Қазақстан Республикасының шет елдердегi Сауда өкiлдiктерi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы. 1993 жылғы 2 сәуiр N 1161

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы" Конституциялық заңды орындау үшiн және Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қызмет саласындағы халықаралық шарттарын тиiмдi жүзеге асыру мақсатында қаулы етемiн:
      Қазақстан Республикасының Шет елдердегi сауда өкiлдiктерi туралы ереже бекiтiлсiн /қоса берiлiп отыр/.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң    
1993 жылғы 2 сәуiрдегi
N 1161 қаулысымен 
бекiтiлген  

Қазақстан Республикасының шет елдегi сауда
өкiлдiктерi туралы
ЕРЕЖЕ

      1-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi республиканың шет елдегi сыртқы экономикалық қызмет саласындағы хұқтарын жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының органдары болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тиiстi шешiмдерiн, осы Ереженi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын басшылыққа алады.
      2-бап.  Қазақстан Республикасы Сауда өкiлдiктерiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
      а/ өздерi орналасқан елдерде сыртқы экономикалық қызметтiң барлық мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерiн бiлдiру және олардың қорғалуын қамтамасыз ету;
      б/ Қазақстан Республикасы мен өкiлдiк орналасқан елдер арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесу;
      в/ Бұдан былай "сыртқы экономикалық қызметке қатысушы қазақстандықтар" деп аталатын министрлiктер, ведомстволар, мемлекеттiк, кооперативтiк және басқа кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдар, жеке адамдар сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асырған кезде өкiлдiк орналасқан елде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерi сақталуын бақылау, олардың қызметiн үйлестiрiп отыру;
      г/ өкiлдiк орналасқан елдерде сыртқы экономикалық қызметке қатысушы қазақстандықтардың экономикалық мүдделерiн қорғау және сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруда оларға барынша жәрдем көрсету;
      д/ Қазақстан Республикасы мен өкiлдiк орналасқан елдiң арасында сыртқы экономикалық байланыстар, оның iшiнде сауда, өнеркәсiп, экономикалық және техникалық ынтымақтастық мәселелерi жөнiнде жасалған екiжақты шарттардың орындалуын қадағалау, осындай шарттар жасасу жөнiндегi ұсыныстарды талдап әзiрлеуге және келiссөздер жүргiзуге қатысу.
      3-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi өздерiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
      а/ өкiлдiк орналасқан елде Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыру, бұл үшiн неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау, тараптардың екеуi арасындағы сауда, ғылыми-техникалық және экономикалық ынтымақтастықтың барлық мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерi қорғалуын қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыс жүргiзедi;
      б/ өкiлдiк орналасқан елдердiң жалпы экономикалық ахуалын, экономикалық дамуының жоспарлары мен бағдарламаларын, валюта-қаржы жағдайын, олардың сыртқы экономикалық байланыстарының дамуын, сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңдарын, тауарлар мен түрлi қызметтер конъюнктурасын, сондай-ақ осы елдермен сыртқы экономикалық байланыстардың басқа да ерекшелiктерiн зерделейдi, бұл мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiн, ал қажет болған жағдайларда сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды хабардар етiп отырады;
      в/ өкiлдiк орналасқан елдердiң мекемелерi мен ұйымдарын Қазақстан Республикасының экономикалық және коммерциялық жағдайы туралы, сондай-ақ республиканың сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңдары туралы хабарлап тұрады;
      г/ сыртқы экономикалық қызметке қатысушы қазақстандықтардың өкiлдiк орналасқан елдердегi сыртқы экономикалық қызметi жайындағы мәселелер жөнiнде олардан қажеттi ақпарлар алып отырады;
      д/ Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiнiң республиканың сыртқы экономикалық қызметiн жүзеге асыру мәселелерi жөнiндегi тапсырмаларын орындайды;
      е/ сыртқы сауданың құрылымын жақсартуға, сыртқы экономикалық қызметтiң тиiмдiлiгiн арттыруға және жаңа нысандарын дамытуға бағытталған жұмыс жүргiзедi;
      ж/ сыртқы экономикалық қызметке қатысушы қазақстандықтардың өкiлдiк орналасқан елдерде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерi мен сыртқы экономикалық қызмет туралы заңдарының сақталуын бақылайды;
      з/ өкiлдiк орналасқан елдерде сауда-экономикалық ынтымақтастық орнатуда, келiссөздер жүргiзуде, сыртқы сауда мәмiлелерiн жасасуда және оларды орындауда сыртқы экономикалық қызметке қатысушы қазақстандықтарға қажеттi жәрдем көрсетедi;
      и/ сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi үкiметаралық комиссиялар мен комитеттердiң, халықаралық экономикалық ұйымдардың және олардың жұмыс органдарының сыртқы экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi бөлiгiнiң қызметiне қатысады;
      к/ өкiлдiк орналасқан елдерде әрекет жасайтын халықаралық ұйымдардың сертификациялау жүйесiн, стандарттарының қолданылуын, сапаны басқару проблемаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан экспортталатын тауарлар мен қызметтердiң сапасын және бәсекелесу қабiлетiн зерделеп отырады, бұл мәселелер жайында Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiн, ал қажет болған жағдайда республиканың басқа да мемлекеттiк органдарын хабардар етедi, сондай-ақ экспортталатын өнiмнiң техникалық деңгейi мен бәсекелесу қабiлетiн арттыру мақсатымен ұсыныстар енгiзедi;
      л/ өкiлдiк орналасқан елдерде Қазақстан Республикасының ұлттық сауда-өнеркәсiп көрмелерi өткiзiлуiне, қазақтың сыртқы экономикалық және басқа шаруашылық ұйымдарының халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуына жәрдемдеседi, олардың жұмысын үйлестiрiп отырады;
      н/ машиналардың, жабдықтардың және технологиялардың ең жаңа түрлерiн көрсету мақсатымен Қазақстан Республикасының аумағында өткiзiлетiн көрмелерге өкiлдiк орналасқан елдердегi фирмалар мен ұйымдарды қатыстыру жөнiнде жұмыс жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес басқа да функцияларды атқарады.
      4-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi өздерiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн өз атынан және Қазақстан Республикасының атынан келiсiмдер мен басқа заңдық актiлер жасап, талапкер немесе талапкердiң өкiлi ретiнде сотта әрекет ете алады. Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi жауап берушi ретiнде тек Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi орналасқан елдерде осы өкiлдiктер жасаған келiсiмдер мен басқа да заңдық актiлер жөнiнде туындайтын даулар бойынша ғана әрекет алады.
      5-бап.  Қазақстан Республикасы Сауда өкiлдiктерiнiң мiндеттерi бойынша 4-баптың қағидаларын ескере отырып Қазақстан Республикасының Үкiметi жауап бередi.
      Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi қазақтың сыртқы экономикалық және басқа шаруашылық ұйымдарының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал Қазақтың сыртқы экономикалық және басқа шаруашылық ұйымдары Қазақстан Республикасы Сауда өкiлдiктерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      6-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi Қазақстан Республикасы мен өкiлдiк орналасатын елдер арасында жасалған халықаралық шарттар мен келiсiмдер негiзiнде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысымен ашылады.
      7-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiне бағынады, ол өкiлдiк орналасқан елдiң нарығында белсендi қимыл жасайтын республиканың сыртқы экономикалық қызметiне қатысушылардың мүдделерiн бiлдiру қажеттiгiне сүйенiп олардың құрылымын анықтап, шарттарын жасақтайды.
      Министрлiктер, ведомстволар, бiрлестiктер, кәсiпорындар мен ұйымдар қажет болған жағдайда өздерiнiң қаржысы есебiнен Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi құрамында немесе олардың жанында жұмыс iстеуi үшiн шет елдерге iссапармен өкiлдер жiберiп, өздерiнiң сыртқы экономикалық мүдделерiнiң бiлдiруiн қамтамасыз етедi.
      8-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерiн Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдерi басқарады, олар Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады. Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдерiнiң орынбасарларын Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң келiсуi бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi мен олардың орынбасарлары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген көлемде дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
      9-бап.  Қазақстан Республикасының Сауда өкiлдiктерi орналасқан елдерде олардың өз бөлiмшелерi болуы мүмкiн. Олар Қазақстан Республикасы мен өкiлдiк орналасқан елдердiң арасында жасалған халықаралық шарттар немесе өкiлдiк орналасқан елдердiң басқа да құзырлы органдарымен уағдаластық негiзiнде құрылады.