Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Кинологиялық орталығы туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Төрағасының 2019 жылғы 13 тамыздағы № П-57 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 16 маусымдағы № 137-НҚ бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 16.06.2021 № 137-НҚ бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 208 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрілігі Қаржы мониторингі комитетінің Кинологиялық орталығы туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің F7 басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ тілі және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің (бұдан әрі – Комитет) интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Комитеттің Кинологиялық орталығының басшысы заңнамамен белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың іске асырылуы үшін қажетті шаралар қабылдасын.

      4. Комитеттің Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасы осы бұйрықты Комитеттің Кинологиялық орталығының назарына жеткізсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Ә. Сқақов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қаржы мониторингі комитеті
төрағасының
2019 жылғы 13 тамыздағы
№ П-57 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Кинологиялық орталығы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Кинологиялық орталығы (бұдан әрі – Кинологиялық орталық) кинолог міндеттерін орындайтын қызметкерлерді даярлау, қаржы мониторингі органдары үшін асыл тұқымды және түрлі тұқымдағы қызметтік иттерді өсіру және бағып жетілдіру, арнайы жаттықтыру жөніндегі арнайы білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі функцияларды орындауға Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің (бұдан әрі – Комитет) мамандандырылған мемлекеттік мекемесі болып табылады.

      2. Кинологиялық орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Кинологиялық орталық республикалық мемлекеттік мекеме ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоты болады.

      4. Кинологиялық орталық өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға өкілдік етеді.

      5. Кинологиялық орталық, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған осы уәкілеттік берілсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде өкілдік етеді.

      6. Кинологиялық орталық өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Кинологиялық орталықтың актілерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Кинологиялық орталықтың құрылымын және штат санының лимитін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Жауапты хатшысы бекітеді.

      8. Кинологиялық орталықтың заңды мекенжайы: пошта индексі 050030, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, Красногорск көшесі, 53.

      9. Кинологиялық орталықтың толық атауы – "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Кинологиялық орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Кинологиялық орталықтың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Кинологиялық орталықтың қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Кинологиялық орталыққа кәсіпкерлік субъектілерімен Кинологиялық орталықтың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      13. Егер Кинологиялық орталыққа заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс республикалық бюджеттің кірісіне аударылады.


2. Кинологиялық орталықтың міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Кинологиялық орталықтың міндеттері:

      1) есірткі құралдарының, психотропты заттардың, сол тектестілердің және прекурсорлардың, жарылғыш заттардың, контрабандасымен және заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ашуға қаржы мониторингінің аумақтық органдарына, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарына көмек көрсету;

      2) қаржы мониторингі органдарының тиісті функцияларын орындау үшін қажетті білімге, машық пен дағдыға ие кинолог міндеттерін орындайтын қызметкерлерді даярлау болып табылады.

      15. Кинологиялық орталықтың функциялары:

      1) кинолог міндеттерін орындайтын қызметкерлермен теориялық және практикалық сабақтар өткізу;

      2) есірткі құралдарын, жарылғыш заттарды, қаруды, валютаны, дериваттарды және өзге де объектілерді іздеуге арналған қызметтік иттерді үйрету бойынша теориялық және практикалық сабақтарды өткізу;

      3) қаржы мониторингі органдары, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары үшін әртүрлі тұқымдағы иттерді өсіру және бағып жетілдіру жөнінде жұмыстарды жүзеге асыру;

      4) қызметтік иттерді есірткі мен психотроптық құралдарды, сол тектестерді, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, валютаны, дериваттарды, жойылып кету қаупі бар жабайы флора мен фаунаның объектілерін және өзге де объектілерді іздеуге үйрету;

      5) қызметтік иттерді жаттықтырудың озық әдістерін енгізу;

      6) ветеринариялық (емдеу, профилактикалық қарап тексеру, диагностика және өзге де ветеринариялық іс-шаралар) шараларды жүргізу;

      7) қызметтік иттерді дамытумен мен дайындаумен байланысты кинология саласы бойынша қызметтік иттер көрмесін, байқауларын, конкурстарын, жарыстарын және басқа да іс-шараларды өткізу, сондай-ақ ведомствааралық, ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға, семинарларға, тренингтерге қатысу;

      8) құзыреті шегінде асыл тұқымды иттер санын жақсарту мақсатында әртүрлі ит тұқымдарын шет мемлекеттердің кинологиялық орталықтарымен мемлекеттік сатып алуды және оларды айырбастауды жүргізу;

      9) қаржы мониторингі органдарын қызметтік иттермен, ветеринариялық және медициналық препараттармен, азықпен, арнайы құралдармен, әдістемелік әдебиеттермен, арнайы көлікпен және техникамен, оқу деректемелерімен (ұқсатқыштармен), сондай-ақ оқыту мақсатында және үйретуде пайдаланатын материалдармен қамтамасыз ету.

      16. Кинологиялық орталықтың құқықтары мен міндеттемелері:

      Құқықтары:

      1) Кинологиялық орталық қызметшілерінің еңбегін ұйымдастыру және ынталандыру нысанын айқындау;

      2) Кинологиялық орталықтың әлеуметтік-тұрмыстық базасын дамыту;

      3) Кинологиялық орталықтың инфрақұрылымын жетілдіру;

      4) кинолог міндеттерін орындайтын қызметкерлерге үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіру бойынша Комитетке ұсыныс енгізу;

      5) кинолог міндеттерін орындайтын қызметкерлерді даярлау, кинологиялық қызметті ұйымдастыруға қатысты нормативтік және құқықтық актілер жобаларын келісу және бекіту үшін Комитетке ұсыну;

      6) бөлінген қаражат есебінен мерзімді жинақтарды, баспа материалдарын шығару;

      7) қызметшілерді қызметтік іссапарларға жіберу;

      8) заманауи ғылыми-зерттеу қызметі, кинологтар функцияларын орындайтын қызметкерлер даярлау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің өзге оқу орындарымен, ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру.

      Міндеттері:

      9) қаржы мониторингі органдарын қызметтік иттермен қамтамасыз ету;

      10) қызметтік иттерді ветеринариялық және медициналық препараттармен, азықпен қамтамасыз ету;

      11) қызметтік иттердің сақталуын қамтамасыз ету;

      12) сыбайлас жемқорлық қылмыстарын және құқық бұзушылықтарды өз бетінше анықтау, жолын кесу, алдын алу бойынша жұмыс жүргізу;

      13) Кинологиялық орталықта сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізу;

      14) Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің теңгерімінде тұрған қызметтік иттердің жұмыс істеу сапасына тұрақты негізде тексеру жүргізу;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.


3. Кинологиялық орталықтың қызметін ұйымдастыру

      17. Кинологиялық орталық тікелей Комитетке бағынады және жергілікті атқарушы органдарға жатпайды.

      18. Кинологиялық орталыққа басшылық етуді Кинологиялық орталыққа жүктелген міндеттерді орындау және оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапкершілікте болатын Басшы жүзеге асырады.

      19. Кинологиялық орталықтың басшысын Комитеттің төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.

      20. Кинологиялық орталық басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасарлары бар.

      21. Кинологиялық орталық басшысы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) өз орынбасарларының, Кинологиялық орталық қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттігін айқындайды;

      2) Кинологиялық орталықтың штат санының лимиті шегінде Кинологиялық орталықтың штат кестесін бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Кинологиялық орталықтың қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте тәртіптік жауапкершілік шараларын қабылдайды;

      5) Кинологиялық орталықтың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Кинологиялық орталық басшысы орынбасарлары мен қызметкерлеріне іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, қазақстандық және шетелдік оқыту орталықтарында даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, марапаттау, үстемеақы және сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауаптылықта болады;

      8) Комитетке берілген ақпараттардың дұрыстығына дербес жауаптылықта болады;

      9) өз құзыреті шегінде Кинологиялық орталықтың актілеріне қол қояды;

      10) барлық мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда Кинологиялық орталыққа өкілдік етеді;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Кинологиялық орталығының басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Кинологиялық орталықтың мүлкі

      22. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда Кинологиялық орталықтың жедел басқару құқығында оқшауландырылған мүлкі болады.

      Кинологиялық орталықтың мүлкі оның меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүліктің және өзге де көздердің есебінен қалыптастырылады.

      23. Кинологиялық орталыққа бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      24. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Кинологиялық орталықтың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.


5. Кинологиялық орталықты қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Кинологиялық орталықты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.