"Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 599 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы"

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 8 қазандағы № 584 бұйрығы

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 599 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12544 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережесі:

      10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін жәрдемдесу, мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік органды тиімді басқаруды және бюджет қаражатын, мемлекеттің активтерін және тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген квазимемлекеттік сектордың субъектілерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуге арналған тәуелсіз және объективті ақпаратты ұсыну ІАҚ негізгі мақсаты болып табылады.";

      11-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттік органның стратегиялық құжаттарының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілуін талдау;";

      12-тармағында:

      3) тармақшасына өзгертулер орыс тілінде енгізіледі, қазақ тілінде мәтін өзгеріссіз қалады;

      6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуін бюджеттік шығыстармен өзара байланыста, оның ішінде дамуға арналған нысаналы трансферттерді іске асыруды қоса алғанда, бюджеттік инвестициялар шеңберінде талдайды;";

      14-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. ІАҚ міндеттері:

      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына қатаң сәйкестікте мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізеді;

      2) ІАҚ-ның жылдық жұмыс жоспарын әзірлейді, орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органның ведомствосының, жергілікті атқарушы органның, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық бағынысты аумақтық органдарының бірінші басшысына бекітуге ұсынады және орындалуын қамтамасыз етеді;

      3) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органның ведомствосының, жергілікті атқарушы органның, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық бағынысты аумақтық органдарының бірінші басшы бекітетін тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастырады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шектеулі таратылатын қызметті ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік органның интернет-ресурсында оларды бекіткен күннен бастап бес жұмыс күннің ішінде тиісті жылға бекітілген мемлекеттік аудит тізбесін және оларға енгізілген өзгерістерді орналастырады;

      5) қайталануды болдырмау мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін және оған өзгерістермен келіседі;

      6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары ұсынымдарының орындалуын бақылайды, оларды қабылданған шаралар туралы хабарлайды;

      7) мемлекеттік аудит объектілері лауазымды тұлғаларының мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбау немесе уақытылы ұсынбау фактілері бойынша актілер жасайды;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, құқықтарын және мемлекеттік аудит объектілерінің заңды мүддесін сақтайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын бірыңғай деректер қорына орналастырады;

      10) мемлекеттік аудит объектілері лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілерін анықтаған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға тиісті аудиторлық дәлелдермен қоса материалдар береді;

      11) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген режиміне кедергі жасамайды;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және олардың жолын кесу бойынша берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындайды;

      13) қызметтік және кәсібі этика талаптарын сақтайды;

      14) мемлекеттік аудит объектісінің басшысына (лауазымды тұлғаларына) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде қатысуға кедергі жасамайды, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәніне қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер береді;

      15) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді, соның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияға жататын мәліметтерді жарияламайды;

      16) орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органдары ведомстволарының бірінші басшысына, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкіміне мүдделер қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлайды;

      17) мемлекеттік аудит барысында алынған және жиналған ақпараттың және іс жүзіндегі фактілердің негізінде ғана мемлекеттік аудит нәтижелерін негіздейді;

      18) орталық мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органның ведомствосының, жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы басшылық ететін Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңеспен өзара іс-қимыл жасайды, оның ұсынымдарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      19) бюджет процесінің барлық кезеңінде Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарын сақтау мақсатында консультациялық көмекті жүзеге асырады;

      20) Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасы талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда бұзушылықтарды жою және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес келтіру үшін консультациялық көмекті жүзеге асырады;

      21) өкілді органдарда республикалық немесе жергілікті бюджеттің жобасын және оның атқарылуы туралы жылдық есепті талқылау үшін қабылданған шаралар туралы ақпарат дайындайды;

      22) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттер.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмелерін қазақ және орыс тілінде "Қазақстан Республикасы заңнама және құқықтық ақпарат институты" Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау үшін және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық бірінші ресми жариялану күнінен кейін он күнтізбелік күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жоғары аудиторлық палатасы