"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының 2019 жылғы 22 шілдедегі № 169/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 147/НҚ бұйрығы

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының 2019 жылғы 22 шілдедегі № 169/НҚ бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2022 жылғы № ___ бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі міндетін атқарушының
2019 жылғы 22 шілдедегі
№ 169/НҚ бұйрығымен
бекітілді

"Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ақпараттандыру саласындағы, дербес деректер және оларды қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын сақтау тұрғысынан электрондық құжат пен электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Комитеттің, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, № 55/5 ғимарат.

      9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі. Комитеттің қысқартылған атауы – "ЦДИАӨМ АҚК".

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары мен міндеттемелері

      13. Міндеттері:

      1) ақпараттандыру саласындағы, дербес деректер және оларды қорғау саласындағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сондай-ақ Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын сақтау тұрғысынан электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу;

      3) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларының, оның ішінде әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайларда алдын алу және оларға жедел ден қою;

      4) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылауды қамтамасыз ету;

      5) өз құзыреті шегінде Комитетке жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Құқықтары мен міндеттемелері:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

      2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады және алады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      4) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізеді;

      5) жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдарды (жұмыс топтарын, комиссияларды, кеңестерді) құру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      6) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;

      7) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз етеді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтайды;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпейді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайды және қарайды;

      11) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер дайындайды;

      12) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдар бұл туралы ресми сұрау салған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсынады;

      13) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етеді;

      14) бухгалтерлік есепті жүргізеді;

      15) бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасайды және Министрлікке ұсынады;

      16) Комитетке бөлінген бюджет қаражатының толық, уақтылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;

      17) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізеді;

      18) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің меншік иелері мен иеленушілеріне қатысты тексерулер жүргізеді;

      19) ақпараттық қауіпсіздік және электрондық өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ұлттық даму институтымен өзара іс-қимыл жасайды;

      20) электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді өңдеуді, сақтауды, таратуды және қорғауды жүзеге асыру кезінде қолданылатын қауіпсіздік шараларына және қорғау әрекеттеріне бағалау жүргізеді;

      21) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді;

      22) "электрондық үкімет" жұмыс істеген кезде "электрондық үкімет" ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін және қорғалуын қамтамасыз етеді;

      23) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті жобалауға арналған тапсырмалардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қарайды;

      24) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

      15. Функциялары:

      1) дербес деректер және оларды қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуы тұрғысынан ақпараттандыру, сондай-ақ электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба салаларындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету;

      3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;

      4) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторингті жүзеге асыру;

      6) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізбесін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлеу;

      7) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлеу;

      8) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын әзірлеу;

      9) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      10) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      11) домендік аттардың әкімшісін және тіркеушісін айқындау жөніндегі ұсыныстарды, интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік аттарды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын дайындау;

      12) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасының жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын резервтік көшіру кезеңділігі;

      13) қорғау бейіндерін әзірлеу және қорғау бейіндерін әзірлеу әдістемесі;

      14) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жедел орталықтары мен Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы арасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алмасу қағидаларын әзірлеу;

      15) электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмелерін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына беру тәртібі мен мерзімдерін әзірлеу;

      16) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізудің жартыжылдық тізімдерін әзірлеу;

      17) Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюдың дағдарысқа қарсы ұлттық жоспарын әзірлеу;

      18) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі оқиғаларына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      19) меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібін әзірлеу;

      20) дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын әзірлеу;

      21) дербес деректер субъектісінің дербес деректер мазмұнының және оларды өңдеу тәсілдерінің оларды өңдеу мақсаттарына сәйкестігі туралы өтініштерін қарау және тиісті шешім қабылдау;

      22) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының бұзылуына жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қолдану;

      23) куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      24) ақпараттық жүйелердің, техникалық, бағдарламалық-техникалық және бағдарламалық құралдардың (бұйымдардың), ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарының ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау жөніндегі қағидаларды әзірлеу;

      25) қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы тәртібін әзірлеу;

      26) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша интернетке қол жеткізу бірыңғай шлюзінің және "электрондық үкіметтің" электрондық поштасы бірыңғай шлюзінің жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу;

      27) дербес деректерге қолжетімділікті бақылаудың мемлекеттік сервисінің жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу;

      28) дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисімен интеграциялау қағидаларын әзірлеу;

      29) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуді зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу;

      30) дербес деректерді беру жүзеге асырылатын және (немесе) дербес деректерге қол жеткізу берілетін мемлекеттік емес ақпараттандыру объектілерінің мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялануын келісу;

      31) мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын сүйемелдеу, мониторингілеу және дамыту қағидаларын келісу;

      32) "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын келісу;

      33) ақпараттандыру саласында инвестициялық ұсыныстарға, бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемелеріне сараптама жүргізу қағидаларын келісу;

      34) ақпараттық жүйелердің аудитін жүргізу қағидаларын келісу;

      35) мемлекеттік органдар үшін ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің құнын есептеу әдістемесін келісу;

      36) "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды келісу;

      37) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын келісу;

      38) мемлекеттік органдардың функцияларын іске асыру мақсатында деректерді талдауды жүзеге асыру үшін электрондық ақпараттық ресурстарды жинау, өңдеу, сақтау, беру жөніндегі қағидаларды келісу;

      39) мемлекеттік техникалық қызмет сараптамаларының негізінде "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмалардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне келісу;

      40) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану мониторингін жүргізуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шараларды жүзеге асырады;

      41) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар хабарламаларының мемлекеттік электрондық тізілімін жүзеге асырады;

      42) дербес деректер және оларды қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік кеңес құру, сондай-ақ оны қалыптастыру тәртібі мен қызметін айқындау;

      43) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан хабарламалар қабылдауды жүзеге асырады;

      44) өз құзыреті шегінде реттеу, бақылау, іске асыру функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;

      45) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және Министрдің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді бекіту;

      46) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу;

      47) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау, талдау және олардың орын алуына жол бермеу бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;

      48) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау;

      49) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз ету;

      50) өз құзыреті шегінде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      51) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      52) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талап-арыздар беру;

      53) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;

      54) ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу болып табылады;

      55) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар нәтижелері бойынша акті беру;

      56) мемлекеттік техникалық қызмет сараптамаларының негізінде инвестициялық ұсыныстарға және бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемелеріне ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қорытынды беру;

      57) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін өнеркәсіптік пайдалануға беруге қатысу;

      58) электрондық ақпараттық ресурстарды алу, көшіру, тарату, түрлендіру, жою немесе бұғаттау бойынша құқыққа қарсы әрекеттерді болғызбауды қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелерінде ақпараттандыру объектілерінің меншік иелеріне, иеленушілеріне және пайдаланушыларына жәрдемдесуді ұйымдастыру;

      59) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындамағаны үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының жауаптылығы туралы ұсыныстар енгізу;

      60) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік бөлігінде ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі және оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар ету, насихаттау және қарсы насихат қызметін жүргізу;

      61) ақпараттандыру саласындағы стандарттау және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарға қатысу;

      62) дербес деректер субъектісінің дербес деректер мазмұнының және оларды өңдеу тәсілдерінің оларды өңдеу мақсаттарына сәйкестігі туралы өтініштерін қарау және тиісті шешім қабылдау;

      63) меншік иесінен және (немесе) оператордан, сондай-ақ үшінші тұлғадан анық емес немесе заңсыз жолмен алынған дербес деректерді нақтылауды, бұғаттауды немесе жоюды талап ету;

      64) субъектілердің құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған шараларды жүзеге асыру;

      65) бағдарламалық қамтылымды және электрондық өнеркәсіп өнімін Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылым мен электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне (нен) енгізу (алып тастау) туралы өтінімдерді қарау жөніндегі комиссияның отырыстарына қатысу;

      66) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісін тәжірибелік пайдалануды жүргізуге қатысу;

      67) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы объектілерінің жұмыс істеу, электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшін пайдаланылатын техникалық құралдардың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      68) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингі мәселелері бойынша Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығымен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау;

      69) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы техникалық құжаттаманы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманы келісу;

      70) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      71) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      72) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      73) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарын бұзушылық анықталған кезде нұсқама беру;

      74) Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде нұсқамалар беру;

      75) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және әкімшілік жазалар қолдану;

      76) Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде нұсқамаларды орындау үшін жіберу;

      77) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлеуге қатысу, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруге қатысу;

      78) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының бұзылуына жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қолдану;

      79) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Комитет қызметін ұйымдастыру кезіндегі Комитет төрағасының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитет төрағасы жүзеге асырады.

      17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттіктері:

      1) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;

      2) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ олардың тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      5) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің мүдделерін білдіреді;

      6) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады;

      7) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      8) Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуына құқығы бар.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.