Егемен Қазақстанның қалыптасуы мен одан әрi дамуы процесiнде мемлекеттiк саясаттың тұжырымдамалық негiздерiн жасау, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес азаматтық татулық пен келiсiмдi қамтамасыз ету, демократиялық процестер мен қоғамды әлеуметтiк-саяси реформалауды тереңдету мақсатында қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасының Президентi жанынан консультациялық-кеңесшi орган - мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңес мына құрамда құрылсын:
Кекiлбаев Ә.К. (төрағаның орынбасары), Сұлтанов Қ.С. (төрағаның орынбасары), Әбдiлдин Ж.М., Әлiмжанов Ә.Т., Гаркавец А.Н., Елагин А.С., Қайдаров Ә.Т., Қозыбаев М.Қ., Мұртаза Ш., Сәрсенбаев А., Сығаев Ә.Т., Симашко М.Д., Тәжин М.М., Тоқаев Қ.К., Шеголихин И.П., Т.Қ. Айтқазин, Н.Ә. Айтқожина, Ж.С. Ақылбаев, А.Қ. Бижанов, Е.Қ. Ертісбаев, Р.Қ. Жоламан, Б.Т. Жұмағұлов, М.Б. Кенжеғозин, В.Ф. Михайлов, Б.Ә. Мұхамеджанов, Ә.Н. Нысанбаев, Е. Смайыл, М.К. Сүлейменов, А.Д. Фрезоргер.
ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.05.22. N 2305 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1996.02.27. N 2863 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. Құрам өзгерді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1999.07.15. N 169 жарлығымен.
2. Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңес туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
3. "Қазақстан Республикасы Президентi жанынан Консультациялық кеңес құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1992 жылғы 12 тамыздағы N 858 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
4. Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң Аппаратына Ұлттық кеңестiң қызметiн қамтамасыз ету жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1993 жылғы 5 маусым
N 1215 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасының Президентi
жанындағы мемлекеттiк саясат жөнiндегi
Ұлттық кеңес туралы
Ереже
1. Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңес тұрақты жұмыс iстейтiн консультациялық-кеңесшi орган.
2. Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңестiң басты мiндетi - қоғамды әлеуметтiк-саяси реформалаудың ғылыми дәйектi тұжырымдамалық негiздерiн әзiрлеу, халықтың демократиялық рухани ортасын қалыптастыру, тұрақтылыққа, этникааралық келiсiм мен азаматтық татулыққа қол жеткiзудегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдар қызметiнiң жұмыстарын үйлестiру.
Кеңес қызметiнiң негiзгi бағыттары:
қоғамда болып жатқан әлеуметтiк-саяси процестердi, әлем мен аймақта қалыптасқан геосаяси жағдайларды талдау, олардың одан әрi даму барысын болжау, мемлекеттiң iшкi және сыртқы қауiпсiздiгiне ықпал ету;
Конституцияны, Президенттiң iшкi және сыртқы саясатын жүзеге асыруды идеологиялық қамтамасыз етудiң жолдары мен нысандарын айқындау;
мемлекеттiң идеологиялық қызметiнiң тұжырымдамалық негiздерiн әзiрлеу, қоғамдық құндылықтардың жаңа жүйесiн, азаматтардың демократиялық дүниетанымы мен ұтқырлы әлеуметтiк-экономикалық мiнез-құлқын қалыптастыру, халықтың рухани қайта түлеуiне, мәдениетке, гуманитарлық ғылым мен бiлiм беруге, тұтастай алғанда, халықтың хұқықтық ағартушылығына мемлекеттiк қолдауды қамтамасыз ету;
рухани ортадағы тоталитаризм зардаптарын жоюда, жаңа Конституциялық құрылысты, басқарудың демократиялық нысандарын, қоғамда азаматтық татулық пен келiсiмдi нығайтуда ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасау болып табылады.
Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңес осы бағыттарды жүзеге асыру мақсатында:
жоғары бiлiктi мамандардан, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес құрылымдардың өкiлдерiнен, сондай-ақ шетелдiк сарапшылардан тиiстi тұжырымдамалық жобалар әзiрлеу үшiн жұмыс топтары мен комиссиялар құруға, соның негiзiнде тиiстi нормативтiк-өкiмдiк актiлер, жедел және ұзақ мерзiмдiк бағдарламалар мен басқа да құжаттар қабылдау үшiн ұсыныстар енгiзуге, қолданып жүрген заңдарды жетiлдiруге, тиiстi мемлекеттiк органдар мен ведомстволардың практикалық қызметiне басшылық жасауға;
Кеңес қабылдаған шешiмдер мен ұсыныстардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
мүдделi ведомстволармен және мекемелермен бiрлесiп әзiрленген тұжырымдамалық жобалардың мәнi мен қажеттiлiгiн, олардың мазмұнын бұқаралық ақпарат құралдары, атқарушы өкiмет пен басқарушы органдар арқылы, түрлi семинарлар, конференциялар мен кеңестер өткiзу, жергiлiктi жерлерге жұмыс топтары мен басқа да мамандар жiберу жолдарымен түсiндiру жөнiнде жұмыстар жүргiзуге хұқылы.
3. Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңес:
министрлiктер мен ведомстволардың, басқа да мемлекеттiк басқару органдарынан және жергiлiктi әкiмдермен олардың Конституцияны, Президенттiң iшкi және сыртқы саясатын, қоғамды әлеуметтiк-экономикалық реформалауды саяси қамтамасыз етудi және тереңдетудi жүзеге асыруға байланысты қызметiн көрсететiн ақпараттар сұрауға және алуға;
жүктелген мiндеттер шеңберiнде Президенттiң тиiстi жарлықтары мен қаулыларының, Министрлер Кабинетi шешiмдерiнiң, Кеңес шешiмдерi мен ұсыныстарының орындалуын тексерудi ұйымдастыруға, бұл тексерiстердiң нәтижесiн қарауға және қажеттi шаралар қабылдауға хұқылы.
4. Қажет болған жағдайда Кеңес Президенттiң Заң шығарушылық инициативасы ретiнде дайындалған заң жобаларына, оның жарлықтарының жобаларына, мемлекет саясатының жеке мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына алдын-ала сарапшылық жүргiзудi ұйымдастырады.
5. Қазақстан Республикасының Президентi мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңестiң сандық және жеке құрамын айқындайды, оның жұмыс жоспарын бекiтедi. Кеңес мәжiлiсi тоқсанына бiр рет немесе қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi. Кеңес мүшелерi оның мәжiлiстерiне ауыстыру хұқынсыз қатысады.
Кеңес шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi.
Мемлекеттiк кеңесшi Кеңестiң, оның жұмыс топтары мен комиссияларының қызметiн үйлестiредi, сондай-ақ Кеңес Төрағасының орынбасары болып табылады.
ЕСКЕРТУ. 5-шi тармақтың үшiншi абзацы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1999.07.15. N 169 жарлығымен.
6. Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңестiң жұмысы Президент пен Министрлер Кабинетi Аппаратының бөлiмдерiмен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң комитеттерiмен, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес құрылымдармен, қоғамдық-саяси бiрлестiктермен және ұйымдармен өзара тығыз iс-қимыл негiзiнде жүргiзiледi.