Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде әскери тәртiптi нығайту және құқық бұзушылыққа қарсы күрестi күшейту жөнiндегi шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы 23 қараша 1994 ж. N 1964
ҚолданыстағыӘскери тәртiптi және құқық тәртiбiн нығайту, әскери қызметшiлердiң құқық бұзушылығына қарсы күрестi күшейту мақсатында қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Шекара және Iшкi әскерлерiнiң, Республикалық Ұланның қолбасшылығы, барлық деңгейдегi командирлер әскери ұжымдарда кiнәратсыз моральдық-психологиялық ахуал, берiк жарғылық тәртiп орнатуға, жеке құрамның жауынгерлiк даярлығын арттыруға, интернационалдық достық, әскери жолдастық және өзара демеу негiзiнде әскери расчеттар, экипаждар ұжымдарын топтастыруға бағытталған ұйымдастыру-тәрбие шараларының кешенiн қамтамасыз етсiн.
2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi:
- 1995 жылғы 1 наурызға дейiн Қарулы Күштердi реформалау барысын қарап, әскерлер түрлерi мен тектерiнiң жеткiлiктiлiгi жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн, олардың толық және уақтылы қаржыландырылуы мен материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз етсiн;
- "1994 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Заңның Қарулы Күштердi қаржыландыру жөнiнен орындалуы бойынша шаралар қабылдасын;
- 1995 жылғы 1 ақпанға дейiн Қарулы Күштердегi тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс тұжырымдамасын бекiтуге енгiзсiн;
- 1995 жылғы 1 қаңтарға дейiн жұмыс iстеп тұрған әскери оқу орындарында офицер-тәрбиешiлер даярлау жөнiндегi факультеттер ашу туралы мәселенi қарап, әскерлер түрлерi бойынша мамандандырылған бөлiмшелер, сондай-ақ жоғары оқу орындарында осы мамандық бойынша запастағы офицерлер даярлау үшiн әскери кафедралар құратын болсын;
- 1995 жылдың iшiнде тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыста пайдалану үшiн запастағы офицерлердiң қосымша санын екi жылдық әскери қызметке шақыру жөнiндегi ұйымдастыру мәселелерiн шешсiн;
- биылғы 15 желтоқсанға дейiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне Қазақстан Республикасының "Бiлiм туралы" және "Жалпыға бiрдей әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы" Заңдарына жалпы бiлiм беретiн мектептерде, кәсiптiк-техникалық және орта арнаулы оқу орындарында бастауыш әскери даярлық курсын қайта қолға алу жөнiнен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi көздейтiн заң жобасын ұсынсын;
- Қазақстан Республикасындағы қылмысқа қарсы күрес пен құқық тәртiбiн нығайту жөнiндегi 1993-1995 жылдарға арналған кезек күттiрмейтiн шаралардың мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру ауқымында 1995 жылғы 1 наурызға дейiн Жоғарғы Кеңестiң қарауына "Әскери милиция туралы" Заңның жобасы мен әскери жарғылардың жобаларын енгiзсiн.
3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Шекара әскерлерiнiң Бас басқармасы, Iшкi әскерлер Қолбасшысының Бас басқармасы:
- құрамалар мен бөлiмдердегi әскери тәртiптiң жай-күйiн кiдiрiссiз екшейтiн болсын. Тапсырылған жұмыс учаскесiн қамтамасыз етпеген лауазымды адамдарға атқарып отырған лауазымдарынан босатуға дейiн батыл шаралар қолдансын. Тәрбие процесiне барлық деңгейдегi командирлердiң, сондай-ақ құрамалар мен бөлiмдер штабтарының қатысуын қамтамасыз етсiн;
- 1995 жылғы 1 сәуiрге дейiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiмен бiрлесiп, азаматтарды мiндеттi әскери қызметке шақыруға әзiрлiк пен оны өткiзудi реттейтiн нормативтiк актiлер әзiрлеп, қабылдайтын болсын;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгiмен бiрлесiп, шығармашылық ұйымдар мен одақтардың әскери-қамқоршылық комиссияларының жұмысын қайтадан қолға алсын;
- қоғамдық бiрлестiктермен (солдат аналары, соғыс пен еңбек ардагерлерi комитеттерi және т.б.) өзара күш бiрiктiрiп, Қазақстан Қарулы Күштерiнiң дәстүрлерiн қалыптастыру, берiк әскер ұжымдарын тәрбиелеу жөнiнде нақтылы шаралар белгiлесiн;
- Қарулы Күштер әскери қызметшiлерiнiң жаңа нысандық киiмiн және әскер рәмiздерiн әзiрлеу жөнiндегi жұмысты жандандыратын болсын.
4. Қазақстан Республикасының Жастар iстерi, туризм және спорт министрлiгi әскерге шақырылатындар мен әскери қызметшiлер арасындағы тәрбие және әскери патриоттық жұмысты күшейтсiн. Министрлiктiң құрылымында Министрлiктiң штаты мен оны ұстауға бөлiнген қаражаттың есебiнен қорғаныс-бұқаралық жұмыс бөлiмiн құру жөнiнде мәселе қарасын. 1995 жылғы 1 ақпанға дейiн әскерге шақырылатындардың жалпы шынығуы мен бастауыш әскери даярлығының нормативтерiн әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң бекiтуiне ұсынсын.
Әскери комиссариаттармен бiрлесiп дүркiн-дүркiн әскерге шақырылатындардың әскери-спорттық жиындарын, олардың соғыс, еңбек және Қарулы Күштер ардагерлерiмен, әскери қызметшiлермен кездесулерiн өткiзiп тұрсын.
5. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы:
- Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiмен және Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарулы Күштерде жасалған барлық құқық бұзушылықтың Iшкiiсминi ақпараттық-есептеу орталығы деректерiнiң бiрыңғай банкiне және мемлекеттiк бiрыңғай есепке енгiзiлуi үшiн қажет болатын ұйымдастыру мәселелерiн шешсiн;
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қатысуымен 1995 жылғы 1 ақпанға дейiнгi кезеңде әскери комиссариаттардың әскери қызметке шақыру мерзiмiн кейiнге қалдыру туралы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына тексеру ұйымдастырсын.
6. "Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясы Қарулы Күштердiң тұрмыс-тiршiлiгiн кеңiнен насихаттасын. Әскери тақырыпқа арналған апта сайынғы телевизиялық хабарды қайта жаңғыртсын. Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 50 жылдығы қарсаңында майдангер қазақстандықтардың соғысқа қатысуы мен қаhармандығын, дәстүр сабақтастығын кеңiнен көрсететiн болсын. Әскери тақырыпқа арналған таңдаулы теледидар және радио хабарларына шығармашылық конкурс өткiзсiн.
7. Жергiлiктi әкiмдер әскери бөлiмдерiн, шекара заставаларын және басқа әскер ұжымдарын қамқорлыққа алуды ұйымдастырсын. Қамқоршылық комиссияларын әкiмдердiң өздерi басқаратын болсын. Әскери қызметшiлердiң тұрғын үй-тұрмыстық мәселелерiн шешуге, әскери қалашықтарға жөндеу жүргiзуге, азық-түлiкпен және отынмен қамтамасыз етуге жан-жақты көмек көрсетсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi