бақылау орнатсын. 
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Австрия кредиттерiн пайдалану мен өтеу жоспарын жасаған кезде жоғары бiлiктi кадрлар даярлауды ұйымдастыруға қаржыны белсендi пайдалануды қарастырсын. 
      Қазақстан Республикасының бiлiм беру министрлiгi: 
      - неғұрлым талапты шәкiрттердi, арнаулы орта оқу орындарының оқушыларын, жоғары оқу орындары мен техникумдардың студенттерiн Австрия Республикасының тиiстi оқу орындарында оқытудың арнайы бағдарламаларын әзiрлесiн; 
      - оқуға жiберiлетiн кандидаттарды конкурстық iрiктеу ережесiн бекiтсiн, олардың қажеттi көлемде шет тiлдердi оқып-үйренуiн ұйымдастырсын; 
      - Австрия жағымен келiсiм жасап, үстiмiздегi жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердi оқуға жiберсiн. 
      Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi Қазақстан Республикасының академиясымен бiрлесе отырып, Австрияның жетекшi ғылыми орталықтарының қатысуымен ғылыми кадрлар даярлаудың арнайы бағдарламасын жасап, жүзеге асырсын. 
      Стажировкаға жiберу кезiнде болашағынан үмiт күттiретiн, практикалық жұмыс тәжiрибесi бар, өзiнiң ғылыми бiлiгiн көрсете бiлген жас ғылыми қызметкерлерге артықшылық берiлетiн болсын. 
      Кандидаттарды iрiктеу конкурстық негiзде жүргiзiлсiн, стажировканың және бағдарламалары бекiтiлiп, олардың жүзеге асуы қадағалансын. 
      Кадрларды оқытуға жұмсалатын кредиттер Республикалық валюта қорының қаржысы есебiнен өтелетiн болып белгiленсiн. 
      4. Республиканың халықаралық байланыстарын, шетелдiк туризм мен кәсiпкерлiктi дамыту үшiн материалдық жағдайлар туғызу мақсатымен Қазақстан Республикасының iрi өнеркәсiп орталықтары мен астанасында дипломатиялық және сауда өкiлдiктерiн, халықаралық орталықтар, шет ел фирмаларының кеңселерiн және қазiргi заманғы мейманханалар жүйелерiн салуға жұмсалатын кредиттiң бiр бөлiгiн пайдалану көзделсiн. 
      Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi облыстар әкiмдерiнiң қатысуымен, Мемсәулетқұрылысты және басқа да мүдделi ұйымдарды тарата отырып, тиiстi объектiлердi орналастырудың жоспарын жасасын, сатып алуды және толық дайын етiп салуды жүзеге асырсын, бұл жұмысты үстiмiздегi жылдың маусым-тамыз айларынан кешiктiрмей бастауды ескерсiн. 
      Бұл мақсаттарға жұмсалған кредиттердi өтеу, әдетте, тиiстi объектiлердiң валюталық өзiн-өзi өтеуi негiзiнде немесе өнiмдерiн экспортқа шығарумен орнын толтыру арқылы жүзеге асырылатын болып белгiленсiн. 
      5. Кредиттердi ресiмдеу мен өтеудiң бiртұтас жүйесiн жасау мақсатымен Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiне үстiмiздегi жылдың мамыр айының 15-не дейiн Австрия Республикасында басқа елдерде филиалдары мен өкiлдiктерi бар қазақстандық сыртқы сауда компаниясын құрсын. 
      Республиканың министрлiктерi, ведомстволары, облыстар әкiмдерi, кәсiпорындары мен ұйымдары Австрия кредитi есебiнен сатып алуды ресiмдеу мен оны өтеуге өнiмдер жеткiзудi аталған компания арқылы жүзеге асырсын. 
      6. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi үстiмiздегi жылдың 15 мамырына дейiнгi мерзiм iшiнде Австрия Республикасы берген кредиттi ресiмдеу мен өтеудiң жалпы тәртiбiн белгiлесiн және бекiтсiн. Бұл саладағы iстiң жайына үнемi талдау жасасын және әрбiр жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне баяндап отырсын. 

       Қазақстан Республикасының 
      Президентi