1. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанынан сараптамалық кеңес құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы сараптамалық кеңес туралы ереже осы өкімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2007 жылғы 5 желтоқсандағы
N 173 өкіміне
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі
жанындағы сараптамалық кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы сараптамалық кеңес (бұдан әрі - Сараптамалық кеңес) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі ғылыми-кеңестік міндеттерді атқаратын жұмыс тобы болып табылады.
2. Сараптамалық кеңес негізгі тұжырымдамалық және бағдарламалық құжаттарды, нормативтік құқықтық актілерді сараптамадан өткізу және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мәселелерді шешу жөніндегі ғылыми-әдістемелік ұсынымдар әзірлеу мақсатында құрылады.
3. Сараптамалық кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен құрылады, қайта құрылады және таратылады.
4. Қазақстан Республикасының Конституциясы , ұлттық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары , Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қауіпсіздік Кеңесі туралы ереже, сондай-ақ осы ереже Сараптамалық кеңес қызметінің құқықтық негізі болып табылады.
5. Сараптамалық кеңестің қызметіне жалпы басшылықты Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы жүзеге асырады.
II. Сараптамалық кеңестің негізгі міндеттері
6. Сараптамалық кеңестің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) Қауіпсіздік Кеңесі мен оның ведомствоаралық комиссияларының қызметіне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жекелеген бағыттары бойынша ақпараттық-талдамалық қолдау көрсету;
2) Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының қызметін ұлттық қауіпсіздік жағдайын талдау және мониторингтеу кезінде ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету;
3) Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы бастама жасаған ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру.
III. Сараптамалық кеңестің функциялары мен өкілеттіліктері
7. Негізгі міндеттерге сәйкес Сараптамалық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді айқындау, оларға баға беру және болжау әдістемесін дамыту;
2) шет елдердегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша теориялық ережелер мен іс жүзіндегі іс-әрекеттерге салыстырмалы талдау жүргізу;
3) сыртқы саяси, қорғаныс, экономикалық, экологиялық, құқықтық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзге де мәселелері жөніндегі тұжырымдамалардың жобаларын, мемлекеттік бағдарламалар мен өзге де негізгі құжаттарға кешенді түрде сараптама жасау;
4) экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және өзге де салдарлардан Қазақстан қауіпсіздігіне төнген ассиметриялық қауіп-қатерлерге сараптамалық баға беруді жүргізу;
5) қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ оларға ғылыми-зерттеулік қолдау көрсетудегі басымдықтарды айқындау;
6) Қауіпсіздік Кеңесінің және оның ведомствоаралық комиссияларының отырыстарына талдамалық материалдарды, сондай-ақ Мемлекет басшысына арналған ақпараттық материалдар дайындауға қатысу.
8. Жүктелген міндеттерді орындауға және өз міндеттерін жүзеге асыру үшін Сараптамалық кеңес:
1) белгіленген тәртіппен
бюджеттік бағдарламалар
қатарына енгізу үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін ұлттық қауіпсіздіктің өзекті проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған тапсырысты қалыптастыруға;
2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, ғылыми және білім мекемелері мен мұрағаттарының ақпараттық деректер қорын пайдалануға;
3) мемлекеттік органдардан, мекемелер мен ұйымдардан белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
4) Қауіпсіздік Кеңесі хатшысымен келісе отырып жүктелген міндеттерді орындау үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарынан және сараптамалық-талдау құрылымдарынан мамандарды тартуға құқылы.
IV. Сараптамалық кеңестің құрамы және
оның жұмыс істеу тәртібі
9. Сараптамалық кеңес төрағадан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және Сараптамалық кеңес мүшелерінен құралады.
10. Сараптамалық кеңесті төраға басқарады. Сараптамалық кеңес төрағасы лауазым бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып табылады. Төраға, төрағаның орынбасары, хатшы және Сараптамалық кеңес мүшелерінің міндеттерін атқару қоғамдық бастама негізінде жүзеге асырылады.
11. Сараптамалық кеңес төрағасы:
1) Сараптамалық кеңестің жұмысын ұйымдастырады және оның қызметіне бақылауды жүзеге асырады;
2) Сараптамалық кеңестің құрылымын қалыптастырады, Мемлекет басшысымен келісе отырып, оның құрамын анықтайды;
3) Сараптамалық кеңес қызметі бағыттарының басымдықтары мен оларға байланысты міндеттерді қалыптастырады;
4) Сараптамалық кеңестің жылсайынғы жұмыс жоспарын бекітеді;
5) Сараптамалық кеңес қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
6) Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығы қызметкерлерінен тұратын Сараптамалық кеңес төрағасының орынбасары мен хатшысын тағайындап, олардың міндеттерін бөледі.
12. Сараптамалық кеңес мүшелері:
1) Сараптамалық кеңес отырыстарында күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаған кезде тең құқыққа ие;
2) Сараптамалық кеңес қызметі жөнінде Сараптамалық кеңестің төрағасына өтініш білдіруге құқылы;
3) Сараптамалық кеңеске келіп түсетін ақпаратты белгіленген тәртіппен пайдалануға құқылы;
4) Сараптамалық кеңестің отырыстарына қатыспаған жағдайда қарастырылып отырған мәселелер бойынша өз пікірін жазбаша түрде білдіре алады.
V. Сараптамалық кеңестің қызметін қамтамасыз ету
13. Сараптамалық кеңестің қызметін ақпараттық және ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз етуді өкілдері Сараптамалық кеңес құрамына енген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ат салысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы жүзеге асырады.
14. Сараптамалық кеңестің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржымен қамтамасыз ету Президент Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының өтінімдері бойынша мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылады.